Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2729 0 пікір 12 Желтоқсан, 2011 сағат 03:39

Мақсат Тәж-Мұрат: «Қазаққа көптің бірі емес, көп күтетін журнал керек»

Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы тәуелсіздік кезеңінде орын алған айшықты уақиғалардың атап өтілуімен де айшықты болып отыр. Сондай уақиғалардың біріне  осыдан он жыл бұрын тұсауы кесіліп, ақпарат кеңістігіне қадам басқан  «Астана» журналының бүгінгі тыныс-тіршілігін балар едік.   Елорданың  келбетін кестелеуде өзіндік орны бар   «Астана» журналына осыдан екі-үш жыл бұрын  директор әм бас редактор болып тағайындалған  Мақсат Тәж-Мұратпен «Абай.кз» ақпараттық порталының тілшісі сұхбат құрды.

- Мақсат Әнесұлы, журнал қашан, қандай жағдайда шықты?

- «Астана» журналы жобасы Елбасының елдің жаңа астанасын Қазақстан дамуының серпініне айналдыру жөніндегі стратегиялық тұжырымдамасы негізінде, сол кездегі вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен, елорданың сол тұстағы әкімі Әділбек Жақсыбековтың ұйымдастыруымен дүниеге келді. Журналдың алғашқы нөмірі 2001 жылғы желтоқсанда жарық көрген, яғни Тәуелсіздігімізге он жыл толған уақытта және Арқаның саршұнақ аязы, ұшырма желі күшіне міне бастағанда дүние есігін ашқан екен. Қазақ ұғымында ана құрсағына күз бен қыста біткен бала өміршең, қуатты болады. Он жаста балиғ боп отырғанымыз да содан шығар, кім біледі.

Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы тәуелсіздік кезеңінде орын алған айшықты уақиғалардың атап өтілуімен де айшықты болып отыр. Сондай уақиғалардың біріне  осыдан он жыл бұрын тұсауы кесіліп, ақпарат кеңістігіне қадам басқан  «Астана» журналының бүгінгі тыныс-тіршілігін балар едік.   Елорданың  келбетін кестелеуде өзіндік орны бар   «Астана» журналына осыдан екі-үш жыл бұрын  директор әм бас редактор болып тағайындалған  Мақсат Тәж-Мұратпен «Абай.кз» ақпараттық порталының тілшісі сұхбат құрды.

- Мақсат Әнесұлы, журнал қашан, қандай жағдайда шықты?

- «Астана» журналы жобасы Елбасының елдің жаңа астанасын Қазақстан дамуының серпініне айналдыру жөніндегі стратегиялық тұжырымдамасы негізінде, сол кездегі вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен, елорданың сол тұстағы әкімі Әділбек Жақсыбековтың ұйымдастыруымен дүниеге келді. Журналдың алғашқы нөмірі 2001 жылғы желтоқсанда жарық көрген, яғни Тәуелсіздігімізге он жыл толған уақытта және Арқаның саршұнақ аязы, ұшырма желі күшіне міне бастағанда дүние есігін ашқан екен. Қазақ ұғымында ана құрсағына күз бен қыста біткен бала өміршең, қуатты болады. Он жаста балиғ боп отырғанымыз да содан шығар, кім біледі.

Ал осы жерде бір ерекшелікке - журналды он жылда екі-ақ адам басқарғанынӘу бастағы жоба бойынша «Астана» журналы жаңа астананың көзайымына, яғни «визит карточкасына» айналуы тиіс болған. Ол міндет бүгінде қаншалықты орындалды, ол жағын тиісті орындар, қалса оқырман айта жатар. а назар аударар едім: белгілі қаламгер-журналист Жұмагүл Саухат және өзіңіз сұхбаттасып отырған пендеңіз. Мемлекет пәтімен шығатын басылымдар жағдайында осының өзі арнайы тоқталатындай жаңалық емес те шығар. Дегенмен, тұрақтылықтың да өзінше бір көрсеткіш екенін ескерсек, бұл көрсеткіш «Астана» журналы дейтін атаудың қалыптасуына өзінше әсер еткенін қадап айту жөн. Журнал өз тарихының үштен екі бөлігінде елорданың тыныс-тіршілігін, жұғымды кескін-келбетін отандастарымызға, шетелге лайықты таныта алған патриоттық және позитивтік көңіл-күйдегі «жылтырақ басылым» қалыбында елдегі журналдар нарығына еніп, өзіндік орын иемденді. Басылымда әр жылдары Владимир Коченев, Ерғазы Әсембеков, Таңатар Төлеуғалиев, Сәбит Малдыбаев, Смағұл Рахымбек, Айтқадыр Тілеуов, Айгүл Кемелбаева, Бауыржан Қарағызұлы, Раушан Мырзахмет, Ғалия Шымырбаева, Жанна Ойшыбаева, Клара Қамарова, Ербол Әмренов, Жанар Төлендинова сияқты белгілі қаламгер-журналистер еңбек етті. Тағдырын бір кезде журналмен байланыстырып, кейін өзіндік шығармашылық жолдарын тауып кеткен оларды жуырда шыққан мерекелік нөмірімізде атап тұрып көрсеттік.

-   Қай басылым болсын бас редакторының ыңғайында, яғни басшысының талғам-тұщымы, дүниетанымы мен дүниетүйсігіне орайлас шығады ғой. Журналды басқарған соңғы үш жылда басылымға нендей өзгеріс әкелдім деп ойлайсыз?

- Мен журналға газеттен келдім ғой. Жұмагүл Берденқызы да сөйткен. Редакциядағы журналистердің көпшілігінің де өтелек-төтелегі - газет. Бұл жағдай таза кәсіби журнал шығару ісінде біраз қиындық келтірген және келтіріп те отыр. Қазақстанда журнализм, яғни журнал шығару саласы әлемдік үрдістен артта қалып қойғандығын осы мысалдан да аңғаруға болар еді. Біздегі журналистика факультеттерінде журнализм оқытылмайды, болашақ журнал қызметкерлері арнайы даярланбайды, тіпті жалпыұлттық журналымыз да жоқ, міне, осының бәрі журнал саласын дамыту ұлттық идеологияның басымдықтары қатарына енгізілмегендігінің көрінісі. Сондықтан редакторлық түйсігіме ғана сүйеніп, бәрін басынан бастауыма тура келді. Ден Шяо Пин: «Социализм не деген сұраққа іспен ғана жауап беруге болады» демей ме, сол айтқандай, «Жаңа қазақ журналы қандай болуы керек?» деген сұраққа жаңа қазақ журналын шығарып барып жауап беру керек болды.

