Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2941 0 пікір 5 Қаңтар, 2012 сағат 05:09

Нұрлан Қабдайұлы. Біздің ауылдың сүреңсіз суреттерінен

Ауылдың үстіне қарға қаптап кеткен. Әуені бұлттай буған қара түнек тас төбеңнен сусылдай жөңкіліп өтіп, көз ұшынан қайта қайқайып, жалмауыздың дуасындай елдің басын айналдырып жүр. Өзі де кеспірі кетіп, сүрепеті қашқан мыжық қора, мықшиған үйлінің жауырына көзі қызарған мың сан қарқыл от басына бұт қақтағанның боқ басынан көшіріп әкелген күңкіліне тамыздық болды. Лыпасына дейін күздің жындыбас желі сыпырып әкеткен ағаш біткеннің бұта басын қотыр шалғандай, қарғаның ұясынан, ұя жайлаған құс сұмпайысының саңғырығынан төбесінен төмен қарай сыңысып тұр.

Осы ауылдың кісі көрсе шабаланып, техника көрсе тұра шабатын көпек иттерін көше-көшені тінтіп жүріп атып туысуға шақ қалған зоотехник Жанаттың ендігі ермегі қарғамен күрес. Бір жақсысы атқан итін тарқылдақ мотоциклдің көтегейінде салдырлаған жайпақ тіркемеге бөктеріп, жемтіктен мал жиғандай едірейіп бара жататын басы артық әуресі жоқ. Күрк-күрк жөтелген қос ауыздың көмейін тұз кептелген жезбен тығындап отырса болғаны. Тисе қарғаға, тимесе... қара ағаштың басын қасуға мұрса бермей дүр көтеруге сеп.

Күл төге шыққан кемпір-сампыр етегін далақтатып қораның маңына қондырмай, насыбайға кеңсірігін қытықтатып күншуақта мамырлаған шал-шауқан таяғын шошаңдата сермеп, қотан шешіне түріп тастап, танауына тоң қатқан өңшең боқташақ тастың астына алып, тым-тырақай қылып... қараша ауыл тыпырлады да қалды.

Хош. Жаз өтсе-ақ көңілінің жайлауы құлазып, жақ жүні үрпие қалатын теріскей жұртының күйкі тірлігін түсіп бердіге жорығандай, қарға адым жер сайын қара жамылған жесірше шоңқиып, қарқылы сұңқылдай болған қарғаның ізін жасырып, ауылды тұман басты. Меңіреу тыныштық та осындайда орнайды екен. Құдды енді не болар екен деп, тұманның түбін күткен ел сұр перденің жықпылында тың тыңдап отырғандай. Қою тұманның әр жер, әр жерінен үйдің қалпағы, қораның иығы, маяның самайы үрпиеді. Ауада ілініп қалған бөлек-салақ дүние дерсің. Иттері кісі жейтін, бәйбішесі иттерінен де қабаған Жуандықтың қазанбас қара төбеті барлыға маңқылдайды. Одан берірек таңның атысы, күннің батысында күйбеңінен жаңылмайтын көрші апаңның, біз ес білгелі із тастап келе жатқан бұзаубас калоштары ошақ пен отын-судың арасында тырпылдап, тұманның да арғы жағында тіршілік барын ескертіп жүр.

Тұман түбі сұйылып барып қара суыққа, одан үскірікке ұласып, арты қарға айналды. Иә, тұман түбі жұт еді...

Шұнақ аяз бір момынға ұзатылған Арқаның төркіншіл қызы секілді. Желтоқсанды жетекке ала жетіп, наурызды мініп бір-ақ қайтады. Жай кетсе не қылсын. Теріскейден табан аударғанынша жеті ағайынды жұт жиеннің қырық серкешін түгендеп болады. Ал аяздың әлде алдын орап, әлде қойындасып жатып алатын дүлей боран, онсыз да сөгілгелі тұрған шаруаны тігіссіз жерден дар айырып, ел жыртыққа жамау таппай безек қағар еді. Есер боран екі-үш тәулік ойнақ салғанда, есі шыққан дүниенің етек-жеңін аспаннан көресің. Хрущевтің көзі тірісінде қабырғасын қалқайтқан мектеп үйінің есік-терезесінен кеулеген ызғырық пен дүмінен өткен партаның сызы миға жетіп, ұстаздың не айтып, не қойғанын қорытудан қалған балаларды ақыры жамыратып жіберіп, жұртта білгеніне куәлік қылып боқшасынан тастамайтын атам заманғы конспектісін шимайлап мұғалім қалады. Құдды қаңсыған кластың шырақшысы дерсің. Қашан күн жылынғанша ырың-жырыңы таусылмай, кетеуі кетіп болатын оқудың жылдағы жайы осы.

