Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Ел іші... 3040 4 пікір 24 Тамыз, 2020 сағат 11:56

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне не үшін кірдім?

ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кезекті рет ротация жасалды. Бірнеше адам кеңес құрамынан шығарылды. Олардың орнына соншалық жаңа мүшелер қосылды. 

Бұл туралы Ақорданың әлеуметтік желідегі ресми хабарламасында мәлім болды. Сонымен, Ұлттық кеңестің жаңа мүшелері кімдер? Кімдер кеңес құрамынан шығарылды?

Жаңа мүшелері:

Дина Ерділдинова, «Дос» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы;

Қанат Сахариянов, «Atameken Business» телеарнасының бас директоры;

Өркен Кенжебек, журналист, блогер;

Максим Рожин, медиа сарапшысы;

Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер.

Шығарылғандар:

Данияр Әшімбаев,

Мұхтар Тайжан, 

Жәнібек Қожық,

Сейдахмет Құттықадам,

Бағдат Мусин. 

Сөйтіп, осыған дейін үш мәрте кеңейтілген отырыс өткізген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ескі мүшелері нақты не істеді? Ұлттық кеңестің ендігі экс-мүшесі Жәнібек Қожықтың осы туралы пікірін назаларыңызға ұсынамыз...

Қазақстан дамудың аса маңызды кезеңіне қадам басты". Ұлттық ...

Жәнібек Қожық, қоғам белсендісі:

- Өткен жылы маған Ерлан Карин інім хабарласып жаңадан құрылып жатқан Ұлттық кеңестің құрамына кіруімді сұрады. Бұл ұсынысты екі жақты таразыға салып барып, келісім бердім.

Себебі, мен кеңеске өзімнің абыройымды, биліктің беделін көтеру үшін барған жоқпын. Менің басты мақсатым: мемлекет басшысымен кездесетін мүмкіндікті пайдалана отырып, халықтың, соның ішінде ауыл халқының жанайқайын Тоқаев мырзаға бетпе-бет отырып жеткізгім келді. Себебі, Ұлттық кеңес мүшелерінің ішінде ауылдық жерде тұратын жалғыз өзіммін.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3 отырысы өтті.

Алғашқы кеңесте біз Президентке ұсыныс айттық. Екінші отырыста Президент біздің ұсынысымызға жауап берді, үшіншісі биыл онлайн тәртібімен өтті.

Ұлттық кеңесте үш ұсыныс жасадым. Біріншісі, зейнеткерлік жас туралы. Әйел адамдарды 55 жас, ер азаматтарды 60 жаста зейнеткерлікке шығару туралы. Екіншісі, Қазақстан жеріне Қытайдың 51 зауыты салынуына, қытай жұмысшыларының ағылуына наразылығымды білдірдім.

Үшіншісі, шетел жұмысшыларына берілетін квотаны қысқарту, шетел жұмысшыларының орнына өзіміздің жұмыссыз жүрген жастарымызды орналастыруды сұрадым.

Әрине, 44 қатысушының бәрі де сөйлегісі келеді, бірақ, оған мүмкіндік жоқ. Сондықтан да ұсыныстарымның көбін жазбаша бердім.

Ұлттық кеңеске кіргенімнен халыққа қандай пайда болды?

Прездент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға, 06.09.2019 жылғы бірінші кеңесте «Шетел жұмысшыларына берілетін квотаны қысқарту», «шетел жұмысшылары мен еліміздің жұмысшылары арасындағы әділетсіздікті жою» туралы ұсыныс жасаған болатынмын.

Мемлекет басшысы, Қ.Тоқаев 20.12.2019 жылғы Ұлттық кеңестің екінші отырысында менің ұсынысыма нақты жауап берді. Жыл сайынғы шетел жұмысшыларына берілетін квотаны 49 мыңнан 29 мыңға қысқатып, шетелдік 95 компанияны тексеріп, 330 заң бұзушылық анықтап, нақты шара қолданды.

Соның арқасында биыл 20 мың шетелдік елден шығарылып, оның орнына 20 мың жұмыссыз жүрген қазақтың баласы жұмысқа тұрды. Бұл 20 мың шаңырақ, әр үйде 5 адам бар десек 100 мың адамға нан болды деген сөз. Бұл теңізге тамған тамшыдай болса да, елге тигізген үлесім деп санаймын. Күні кешеге дейін Ұлттық кеңестің атынан халықтың жағдайын айтып Президентке ұсыныс хаттар жолдадым. Әрине, ол ұсыныстардың орындалғаны, орындалмағаны да жетерлік. Мен Ұлттық кеңестен кетсем де бұл жұмыстарымды тоқтатпаймын.

Маған Ұлттық кеңеске кіргеннен, қандай пайда, қандай зиян көрдім?

Біріншіден Ұлттық кеңеске пайда ойлап барған жоқпын. Мемлекеттен кеңесте жүргенім үшін бір тиын жалақы алған емеспін, бұл қоғамдық жұмыс.

Мені сынап жүрген Талғат Қатауов, Жарылғап Қалыбай, Геройхандарға айтарым: Егер де мен жеке басымның пайдасын ойласам, 2012 жылдан бері жұмыссыз жүрмес едім. Егер де байлық көздесем, мекеме ашып, әкімдерден тендер алып, шалқып жүрер едім. Бірақ, мен ешқашан да, биліктің, әкімдердің алдына барып, қызмет сұрап, жеке басымның шаруасын айтқан емеспін.

Бірақ Ұлттық кеңестің құрамына кірген күннен бастап, «оппозицияда» жүрген кейбір «достарым»: «Жәнібек Қожық ел мен жерді сатты, сол үшін билікке кетті. Жәнібек Қожық Президенттің қасында отыр», деп неше түрлі жалалар жапты. Әлеуметтік желілер арқылы әлі де өсектер таратып жатыр. Маған саяси қарсыластарымның бар тағатын ең үлкен айыбы: Ұлттық кеңеске кіргенім болатын.

Кеше Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен телефон соғып: «Ұлттық кеңестегі өкілеттігіңіз тоқтады», деп хабарлағанда шынымен қуанып кеттім. Иә, шақырды. Бардым. Сөз берді. Халықтың тілегін айттым. Шетелдік ірі компанияларда жұмыс жасап жүрген 20 мын шетел азаматын елден шағарып, 20 мың жұмыссыз жүрген жастар жұмысқа тұруына себеп болдым. Ұлттық кеңеске кіргеніме, шыққаныма да ешқандай өкінбеймін.

Abai.kz

4 пікір