Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Әліпби 4289 5 пікір 16 Қыркүйек, 2020 сағат 11:47

Жаңа әліпбиіміз ІТ-ге ыңғайлы болуы керек!

Біз қалайық, қаламайық ІТ өз әмірін жүргізіп тұрған заманда жазу ауыстырудың көзге көрінбейтін мұзтаулары бар. Қазір латынға көшуде COVID-19-ға байланысты тек «төл дыбыстардың таңбалануы» мәселесі ғана тоқырап қалды. «Тіл реформасы» жалпыбұқаралық сипатта төменнен жүргізілуге тиіс. Оған ешбір мемлекеттік пәрмен мен бұйрық қаулының еш керегі жоқ. 

Ең бірінші дүние мекемелер мен ұйымдардың әм кәсіпорындардың атау тақталарын қазақ тілінде кіріл және латын әліпбиімен жазуды жолға қою. Ол үшін белгілі бір аймақта тұратын бастамашыл топ, қазіргі қолданыстағы латын және кіріл жазуымен бәрін өз орнына қоя алады. 

Екінші бір назардан тыс қалып келе жатқан нәрсе жазуы мығым елдер де, тілі тұралай құлдыраған елдер де, әсіресе, Украина өз тілін ІТ-ге ыңғайлап жатыр. Біз әлі шөре-шөреміз. ІТ технологияның басты шартты ұлт тілі мен ағылшын тілінің мәшиналық тәржамалық сөздігінің дүниеге келуі. Ол үшін орыс, латын-грек және еуро тілдерінен бізге енген русизмдерді стильдік және лексика-грамматикалық жақтан қазақиландыру керек. Ағылшын тілдік қолданыстарына қазақша адамды шатыстырмайтын синонимсіз нақты сөз орамдарын орайластыра екшей білуіміз қажет. Егер сауатты және русизмнен арылған қазақ-ағылшын машиналық тәржімасын жасай алсақ, әлемнің алдыңғы қатарлы ұлттарының тіліндегі ғылыми-танымдық әм техникалық-ақпараттық дүниелерді шет тілін үйренбей-ақ, өз ана тілімізде оқи аламыз. Ағылшын тілінде шыққан кино-теле және бейне өнімдерді субтитрімен қазақша көре беретін боламыз. Қазіргі күні ұлттық (қара орыстық) кинопрокаттағы «Қазақша дубляжы жоқ» дейтін қырық сылтау айтушылардың аузына құм құямыз. Ескеретін дүние тек көркем әдебиет қана мәшиналық тәржімаға көнбейді. 

Бұдан басқа авторлық туындалардың белгілі бір ережені сақтап, орфография бойынша жазылған мәтіндерін орфоэпиялық айтылуы бойынша аудионұсқа жасайтын ІТ бағдарламаларда қос дауыспен (еркек-әйел) қазақша әуеземен оқылуы тарс естен шықты. Жарайды 8 әріпті (ӘІҢҒҮҰҚӨ) түрлінше белгілеудің дауы біткенге дейін, сол дауға дейін айтылуы мен жазылуы екі бөлек барша сөзімізге транскрипциялық белгілеу мен қос дауысты оқылымдар жасауға неге әрекет етпейміз!?

Бұлай ететін болсақ, қос дауысты оқылым аясында бұрын  ё, һ, й, ц, щ, х, ъ, ф, в, э, я, ч, ь және ю-мен белгіленіп келген сөздерді бір ізге түсіреміз. Русизмдер мен русизм негізінде енген өзге тілдік сөздердің жаңаша айтылуы мен жазылуын қалыптастырға неге құлқымыз жоқ. Әлде біздің зиялы қауым қаржы бөлінсе ғана саусағын қимылдатып, қалған кезде түйеқұстай басын құмға тығып ала ма?! Русизмдер мен русизм негізінде енген өзге тілдік сөздердің жаңаша айтылуы мен жазылуын қалыптастыру дәл қазір қандай әліпби қолданып отырғанымызға байлаулы емес қой?! Тек  ё, һ, й, ц, щ, х, ъ, ф, в, э, я, ч, ь және ю-мен таңбалануынан арылып, қазақтандырсақ болды емес пе!? 

