Орхан Памук қандай отбасында тәрбиеленді?
(Бүгін Түркияның әлемге әйгілі жазушысы, 2006 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері Орхан Памуктың туған күні).
Әлем әдебиетіндегі беделді қаламгерлердің бірі, 2006 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Orhan Pamuk шығармаларында отбасы тақырыбы ерекше орын алады. Мұның себебі де түсінікті: оның балалық шағы мен жастық кезеңі күрделі қарым-қатынастарға, отбасылық қайшылықтарға және әлеуметтік өзгерістерге толы ортада өтті.
Бай әрі батыстанған әулет
Орхан Памук 1952 жылы 7 маусымда Ыстанбұлдың Нишанташы ауданында дүниеге келді. Бұл аудан Түркиядағы ең ауқатты әрі батыстық өмір салтын ұстанатын орталардың бірі саналатын. Памуктар әулеті республика құрылғаннан кейінгі жаңа түрік элитасының өкілдері болды.
Оның атасы Мұстафа Шевкет Памук Түркия теміржолдарының құрылысына қатысқан белгілі инженер еді. Замандастары оны Ыстанбұлдағы ең дәулетті адамдардың бірі ретінде білетін. Атасы қайтыс болған кезде ұрпақтарына қомақты байлық қалдырғанымен, кейін оның бір бөлігі сәтсіз кәсіпкерлік жобаларға жұмсалып, отбасының материалдық жағдайы біртіндеп әлсірей бастайды.
Соған қарамастан, Памуктың балалық шағы жоқшылықта өткен жоқ. Ол бірнеше ұрпақ өкілдері бірге тұрған үлкен әулеттік ортада өсті. Анасы, әкесі, ағасы, әжесі, көкелері мен тәтелері бір үйдің әр қабатында өмір сүрген. Кейін жазушы өзінің әйгілі «Ыстанбұл: естеліктер мен қала» атты мемуарында сол күндерді былай сипаттайды:
«Анам, әкем, ағам, әжем, көкелерім мен тәтелерім – бәріміз бес қабатты бір үйдің әртүрлі қабаттарында тұрдық».
Үйдің қасбетінде үлкен әріптермен «Pamuk Apartmanı» («Памук үйі») деген жазу ілініп тұрған.
Зайырлы әрі еуропалық рухтағы тәрбие
Памук отбасы зайырлы көзқарасты ұстанды. Олар Mustafa Kemal Atatürk бастаған Түркияны жаңғырту саясатын қолдаған ортадан шыққан еді. Отбасы мүшелері еуропалық мәдениетке қызығып, француз және ағылшын әдебиетін оқыды.
Орхан мен оның ағасы Шевкет ағылшын тілінде білім беретін беделді мектептерде оқыды. Үйде пианино көп болғанымен, жазушы кейін әзілмен еске алғандай, олардың ешқайсысында ешкім ойнамаған.
Бұл орта жас Орханның дүниетанымына зор әсер етті. Ол бір жағынан Осман мұрасымен танысып өссе, екінші жағынан Батыс мәдениетінің ықпалын ерте сезінді. Кейін оның шығармаларындағы Шығыс пен Батыс арасындағы диалог дәл осы балалық шақтан бастау алады.
Әкесі – инженер әрі әдебиетке құштар жан
Орхан Памуктың әкесі Гүндүз Памук Түркиядағы алғашқы IBM компаниясының бас директоры болған табысты инженер еді. Алайда оның тағы бір қыры болды: ол әдебиетті сүйді, өлең жазды, еуропалық шығармаларды аударды.
Гүндүз Памук ұлының жазушылық қабілетін ерте байқаған. Ол Орханға үнемі сенім білдіріп, бір күні үлкен жетістікке жететінін айтып отыратын.
Жазушының Нобель сыйлығын алған кезде сөйлеген әйгілі «Әкемнің шабаданы» атты баяндамасы осы қарым-қатынасқа арналған. Әкесі өмірінің соңында оған өз қолжазбалары мен күнделіктері салынған шағын шабадан табыстайды. Бұл оқиға Памук үшін жазушылықтың мәнін терең түсінуге себеп болды.

Сурет: жазушының жеке архивінен алынған
Отбасылық кикілжіңдер
Сырт көзге бақуатты әрі мәдениетті көрінгенімен, Памуктар отбасының ішінде шешілмеген қайшылықтар аз болған жоқ.
Жазушының естеліктерінде туыстардың бірге дастарқан басында күліп-ойнап отырғанымен, артынан мұра мен ақша мәселесіне келгенде қатты жанжалдасып кететіні айтылады.
Әсіресе әкесі мен анасының арасындағы қарым-қатынас күрделі болды. Әкесінің некеден тыс байланыстары отбасындағы үлкен дағдарысқа айналды. Анасы күйеуінің опасыздығын білгеннен кейін олардың арасындағы жанжалдар жиілейді.
Кейде әкесі ұзақ уақыт бойы үйге келмей кететін. Кейде анасы да ренжіп, балаларын туыстарының қарауына қалдырып, біраз уақытқа жоғалып кететін.
Бала Орхан үшін бұл ауыр кезең еді. Ол ата-анасының ұрыс-керістерін көріп өсті. Кейде олардың уақытша кетіп қалуы үйдегі жанжалдан құтқарғандай көрінсе, кейде кішкентай Орхан жалғыз қалып, жылап отыратын.

Сурет: жазушының жеке архивінен алынған
Ағасымен бәсеке
Орханның өміріндегі тағы бір маңызды тәжірибе – ағасы Шевкетпен арадағы бәсеке.
Екі бауыр анасының мейірімі мен ықыласына таласып өсті. Жазушы кейін бұл сезімді қызғаныш, бақталастық және өзін дәлелдеуге деген ұмтылыс ретінде сипаттайды. Осы ішкі жарыс оның мінезін шыңдап, шығармашылыққа деген құлшынысын арттырды.
Әуелгі арманы – суретші болу
Қызығы, Орхан Памуктың алғашқы арманы жазушы емес, суретші болу еді. Ол жиырма екі жасқа дейін өзін болашақ қылқалам шебері ретінде елестетті.
Нишанташыдағы пәтерде отырып сурет салу оның ең сүйікті ісі болды. Кейін әдебиетке бет бұрғанымен, суретшінің көзі мен эстетикалық талғамы оның шығармаларында сақталып қалды. Сондықтан Памук романдарының көпшілігі бейнелеу өнері мен көркем детальдарға ерекше бай.
Орхан Памук дәулетті, зайырлы, білімді әрі батыстық құндылықтарды ұстанған отбасында тәрбиеленді. Материалдық құлдырау, туыстар арасындағы дау-дамай, ата-анасының жанжалы және бауырлар арасындағы бәсеке оның балалық шағының ажырамас бөлігі болды.
Дәл осы күрделі отбасылық орта болашақ жазушының сезімталдығын қалыптастырып, оның шығармаларындағы жалғыздық, отбасы, сәйкестік, Шығыс пен Батыс арасындағы тартыс сияқты мәңгілік тақырыптардың қайнар көзіне айналды. Бәлкім, Орхан Памуктың ұлы жазушы болып қалыптасуына тек байлығы ғана емес, дәл осы қайшылықтарға толы отбасы тарихы көбірек әсер еткен шығар.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz