Болат ӨЖКЕНОВ. Еліміздегі жер қойнауын барлау: кеше, бүгін және ертең
Бүгінгі таңда біздің республикамыз негізгі пайдалы қазбалар қоры жөнінен әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Сол қазба байлықтарға жоспарлы түрде аймақтық геологиялық зерттеу жүргізіп, болжамды қорды бағалау мен кен орындарын анықтау - геологияның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан да еліміздің жер қойнауын оңтайлы зерттеу мақсатындағы Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» акционерлік қоғамын құрды.
Жалпы, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде экономиканың құрамдас бөлігі ретінде геология саласы да түрлі күрделі құрылымдық өзгерістерді бастан өткерді. Дегенмен, игі болғанда, өтпелі кезеңді еңсеруге қажетті қалыптасқан жүйе сақталып қалды. Өткен ғасырдың 50-жылдары орталықтандырылған геологиялық қызмет ұйымының тұсында құрылған бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп, болмашы ғана өзгеріспен бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Әуелі тапсырыстар азайып, өндірістік жүктемелер артқан кезеңнің өзінде күрделі геологиялық мәселелер шешімін тауып, мемлекеттік органдар жер қойнауы мен оны пайдаланудың жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз етіліп тұрды.
Бүгінгі таңда біздің республикамыз негізгі пайдалы қазбалар қоры жөнінен әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Сол қазба байлықтарға жоспарлы түрде аймақтық геологиялық зерттеу жүргізіп, болжамды қорды бағалау мен кен орындарын анықтау - геологияның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан да еліміздің жер қойнауын оңтайлы зерттеу мақсатындағы Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» акционерлік қоғамын құрды.
Жалпы, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде экономиканың құрамдас бөлігі ретінде геология саласы да түрлі күрделі құрылымдық өзгерістерді бастан өткерді. Дегенмен, игі болғанда, өтпелі кезеңді еңсеруге қажетті қалыптасқан жүйе сақталып қалды. Өткен ғасырдың 50-жылдары орталықтандырылған геологиялық қызмет ұйымының тұсында құрылған бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп, болмашы ғана өзгеріспен бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Әуелі тапсырыстар азайып, өндірістік жүктемелер артқан кезеңнің өзінде күрделі геологиялық мәселелер шешімін тауып, мемлекеттік органдар жер қойнауы мен оны пайдаланудың жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз етіліп тұрды.
Сондай-ақ, минералдық-шикізаттық кешен мен геологиялық зерттеу жүргізу әдістемесінде де айтарлықтай өзгерістер болды. Егер өндірістің социалистік тәсілінен нарықтық экономикаға көшкен тұста барлық геологиялық барлау жұмыстары бюджеттен қаржыландырылған болса, одан әрі бюджет есебінен тек аймақтық геологиялық зерттеулер мен ғылыми жұмыстар ғана орындалатын болды. Ал іздеу және барлау жұмыстары отандық және шетелдік инвесторлардың есебінен жүргізілді. Сол бір посткеңестік бюджет тапшылығы мен тәуелсіз жас мемлекеттің қалыптасуы жағдайында геологиялық барлау жұмыстарына орасан әрі тәуекелді шығындар жұмсау тиімсіз еді. Сондықтан да жер қойнауын игерудің инвестициялық бағдарламасы әзірленіп, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасалды.