Осы жерде өз ішімізде қалсын деп айта кетейін, «Оқылымды, ықпалды орысша басылымды қазақтілді журналист былай тұрсын, орыстілді қазағыңның өзі шығара алмайды» деп жүрген кейбір керауыз кекірлердің пыш-пыш сөзіне іспен жауап бергім де келді. Сол оймен және оқырманға ыңғайлы болуы үшін «Астананы» екі тілдегі қойыртпақ қалпынан арылттық - базалық, қазақша бөлігі мен орыс тіліндегі жаңа «Астана-плюс» қосымшасын бір мұқабаның ішінде жеке-жеке орналастырдық. Одан басқа орыс тілінде айына екі рет шығып тұратын «Астана-ньюс» қосымшасының тұсауы кесілді. Ол әлемдік медиа-кеңістіктегі Newsweek, Time, Chine news, «Огонёк», «Итоги» сияқты Қазақстанда тұңғыш шыққан түрлі-түсті жедеғабыл жаңалықтар журналы болды. Сөйтіп біз жаңа форматтағы журналды promotion (нарыққа енгізу) кезеңін бір брендтік атаудың аясына топтасқан үш басылыммен бастадық. «Журналдың мемлекеттік тілдегі сегменті неге азайып кетті?» дейтін ықтимал заңды сұраққа осы жерде жауап бере кетейін: «Астана-плюс» және қазірде веб-порталға айналып жатқан «Астана-ньюс» қосымшасының тілі орысша орғып тұрғанымен, контентінің рухы - ұлттық, құндылығы - ислами. Мұндай қадамға әу баста, басылымды реформалау барысында таңдап алынған мақсатты аудиторияға - қоғамның орта тарап жігінің, соның ішінде орыстілді қазақ қауымының қажеттіліктерін ескере отырып бардық. Өз қазанымызда өзіміз бұрқылдап қайнай бермей, кейбір өткір проблема, толғақты ойларымызды орыс тілінде де ортаға салып отыру керек. Бұл амал обьективті түрде 3 млн «қара орысымызды» мыйландырып, ортамызға тарту ісіне септеседі. Журналымызда үздік қазақша материалдарды орыс тіліне аударып жариялап жүргеніміз де содан.

- Бүгінде әрқандай ақпараттық өнімнің өміршеңдігінің кепілі сапалық параметрлерді жақсарту, яғни «мазмұн - сапа - безендіру - жарнама» дейтін төрт нәрсенің басын тең ұстау ғой...

- Бұл айтқан төрт мүшелі анықтамаңыз ақпараттық өнімдердің ішінде әсіресе журналға көбірек келіңкірейді екен. Әлбетте, «Астана» журналының жұрттың бәріне ұнайтын доллар болуы шарт емес. Қоғамға әртүрлі ақпарат өнімін ұсыну - демократия талабы, сонымен бірге демократиялық қоғамда журналыңды кісінің кеудесіне автомат тіреп тұрып та оқыта алмайсың. Дегенмен, осы өркениеттік демократияны өмірге келтірген уақыттың тағы бір құндылығы - әркімнің сәнді де салтанатты тұруына жағдай жасауы. Жақсы қағазға сапалы етіп басылған, көркем безендірілген мінәсар журналдар бүгінде айтылмыш сәнді, салтантты тұрмыстың ажырамас бөлігіне айнала бастады (баспаханалық бояуы қолға жұқпайтындай жағдайға жеткен кезде газеттер де сөйтуі мүмкін). Сондықтан заманауи журнал кімді болсын сырт келбетімен, ішкі безендірілуімен бірден баурап алуы, нақтырақ айтқанда алыстан «арбауы» керек. Кезкелген қалың, мелжемді басылымнан әркім өзінің бір керегін табады ғой, бұл жерде де есеп осыған жасалған.

Сонымен бірге мына бір жәйтті ескеру керек. Әдетте газет өмірдің өзін көрсетеді, қоғамда болып жатқанды сипаттап береді. Ал журналда оны жасаушылардың дүниені қалай көретіндігі, сонымен бірге қоғамның қай сатысында тұрса да бәрібір арман-аңсары, қайғы-күйініші қара қабырғасының астындағы қарапайым пенде боп қалатын адамдардың өмірлік қажеттіліктері, айнала дүниені қалай көретіндігі және қалай көргісі келетіндігі көрініс табады. Сондықтан журналда безендіру ісіне, соның ішінде мазмұнды (контентті) графикалық-көркемдеу құралдарымен «әңгімелеп беру», «оқыту» әдісіне айырықша мән беріледі. Батыста журналдар негізінен осы принциппен шығады. Оларда бірнеше ғасырлық тарихы бар басылымдар журнал нарығын әлдеқашан бөлісіп алған ғой. Бірақ қай журнал болсын ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жабылады. Нарыққа соң келген басылымдар әлгі үйреншікті сүрлеумен жүргісі келмейді, сол үшін де дәстүрлі емес, жаңа әлеуметтік жіктерді тауып, өзінің мақсатты аудиториясына айналдырады. Қазірде әлемдік журнал кеңістігіне өң беріп, үрдіс қалыптастырып отырғандар да контр-мәдениетке негізделген әлгіндей фэйшн басылымдар. Оқырманын нақ көздеп барып шығатындықтан аудиторияны бірден аруанадай жетелеп, еліктіріп әкететін оларда басылымның негізгі новелласын, бағыттаушы концепциясын жоба иелері бергенімен, журналды кәнігі шеберлер - «дизайн корольдері» және олар басқаратын дизайн-бюролар жасайды. Бізде дизайн жасау ісі шығармашылық үдерістің құрам бөліктері деп қаралса, оларда дизайнерлер өз саласын, басу процесін жетік білумен қатар түпкі тұтынушының психологиясын да терең игерген. Соған сай әр нөмірді шахмат партиясы сияқты әбден ойластырып, нақпа-нақ жобалап, иллюстрациялық қатарды басылым концепциясына орайластыра отырып, ірімшікке май қондырғандай етіп шығарады. Графикалық элементтер (фото, слайд, иллюстрация және сурет) жалаң безендіру үшін емес, мақаладағы негізгі мағыналық жүктемені алып жүру мақсатында қолданылады. Бізде дизайнер журналистің бағын байласа, Батыста «дизайн королі» журналистің бағын ашады. Ол ол ма, маркетингтік міндеттерді шешуге, басылымның мәдениет көркейтушілік рөл атқаруына, сондай-ақ табыс табуына тікелей қолғабыс жасайды. Құтыртып тұрып берген сондай материалдарды бажайлап оқысаң, көпшілігінің бөтегесінде дәнеме жоқ, оларға қарағанда біздегі кейбір журналистердің аяқтай жүріп, зерттеп жазған мақалалары атса ондыққа тигізіп, соқса қасқыр соғатындай-ақ. Алайда біздегі журналдардың басшылығы ондай дүниелерді жоғарыда айтылған дизайнерлік шешімдермен оқытудың орнына, адамның көргісі келетін арман-аңсарлы дүниесіне қабыстырудың орнына кәдуілгі насихат, мемпиардың деңгейіне дейін құлдыратып тастайды. Әлемге ерлер журналының жаңа үлгісін танытқан Esquire әуелде мақалалардың, фотография емес, сурет түріндегі иллюстрациялардың жиынтығы боп жарық көрген. Журнал АҚШ тарихындағы ең қиракезік, қиын уақыттың бірінде - өткен ғасырдың 30-жылдарында американ халқына тығырықтан шығар жолды көзапара (визуалды) және әдеби түрде көрсетіп берген. Экономикалық коллапс жылдары бізде бірде-бір журнал әлгіндей міндетті мойнына ала алмады. Әрбердесін Арқаның төсінде Астанадай ғажайып қаланы баспен ойлап салу фактісінің өзі керемет аңызға, әдемі ертегіге айналуы керек еді. Біз осы ойды идеологема дәрежесіне жеткізе алдық па, жеткізсек те он үш жылда тым көтеріңкі пафосымызбен жұртты әлден жалықтырып алған жоқпыз ба?! Кейде бір нәрсені ести-ести құлақ мезі болады, оқи-оқи көз жауыр болады ғой.

