Ұстаным қайшылығы
Джон МакКейн мен Джо Байден ұстанымдары бір-біріне қайшы бәсекелес партиялардың мүшелері еді. Сенат қабырғасында МакКейн мен Байден талай рет қызыл кеңірдек болып айтысқан деседі. Бір қызығы, екеуі өте жақын дос болған. Ұстаным қайшылығы Джон мен Джо достығына сызат түсірмеді. Себебі, олар бір мәселеге байланысты түрлі пікір болуы заңды әрі пайдалы екенін жақсы түсінген.
Ұстанымдар мен идеялар алуандығы болмаған ортада "топтық ойлау" (groupthink) атты психологиялық феноменін байқаймыз. Топтық ойлау кезінде адамдар конформизге беріліп, конфликтіге бармау үшін балама көзқарастарды қарастырмайды. Бұл өз кезегінде қате, иррационал шешімдер қабылдауға алып келетінін америкалық ғалым Ирвинг Джейнис ашқан.
Менің де түрлі қөзқарастағы (саяси, діни және т.б.) туыстарым, достарым, таныстарым бар. Солардың көбісіне “топтық ойлау” феноменін түсіндіруге тырыстым. Әсіресе, мемлекеттік қызметте істейтіндерге “топтық ойлауды” қабылдау қиынға соғатынын байқадым. Олар совет үкіметінен қалған “кто не с нами, тот против нас” деген ұстаныммен өмір сүретіндей әсер қалдырады.
PS. Республикалықтар демократтар ұсынған “Пациенттерді қорғау және қолжетімді медкөмек” заңын жоюға күш салып, дауысқа салған еді. Республикалық Джон МакКейн мен Сьюзан Коллинзтің дауысының арқасында заң өз күшін сақтап қалды. Алайда МакКейн мұндай қадамға Байденмен дос болғандықтан барған жоқ. Ол жәй ғана мемлекеткішіл сенатор еді. Қарапайым америкалықтардың мүддесін қорғау керек болса, ол өз партиясына, тіпті досына қарсы шығудан қорықпайтын бірбеткей, принципшіл тұлға еді. Ұстаным қайшылығына қарамастан бір-бірінің асыл қасиеттерін қадір тұтып, бағалай білген Джон мен Джоның достыға қалай сүйсінбейсің?!
Нұрбек Матжанидың жазбасы
Abai.kz