Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3865 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 19:23

Майра КЕРЕЙБАЕВА. «Немiс автономиясына» немiстердiң өздерi қарсы болды

 

 

1979 жылы Целиноград қаласында «Немiс автономиясының» құрылуына қарсы ұйымдастырылған маусым оқиғасына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл – қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бiрi. Орынсыз шешiм қазақ халқының наразылығын тудырды.
Сол тұста КСРО бойынша шамамен 2 миллион немiс болған. Соның 1 миллионнан астамы Қазақстанда тұрған. Сондықтан да қазақ жерiнiң дәл ортасынан немiс автономиясын құру туралы шешiмдi орталық қолай көрген. Оны iске асыру үшiн жұмыс тобы құрылған. Оны КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң басшысы Ю.В.Андропов басқарған.
Автономияның орталығы ретiнде таңдап алынған Ақмола облысы Ерейментау қаласына ҚазССР Компартиясының екiншi хатшысы А.Коркин бастаған делегация келiп: «Мына жерге немiс автономиясы орнайды, оған басшы болып Краснознамен ауданының бiрiншi хатшысы Андрей Браун сайланады» деп мәлiмдеме жасайды. Осыдан кейiн барып қарсы толқу 1979 жылдың 13 мамырында басталды.
Өз басым – осы оқиғаны көзiмен көрген куәгерлердiң бiрiмiн. Қаладағы Целинглавснаб аймақтық басқармасының есептеу техникалық енгiздiру бөлiмiнде аға инженер болып қызмет атқаратынмын. Бұл мекеме солтүстiк 6 облысты қанымдайтын үлкен құрылым едi. Тек Есептеу орталығының өзiнде 100-ден астам жоғары бiлiмдi жас инженер қазақ кадрлары жұмыс iстедiк. Көбi математика мен электрониканы толық игерген, бiлiмдi қыз-жiгiттер едi.
Содан маусымның 14-i күнi С.Сейфуллин атындағы Целиноград пединститутының физика факультетiнде оқитын Бархыт Нәкенова дейтiн студент қыз қасында екi досы бар бiздiң үйге келдi. Олар: «Бiзге көмектесетiн жоғары бiлiмдi, ұлттың тағдырына жаны ашитын, ақылды интеллигенция керек. Қазақстан жерiне «Немiс автономиясын құру туралы» заңсыз шешiм шығып жатыр, бiз оны мүлде болдырмауға атсалысуымыз керек», – дедi. Онымен қоса ұстаздары ұлтжанды азамат Баянбай Хұсайыновтың сәлемiн жеткiздi. Қолдарында екi тiлде жазылған листовкалар бар екен. Осыларды тезiрек көбейтiп, тарату керек екенiн айтты.
Мен олардың айтқандарын саралап, листовкаларды мұқият оқып шыққан соң, қашанғы әдетiм бойынша әкеммен ақылдасып алуды жөн көрдiм. Шұғыл түрде қаладан 18 шақырым жердегi туған үйiме бет алдым. Студенттер шығарып салды. Әкем: «Бағыттарың дұрыс, сендердi қолдаймын», – дедi. Кетерiмде, қара шаңырақ иесi Мұқат ағама: «Қарындасыңды Кировқа дейiн шығарып сал, жұмыстарын жүргiзсiн... қазақтың жерiн талапайға түсiрiп жүрген кiмдер... жол бермеу керек!» – дегендi қайталап айтты.
Үйге келген соң листовкаларды көшiрiп, көбейтiп алып, бiрнешеуiн жұмысқа алып бардым. Тiкелей бастығым Болат Ғаниұлы Әжiбаевқа мән-жайды түсiндiрдiм. Ол кiсi құптаған сыңай танытып: «Байқа, сенi күзде Алматыға Нархоздың арнаулы экономикалық жоспарлау мен перспективалық болжам факультетiне бiр жылдық оқуға жiбергелi отырғанымызды ұмытпа, үлкен басшылар бiлiп қойса, саған қиын болып жүрер, сақ бол!» – деп ескерттi.
Осылай iске кiрiстiк. Басшымызға болып жатқан оқиғаларды, не iстеп жүргенiмiздi хабарлап отырдық. Жұртты алаңға шығуға шақырған листовкаларды қазақтар тығыз қоныстанған жерлерге таратып, өзiмiз жақсы бiлетiн адамдардың қалалық телефон анықтамалықтарындағы әдiрестерi бойынша есiктерiне жапсырып, кейбiреулерiн почта жәшiктерiне салдық.
Әрi қазақ және орыс тiлдерiнде «Қазақстан – бiртұтас байтақ ел», «Қазақстан бөлiнбейдi», «Қазақ жерiнде немiс автономиялық облысы болмасын», «Советский народ в Казахстане будет жить без внутренних границ» т.б. транспоранттар мен лозунгiлер дайындадық.
Содан 16 маусым күнi қаланың Ленин атындағы алаңына 2,5 мыңдай халық жиналып, қарсылық митингiсiн өткiздi. Облыс, қала басшылары мұндай оқиға болады деп күтпеген болуы керек. Көзi оттай жанған жас жiгiт жалындатып сөйледi. Алаңға облыстың екiншi хатшысы Зейнолла Шайдаров келiп, жиналған көпшiлiкке басу айтты. Ол кiсiнiң сөзiне қанағаттанбаған шерушiлер бүкiл халықтық шеру болатынын мәлiмдедi.
Шеруге қатысушылар 19 маусым күнi қайта алаңға шықты. Бұл жолы 6 мыңға жуық халық қатысты. Оның құрамында барлық топтың адамдары болды. Көбi — студент жастар, еңбек ардагерлерi, жұмысшылар, интеллигенция өкiлдерi. Көршi Ерейментау, Сiлетi, Целиноград, Атбасар, Қорғалжын аудандары мен Павлодар, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан ұйымдасқан түрде адамдар келдi. Олардың iшiнде басқа ұлт өкiлдерi: орыс, украин, татар, немiстердiң өздерi де көп болды.
Павлодар облысы мен Ерейментаудан келген шерушiлер Қазақстан тарихының 5 томдығы мен Абайдың кiтабын кеуделерiне басып жүрдi. Мұхан Шаменов деген ақмолалық қарт қолына Қазақ ССР-нiң Конституциясын ұстап тұрып, алаңның ортасындағы Ленин ескерткiшiнiң алдына келiп: «Мен 40 жылдан берi КПСС-тiң мүшесiмiн, бұл тасқа басылған заң бұзылмасын, ұлы көсем», – деп басын иiп жатты.