- Сонда, Сіздің ойыңызша, «Астана» атауы, мысалы, теліп айтсақ, махаббат тәрізді мәңгі ертегіге айналуы тиіс пе?

- Солай десе де болады. «Ұғым-ертегі» десек, одан да дөп түсер едік. (Сәл үнсіздік). «Эйр-Астана», «Астана» телеарнасы деген атауларды естіген кезде Сіз көз алдыңызға нені елестетесіз?

Әрине, әуе компаниясы, телеарна еске түседі.

- Халықаралық әуе компаниясы, республикалық телеарна. Солай ғой? Яғни «Астана» атауы бұл күнде қала, тіпті елорда ұғымынан асып, тұтас елді білдіретін трендке айналды деген сөз бұл. Меніңше, «Астана» журналын да осындай жалпыұлттық трендке айналдыратын уақыт келді. Біле білгенге, «Астана» - өзінің дүниеге келу тарихы бойынша елордада бірінші болып тіркелген алғашқы республикалық журнал. Біз мұны өте маңызды әрі шақыртқы белгі деп білеміз. Құбылыс ретінде ұлттық идея рөлін атқара алатын Астананы редакциялық орталықтары ел жүрегінде орналасқан республикалық журналдар жүйесінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, қазір бізде бір арба журнал шығады. Экономикалық, саясаттану, бизнес, отбасы, корпоративтік, әйел, ер, балаларға арналған, «гламур», жарнамалық, т.б. журналдар болып сала-сала тарамданып жатыр. «Центр Азии», Exclusive тәрізді бір-екеуінен басқасы - мазмұндық бөлігін авторлық материал ретінде ұсынылатын Интернет-жиынтық, модульдік жарнама құрайтын дүбәра басылымдар. Бірде-біреуін көп болып күтетін елдің Бас журналы мәртебесін алып жүруге лайық деп ерекшелей алмайсың. Гәп маңдайшасына «жалпыұлттық басылым» деп айқыртып тұрып жазылған ел газеті «Егемен» сияқты елді ұйытып ұстайтын, салмақты сөзін соң айтатын, қай тақырыпты да елдік тұрғыда тұрып, зертшіл ақылмен безбендейтін, халыққа ой түсіріп, күзгі таңның желіндей ширықтыратын, түбірлі мәселелерді түбірлеп ойлап, тереңнен тартып көрсететін Бірінші журнал жөнінде болып отыр. Франциядағы Paris Match, АҚШ-тағы Time, немістегі Der Spiegel, Ресейдегі «Общенациональный Русский Журнал» іспетті елдің бетке ұстар журналы жөнінде болып отыр. Ондай «дұшпан көз» журналымыз жоқ, 1911 жылы жарық көрген «Айқаптан» кейін «жүз жылғы жалғыздықты» бастан кешіп отырған жайымыз бар, бірақ үңірейіп орны тұр. Әлгі бос қуыс-кеуекті бүгін өзің толтырмадың бар ма, нарығымызға франшиз әдісімен әлден кіріп алған «Европа», «Менс Хелс», «Эксперт Казахстана» сияқты шетелдік алпауыт журналдар «тұтынушыға нарықта жоқ нәрсені ұсыну» принципімен иеленіп қоюы әбден мүмкін. Жалпы кешегі қаржы дағдарысы селдіретіп кеткен БАҚ кеңістігін мемлекеттік масс-медиа есебінен шымырландырып алатын қолайлы сәт - осы кез.

Мақсат Әнесұлы, әңгімеңізге қарағанда, біздің елдегі журналдар айрық жолдың үстінде тұрған сияқты ғой. Бір жол бар - жақын: үйреншікті сүрлеу, яғни бір саланы аудиторияға айналдырып, сол салаға қатысы бар мемлекеттік органның яки компанияның, не бизнес құрылымның көмегімен шыға беру, екінші жол бар - алыс: кәмелеттен озған елдердің үлгісімен соны сипаттағы, жаңа тұрпаттағы журналға айналу. Қазақстандағы журнализм осы екі жолдың қайсысына түседі деп ойлайсыз?

- Мен біздегі журнал саласы бойынша жауап бере алмаймын. Менің құзыретім өзіме тапсырылған басылыммен шектеледі. Бірақ осы саланың төңірегінде арқан сүйретіп жүргеннен кейін жан-жағыңды шолып отыруға мәжбүрсің, сондай бірер ойыммен бөлісейін.

