Ресейге ұнамайтын транзиттік жолдар
Ресейге ұнамайтын жобалар іске асып жатыр. Әлемде де қызықты жаңалық жетерлік. Соның бірі энергия көздерін тасымалдау жолдарының әртараптандырылуына қатысты болып отыр.
Түркияның ақпарат көздері Сауд Арабиясынан бастап Түркияға дейін теміржол желісін салып, сол жолмен энергия көздерін тасымалдау іске асатынын жазыпты. Оман-Сауд Арабиясы-Иордания-Сирия-Түркия бағытында болады дейді. Ары қарай Еуропа нарығы дегендей. Тарихшылар дәл осы бағыт арқылы Осман империясы дәуірінде теміржол желісі болғанын жазуда. Бұл жолды салу Ормуз бұғазындағы дағдарысқа байланысты тіпті өзекті бола түскен сияқты. Әлбетте, мұнай мен газды теңіз арқылы немесе құбырмен тасымалдау ең тиімді әдіс саналады. Бірақ балама бағыт ретінде теміржолдарды да қолданатын сәттер аз емес. 100-120 цистернасы бар үлкен пойыз бір рейсте 70-80 мың баррель мұнай тасымалдай алады. Құбырмен не танкермен салыстырғанда өте аз. Дегенмен жоқтан бар дегендей.
Енді Таяу Шығыстан алшақтап, Африкаға қарай қадам бассақ, ол жақта да үлкен жоба талқыланып жатыр. Нигерия-Нигер-Алжир бағытында Еуропаға газ тасымалдайтын үлкен құбырдың құрылысы жеделдетілмек. TSGP жобасы ғой. Бұл жоба 2008 жылдары идея түрінде басталды. 2009 жылы үш мемлекет келісіп, жобаны жүзеге асыруды талқылады. Бірақ жоба ұзақ уақыт бойы шаң басып жатты. Себебі Африкада тыныштық болмады. Соғыс, қақтығыс дегендей. Оның үстіне бұл жобаға Еуропа да қатты қызыға қоймаған еді. Себебі Ресейден арзан газ алып, шалқып отырған шақтары ғой.
2022 жыл бәрін өзгертті. Путин Украинаға басып кірді де, Еуропа Ресейдің газынан бас тарта бастады. 2027 жылдың 1-қаңтарында ресейлік газдан толық бас тарту жоспары қабылданды. Қазірдің өзінде көп елдер ресейлік газды тұтынбайды. Бұл шешім кей жобаларға қайта жан бітірді. Соның бірі осы TSGP.
2022 жылы Африкадағы үш ел сандықтан жобаны қайта алып шықты. Енді міне сол құбыр құрылысын жылдамдатпақ. Нигерия, Нигер, Алжирде саяси дағдарыс күшеймесе, бұл жоба алдағы уақытта бітуі мүмкін.
Алжирде айтарлықтай тыныштық. Нигер ДАИШ пен Әл-Каидаға қарсы соғысып жатыр. Нигерияда «Боко Харамға» қарсы күрес жалғасуда. Осылар сыртқы күштердің қолдауымен жобаға кедергі жасауы мүмкін. Нигерия мен Алжирде газ көп, ал Нигерде азырақ. Бірақ Нигер бұл жобада транзит үшін маңызды аймақ саналады. Бұл жоба іске асып кетсе, ЕО Ресейдің газынан бас тарту әрекетін күшейтеді.
Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропадағы қақтығыстар мен соғыстар әлемнің энергетика көздерін тасымалдау бағыттарына да әсер етіп, өзгертіп жатыр.
Асхат Қасенғали
Abai.kz