Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 10707 11 пікір 15 Қыркүйек, 2020 сағат 14:01

Қаржысы көп қазақ спортының қазағы жоқ!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спорт клубтарын толықтай мемлекеттік бюджеттен қаржыландырудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда», - деді Тоқаев.

Халықтың қалтасынан шыққан қаржының күшімен ғана күн көретін Қазақстан кәсіпқой спортына айтылар сын көп. Бюджет қаржысының бүйірін сорып отырған футбол, хоккей, баскетбол, велоспорт сынды «қомағай» спорт түрелін қаржыландыру үшін жылына миллиардтаған ақша қажет.

Спорт клубтарына жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатқанымен, қаржыға сай нәтиже талап етіп жатқан ешкім жоқ. Бұл клубтар ел алдында, мемлекет алдында есеп те бермейді. Бюджеті қанша, шетелдік спортшыларды қаншаға сатып алды, оларға қанша жалақы төлейді, нәтиже қандай деген сұрақтар шенділерді ешқашан мазаламайды. Жауапты басшылар бөлінген қаржының қайда жұмсалғаны жайлы жұмған ауызын ашқан емес.

Сарапшылардың ойынша, осындай жабық саясат спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықты өршітіп жіберген. Кәсіпқой спорт клубтары шенділердің қалтасын қампитатын қамбаға айналғаны өтірік емес. Оның үстіне, біздің елде спорт федерацияларын кәсіби маман емес, әкім-қаралар басқарады. Демек, кейі спорт түрі, кейбір басшының жеке меншігіне айналып кеткен десек те болады. Ендеше, 30 жыл бойы мол қаржы бөлініп, жемқорлық жайлап алған саланы Президент Тоқаев бір ауыз сөзімен өзгерте ала ма?

Жолдаудан кейінгі есеп-қисап

Мемлекет басшысының жолдауынан кейін мәдениет және спорт министрлігі соңғы екі жылда спортқа бөлінген қаржы мөлшерін жариялады. Аталған министрліктің мәліметінше, 2019-2020 жылдар аралығында еліміздің 17 облысында жергілікті бюджеттерден 250 миллиардтан астам теңге бөлінген. Бұл қаражаттың көп бөлігі футбол мен хоккей клубтарын ұстауға кетеді екен.

Атап айтқанда, 2019 жылы спорт клубтарына 121 миллиард теңге, (оның 34 миллиард теңгесі футболға), 2020 жылы 131 миллиард теңгеге (оның 37 миллиарды футболға) бөлінген.

Қазақстанда жазғы олимпиадалық спорт түрлеріне жататын 95 кәсіби клуб жұмыс істейді. Олар: гандбол - тоғыз, су добы - екі, допты хоккей - бір, регби - екі, баскетбол - тоғыз, классикалық және жағажай волейболы - 23, футбол - 49 ( бұлардан бөлек ондаған хоккей клубтары бар). Осының бәрі бюджетке қарап отыр. Алматылық «Қайрат» футбол клубынан басқа бірде-бір командада жеке қожайын жоқ.

2012 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевттың бастамасымен «Астана» прези­дент­тік кәсіби спорт клубы құрылған. Қазіргі уақытта клуб құрамына «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы, «Aстана» велоко­ман­даcы және «Астана» баскетбол клубы кіреді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2020 жылы осы спорт клубын ұстап тұруға 27 миллиард теңге бөлген.

Бұлар жолдаудан кейін жарияланған жаңа мәліметтер. Біз бұған дейін де ел спортындағы бас айналдырар қаржылар жайлы жазып жүрдік. Мәселен, футболдан премьер-лигада бақ сынайтын командаларға ел бюджетінен жыл сайын 30-40 миллиард теңге бөлінеді. 2018 жылы дәл осы футболшыларға жалақы төлеуге 80 млн еуро (33,5 млрд теңге) жұмсалған көрінеді. Тағы бір мәлімет бойынша, елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады.