Қазақстан Президентінің пәрменді шараларының арқасында геологиялық барлау саласына үнемі назар аударылып отырды. Айталық, 1998 жылы «Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясын одан әрi iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Президент Жарлығына сәйкес Қазақстанның геологтары Минералдық-шикізаттық кешені қорының базасын дамытудың ұзақ мерзімдік стратегиясын әзірлеп шығарды. Жер қойнауының байлығын орынды пайдалану және қорғау осы Стратегияның негізгі болып табылады. Оның жүзеге асырылуы геологиялық сала мен минералды-шикізаттық кешеннің кезеңдік дамуын, яғни пайдалы қазбалардың шығарылуы мен олардың толыққанды әрі нақты есебін алуды, минералды-шикізаттық базаны, жер қойнауын, оны пайдалануды, сондай-ақ қауіпті геологиялық үрдістерді бақылауды қамтамасыз етуден бастап, жер қойнауын алдын-ала геологиялық зерттеуді толық қамтамасыз етуге дейінгі жұмыстарды қамтыды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижелері де көп күттірген жоқ. Жалпы, 1996-2010 жылдар аралығында республика бойынша негізгі пайдалы қазбалар қоры айтарлықтай өсіп, 750 тоннаға жуық алтын, 3 мың тоннаға жуық күміс, 5 млн. тоннадан аса мыс, 600 мың тоннадан аса қорғасын, 2 млн. тоннаға жуық мырыш, 17 млн. тоннадан аса титан, 80 мың тоннадан аса молибден өндірілді. Мемлекет қазынасы 920 мың тонна никельмен, 80 мың тонна уранмен, 1,5 млрд. тоннадан астам темір рудаларымен, 40 млн. тоннадан астам марганец рудаларымен толықты. Бұған қоса 1,7 млрд. тоннаға жуық мұнай, 170 млн. тоннаға жуық конденсат өндірілді. Жалғастыра беруге болатын осындай жемісті көрсеткіштер тізбегіне қарап отырып еліміздің экономикалық әл-ауқатының қарқынды өсе түскендігін көреміз.
Осылайша, отандық геологиялық сала мемлекетіміздің аяққа тұрған кезеңінен бастап жер қойнауын еліміздің басты байлығы ретінде кешенді және тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, егемен Қазақстанның аумағын геологиялық жете зерттеу жұмыстарын жоспарлы түрде дербес жүргізуге қол жеткізе білді. 1997 жылы қазақстандық геологтардың белсенді атсалысуымен ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңес құрылды. Бүгінгі күнге дейін аталмыш Кеңестің жұмысы аясында қазақстандық геологиялық сала ТМД елдерімен тығыз байланыс жасап, бірнеше бірлескен жобалардың жүзеге асуына қол жеткізді, бірлескен еңбектер жарық көріп, заң базалары бейімдендіріле түсті.
Сондай-ақ, еліміздің геологиялық қызметі әзірлеген жер қойнауын пайдалану жүйесі көптеген елдердің алдыңғы қатарлы заң және қаржылық ұйымдарында үздік деп танылып, еліміздің минералдық-шикізаттық кешеніне 170 млрд. АҚШ долларынан аса инвестиция тартуға мүмкіндік бергендігін мақтанышпен атап өтуге болады. Біздің геологтардың еңбектерін шетелдік мамандардың өте жоғары бағалап, осы саладағы қазақстандық ғалымдар мен басшы мамандардың пікірлерімен санасып отыратындықтары да көңіл қуантады. Халықаралық геологиялық конгресстердің және ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңестің жұмыстарына Қазақ елінің мамандары белсене атсалысып отыратындығы, сондай-ақ түрлі шетелдік геологиялық қызметтер мен компаниялардан ынтымақтастыққа шақыратын ұсыныстардың үнемі түсіп жататындығы - соның дәлелі.
Экономиканың сапалы түрде өркендеуінің құрамдас бір бөлігі ретінде қарап, әрқашан қолдау жасап отыратын Елбасымыздың назарынан геологиялық сала ешқашан тыс қалып көрген емес. Өзінің «Жаңа кезең - жаңа экономика» атты мақаласында ол ескі экономикадан жаңа экономикаға өтетін жолды саралай отырып, табиғи байлықтар қоры мен минералдық-шикізаттық ресурстар, яғни республиканың экономикадағы дәстүрлі артықшылығын барынша пайдалану қажеттігі көрсетілген мемлекеттің стратегиялық міндеттерін еске салады. «Қазақстан геологиялық, тау-кен істерінің дәстүрлі дамуын калпына келтіріп, нығайта, руда өңдеу мен металл балқыту жөніндегі осы заманғы технологиялардың дамуын қамтамасыз ете отырып, әлемдік минералдық-шикізаттық кешендегі өзінің күшті позициясын сақтауға қабілетті және солай етуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы. Ел Президентінің осындай қамқорлығының арқасында республикамызда мемлекеттік геологиялық зерттеу саласындағы жұмыстар көптеп қаржыландырыла бастады. Мұның өзі геологиялық зерттеулердің неғұрлым қарқын алуына себін тигізді. Минералдық-шикізаттық қорларды тиімді және кешенді түрде игерудің негізгі өлшемдерінің бірі геологиялық ақпараттың нақтылығы, жылдамдығы және қолжетімдігі екендігі ескеріле отырып, Қазақстан геологтары кен қорының деректер банкін, көмірсутегі шикізаты деректерінің ұлттық банкін жасап шығарды. Бұл еңбектер де халықаралық дәрежеде жоғары бағаға ие болды.
