Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3309 0 пікір 5 Қаңтар, 2012 сағат 05:33

Нұрлыбай Қошаманұлы. Жаңаөзен оқиғасы: саяси-әлеуметтік себептер

Жеті ай бойы алаңда тұрған Маңғыстау мұнайшыларының талабының шеңбері де бірте-бірте кеңейе бастады. Олар бастапқыда жалақыны өсіруді, еңбек жағдайларын жақсартып, әлеуметтік қамсыздандыру мен  демалыс уақытын ұзартуды кәсіподақ тарапынан мәселе етіп көтеріп, компания басшыларының диктаторлық тәртібін тежеу  мен демократиялық сөз бостандықтарын қорғауды, кейіннен Үкіметтен монополистердің өктемдігін шектеуді, шикізат байлығын мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті. Сөйтіп, мәселе дер кезінде шешімін таппаған соң жағдай ушыға келе қанаушыларға қарсы бағытталған жұмысшылардың талабы объективті түрде саяси сипат алды. Бұл да заңдылық. Себебі, қарапайым халықта әлеуметтік біртектіліктің жоқтығы, «ертең қалай күн көрем?», «балаларым өзгенің есігінде жүріп «құлы» мен «күңіне» айнала ма?» - деген ой мазалайды.

Жеті ай бойы алаңда тұрған Маңғыстау мұнайшыларының талабының шеңбері де бірте-бірте кеңейе бастады. Олар бастапқыда жалақыны өсіруді, еңбек жағдайларын жақсартып, әлеуметтік қамсыздандыру мен  демалыс уақытын ұзартуды кәсіподақ тарапынан мәселе етіп көтеріп, компания басшыларының диктаторлық тәртібін тежеу  мен демократиялық сөз бостандықтарын қорғауды, кейіннен Үкіметтен монополистердің өктемдігін шектеуді, шикізат байлығын мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті. Сөйтіп, мәселе дер кезінде шешімін таппаған соң жағдай ушыға келе қанаушыларға қарсы бағытталған жұмысшылардың талабы объективті түрде саяси сипат алды. Бұл да заңдылық. Себебі, қарапайым халықта әлеуметтік біртектіліктің жоқтығы, «ертең қалай күн көрем?», «балаларым өзгенің есігінде жүріп «құлы» мен «күңіне» айнала ма?» - деген ой мазалайды.

Қанаудың күшейуі де өкімет билігінің әлсіздігімен  тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, бізде барлық деңгейде үкіметтің қызметін ірі олигарх-байлар тікелей бақылауға алып, қаржы алпауыттарына қызмет ететін адамдар үкіметтің  басқару тетіктерінде отыр.  Қашан да мұндай «сыбайластық» мемлекеттік саясаттың бағытын «жалпыұлттық дамудан» мүлдем басқа бағытқа бұрып, олигархтар билігін қамтамасыз етіп келген. Біздің жағдайда малымызға құрық, басымызға сырық ойнатушы мемлекетке ықпалы мықты қанаушылар қытайлықтар мен Т.Құлыбаев басқарған «Қазмұнайгаз» компаниясы болып тұр. Әдетте мұндай жағдайда мемлекет олигарх - монополистердің мүдделерін қорғаса, өз кезегінде қанаушы тап - монополистер  бостандықтары мен құқықтарын қорғауға ұмтылған жұмысшыларға қарсы күресте бюрократтық-полицейлік мемлекеттік жазалаушы машинаны пайдаланады. Жаңаөзен қырғынын да осылай болды.

Жаңаөзендегі қанды қырғынға 100 пайыз билік кінәлі. Біріншіден, қарапайым адам үшін қарапайым материалдық қажеттіліктің жасалмауы, барлық жерде әкімшілік жүйенің (әкімдер) сыбайластық пен жемқорлықтың «жебеушісіне» және сол дерттің «таратушысына» айналуы, елдегі негізгі азық-түлік тауарлары мен әлеуметтік тарифтердің тұрақты түрде еш бақылаусыз өсуі, (Маңғыстауда баға өзге аймақтармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары) нарықта ашық та адал бәсекелестіктің жоқтығы мен монополистердің бақылаусыздығы, мұнайшылардың, еңбек адамдарының табысы салыстырмалы түрде алғанда өспеуі, оларды «кіріптар» етуі...