Рухани дүние, Задорнов айтқандай, шынында да «колбаса емес». Дегенмен, шындығы сол, әлемде көптеген ірі баспа компаниялары журналды рухани азық болғандықтан жақсы көретін адамдардың көмегімен емес, журналдардан пайда көргісі келетіндердің арқасында өмір сүріп отыр. 2010 жылғы ең бақуатты адам канадалық медиамагнат Карлос Слим деп танылуы тегін болмаса керек (74 млрд $, ал белгілі Билл Гейтс 56 млр $-мен екінші орынға сырғыды). Мұндай ірі коммерциялық журнал жобаларына қаржы салған инвесторлар жарнамадан, сатудан түсетін пайдаға есеп жасамайды, бұл инвестициялар жобаның капиталдануының артып, акция түрінде сатылуынан түсетін пайданы көздейді. БАҚ космополиттік сала ғой: Ресей Батыстан алады, біз ресейліктерден көшіреміз дегендей. Дәл сол батыстық үлгідегі халықаралық «Сноб» жобасына орыс олигархы Михаил Прохоров бастапқы кезеңде 50 млн $ құйған, жоба өзін-өзі ақтайтын «нөлдік» кезеңіне бірнеше жылдан соң, таяуда ғана аяқ басты. Соған қарамастан жобаны жасаушыларға, соның ішінде тұрақты дизайн-бюро мен аутсорсинг арқылы тартылған мамандарға төленетін жалақы мен сыйақының мөлшері АҚШ-тың айлық журналдарының деңгейін негізінен сақтап келеді. Ал қазірде «ұлы» дейтін санаттағы американ журналдарын шығару тапсырылған кәнігі мамандарға төленетін сыйақы біздің үш ұйықтасақ түсімізге кірмейді. Ондай журналдар бір-біріне мүлде ұқсамайды, әрқайсысы оқырмандары шығуын күтіп жүретін өзінше бір әлем. Оларда қоғамдағы жаңа құндылықтар өзгеше тәсілдермен насихатталады, бизнес-жоба ретінде пайда әкелумен қатар «ел біреу, ұлыс ортақ» дейтін идеология мультинәсілдік ортаның санасына білдірмей сіңіріледі, интернетпен миы айналып қалған қоғамға бір кезек тасқа басылған сөзді еріксіз оқытып, ойлау жүйесін ұштап, таным көкжиектерін кеңейтіп те жатады. Содан да болуы керек, қазір Батыста журналдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету газеттерге қарағанда артып келеді. Парадокс сияқты: журналдар түгелдейін жеке меншіктің қолында, сөйте тұра өкімет жекенің журналын жазылым бойынша тарату ісіне нақты көмек беріп отыр. Мұндағы логика мынада: жеке меншік журналдар «нөлдік» кезеңде пайданы жарнамадан түсіретіні белгілі, ал жарнама берушілер журналдың тұтынушының қолына уақтылы тиюіне ерекше мән береді. Сол себепті баспагер тұрақты оқырмандар қатарын көбейтіп отыруға мүдделі, осы мақсатта шетелде журналға жазылу бағасын арзандатып, керісінше бөлшек саудадағы бағасын қымбаттатып отырады. АҚШ-та журналдардың 85%-ы жазылым бойынша тарайды, бөлшек саудаға 15%-ы ғана түседі. Басылымды жеткізу шығынын шығарушы төлегенімен, үкімет пошта тарифтерін қатаң бақылауға алған. Мәселен, жеткізу ісі пошта үшін шығын екендігіне қарамастан, АҚШ Конгресі пошта тарифтерін қымбаттатуды заңмен шектеген. Ал Франция өкіметі пошта қызметіне жеке меншік журналдарды таратқаны үшін субсидия береді. Германияда поштаға осындай қызметі үшін қосылған құн салығы салынбайды.

Батыста журнал таратудың басқа балама түрлері де кеңінен қолданылады. Айталық, пошта қызметі қымбат, тарату ісі мемлекет тарапынан реттелмейтін елдерде курьерлік қызмет көмегімен жеткізу, адрестік табыстау, тикетинг сияқты тәсілдер пайдаланылады. Австралияда журналды Coca-Сola-ның шөлмегіне орап сататын да әдіс бар.

Жалпы Батыста нарық заңдары бәрін де реттейді, соның ішінде жеке меншік ақпарат құралдары таза өз қоңын өзі көтереді дейтін пікір - бекер сөз. Оларда баспасөзді таратуға жанама қолдау жасаудан басқа кәмелетке толған жастарды газет-журналдарға тегін жаздыратын арнайы бағдарламалар бар. Шығынның жартысын өкімет көтереді, қалғанын баспа компаниясы төлейді. Францияда Мәдениет және бұқаралық коммуникация министрлігі тарапынан 2009 жылдан бері «Маған сыйлаған газет» деген атпен осындай акция жүйелі түрде өткізіліп келеді. Акцияның бірінші кезеңінде ғана жастардан 300 мыңдай тапсырыс түскен, оның 200 мыңы тегін абонементке ие болған. Былтыр осындай акцияға 62 француз газеті қатысқан, өкімет акцияны қаржыландыру үшін 3 жылға арнап 15 млн евро бөлген. Ал біздегі биліктің БАҚ-қа қолдау көрсетуі жылма жыл тендер не тікелей қаржыландыру арқылы беретін қаржымен шектеліп отыр.

Жалпы тираж-басылым үшін негізгі көрсеткіш деп кесіп-пішіп айтуға да болмайды. Батыста таралымы аз, ықпалы күшті журналдар бар. Олар баспасөзге жазылу мәселесінде біз сияқты науқан туғызып жатпайды, оқырманды басылымға көзге көрінбейтін нәзік тетіктерді нәзік бұрап алып келеді. Дейтұрсақта біз былтыр жазылым бойынша дүниежүзілік медиа-тәжірибенің кейбіреуін өзімізде сынап көрдік. Журналға жазылым бағасын арзандату арқылы тұрақты оқырман санын алдыңғы жылдардағы межеден асырдық. Бүгінде журналды жаздыртып алатындар жалпы таралымның 30%-ын құрап отыр. Дүние жүзі бойынша мерзімді баспасөз әр жылы тиражының 2%-ын жоғалтып келе жатқан қазіргідей кезде мұның өзі тәп-тәуір көрсеткіш. Тираждың қалған бөлігі Астана мен Алматыда адрестік табыстау жолымен таралады, презентациялық негізде Астана-Алматы бағытындағы «Тұлпар» пойызына және халықаралық Астана әуежайының терминалдарына қойылады. Нарық жағдайында, әрине, ысырап, бірақ бұл қадамға нақты қажеттіліктен - жаңа форматқа көшкен басылымды кеңірек таныстыру үшін және жарнама берушілердің талап-тілегін ескере отырып барып отырмыз.