Сондай-ақ, футболға арналған стадион соғуға да жөнсіз ақша жұмсаудан алдыған жан салмаймыз. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жалғыз стадион - «Астана Аренаның» шығыны 182 млн. доллар болған. Ал Түркстан облысында салынып жатқан су жаңа стадионға 31 млн. доллар жұмсалды. Мұны аз десеңіз, кезінде Шымкенттегі «Қажымұқан атындағы орталық стадионды» қайта жөндеуге 44 млн. еуро (мөлшермен 50 млн. доллар) қарстырылған болатын.

Ел бюджетіне ең көп салмақ салатын екінші спорт - хоккей. Елордада кілең шетелдіктер өнер көрсететін «Барыс» деген клуб бар. Бұған дейін «Барыс» хоккей клубына 2018 жылы 3 450 840 000 теңге, ал 2019 жылы 3 653 490 000 теңге бөлінгенін жазған едік. Дәл осы «Барыс» клубында ойнайтын Даррен Диц есімді канадалық хоккейші жылына бір миллион доллардан көп жалақы алатын көрінеді.

Аталған сан-цифрлар кәсіпқой спортқа мол қаржының мақсатсыз жұмсалғанын айғақтайды. Бірақ бұл ашық дереккөздер арқылы бізге жеткен мәліметтер ғана. Жоғарыда айтылған 2 жылда жергілікті бюджеттен бөлінген 250 миллиард теңгенің есебіне маңайлаған да жоқпыз. Оның есебін ешкім берген жоқ әлі.

Спортқа бөлінген қаржы - құмға сіңген су

Ең өкініштісі, кәсіпқой спортқа миллиардтап қаржы шығындасақ та, жеткен жетістігіміз тым аз. Футболдан ұлттық құрамамыз әлемдік рейтингте 120-орында тұр. 20 жыл жанталассақ та өзімізден бірде-бір әлемдік деңгейдегі хоккейші шыққан жоқ. Хоккей құрамамызда кілең шетелдіктер өнер көрсетіп жүр. Велоспорт, баскетбол құрамаларымызда да қаптаған легионерлер. Қазақ түгіл, қазақстандық ойыншылар жоқ. Қазақ билігі сонда да бос мақтан үшін шетелдік спортшларға ақша шашудан шаршамай отыр.

Өткен жылы Қазақстан футбол федерациясы ел футболы үшін тиімсіз шешім қабылдады. Ресейдің әсерімен ЕАЭО-ға мүше елдердің ойыншылары біздің елде легионер саналмайды деген ереже енгізді. Осы шешімнің әсерінен онсыз да шетелдіктер көп қазақ футболына Ресей мен беларусьтік екінші-үшінші сортты футболшылар қаптап кетті.

Сөзіміз дәлелді болсын, биыл Қазақстан Премьер-лигасында бақ сынап жатқан 11 команда сапында 127 шетелдік ойыншы доп теуіп жүр. Оның 115-сі ресми легионер ретінде тіркелген (ЕАЭО ойыншыларын легионер ретінде қарастырдық). Қазақстан азаматтығын алған ойыншылар біздің елдің көк паспортын көп ақша тапқанша ғана пайдаланаты бәрімізге белгілі. Мұндай мысалдар бізде өте көп.

Салыстыру үшін айта кетейік. Өткен жылы ел чемпионатында 12 команда болды. Сол 12 командада 107 шетелдік ойыншы болған (оның 92-сі ресми легионер). Ал биыл 1 команда аз болғанына қарамастан, шетелдіктер саны 20-ға артып отыр. Осыдан-ақ, ҚФФ-ның жаңа ережесі шетелдік футболшылар үшін тиімді болғанын байқауға болады.

Ел чемпионатындағы 11 команданың ішінде петропавлдық «Қызылжарда» шетелдіктер ең көп - 16 ойыншы. «Жетісу», «Шахтер», «Оқжетпес» сапында 13-тен шетелдік жүр. Ал шетелдік ойыншылар ең азы «Қайсар» мен «Каспий». Бірақ бұлардың өзінде 9-дан шетелдік футолшы бар.