Екіншіден, мұнай мен газды шығарудан түсетін кірістің халықтан жасырылуы және әділетсіз бөлінуі, халықтың игілігі болып табылатын қазба байлықтарымыздың ат төбеліндей шетелдіктердің, ішкі шенеуніктер мен олигархтардың қанжығасына байланып, қызығын солардың көруі. Өз жерінде жүріп, біреудің отына жылынғандай күй кешіп, жұмысшылардың шетелдіктерге ықпал етердей сөзінде де, ісінде де заңдық пәрменінің жоқтығы...

Үшіншіден, ауыл мен қаладағы өмір сүру деңгейіндегі үдей түскен алшақтық, ауылдық жердегі жұмыссыздық, түрлі аймақтардың әлеуметтік дамуы байлар мен қарапайым мұнайшылардың жалақысының арасындағы орасан айырмашылық және бұған ешқандай қоғамдық бақылаудың жоқтығы қордалана келе қарапайым халықтың көшеге шығуына ықпал етті. Ар намысы тапталғандар ашынса, алдында тұрған ажалға да қарамайтыны тарихта талай дәлелденген.

Алда сайлау. «Нұр Отан» партиясының атынан қаптаған әкімдер, министрлер мен оның бұрынғы өкілдері жаңа парламенттің құрамынан табылу үшін саяси науқанды өздерінше қыздырған болып сабылып жүр.   Бұл Қазақ елінің қоғамдық-саяси жағдайының қауіпті шекке тірелгенін көрсеткендей. Себебі, шенеуніктер ерте ме, кеш пе өздеріне «қыл көпірден» өтетін тығырық таянғанын сезіне бастады. Ендігі уақытта олар ойдан-қырдан жинаған байлық көзі меншігін және соған жағдай жасап келген қазіргі билікті ұзағынан ұстап қалу жолында қолдан неше түрлі айла-амал іздестіріп, қулық-сұмдықтарға да барады. Егер билік ауысатындай күн туа қалса, ішкі өндірістің барлық бағытын уысында ұстап отырған олар елде экономикалық кризисті де, әлеуметтік күйзелісті де ұйымдастыра алады. Алла сақтасын, дегенмен, «айтпаса сөздің атасы өледі», осындай өтпелі уақытты пайдаланып қалуға тырысқан бұғып жатқан көлеңкедегі «түрлі ұйымдар» да бас көтеруі әбден мүмкін. Шахмат тілімен айтқанда, мұны елді «тұйыққа тіреу маты» дейді. Ендеше, болашақта біз  бәріне де дайын болуымыз керек. Осының бәрі мемлекет басқару ісіндегі саяси тоқыраудың салдары.

«Жаңаөзен қырғынының» кейбір тұстарына үңілсек, оның туындауына  жоғарыдағы жайттардың себепші болғанын аңғару қиын емес. Демократиялық қоғам халықтың басқару ісіне кеңінен араласу мүмкіндігіне жол ашады десек, елді қалыптасқан әлеуметтік дағдарыстан алып шығудың кілті -   демократиялық талаптарға сәйкес әділ сайлау өткізу, бір қолға шоғырландырылмаған және цензурасыз қоғам мен биліктің барлық тетіктерінің сайланбалылығын қатаң сақтайтын реформа екендігіне сенімдіміз. Қазақша айтқанда, 20 жыл бойы «басы айдауға, малы талауға» түскен қарапайым халықтың да, мұнайшылардың да сұрауы - билікті қоғам алдында жауапты ететін нақтылы саяси өзгерістер. Егер бұл қажеттілікке мемлекеттік деңгейде назар аударылса, күрделенген ішкі әлеуметтік тоқыраудың қыруар мәселесі өздігінен шешілер еді.

Ақтөбе қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364