«Астана» мемлекеттік журнал болғанымен, нарық заңдылығына сәйкес қаржының бір бөлігін өзіміз табуымыз керек. Бірақ біздегі жарнама саясаты «басылымды коммерциялауды мазмұн мен сапаға зиянын тигізбейтіндей етіп жүргізу» принципіне негізделген. Бірыңғай пайда табу ниеті басылым басшылығының бастамашылдығын кемітетіндігін, жаңа идея, соны ой өрісін тұсайтындығын тәжірибе көрсетіп жүр. Журналдағы марапатшылдық, әсіре мақтаулар, аржағынан тиын-тебеннің құлағы үрпиіп көрініп тұратын дүниелер оқырман көңілін басылымнан біржола суытып жіберуі мүмкін. Негізінде біздің журналдың брендін нығайту ісі қаржылық дағдарысқа тұспа-тұс келіп қалды. Ал бұл жылдары дүние жүзі бойынша жарнамаға шығатын шығын 10% түсіп кетті ғой. Дегенмен, әлемдік медиа-тәжірибе дағдарыс кезінде клиентке ие болудың әдіс-амалдары да өзгеріске ұшырайтынын көрсетті. Жаһандық жанталас жарыста жарнама берудің модуль тәрізді төте түрлері бірте-бірте қалып, оқырман өзі де байқамастан жұта салатын әдемі қағаздағы уақ кәмпит сияқты PR-мақалалардың, «жасырын» жарнамалардың мойны оза бастады. Шебер қол осы пішіндегі жарнаманы тақырып ыңғайына қарай нөмірдің философиясына ұштастырып жіберген болса, немесе кейбір үлкен журналдар қолданып жүргендей, контентті модульдік жарнама тақырыбына сәйкестіре берсе, екі асап, биге шығуға болар еді. Бұдан бұрынғы «жеңіл ақшаның» заманы кезінде жарнама саясатын өстіп жінтікті жүргізуге мұқтаждық жоқ еді, жарнаманың шын бағасы енді айқындалып келеді. Меніңше, болашақта бізде жарнама нарығын ірі жарнама берушілер құрайды, соған сәйкес негізгі жарнама аймағы электронды құралдарға (он-лайн жарнама, бейнежурналдарға) ауысуы мүмкін, бірақ қағаз түріндегі жарнама көпке дейін іргесін бере қоймас. Тағы да «Сноб» жобасынан мысал келтірсек, журналдағы жарнама былтырға қарағанда 69% көбейген. Сайттағы жарнама екінші орында. Осы жағдайды сарапшылар пікірімен нығайтар болсақ, ақпарат жеткізіп қана қоятын мерзімді баспасөз, бір кезде мобил телефонның пейджерді қылғытып қойғаны секілді, таяу болашақта интернетке «жұтылып» кетуі ғажап емес, ал адамның өмірін көркем суретті етіп, өзгеше тәсілмен көзапара көрсететін журналдар өз ғұмырын тоқтатпайды, алдағы электрондық революцияның сынынан таспадай өріліп, тақтайдай сыдырылып аман шығады, деп отыр мамандар. Рейтингтік зерттеулер де осыны растайды. Бір мысал. Соңғы жылдары АҚШ-тағы The Wall Street Journal танымалдылық жағынан ақпарат агенттіктерін (USA Today), газеттерді (The New York Times) артқа тастап, бірінші орынға көтерілді. Осы ара БАҚ саласында кім озады, кім қалады деген мәселені таратып талдап отыратын жер болмаса да, кейбір ойларымызды ортаға сала кетейік.

Анада еуропалық журналистермен өткен бір кездесуде баспасөзде істейтін олар қазірден басқа жұмыс қарастырып жүргендерін, енді бірер жылда интернет қағаздағы ақпарат өнімдерін біржола ығыстырып шығаратынын ашық айтты. Шынында да бұл жағдай талайдың басын кәдімгідей қатырып отыр. Тіпті газетті айран сияқты шығарып, дүкендерде сатуды, не болмаса оқып болғасын жеп қоятын тәтті дәм түрінде шығаруды ұсынып жатқандар да жетерлік. Қалай десек те бір нәрсенің басы ашық қой деп ойлаймын: интернет негізінен ақпарат жеткізеді, ал қоғамда ақпаратты сол күйінше қабылдап қоймай, авторлық трансформация, интерпретация арқылы қорытылып шығатын кеңірек нұсқасына қажеттілік бар боп тұрғанда яки газет редакцияларында кәсіби шебер журналистер отырғанда газеттер шыға береді. Журнал түптелетіндіктен кітап, ал қалған жағынан газет, тек «әдемі киінген», әлдеқайда тартымды газет.

Енді жоғарыда айтылған екі тарау жолға келейік.

111 жылдық тарихы бар танымал «Огонёк» журналы Ресейдегі саяси ахуалға және нарық жағдайында қолдан қолға өтуіне байланысты форматын соңғы 25 жылда 10 рет өзгертті. Коротичтің кезінде журнал қандай болғанын білесіз: бұл жылдарғы «Огонёктің» публицистикасы нағыз демократия мектебіне айналды, нөмірлердің қолқа-жүрегі әшкерелеу материалдарынан тұрды. Ал 1991 жылғы Лев Гущин кезеңінен бастап басылым нарық жағдайына бейімделуге көшті, бұл кезеңде ол батыстық стандарттарға жақындады. Влад Вдовин редакторлық еткен жылдары журнал контент жағынан көп өзгермегенімен, иллюстрациялық мүмкіндіктерді бірқанша кеңейтті. 2005 жылдан 2009 жылға дейін Виктор Лошак басқарған кезеңде журнал қолданбалы-тұтынушылық ақпарат берумен қатар қоғам санасатын беделді тұлғалардың ой-пікірлеріне көптеп орын берді. Ресейлік зияли қауым өкілдерінің көлемді материалдары графикалық элементтермен әдіптеліп, безендіріліп жарияланды.

Мұның бәрін неге тәптіштеңкіреп айтып отырмын?