Ел чемпионы «Астана» сапында 14 бірдей шетелдік ойыншы бар. Елордалықтар отандық жас футболшыларға мүлде мүмкіндік бермейтін команда ретінде аты шыққан. Көбіне шетелдіктерге сенім артады. Президенттік клуб деген атына сүйеніп, «Самұрық-Қазынаның» сан миллиард сомасын сарып етіп отыр.

Сол «Астананың» күні кеше өткен шымкенттік «Ордабасыға» қарсы ойында тек шетелдіктерді алаңға шығарып таңқалдырды. Ел чемпионатының 8-туры аясында өткен ойында «Астана» сапында жалғыз қазақстандық (Дмитрий Шомко) өнер көрсетті.

Астана»: Ненад Эрич (Қ) (К) – Урош Радакович, Лука Шимунович, Евгений Постников, Дмитрий Шомко – Иван Маевский, Макс Эбонг, Рунар Мар Сигурьонссон – Тигран Барсегян, Дорин Ротариу, Пиерос Сотириу.

Бұл жерде Қазақстан азаматтығын алып алған Ненад Эрич ( Сербия) пен Евгений Постниковты (Ресей) да шетелдіктер қатарына жатқызамыз. «Ордабасы» да олардан кем соққан жоқ, 7 шетелдік ойыншыны алаңға шығарды.

Биыл «Астана» мен «Ордабасы» ғана емес, басқа командалар да алаңға 3-4 қана қазақстандық ойыншы шығарып жүр. Заң-тәртіп соған жол беріп тұр. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ережесінде отандық ойыншыны алаңға шығу міндеттелмеген. Бір ойында 6 легионер, 5 ЕАЭО ойыншысын шығарса да бапкер өз біледі. Ереже міне:

«Премьер-лига клубының тізімінде кем дегенде 12 қазақстандық футболдың тәрбиеленушісі және «легионерлердің» саны 8-ден аспауы қажет. Тізімдегі қалған 10 позицияны қазақстандық футболдың тәрбиеленушісі немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кез келген футболшысы толтыра алады. Бұл клубтың ұстанымына байланысты. Ойындағы шектеуге қатысты бір ғана ереже бар: жасыл алаңда «легионерлердің» саны 6-дан аспауы тиіс».

Қысқасы, қаржысы мол қазақ спортына үлкен реформа керек. Кәсіпқой спорт клубтарын есепсіз қаржыға көміп қоюды тоқтатпасақ, ел спорты ешқашан дамымайды. Бақылау күшеймесе, спорттағы сыбайлас жемқорлық та тиылмайды.

Кәсіпқой спорттағы есепсіз қаржыны азайту жайлы бұған дейін де көп айтылды. Халық үнемі осыны талап етеді. Бұл ұсыныстар биік мінберлерде де сөз болған.

2019 жылы 13 депутат бұрынғы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалға кейінгі Премьер-министр Асқар Мамин жауап беріп, кәсіпқой спортқа қаржы бөлу, легионер шақыру ережесі өзгермейтінін меңзеген.

Ал 2020 жылдың басында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев әкімдерге кәсіпқой спорт және футбол клубтарын бюджет қаражатынан қаржыландыруға тыйым салуды ұсынды.

Бірақ бұл ұсыныстарға құлақ асқан ешкім болған жоқ. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, 30 жыл бойы қалыптасқан жүйені бұзып, спорттағы қаржыны қиып тастау қиын жұмыс. Қаржының арқасында ғана қалт-құлт етіп күн көріп отырған қазақ спорты құрдымға құлауы мүмкін. Оның үстіне мол қаржыға үйренген мүдделі топтар мүмкіндік бергісі келмейді.

Бірақ Президент кәсіпқой спортқа мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді қысқартуды талап етіп отыр. Ендігі сұрақ, мемлекет басшысының талабы орындалып, ел спортының көлеңкелі тұсына май шамның жарығы түсе ме, әлде қалыптасқан жүйе өз дегенін жасай бере ме?

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475