Біздегі мердігер ұйымдар туралы айтар болсақ, олар - тәуелсіздік жылдары жеке акционерлік қоғамдарға айналған одақ тұсындағы бұрынғы экспедициялар мен геологиялық ұйымдар. Бұл компаниялар өтпелі кезеңнің түрлі қиындықтарына қарамастан, өндіріс көздері мен тәжірибелі мамандарын сақтап қала отырып, өздерінің материалдық-техникалық базаларын да айтарлықтай кеңейтіп алды. Бүгінде олардың көпшілігі замануи шетелдік бұрғылау және тау-кен ісі құралдарымен, технологиялық саймандарымен жарақтандырылған. Мұнда терең ұңғымаларға арналған сандық техникалы лабораториялар, заманауи геофизикалық құралдар мен далалық диагностикалық жабдықтар пайдаланылады. Әуелі кейбір компаниялардың көп салалы қазіргі заманғы зертханалық талдау кешендері де бар. Бұдан басқа, Қазақстанда геология саласына жоғары сапалы қызмет көрсететін бірқатар арнайы бұрғылау, геофизикалық, геологиялық-экономикалық ұйымдар жұмыс істейді. Кен орындарына мемлекеттік геологиялық зерттеу мен барлау жүргізетін барлық компаниялар сандық карта жасауға, кен қорын есептеп, модельдеуге арналған арнайы бағдарламамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, бұл компаниялар бүгінде ақпараттық технологияларды енгізуге қажетті барлық компьютерлік техникамен жарақтанған.
Геологиялық барлау компанияларында кез келген геологиялық мәселелерді шеше алатын жоғары деңгейлі кәсіби практик-мамандар: геологтар, геолог-экономистер, геофизиктер, геохимиктер, бағдарламашылар жұмыс істейді. Бүгінде Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына келіп түсетін материалдар дәстүрлі қол есептеумен қоса, Micromine, Datamine, т.б. сияқты заманауи бағдарламаларға сәйкес алынған мәлімет, модельдермен расталады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында минералдық-шикізаттық кешенді дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама жасалған. Бұл Бағдарламаға сәйкес аймақтық геологиялық зерттеулерді, оның ішінде ең алдымен перспективалы учаскелерде геологиялық-минерагендік карталауды қарқынды жүргізу, бұрын суретке түсірілген аумақтарды геологиялық жете зерттеуді аяқтау және алтын, мыс, полиметалдар, марганец, уран іздеу мен іздеу-бағалау жұмыстарының аумағын арттыру көзделген. Сондай-ақ, іздеу-бағалау жұмыстарын ұйымдастыруға арналған әдістемелік құралдар әзірлеу және бұрғылаудың тиімділігін арттыру мен жер қыртысын қорғауға қажетті заманауи тәжірибелік-конструкторлық технологияларды даярлау сияқты іргелі зерттеулік және ғылыми-қолданбалық жұмыстар жоспарланған.
Ендігі кезекте еліміздің минералдық-шикізаттық базасын нығайту жөніндегі перспективалық міндеттерді табысты жүзеге асыру геология саласының негізі міндеті болып табылмақ. Сондықтан да Елбасының бастамасымен құрылған «Қазгеология» компаниясы тәуелсіз 20 жылдың жетістіктерін ту етіп, жылдар бойы жинақталған бай тәжірибеге, қолайлы инфрақұрылым мен тәжірибелі мамандарға сүйене отырып, егемен еліміздің қуатын арттыра бермек.
Болат ӨЖКЕНОВ, «Қазгеология» ұлттық геологиялық
барлау компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы.
«Егемен Қазақстан» газеті
4 қаңтар 2012 жыл