Бір сөзбен айтқанда «Тіл реформасы» өз дүмпуін қазақ тілді қауымнан күтіп жатыр. 

Тіпті автомашинамыздағы қала мен облыс жол серік бағдар қартасы да орысша сонда қазақ өз ана тілінде қай жерден бұрылып, қай жерге баратынын айтуға, білгізуге арналған бағдарламаны қолдануға тыйым салынған ұлт па?

Орыстар өздерінің Говорун – Govorilka – Спикер –   Balabolka (Балаболка) т.б. бағдарламалары бойынша өз тілдеріндегі төл және аударма әдебиеттерді жанр-жанр бойынша аудионұсқасын әп-сәтте әзір етіп, көбедей-көп онлайн кітапханаларына енгізіп қойды. Біз бұл бағытта да тым-тырыспыз.

Мәтінді жазылуы бойынша емес, айтылуы бойынша оқитын тегін Cool Reader, ICE Book Reader Professional, Aboo, IVONA Reader,  TTSReader,  NaturalReader, SpeakIt!,  TextAloud,  Advanced Text to Speech,  2nd Speech Center,  Speaking Notepad,  5.2Speaking Notepad т.б. және ақылы ListenBook, ToМ Reader т.б. бағдарламаларда қазақтың орфографиялық емле бойынша жазылған сөздері айтылуы бойынша орфоэпиялық жақтан дыбысталатын аудиокітаптар шығарылуы керек. Біз соған дайынбыз ба!? Маманымыз бар ма?! Маман болса, оларға қайдан қаржы бөлінеді!? 

Қазақ төл жазуына ең әуелі кірілдік «Тіл Реформасы» жасалмай, 2025-те латын жазуына көшеміз деу құр далбаса тірлік болады да шығады. Құр далбаса дейтін себебіміз: саны аз 1930 жылғыларды сөз етпегенде, 1940-1970 жылы туған қазақ тілді қандастарымыз жаңа жазуға көндіге алмайды, бірақ олардың бәрі де кеңес мектебінде және ЖОО оқытылған неміс, француз және ағылшын жазуымен жете таныс. Олар көндігуі үшін (ё, һ, й, ц, щ, х, ъ, ф, в, э, я, ч, ь және ю сынды) кірме әріптерден арылған кірілмен таңбаланған төл жазуымызды өмірге әкелуіміз керек.

Осы жолда аралас кіләбә (клаватура) қолданысқа енсе біраз дүние оңалады. 

Латынша теріп кірілмен жазу шығатын бағдарлама жасалуға тиіс. Әлемдік тәжірибеде ханзу ұлты (қытайлар) өз пішпек жазуларын латынша теріп, өз тілдерінде оқып та, жазып та жүр. Бұл тым ерсі қадам емес.

1 суретте QWERTY өзгеріссіз қолданылатын ағылшын кіләбасы 

Ә – «A`»; Ғ – «Ғ`»; Қ– «К`»; Ү– «Ұ`»; Ң– «Н`» және Ө – «О`» болып қолданылады.

2 суретте QWERTY аралас қолданатын кіләба. Онда бұрынғы 42 әріптік дәуірдегі қазақы өзгеріс (ӘІҢҒҮҰҚӨ және Һ) бұрынғы орналасқан жерлерінде қалады да, орыстық (ёхъжэюбь орналысымы және «.» мен «,») таңбаланымдары және қазақтық (1, 6-7) орналасуы ағылшынданады. 

Осы орайда қазақ кіріл жазуы QWERTY үстіндегі 2 цифры (@)– «Ә»; 3 цифры (#) – «І»; 4 цифры ($)– «Ң»; 8 цифры (*) – «Ү»; 9 цифры (“(”) – «Ұ», 0 цифры (“)”) – «Қ»  сондай-ақ, «-  мен _» белгісі «Ө» және «=  мен +» белгісі Һ болып таңбаланды да, қалған әріптер мен таңбалар ағылшындық QWERTY негізінде басылып, кірілше жазылуын шығарады. 

