Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 5313 11 пікір 5 Қазан, 2020 сағат 10:00

Таулы Қарабақ жанжалы: Бүгін шешпесе ертең кеш...

АҚШ-тың 40-шы Президенті Рональд Рейганның сөзімен айтсақ «Зұлымдық империясы» болған Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, шатқаяқтай бастаған шақта, әсіресе соңғы 5 жылдығында елдің түпкір-түпкірінде ұлтаралық жанжалдар оты тұтанып, арты үлкен қақтығыстарға ұласа бастады. Солардың бірі – Оңтүстік Кавказ жеріндегі Таулы Қарабақ жанжалы еді. 1988 жылы этникалық армяндар мен жергілікті әзірбайжандардың арасында басталған этникалық жанжалдың арты екі елдің соғысына ұласып, 32 жылдан бері ыстық нүкте қалпында қалып отыр. Осы аралықта екі жақтан 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1 200 000 әзірбайжан баспаналарын тастап босқынға айналды. Сыртқы күштердің ықпалы да мардымсыз. Халықаралық қауымдастықтың да қолы қысқа болып тұр, өкінішке қарай. Мұның да өзіндік себептері бар. 

Біріншіден: Таулы Қарабақ аймағы Әзірбайжан Республикасының құрамындағы автономиялы аймақ, яғни Әзірбайжанның бір бөлігі. Әлем елдері де осылай мойындайды. Тек мұнымен келіспейтін Армения ғана. 

Этникалық армяндар басым тұратын аймақ Әзірбайжан билігін мойындамай, өздері Тәуелсіздік жариялап алды. Алайда оның әлемнің ешбір елі, тіпті Арменияның өзі де мойындаған жоқ. Себебі бір халық – екі мемлекет болуы мүмкін емес. Әлемде ондай құрылымдар саусақпен саналық қана (Екі Корея, ҚХР мен Тайуань, Аустрия мен Джермания, Румыния мен Молдова және Албания мен Косова) және олардың мойындалуы да біркелкі емес. Әйткенмен де мұны түсінетін Армения жоқ.

№1 карта. Армения басып алған Әзірбайжан аумағы (Карта Азаттық сайтынан алынды.)

Екіншіден: Армян әскерлері Таулы Қарабақ аймағынан өзге Әзірбайжанның 14 ауданын басып алып, өз бақылауында ұстап отыр. Бұл барлық халықаралық заңдарды өрсекел бұзу болып табылады. Осыған орай Қарабақ жанжалын бейбіт реттеу бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бір жылдың ішінде бір емес төрт резолюция қабылдады:

1. 30 сәуір 1993 жылғы БҰҰ ҚҚ №822 резолюциясы

2. 29 шілде 1993 жылғы БҰҰ ҚҚ №853 резолюциясы 

3. 14 қазан 1993 жылғы БҰҰ ҚҚ №874 резолюциясы

4. 12 қараша 1993 жылғы БҰҰ ҚҚ №884 резолюциясы. 

Бұл резолюциялардың барлығында да Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қалпына келтіруді талап етіледі. Ол үшін Армения өз әскерін басып алған аумақтан шығарып әкету керек. Армения әскері шығарылмай бұл мәселенің шешімі болуы мүмкін емес. Ал халықаралық қауымдастық мәселені келіссөз арқылы шешуге шақырумен ғана шектеліп келеді. Олардың Арменияға қысым көрсетуге шамалары келмей отыр. Бұған басты кедергі – шеттегі армян диаспоралары. 

Қазақта «Көлеңкеңмен қорғай жүр» деген әдемі сөз бар. Сол сөз туралы армяндарға қарап айтылғандай. Америка Құрама Штаттарында, Канадада, Ресей мен Еуропаның көптеген елдерінде мыңдаған армян диаспорасының өкілдері тұрады. Олар өте ұйымшыл және өздері тұрып жатырған елдің билігіне сөзі жүретін деңгейде. Олардың арасында жоғары лауазымда отырғандар да, қалталалар да, қоғамдық беделге иелері де жетіп артылады. Дәл осылар Арменияның мүддесіне лобби жасап, өздерінің тарихи Отандарын көлеңкелерімен қорғап жүр. Кезінде КСРО-да лауазымды қызметте болған бір ғана Анастас Микоянның өзі неге тұрады? Халық арасында ол туралы «От Ильича до Ильича без инфаркта и паралича» деген сөз бар. Владимир Ильич Лениннің кезінде басшылық қызметке келіп, Леонид Ильич Брежневке дейін басшылық қызметте болған жалғыз адам. Ұзақ жылдар жоғары орында отырып Армян КСР-інің мүддесіне біраз жұмыс жасаған адам. 

Өкінішке қарай, біздің қазақ балаларын «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол!» деп бетінен қағып өсіреді. Алайда, осы бір мақалдың түбегейлі қате екеніне осы жерде көзіміз жетеді. Өз еліңде ұлтан болудан гөрі өзге елде сұлтан болу әлдеқайда пайдалы екенін Армян мысалы айқын дәлелдеп отыр. Кез-келген мемлекетке сыртқы қолдау ауадай қажет. Осы орайда қазақтың ақылды қыз-жігіттерінің бір бөлігі әлемнің жетекші елдерінде, әсіресе АҚШ-та саяси карьера жасап, өз халқын көлеңкелерімен қорғай жүрсе, біздің де ұпайымыз түгел болар еді...