Байқағанға, бізден мойны озық Ресей журналдарының өзі батыстық үлгіге бірден бас қоймай, аудиториясының көңіл-ауанымен есептесіп, аттамалап, сатылап көтеріліп келеді. Көбінесе ХІХ ғасырдағы Күміс ғасыр әдебиетінің деңгейінде қалып қойған, әрі патриоттық көңіл-күйі әманда жоғары жүретін, бір сөзбен айтқанда, өзін өте жақсы көретін орыс қоғамына толықтай әлемдік үдерістерге лайық журнал ұсыну ертелеу екенін ресейлік стартап-менеджерлер жақсы түсініп отыр. Сондықтан ондағы журналдар негізінен дәстүршілдік пен жаңа стильдің ортасын тең ұстауға тырысады. Осы неоконсервативтік қалыптағы журналдардың саясаты мынаған саяды: оқырман аудиториясын нақты белгілеу, шамалы консервативтік ресми реңк араласқан таза әдеби тіл, қатаң сақталатын рубрикатор мен блоктық жүйе, міндетті иллюстрациялық қатар және тұрақты беттеу тәртібі. Негізгі мазмұндық контенті: ақпараттық блок, тұтынушылық беттер. Біздегі «Жұлдыздар отбасы» сияқты қатардағы қарапайымдардың арасында өтуі тоқ тартып тұрған «профандық» басылымдар осы ресейлік қалыппен шығып келеді.

Оқшау еуропаласқан Ресейде жағдай осылай болып отырғанда, қазақ сияқты дәстүрлі қоғамға дәстүрді елемеу екі есе қауіпті.

Енді не істеу керек?

Бажайлаңқырап көз жүгіртсек, қазір Батыстағы танымал журналдардың өзі неоконсервативтік сипат алып барады. Оларда фотосессия, фотожоба, инфографика, комикс, т.б. креативті графикалық қатарға қосамжар әдетте кітап графикасына тән иллюстрация (графикалық суреттер, кескіндеме) кеңінен қолданылады. Түрлі-түсті, слайд фотографияны жинастырып қойып, баяғы ақ-қара фотосуретке аққұла көшіп алғандары да бар. Бірақ оны сол қалпында бере салмай, фото-шоппен сүзгілеу (фильтрация) арқылы өңейтіп ұсынады. Немесе мүлдем өңдемей, сол күйінде, ірі планда жариялау арқылы өзіндік бет-бейнесінен жасау да бір жосын. Ішкі блоктарда баяғы газети офсет қағазын пайдаланатын, сонымен бірге мұқабада бесінші фантом бояу, унифлак сияқты полиграфиялық жетістіктерді батыл қолданып жүрген басылымдар да ұшырасады. Батыс журналдары осылайша ескі мен жаңаның арасындағы тоқсан тарау жолмен ерсілі-қарсылы сапырылысып жатса да, олардың негізгі тақырыбы, контенті - адамның дара болмысын, өзіндік тіршілік тақыретін тамыршыдай тап басып, ішінен қазып көрсету (инсайд) әдісі өзгермейді.

Қазақ журнализмінің алдында тұрған екі тарау жолдың алыс та болса жақыны, қиыннан табар қымбаты, меніңше, жоғарыда өзіміз санамалап өткен формат. Ізденсек, көп болып жұмылсақ, дәстүрлі журнализм мен әлемдік ынсаният піскен астай даярлап қойған тәжірибенің арасынан ұнасымды ұлттық үлгі пішуге болады. Айтты-айтпады, экономикада Ресейді аттап өтіп, көп нәрсені Батыстың өзінен алып отырмыз ғой (мысалы, «бір терезе» принципімен халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе құрылыс стандарттарын белгілейтін «еврокодтар»).

Осы тұрғыда тұрып айтсақ, «Астана» журналы неоконсервативтік бағыттағы, пафостық емес, концептуальдық ыңғайдағы, мазмұны ұлттық, концепт-дизайны батыстық жалпыұлттық журналға айналуы тиіс. Атой сөзі бір кездегі Paris Match журналының «Сарабдал сөз, естен тандырарлық фото» дейтін слоганы сияқты атойлап тұрса, кәні. Мұндай журналды шығару өте қиын шаруа, бірақ бізге бұдан өзге жол жоқ сияқты боп көрінеді де тұрады.

- Неге қиын тиеді деп ойлайсыз?

-  Сипатын жоғарыда өзіміз атап өткен журналдың ұжымы қалай болғанда да дәстүрді креативпен ұштастыру ісін журнал өндірісін тоқтатпай, реальды уақыт түзімінде атқаруы керек. Оны айтасыз, имидждік журналдың үйреншікті формуласын өзгертеміз деп талаптанғанымызға, міне, үш жылға тақады, ал көздеген биігіміз сағымша көтеріліп, жеткізер емес. Қолға алған соң енді әнтек іркілмеу керек, десек те, жігерің жасып, тауаның шағылған шақта бәрінің орнына бір өзі жүгірем деп зорығып өлген Ломоносовтың трагедиясын да ойға оралтасың. Тулайсың да бастығасың, жылайсың да жұбанасың. «Оқырманы мен жазғышы шеңбірек атып тұрған «Огонёктің» өзі жаңа жағдайға бес жылда әрең бейімделді ғой» деп. Ия, бәрі де «адам факторына» кеп тіреледі. Біздің 90-жылдардағы коллапс кезіндегі үлкен қатеміздің бірі - баспасөз оқитын үлкен аудиториямызды «көксандыққа» беріп қойғанымыз. Кеңес кезінде қазақ журналды газеттен де көбірек оқитын. «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» тәрізді журналдардың таралымы 1970-80 ж. 400 мың дананы төңіректеп тұрғаны есте. Ал сол тұстағы ең танымал «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің тиражы ол заман, қателеспесем, жүз мыңнан асып жығылатын. Және жоғарыдағы журнал оқитын жарты миллион қазақ жай көзіқарақтылар емес, сөздің тура мағынасында эстетикалық мұқтажы, талғамы жоғары көркемдік орта еді. Журналдарды партияның сапқа тұрғызуымен оқымаған, өздері көңілді боп жазылғандар еді. Кейін қожыраған журналдардан суынып, амалсыз теледидарға ауысып кеткен сол көркемдік ортаны қайтарып алмай тұрып, басқаша айтқанда, қазіргі оқырман аудиториясына Батыстағыдай электоральдық мән дарытпай тұрып заманауи ұлттық журнал нарығын өркендетем деу, кешіріңіз, аш түйенің күйсеуі болып шығар еді. Шындық сонда, «жүз пайыз төл материал ұсыну», «оқырман үшін өз дәрежесін төмендетпеу, басылымның дәрежесіне оқырманның өзін көтеру» дейтін принциптердің өзі енді бірер жылда тарих еншісіне өтіп жатса, таңдануға болмайды. БАҚ-та «ауа-райын» бұрынғыдай журналист қана жасайтын, пікірді, ойды баспа станогына, тіпті Интернетке өпірем өзімшілдікпен байлап қоятын бірыңғай журналистиканың күні өтіп, бүгінде қалтасында ұялы телефоны, қоржынында бейнекамерасы бар кезкелген кісі «мобил репортерге» айнала алатындай дәрежеге жетті. Бір сөзбен айтқанда, екі тізгін, бір шылбыр журналистің ғана қолында болатын заман өтіп барады. Мәселен, «Сноб» жобасын жүзеге асыруға бүгінде редакция журналистерінен бұрын оқырмандар аудиториясы көбірек қатысып жүр. Қағазбен шығатын журнал оқырмандары, оған қоса журналдың веб-сайтына ай сайын кіретін 1,3 млн адам, оның сыртында Сноб клубының мыңдаған аккаунт мүшелері алдымен сайтқа шығарылатын материалды оқып, түсініктеме жасап, талқылайды. Ондай материалдар сол түсініктеме-комментарийлермен қоса журналдық нұсқаға салынады, не болмаса мақаланы журналға әзірлеген кезде жарияланымның кейіпкерлерінің мәтін жайлы сайтқа жазған ой-пікірлері, басқа көзіқарақты оқырмандардың пікірі ескеріледі. Айтуларынша, тақырыпты журналистен де терең білетін, жетік игеретін оқырмандар бар екен. Осылайша интернет арқылы аудиториямен байланысу өнері қазіргі журналист мамандығының айшықты сипаты болып қана қоймай, «оқырман-журналист» дейтін соны тіркесті дүниеге келтіріп отыр. Бұл - жаңа журналистика.

