Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саңлақ 7206 22 пікір 26 Мамыр, 2020 сағат 13:50

«Барыс» хоккейшісі миллион доллар жалақы алады

Біздің елде кәсіпқой спорт клубтарының тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатынын айтып жүрміз. Ел қазынасынан миллиардтаған қаржы алып отырған спорт түрлерінің бірі - шайбалы хоккей.

Негізі хоккей қазақ қоғамына сәл таңсық спорт. Бірақ солтүстіктегі көршіміз аса сүйіп айналысатындықтан, солардың әсерімен біз де бұл спорттан қаржы аямаймыз. Ең өкініштісі қанша қаржы салсақ та өз ұлтымыздан, өз елімізден мықты хоккейші шыққан жоқ. Өз ұландары өнер көрсетпеген соң, хоккей спорты қазақ қоғамының құрметіне бөлене алмай отыр.

Қазақ шенділері спорттағы жетістік елді әлемге танытады деп есептейді. Экономикамен, білім-ғылыммен емес, спортпен әлемге танылғымыз келетіні жасырын емес. Бірақ «елімізді әлемге танытатын» спорт клубтарында көбіне шетелдіктердің өнер көрсететіні сәл қызық. Біз сөз етіп отырған хоккейді де тек легионерлер ойнайды. «Барыс» деген хоккей клубымыз бар, құрамындағы қазақтарды бір қолдың саусағымен санауға болады.

«Барыста» тек легионерлер ойнайтынын аз десеңіз, хоккейден ұлттық құрамамызда да шетелдіктер өріп жүр. Өз азаматтарымыз бұл спортқа қызықпағандықтан, өзге елдің екінші-үшінші сортты хоккейшілеріне жаппай азаматтық таратып бергеміз. Сол сансыз легионерлердің арқасында ұлттық құрамамыз бен астаналық «Барыс» халықаралық турнирлерде тәп-тәуір нәтиже көрсетеді. Біздің шенділердің хоккейге ақшаны аямай төгуіне осының өзі жеткілікті болып тұр.

«Барыс» хоккей клубы 1999 жылы құрылған. Содан бері «Барыста» кім ойнамады? Ресейлік, канадалық, швециялық, финляндиялық хоккейшілер қазақ даласына бірі келіп, бірі кетіп жатты. Өкініштісі 20 жыл жанталассақ та, «Барыстан» бірде-бір әлемдік деңгейдегі қазақстандық хоккейші түлеп шыққан жоқ. Қазақ билігі сонда да бос мақтан үшін шетелдік ойыншыларды шақырудан шаршамай отыр.

Біз бұған дейін «Барыс» хоккей клубына 2018 жылы 3 450 840 000 теңге, ал 2019 жылы 3 653 490 000 теңге бөлінгенін жазған едік. 2020 жылғы бюджеті бұдан көп болмаса, аз болмағаны сөзсіз.

Оның үстіне «Барыс» хоккей клубының құрамында тағы үш-төрт команда бар. «Барыстың» бас командасымен қатар «Номад», «Снежные Барсы», «Барыс-жас» және «Томирис» әйелдер командасын ұстап отырмыз. Мұның алғашқы екеуі «Барыс» секілді ресейлік командалармен бірге халықаралық турнирге қатысады. Демек, бес команданы бағуға жоғарыда біз көрсеткеннен әлдеқайда көп қаржы жұмсалуы мүмкін.

«Барыс» хоккей клубының әкімшілігі:

Президент — Иванищев Борис Анатольевич
Бас менеджер — Вячеслав Белан
Баспасөз хатшысы — Акманов Евгений Владимирович.

Клубтың негізгі командасында 3 ғана қазақ ойыншы тіркелген. Оның үстіне Құрлықтық хоккей лигасының ережесіне сай, «Барысқа» легионер саны жағынан шектеу қойылмайды. Құрамын тек легионерлермен жасақтаса да өз еркі. Ал ресейлік клубтар ойын хаттамасына тек бес шетелдік хоккейшіні ғана тіркей алады. Бұл өз ойыншыларының деңгейін көтеру үшін жасалып отырғаны сөзсіз. Ал «Барысқа» бұндай шектеу жоқ. Осы ереженің әсерінен 2018/19 жылғы маусымда «Барыс» сапында 8 легионер және Қазақстан азаматтығын алған 11 ойыншы өнер көрсеткен болатын.

«Барыс» хоккей клубының бюджеті, басшылығы, құрамы жайлы айттық. Енді клуб ойыншыларының жалақысы қанша деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Біздің елде спорт клубтары халықтың ақшасымен күн көріп отырса да, ел алдында есеп бермейді. Бюджеті қанша, ойыншыларға қанша жалақы төлейді, нәтиже қандай деген сұрақтар шенділерді ешқашан мазалаған емес. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінетін футбол, баскетбол, велоспорт, біз сөз етіп отырған хоккей бәрі жұмсалған қаржы жайлы жұмған ауызын ашқан емес.

Жақында ресейлік басылымдар «Барыс» хоккей клубының кейбір ойыншылары қанша жалақы алатынын жариялады. Ресейлік «Спорт-Экспресс» сайтының ақпаратына сүйенсек, елордалық команда сапында ең көп жалақыны қорғаушы Даррен Диц алады екен. Канадада туып, Қазақстан азаматтығын алған ойыншы жылына 75 миллион рубль (1 миллион доллардан астам) жалақы алады. Бұны теңгеге шаққанда 430 миллион болады.