Шет елдердегі армян лоббиінің күштілігі сонша, олартіпті 1915 жылы Осман империясындағы ішкі бүлік кезінде қаза тапқан 300 мың армянды 1,5 миллион армян қырылған геноцид деп атап, оны біраз елдерге мойындатуға қол жеткізді. Осы арқылы Осман империясының мұрагері Түркиядан сол үшін өтемақы мен жер дауламақ. Арменияға БҰҰ ҚК резолюцияларын орындатпай отырған да, сыртқы қысымнан қорғап отырған да осы сырттағы диаспора өкілдері. Олар Арменияға қарлыжылық жағынан да қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жыл сайын Арменияның үздік жастарына гранттар бөліп, әлемнің жетекші оқу орындарында оқытып отыр. 

Қараша айында өтетін АҚШ-тағы Президент сайлауына демократиялық партияның атынан кандидат болып отырған Джо Байден де ұзақ жылдардан бері Арменияның мүддесіне ашық түрде лобби жасап келе жатырған адам. Егер де ол, алдағы сайлауда Дональд Трампты жеңіп, АҚШ Президенті болатын болса, Әзірбайжанға саяси қысым жасап, Қарабақтың Тәуелсіздігін мойындатуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Әзірбайжанды Түркия да, басқасы да қорғап қала алмайды. Соңғы сауалнамалар көрсеткендей Америкада Трамптың беделі төмендеп, Байденнің Президент болу мүмкіндігі артып келеді. 

Осы уақытқа дейін 30 жылдық тәжірибе көрсеткендей Қарабақ дауын бейбіт жолмен шешу мүмкін емес болып отыр. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ дегендей, Армения осы уақытқа дейін қабылданған барлық халықаралық құжаттар мен міндеттемелерді орындамай отыр. Бұл мәселені бейбіт жолмен шешіп көрмек болған Арменияның алғашқы Президенті Левон Тер-Петросянның әрекетінен де ештеңе шықпады. Ақыры өз үкіметіне сөзі өтпеген Президент 1998 жылы осы мәселеден кейін отставкаға кетті. 

1994 жылға дейін Армения Таулы Қарабақ аймағанынан өзге Әзірбайжанның 14 ауданын басып алды. (№1 карта) Енді ол жерлерді де соғыс олжасы ретінде қайтарғысы жоқ. Әзірбайжанның осынша жеңіліске ұшаруы сол кездегі елдегі саяси және экономикалық жағдайға байланысты еді. Кеңес Одағы құлап, экономикалық дағдарысқа тап болған ел саяси дағдарысты да бастан кешті. Тәуелсіздік алғанына бір жыл толмай жатып, 1992 жылдың наурыз айында алғашқы Президент Аяз Муталибов биліктен шеттетілді. Сол жылы елдегі алғашқы демократиялық жолмен өткен сайлауда атақты диссидент Әбілфаз Елшібей жеңіске жеткен еді. Алайда Елшібей де билікті ұзақ ұстап тұра алмады. 1993 жылы төңкеріс нәтижесінде биліктен кетірілді. Билікке Гейдар Әлиев келгеннен кейін ғана жағдай тұрақтала бастады. Алайда бұл уақытта армяндар біраз жерді басып алған еді. Сол уақыттан бері де-факто статус кво сақталып тұр. Алайда бұл уақытша шешім. Өкінішке қарай бұл дағдарыстан «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шығудың жолы жоқ. Әзірбайжан Қарабақты Арменияға берген күннің өзінде де, ол Әзірбайжан территориясындағы эксклав болып қалады. Арменияның батысында Әзірбайжанның Нахичиван эксклавы бар (№2 карта). Жер алмастыру әдісімен шешкеннің өзінде де тараптар бір бітімге келе алмайды. Түптеп келгенде мұндай нашар сценарийдің өзі Әзірбайжанның есебінен шешілейін деп тұр. Сондықтан да, Әзірбайжанға өзінің заңды территориясын әскердің күшімен қалпына келтіруден басқа жол қалған жоқ. 

Қыр астында қараша. Егер алда-жалда АҚШ-тағы Президент сайлауында Байден жеңіске жетіп кетіп жатса бұл мәселе міндетті түрде Арменияның пайдасына шешіледі. Сол себептен де Әзірбайжанға Қарабақ дауын бүгін шешіп алмаса ертең кеш.

№2 Карта. Әлем мойындаған Әзірбайжанның тұтас территориясы

Жағдай Арменияның пайдасына шешілер болса, бұл өзге елдерге де жаман үлгі болмақ. Қазіргі күннің өзінде де көршілерінің жеріне қызығып отырған елдер жетерлік. Мұның арты Қарабақ тәрізді әлем бойынша өзге де ондаған, тіпті жүздеген ыстық нүктелердің пайда болуына жол ашып, әлемді бейбітшілікке үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан да, бұл жанжал Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қалпына келтірумен шешілуі тиіс. Осылай еткенде ғана көршісіне көз алартқандардың бәріне үлкен сабақ болады. 

Оралбек Ж. Өтеғұлов

Филолог, саясаттанушы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364