Болжамды мәліметтерге сүйенсек, біздің елімізде күніге интернетке 6 млн адам кіреді екен. Біз осы аудиторияны электоратқа айналдырғанда ғана жаңа журналистикаға көше аламыз. Ол үшін сайт - әрқандай медиа-жобаның қосалқы көмекшілігінен орталығы, қолқа-жүрегі болатындай деңгейге жетуі керек. Бірақ, материалды талқылау үшін сайтқа шығару - істің жарым-жартысы ғана. Журналистік баған оған міндетті түрде жан-жақтан комментарий қаптап кететіндей өткір, ойлы етіп жазылуы лазым. Яғни мақала бұрынғыдай «пішіні жағынан айқын, мазмұны жағынан терең» боп қана қоймай, кісіге міндетті түрде ой түсіріп, шамырқандырып, ашындырып, қолға еріксіз қалам... кешіріңіз, «тінтуір» алдыратындай не сезімге, не ашуға тиіп тұрса, кәне. Мұнда журналистиканың кәдуескі тәрбиелік рөлін ұмыта тұруға тура келетін шығар. Ал енді осынау жаңа міндетке біздің журналистік корпусымыз қаншалықты дайын?

Өз басым ұлттық журналистикамыздағы қазіргідей кадр «құрғақшылығын» әлі көрмеппін. Газеттеріміздің өзі кәдімгі стандарттық PR-құрал - баспасөз парағын Википедиядан үзіп ала салған «бэграунд» мәліметпен шалаптап, сауырынан бір салып, нөмірге қоя беретін «чурналистикадан» (ағылшын мамандары айналымға қосқан жаңа тренд) запы боп отырғанда, штат кестесі шарқы журналдарға не дауа?! Тасқа сөз басудағы бүгінгідей қазақтың көңіл жықпас, тон тозбас тірлігі бір мезгілде әрі көркем суретті мінәсар басылым, әрі салиқалы, қоғамдық-саяси жаңа құрал болуы тиіс журналдың ауылынан алыс жатыр. Журнал жағдайында сөйлем керуенін азайтын, уәзінін күшейту, аз сөзге көп мағына сыйғызудың орны ерекше. Мәселені жол арасы аңғартып, қазықбау шалдыратын ішті сөйлем, екпінді де ықшам мәтін иллюстрациялық қатарға орын қалдырады. Ал біздің «колхоз-интертейменд» қайтеді - бұрынғы газети машығына салып, аттың басындай мақала жазып әкеледі. Көңілі шат кісінің өзін толғандыратындай етіп шабыттана жазу, қарабайырландырмай қарапайым жазу әсте таяқпен басқа салып қалғандай етіп тақ-тұқ жазуды білдірмейді. Көркем әдебиетте ойдың өзін тамылжыған тілден туындата беруге болады, ал бойында шығармашылық элементтері бар, бірақ таза шығармашылыққа жатпайтын, одан гөрі кәсіп деуге келетін журналистикаға көпсөзділік (описательность), суреттеп кету - жат нәрсе.

Тілдің бедеріне сай бұдырын, ырғағына сай ырғаңын жіті сезінетін, «тәңірі жаққан шамшырақ» - талантты журналист жазған ықшам да мінезді мәтін - алақанын уқалап отырған «дизайн короліне» керегі осы. Осындай мәтінді құтырта безендірген кезде кәсіпқой дизайн-бюро ұсақ-түйектің өзіне, тіпті қаріп екеш қаріпке біз мақалаға мән бергендей мән береді. Мысалы, Esquire журналының редакциясында басылымға қаріп жасау ісімен арнайы екі маман айналысады. 2005 жылы «Огонёк» жаңа форматпен шыққанда жобаның жаңа иесі «Ова-Пресс» Баспа үйі басылымға арнап жаңа қаріптік гарнитураға тапсырыс бергені бар. Мұндай жаңа қаріпті жасағанда шеберлер тіпті әдеттегі көркем кесілген қаріп пен көзапара шалық (шизофрения) ортасындағы көрінер-көрінбес, білінер-білінбес ара-жіктерді тауып, ажыратып жататыны бар. Бізге ол қайда-а...

- Өзіңіз айтып отырған жаңа тұрпаттағы журналдарды сонда кімдер шығарады, егер маман болмаса?