Ақ түтек әншейінде бұрыш айналуды да жұмыс көріп, пұлданып барып, қуық қаңсытып қайтатын тобанаяқтарға таптырмас сылтау. Әсіресе түн баласында... есіктен шыға, есінеп тұрып іргенің қарын сарыкідір қылып, иық дірілдетеді.

Сол жылғы қыстан біздің ауыл құрбандық беріп құтылғандай болды...

Жақсы атқа тақым тисе, жарым дүниенің төбесінен көз асырғандай танауы делдиіп шыға келетін қазақы кептен құрық алып қаша алмаған серіктері өңкей жарау мініп, дүрілдесіп ауылды бетке алғанда, Қырым қоста жалғыз қалыпты. Әлде жылқыға қарайлар кезек, әлде ел жаққа зауқы соқпаған. Қайын жұртты сағалаған жалғыз атты. Қартайып өлген әкеден соң қарайлайтын ешкімі қалмай, адуын мінезінен бетпақтығы басым қақсал қатынның жетегіне еріп кете барған...

Елсізде қалған бұл тұрмақ, екі кештің арасында сау ете түсер серіктерінің де кеспірі белгілі. Ауылдан кетсе ауы қажалып, тақымы жидіп, ауылға келсе ащы судан басқа жақын таппай, қызара бөртіп топырлап кеп жүргендері. Сондай бір сүргіннің құйрығын шұбалтып барып сілейе қатқан бас жылқышы алай-дүлей боранмен ашу таластырған әйелінің бебеуінен шошып түрегелген. Дәметтіре келіп, дәнеңеге де мұршасы болмай қорылға басқан қойнындағы бөренені, әйел шіркін әлпештеп оятушы ма еді, тепкілеп тұрғызбағанда. Қалғандары да шөміштің ернеуінен жан шақырып жатқан бұл уақытта.

...Ұлыған боранның ұры құрсауына малтыққан Қырымда, бытыраған жылқының алдын орарлық дәрмен кетіп, ыққан үйірдің соңынан ілбуден өзге амал қалмаған. Біразға дейін қитықтап, ақыры екбетіндегі қара-құрымнан қара үзіп қап, беті ауған жаққа лағып кете барғаны даусыз...

Апта бойы азынаған ақ түтек бағыты ұрланып, есі кеткен жылқышының жан арпалысындай азалы еді. Апта бойы ұлыған боран адасқан жылқышының алды-артын ораған үйірлі қасқырдай үрейлі еді. Ауылдың шалғайында жатқан маяның жолы бітеліп, айқай жететін жерге аяқ жетпей, қорадағы бір-екі қара оттығын мүжи бастағанда барып жынынан айрылды-ау, сол жылғы қыстың соңғы бораны.

...МТЛБ дейтін шынжыртабан, апайтөстің ойбайын салдырып жер-көкті шарлағанда, жетім іздің қиығын таппай, сандалып бос кетті ауданнан шыққан мчсниктер. Наурыздың аяғы. Торғай су ішерлік жылымық күндердің бірінде жоғалған жылқышының өлігін аңшылар өңгеріп келді. Әр жер, әр жері ойдым-ойдым болып қабартып, асты кеулей бастаған күртік қарға жартылай батып жатқан мүрдені айналсоқтап, шабаланып жүріп алған ақылды тазылар еріксіз мойын бұрғызған екен.

Жылқы табылыпты деген хабар жылқышы табылыпты дегеннен бетер жылы естіліп, жүгенін беліне байланып саусылдай жеткен жұрт, кашардың маңын дырду қылды. Енді қайтсін. Азамттың ажал құшуы Алланың ісі. Қай-қайсысына да аман келген мал олжа. Қайдар шал да бурыл биесін жетекке алған екен. Бурыл жылқы деген аты болмаса, кісі қызығарлық сымбаттан жұрдай, мойны имиіп, шоқтығы шодырайған, қайқаң бел, мес қарын кәрі мал. Шодырайған жамбастың басы бірде оң сауырдан, бірде сол сауырдан шошаң етеді. Иесінің де жұтынып тұрғаны шамалы. Бір бүйректі басы бүтін, екіншісін жартылай жас күнінде құралас болған зәһар судың бодауына байлаған шалдың, қауқиып қаңқасы ғана кетіп барады.

Қайдар шалдың да, бурыл биенің де Қырымға жақындығы болған, тірі кезінде. Бірі қайын атасы еді, бірі қыз алып, қалыңға берген жетек малы болатын.

Өлер күйеу өлді, қалар қыз қалды. Көтерем де болса, көз алдында тұрған соң, мал қайғысы бар қайғыны шайып кетерін іштей күбірлеп, құдайының алдында ақталып бара жатты ма екен, Қайдар шал сонда.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366