Шеруге шыққан нөпiр халық облыстық бюро мүшелерiмен қоса обкомының бiрiншi хатшысы Н.Е.Морозовтың өзiн шығартып, жоғарыдағы талаптарын қайталады. Обкомның бiрiншi хатшысы АҚШ-КСРО арасында стратегиялық шартқа қол қойылғаны туралы қайта-қайта айта бердi. Халық шешiмнiң күшiн жоюуын талап етiп, тұрып алды.
Осындай арпалысқан күндерi ұлты немiс таныс азаматтар Екатерина Поповичева, Эмма апай, әке-шешемнiң досы Альберт Кинас, өзiмнiң туған ағамдай болған азамат Кондрат Вагнер және Киров ауылдық егiс бригадасының механизаторы Иван Нахтигал, Краснознамен ауданының бiрiншi хатшысы Андрей Браунның келiнi Лена Браун, ұлты кәрiс Лилия Син, латыш Зинаида Деревянколар бұл шешiмге қарсылық көрсетiп, кейбiрi өздерiмен қоса туғандарын, қызметкер-жұмысшыларын алаңға алып шықты.
Сол күндерi Кондрат Вагнер аға: «Бiздер бұл шешiмге қарсымыз, 1941 жылдары қиындықпен жер ауып келгенде қазақтар бауырына басты. Қазаққа қиянат жасауды құдай кешiрмейдi. Қазақстаннан шаңырақ сұрауға хақымыз жоқ. Егерде ұлы орыс халқы шынымен немiстерге автономия бергiсi келсе, олардың тарихи отаны Поволжьеден берсiн!» – дедi. Осы азамат 10 жыл бұрын атажұрты – Германияға қоныс аударып кеттi. Кетерiнде төрiнде тұрған әсем фортепианосын менiң отбасыма сыйлады.
Отыз жыл бұрынғы Ақмола оқиғасының еш ушықпай, қазақ халқының пайдасына шешiлгенi – немiстермен қатар басқа халықтардың да халқымызға дем бергенiнiң арқасы. Бiр жылдан кейiн, 1980 жылы Ақмола қаласының 150 жылдығы аталып өтiлдi. Осы сәттi пайдаланып, өз басым, барлық жерлестерiме, соның iшiнде құрдасым Наталья Геллертке бiр жыл бұрынғы оқиға кезiнде қолдағандары үшiн мiнберге шығып, рахмет айттым.
Ақыры, бүкiл халықтық наразылықтың нәтижесiнде КОКП ОК бюросы өз шешiмiн өзгертуiне тура келдi. Осылай Акмола облысында «Немiс автономиясын құру» жөнiндегi шешiм iске аспай қалды.

 


Майра КЕРЕЙБАЕВА, өлкетанушы
«Астана ақшамы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371