- «Барыс» жалақысының шегі 75 миллион рубльді құрайды. Бұл Даррен Дицтің жалақысы. Одан көп ақша табатан хоккейші қазақстандық команданың қатарында жоқ, - дейді аталған басылымның журналисі Игорь Еронко.

Ал елордалық клубтың шабуылшылары Мэтт Фрэттин мен Линус Виделль команда капитаны Дицке қарағанда әлдеқайда «аз» жалақы алады екен.

«Барысқа» биыл ғана ауысып келген 32 жастағы канадалық хоккейші Мэтт Фрэттин бонустарды қоспағанда 32 миллион рубль алады (185,6 млн теңге). Ал 35 жастағы швед хоккейшісі Линус Виделль бұдан сәл көбірек, 36 миллион рубль (208,8 млн теңге) жалақы алады (бонустарды қоспағанда).

Бұл түрлі бонустарды есептемегенде алатын таза жалақысы. Демек көрсеткен өнері мен клубтың нәтижесіне қарай бонустар қосылады.

Тағы бір мәселе, Қазақстандағы жалғыз спорттық арна Qazsport та хоккейді көрсетуден жалықпайды. Бұл туралы аталған арнаның басшысы Павел Цыбулиннің өзі айтқан.

- ҚХЛ плей-офф кезеңіндегі «Барыс» матчтарының трансляциясы маңызды екенін ескеру қажет. Хоккей тартыстарының барлығы тікелей эфирде таратылады, бұл тіпті, талқыға да салынбайды. «Барыс» және оның жанкүйерлері үшін біз барлық чемпионаттарды таратуға дайынбыз, - дейді Павел Валерьевич.

Қазақ жанкүйерлері үшін ең қызықты спорт түрлері бокс, күрес және ауыр атлетика екені белгілі. Еліміз спортшыларының оң жамбасына келетін спорт түрлері де осылар. Бірақ хоккейді телеарна басшылары жақсы көргендіктен шығар, тұтас көрерменге тықпалап көрсетіп жүрміз.

Мемлекет қаржысын майшелпекке айналдырған жалғыз хоккей емес дедік. Велоспорт та ондаған шетелдік спортшы үшін миллиардтаған бюджет қаржысын пайдаланып отыр. Мәселен, Bikeandme.com.ua спорттық порталының мәліметіне сүйенсек, «Aстана» велоко­ман­даcының жылдық бюд­жеті - 18 миллион еуро (8,15 млрд теңге). Бұл көрсеткіш бойынша, әлемдегі қаржысы көп 10 үздік команданың қатарына кіреді екен.

Халқы қоңырқалта күн кешетін, оның үстіне көпшілік қауым велоспортты спорт деп санамайтын Қазақстанның командасы әлемдегі бюджеті ең көп 10 команданың қатарына кіріп отыр. Бұл неткен дарақылық демеске амал жоқ!

Ел-жұрт велоспортты көп білмейді деп бекер айтып отырған жоқпыз. Astana Pro Team ве­ло­­­коман­да­сының 2020 жылға арналған құра­мына назар салсаңыз, біздің елде шайтанарбаны кім теуіп жүргеніне көз жеткізесіз. Команда са­пын­да жалпы 28 шабандоз өнер көрсетеді. Оның 8-і ғана қазақстандық. Қалғаны ле­гио­нер. Ал қазақ шабандозы біреу ғана екен.

Ал футбол жайлы көп жазып жүрміз. UEFA ақпаратына сүйенсек, Қазақстан Премьер-лигасында бақ сынайтын 12 командаға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 30-40 миллиард теңге бөлінеді. 2019 жылы бір ғана елордалық «Астана» футбол клубының жылдық бюджеті 9 миллиард 800 миллион теңге болды.

Жоғарыда біз айтқан 1 млн доллар жалақыны футболшылар да алады. 2018 жылы футболшыларға жалақы төлеуге 80 млн еуро (33,5 млрд теңге) жұмсалған көрінеді. Тағы бір мәлімет бойынша, елімізде доп тебетін футболшылар орта есеппен жылына 148 513 доллар (айына 12 376 доллар) табыс табады. Аладопта да қаптаған легионер легі ел бюджетін суша сапырып жүр.

Біз сөз еткен «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы, «Aстана» велоко­ман­даcы «Астана» прези­дент­тік кәсіби спорт клубы­ның құрамына кіреді. «Барысқа» жылына 3-4 млрд теңге, «Астана» футбол клубына 9-10 млрд теңге, ал «Aстана» велоко­ман­даcына 8 млрд теңге бөлінетінін жоғарыда жаздық.

Бәріміз білетіндей «Астана» прези­дент­тік кәсіби спорт клубы­ның құрамында «Astana Arlans» бокс клубы да бар еді. Бірақ оны 2018 жылы таратып жіберді. Көбіне легионерлер өнер көрсететін хоккей немесе велоспорттан ақша аямайтын басшылар, тек қазақстандықтардан құралған бокс клубын құрбандыққа шалды. Бокс клубына хоккей мен велоспорттағыдай мол ақша кетпейтіні сөзсіз еді.

Сөз соңында айтарымыз, Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті - Асқар Мамин. Оның үстіне «Барыс» хоккей клубы прези­дент­тік кәсіби спорт клубы­ның құрамына кіреді. Демек, премьер-министр мен прези­дент­тік клубқа қатар арқа сүйеген «Барыстың» мұртын балта шаппайтын шығар. Бірақ миллиондап жалақы төлеп легионер шақырып, оларға азаматтық таратып ел спортын дамыта алмайтынымыз естен шықпағаны жөн.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958