4 суретте QWERTY өзгеріссіз қолданатын төл латын жазуы және Тіл Реформасы аясында өмірге келетін «Жаңа кіріл  әліпбиі» өзгеріссіз ағылшын QWERTY (`)    дәйекшесі арқылы Аa, А`a` (Әә),   Бб, Гг, Г`г`( Ғғ), Дд, Ее, Жж, Зз, Ии, Кк, К`к` (Ққ), Лл, Мм, Нн , Н`н`(Ңң), Оо, O`o` (Өө), Пп, Рр, Сс,Тт,Уу, Ұұ, Ұ`ұ` (Үү), Шш, Ыы түрінде және арнайы ережемен В-дан басталатын Бб болып оқылатын ( латын жазуында V-дан басталатын Bb болып оқылатын);  Ф-дан басталатын (F) Пп болып оқылатын және  Х-дан  басталатын Ққ болып оқылатын  сөздерді сөз соңы мен ортасындағы қолданыстарын бір жөнге келтіру қиындық тудырмайды.

Біз перне тақтада ұлттық дербестік алмай, «анаған көшеміз, мынаған көшеміз» деу бос сөз. Өзбектер перне тақтасы қаққа жарылғандықтан әлі күнге ана тілін керемет құрметтесе де, бірыңғай төл латынына көше алмай жүр. 

Егер Ақаң салған дәйекшелік дәстүрін жалғастырып, ағылшын QWERTY-індегі  (`)    дәйекшесін керегімізге жаратайық. Орыстың 33 әріпті негізінде әліпби қабылдаған славян, фин-угор және ТМД түркілері  төл дыбыстары үшін қосымша 50 таңбаны ойлап тапқанын естен шығарайық.  Және біз латында қосарлықтан қашып жүргенде қарашай, балқар және құмықтар қ әрпін къ және кь деп, сақалар ң әрпін нъ түрінде бұрыннан белгілеп келеді. Дәйекшесіз қазіргі кірілдегі ә,ң,ғ,ү және ө-ні латынға көшкен кезде таңбалауда олардың жіңішке-жуан сыңарлары а,н,г,ұ және о-ға егер ешкім (`)    дәйекшесін керексіз деп тапса, онда ғылыми орта ортақ ұйғарымға келуге тиіс g, x және h  үстеу арқылы да QWERTY-лік тұрақтылықты сақтай аламыз. Седиль, умлаут т.б. асты-түсті белгілері әріпті қолмен терген кезде ерек дизайнға иетін. Енді замана ыңғайымен камп бағдарламалары әріптік орналасым мен қолданылымда белгілі бір көлемдік ықшамдықты қатаң талап еткен шақта, стандартқа сай келмей қиғылықты салады. Осы жағы айырықша ескеретін дүние.  

Сөз соңында айтарымыз, бүкіл ұлтымыз ынта танытып, «Тіл реформасын» сауапты да, сауаттты жүргізуді бір ғана филологтардың еркіне беріп қоймай, қоғамдық және саяси пікірлерді ескеріліп, байыпты да, парасаттылықпен жүргізілген «Тіл Реформасы» арқылы екі жазуға ортақ бір пернетақта жүйесі қалыптаспай еш алға басу жоқ.  Қос жазу 1970 жылғылар қашан өмірден озғанша әлі ширек ғасыр жарыса қолданылады. Сондықтан бұра тартпай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын» жол табуға тиіспіз.

Тіл Реформасы ІТ хабары бар, талапты студенттерді, магистратура, докторантура бітірген тілшілерді әм гуманитарлық қабілеті бар жаратылыстау және техникалық ғылымдардың мамандарын машиналық тәржіма бойынша шетелге жіберуді Үкімет қолға алады деп сенеміз. Және Қазақстан Жазушылар Одағы жанынан әм техникалық университеттер ішінен кәсіби аудармашалар бірлестіктері мен аудармашы редакторлар ұжымдары ашылуға тиіс. Ендігі жерде мемлекет тілді дамытуға арналған қаржы өзге ұлттың қазақ тілін үйренуіне емес, мақсатты түрде қазақи медиаконцерндер, алаштық кинопрокат, кинотеатрлар желісін және танымдық-техникалық мәдени контент қалыптастыруға жұмсалатын кез келді. Бұл қадамға біздің орыс тілді билік бара қояр ма екен!?

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

5 пікір