Жаңа сөздік қазақ тілінің өміршең екенін аңғартты
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мақсатты қаржыландыру жобасының аясында «Қазақ тілінің тіркесімдер сөздігін» әзірледі. Сөздік қазақ сөзінің тіркесімділік (валенттілік) қасиетін, сөздердің тіркесу әлеуетін, сөз мағыналарын дұрыс тіркестіру қағидаларын анықтау және бейнелі, поэтикалық, т.б тіркес түрлерін ажырату мақсатында дайындалды. Сөздікке әзірше 242000 сөздік тіркелді, оның ішінде бір ғана тіркес құрайтын сөздер және 100-дан аса тіркес құрауға әлеуетті сөздер де алынды. Мысалы, қабаған ит: қабаған сөзі тек ит атауымен тіркеседі де бір ғана тіркес құрайды (мәселен, қабаған қасқыр тіркесі болмайды, себебі қасқыр қаппайды, ырылдайды, ұлиды, шабады). Ал мінез (бал мінез, бибатпа мінез, дойыр мінез, аусар мінез, күпір мінез, дала мінез, мәрт мінез, лақпа мінез, тоң мінез, шайпау мінез,т.б. сияқты) 116 тіркес құрауға қабілетті сөз деп танылды. Сөздікте ұсынылған тіркестер көпшіліктің іздеуіне оңай болу үшін әрі сол сөз жайында концептуалды ақпарат алуына оңтайлы болу үшін бір тізбекпен берілді.
Сөздікке семантикалық тіркесуінде мағыналық үйлесімділігі жоқ жалған тіркестер алынбады. Мысалы: бөкебай орамал, қаралы азагүл. Расымен, бөкебайдің өзі орамал атауы болғандықтан, айқындаушы тіркесті қажет етпейді. Тілімізде бөкебай тағу, бөкебай тоқу, бөкебаймен орау, т.б. болып тіркесе береді де, орамал: шашақты орамал, түбіт орамал, т.б. тіркестерді құрайды. Сол сияқты қаралы азагүл тіркесі де - қате қолданыс. Себебі азагүлдің өзі қаралы күні қойылатын гүл атауы. Қате қолданыстың туындауына «венок» орыс сөзінің аудармасындағы венок - гүлдесте, траурный венок - азагүл балама мағыналарын шатастырудан туындаған болса керек.
Сөздікке мерзімді басылымдар арқылы көпшілік қолданысқа енген жаңа тіркестер де алынды: байрақты бәсеке, темір тұлпар, қамкөңіл жандар, жабайы сауда, бас ұстаз, портфель ұстағандар, галстук таққандар, мандат иелері, т.б. Сол сияқты жұртшылыққа таныс емес этнографиялық күрделі атаулар да сөздікке енді: ақсақ темір (етікші атауы), бала табақ (сыбағалы табақ), мытыс қой, мәліш қой, талпақ емшек қой, т.б.
Тіркес сөздерді жинауда не байқадық? Тіркесімдер сөздігі қазақ тілінің сөздік қоры кеңейгенін аңғартты және қазақ сөзінің өміршең екенін дәйектей түсті. Осы сөздікті құрастыру барысында атаужасам, терминжасам, сөзжасам үдерісінде күрделі сөздің, соның ішінде тіркес сөздің бір ғана денотат (атау) болуы басым екені анықталды.
Тіркесімдер сөздігі қазақ тілін үйретуге қатысты тың идеяларды тудырды. Прецедентті тіркестердің ағылшын тіліндегі аудармасын табуда қиналатынымыз белгілі. Мысалы, Абылайдың асындай (ұлан-асыр той) немесе Асан қайғыға салыну (қайғыру) тіркестері өзге тілге прецедент атауын сақтап аударылмай жүр. Ендігі кезекте жалпы мағынасын ғана емес, тарихи атауды сақтап аударсақ, қазақ мәдениетін қоса таныстырған болар едік: Abylais bid feast.
Сократ маңдай, ахилес өкшесі тұрақты тіркестер қазақ тілінің сөздік қорына енді. Ендеше, қазақтың прецедентті тұрақты тіркестері де өзге тілге сол қалпында енуі тиіс деп ойлаймын.
Әмірбекова Айгүл Байдебекқызы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты
Abai.kz