- Бір кезде кадр даярлауда жіберілген жүйелік кемшіліктер түйнегін енді салып жатыр. Бұрынғыны кенересіне қайыра келтірем деу қиын. Журфактар да таяу жылдары бізге журнализм мамандарын даярлап береді деп ойламаймын. Тәуір журналистер қашанда көп болмаған. Кеңес кезінде азбыншы басылымға жетіп артылған бұл талантты топ ақпараттық өнім аңдыздап көбейген кезде жан-жаққа тарыдай шашылып кетті. Бүгінде жалақысы жоғары жылы орындарға орналасып алған «Құдай жарылқағандарды» жаңа жобаға, оның ішінде журналға шақырып келтіре алмайсың. Штаттан тыс маман қызметін пайдаланатын аутсорсинг әдісі де осындай тапшылық жағдайында және журналистердің жауапкершілігі төмен жерде күткендегідей нәтиже бермейді. Жалғыз-ақ жол бар, ол - журнал редакциясының босағасын енді аттаған жас мамандарды жаңа жағдайда жұмыс істеуге үйрету. Шетелде редакциялық процестерді ұйымдастырудың тұтас жүйесі қалыптасқан. Өз-өзіңе жауапкершілігіңді сезіндіретін тайм-менеджмент бар, өзгенің алдындағы жауапкершілігіңді сезіндіретін тайминг бар. Ішкі ресурстарды пайдалану жосыны бойынша рефлексивтік дағдыларға (жоспарлай білу, мәлімет жинау, оны өңдеу, реттеу, талдай білуге) үйрету бар. Жалпылогикалық дағдыларға (ақпаратты жүйелеуге, жіктеу, талдап-топтауға) машықтандыру бар. Оның бәрін таратып жатуға бұл жерде орын тар. Жалғыз айтарым, ребрендинг және промоушн кезеңінде біз де осы үрдіспен жұмыстың ішкі ұйымдастырылуын (логистиканы) және тиімді, технологиялық менеджментті жолға қоюға талаптанып көрдік. Әр қызметкердің ай сайынғы еңбек еселігінің қатаң мөлшерін белгіледік, күнделікті еңбек мониторингін жүргізу, бір айлық жұмыстың болжам-жоспарын жасау тәртібін енгіздік. Осы мақсатта ARTA Management корпоративтік басқару компьютерлік бағдарламасын да орнаттық. Сағатша сыртылдап кеткен ештеңе жоқ. Жүйке жұқартар абың-күбіңді азайтып, алгоритмді көбейттік дей алмаймын. Пайдалы еңбек еселігі «пайдасыздық коэффициенті» болып шықты. Батыс адамының қанына, жанына талай ғасырлық протестанттық шаруашылық жүргізу этикасымен сіңген нәрсе жұмыстағы қазақтың кәсіби салты боп кетуі қиын екенін сонда түсіндім. Бірақ, өзім де бір конкистадормын ғой - ылғи Американы жаулаймын да жүремін. Сондықтан үмітімді үзбеймін. Енеден ту сала өнерленіп кеткен ешкім жоқ. Бүкіл адам баласы түсіп жатқан қасқа жолға қазақ баласы да бір күні түсетін шығар.

- Іс басында отырған адамдар да осы жағдайды жіті сезініп, идеология саласына жауап беретіндер қаперге алу керек қой...

- Шынымды айтсам, жаңа тұрпатты журнал жобасын өз басым билікпен тікелей байланыстырмаймын. «Астана» журналы қазіргі қалпында шыға берсе, оған толық мүмкіндік бар. Соңғы кезде құрылтайшымыз - Астана қаласы әкімдігі журналға бюджеттен бөлетін қаржыны екі есеге жуық көбейтті, редакцияның материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Біздің қазақтың ішер ас, киер киімнен кейін көп тартқан зары - баспана ғой. Иманғали Тасмағамбетов әкім боп келгелі төрт қызметкеріміз баспаналы болды. Осының бәрі журналға бедел әперетін нәрсе әрі мемлекеттің тікелей қолдауы басылымның экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, қалталыларға жәреукеленуден сақтайды. Дегенмен, әрқандай ірі журналдық жоба қомақты қаржы, өте қомақты қаржы салуды қажет етеді. Мысалы, «Сноб» жобасымен 113 адам айналысады. Біздің журналдың және «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің редакциялық құрамын қосып есептесек те бұл санға жетпейді. Құрылымдық бөлімшелеріне қараңыз: жобаның бас редакторынан дистрибуция бөліміне дейінгі аралықта 10 буындық ұжым сағатша сыртылдап жұмыс істеп отыр. Әсіресе аrt-директор, фотодиректор, сайт иллюстрациясының директоры, фоторедакторлар, цветокоррекция, цветоделение, рерайт тобы, препресс... боп созылып кете беретін тізім - журнал шығарып отырған әрқандай бас редактордың арманы.

Шетелде дизайн жасау мен беттеу ісі бөлек жүргізіледі, ал бізде бұл күрделі екі процесті бір ғана маман атқарады. Егер байқасаңыз, біздің нөмірлеріміз бірде қойылып, бірде сұйылып, ала-құла шығып тұрады. Контент жағынан оқылымды материалдар «дозаланбайтындықтан», дизайн жағынан бұрын қиылып қойылған дайын «мастер-қалыптардың» тұрақсыздығынан. Журнал шығаруда бұл үлкен мін.

Сол сияқты қазіргі журнал штаты маркетинг қызметін ұйымдастыруға да мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан біз бүгінде оқырмандарымыздың қанша пайызы журнал нөмірін бір жылға дейін сақтайды, әр нөмірді орта есеппен неше адам оқиды, нөмірдің негізгі тиражы қанша уақытта таралып яки сатылып бітеді, т.б деген сұрақтарға жауап ала алмай отырмыз.

Қаржы бюджеттен бөлінетін жағдайда осындайларға ешкім бас ауыртқысы да келмеуі мүмкін. Сондықтан түрі жоғарыда сомдалған жаңа журнал жобасы мемлекет пәтімен емес, салған қаржысының қайтарылып, пайда әкелуін шыр-пыр боп қадағалайтын жекенің қаржысымен жүзеге аса алмақ. Ұзаса мемлекет пен жеке инвесторлардың күш біріктіруі арқылы шығады. Қазақстан жағдайында дәл қазір ауқаттылар журнал жобасына пайда табам деп қаржы салатындай ахуал қалыптаса қойған жоқ. Біріншіден, журнал - ұзақ мерзімдік жоба, екіншіден, ол пайданы капиталдану кезеңінен соң акция түрінде әкелетіндіктен елде толыққанды құнды қағаздар нарығы болуы шарт. Ондай ахуал қашан орнайтыны мәлімсіз. Халқымыздың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі өркениет деңгейіне жеткенде ондай заманмен де қауышармыз. Әзірге өз полиграфиялық өндірісі, аймақтарда, шетелде өкілдіктері, күшті интернет-ресурсы және тікұшағы бар журнал шығару - ол бір іште кеткен арман...

- Әңгімеңізге рақмет. 10 жыл - дөп-дөңгелек болмағанымен, бір белес қой. Құтты болсын!

Әңгімелескен З. Асанова,

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522