Сейсенбі, 8 Қазан 2024
Саңлақ 10676 22 пікір 7 Шілде, 2020 сағат 17:03

Командасы жоқ қалада 31 млн. долларға стадион салынады

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында 7000 орындық стадион салынып жатыр. Бұл стадионның салынатыны жайлы өткен жылы хабарланған. 2019 жылы ақпан айында басталған құрылыс 2020 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бәріміз білетіндей, 2018 жылдың жазында Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталып, бұрынғы орталығы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Ал ұзақ тарихы бар Түркістан қаласы жаңа облыстың әкімшілік орталығына айналды.

Облысты дамыту жоспарына сәйкес, 2019 жылдан 2021 жылға дейін екі жүзге жуық жаңа нысан бой көтереді деп жоспарланған. Бұл нысандардың құрылысына 528 миллиард теңге бөлген. Бұл тізімге біз сөз етіп отырған 7000 адамға арналған жаңа стадион да кіреді. Спорт нысандарынан бөлек аймақта конгресс-орталық, мектеп оқушыларына арналған сарай, драма театры мен Яссауи мұражайы сияқты мәдени орталықтар салынады.

Аренаны BI Group компаниясы салып жатыр. Бұған дейін мекеме басшылары елдегі төтенше жағдайға қарамастан құрылыс жалғасады деп мәлімдеген болатын.

Отандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы стадионды салуға шамамен 13 млрд. теңге (31 млн. АҚШ доллары) жұмсалатын көрінеді. Тапсырыс беруші - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

Ендігі сұрақ, Түркістанда салынатын осы стадион үшін 31 миллион доллар көп пе, әлде аз ба?

Біріншіден, Түркістан қаласында 2005 жылдан бері футбол клубы жоқ. Жергілікті «Яссы» клубы 2005 жылы таратылған, одан бері де 15 жыл өтті. Қала билігі «алдағы уақытта киелі өңірдің өз футбол командасын құрып, өңірдегі футбол сүйер қауымның қарасын көбейтеміз» деп уәде беріп отыр.

Бірақ ол команданың құрылып, Премьер лигаға шығып, жергілікті жанкүйерді қуантуына әлі талай уақыт керек. Демек, Түркістанда жоқ команда үшін 31 миллион долларға стадион салынып жатыр деген сөз.

Екіншіден, жаңа команда құрылған, тіпті бұрыннан команда болған күннің өзінде 7000 мың адамға ғана арналған шағын стадионды мынадай мол қаржыға салу ақылға қона ма?! Түркістан облысы еліміздегі зат бағасы, еңбек күші ең арзан өңірлердің бірі емес пе?.. Ендеше елдегі ең арзан өңір ең кішкентай стадионды неге сонша қымбатқа салып жатыр?

Бірақ біздің шенеуніктердің саусағының ұшы қимылдаса болғаны миллиондар мен миллиадтар «атқа қонатыны» бұрыннан белгілі. Қазақ билігі аз қаржы жұмсап көп іс тындыруды жақын арада үйрене алмайтын секілді. Стадион салуға жұмсалған есепсіз қаржы жайлы «Шетел стадион салатын қаржыға Шымкентте ремонт жасайды» деген мақаламызда да сөз еткен едік. Онда Шымкент қаласындағы «Қажымұқан атындағы орталық стадионды» қайта жөндеуге 44 млн. еуро (мөлшермен 50 млн. доллар) жұмсағалы отырғаны сөз болған.

Сол кезде бізді 50 млн. долларға стадионның кем-кетігін түзетіп жүрген қазақ билігі заманауи жаңа алаң салу үшін қанша қаржы жұмсайды деген сұрақ мазалаған еді. Соның жауабы табылды. Жеті-ақ мың адамға арналған шағын аренаға 31 млн. доллар жұмсағалы отырмыз. Бұл неге Шымкенттің стадионын жөндеген қаржыдан аз болды демеңіз. Шымкенттегі «Орталық стадион» құшағына 20 мың адамды сыйдыра алатын, Түркістандағыдан 3 есе үлкен стадион. Егер Түркістанда мұндай үлкен арена салынса, 31 млн. емес, 90 млн. жұмсалар еді.

Тағы бір айта кетерлігі, Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жалғыз стадион - «Астана Арена» ғана салынды. Түркістанда салынып жатқан стадион еліміз тарихындағы екінші жаңа арена болмақ. Төбесінде ашылып-жабылатын қозғалмалы шатыры бар «Астана Аренаны» салуға ел бюджетінен 182 млн. доллар жұмсалған болатын.

Ақшаның көзіне қарамайтын қазақ билігі 30 мың адамға арналған «Астана Аренаны» 182 млн. долларға, 7 мың адамға арналған Түркістандағы стадионды 31 млн. долларға салады екен. Ендеше өзге ел футбол алаңын салуға қанша қаржы жұмсайды деген сұраққа жауап бере кетейік.

1. «Удинезе» стадионы (Италия) - «Дачиа Арена». Сыйымдылығы: 25 144 көрермен, құны: 23,6 миллион доллар, салынған жылы: 2013-2015 жж.

2. «Сивасспор» стадионы - «Сивас Арена». Сыйымдылығы: 27 532 көрермен, құны: 21,3 миллион доллар, салынған жылы: 2013-2016 жж.

3. «Пеньяроля» стадионы - Кампеон-дель-Сигло. Сыйымдылығы: 40 005 көрермен, құны: 40 миллион доллар, салынған жылы: 2014-2016 жж.

4. Стадион «Коньяспор» - Торку Арена. Сыйымдылығы: 42 276 көрермен, құны: 21,3 миллион доллар, салынған жылы: 2012-2014 жж.

5. «Тимса Арена» (Түркия). Сыйымдылығы: 43 877 көрермен, құны: 24,5 миллион доллар, салынған жылы: 2011-2015 жж.

6. «Днепр-Арена» (Украина). Сыйымдылығы: 34 000 көрермен, құны: 40 миллион доллар, салынған жылы: 2008 жыл.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

22 пікір