Неге Трамп тағы жеңеді?
Америкалықтардың қазір талқылап жатқан басты тақырыбы – президент сайлауы. Оған 31 күн қалды. Байден халық арасында танымал болғанымен, Трамп жеңеді.
Мұндай вердиктке жетелеген аргументтер мен анализді төменде жазып көрейін.
Федералды деңгейдегі YouGov саяси сауалнамасының соңғы есебіне орай, америкалықтардың 50 пайызы Байденді қолдаса, 42 пайызы Трампқа дауыс берген. Қоғамдық пікірді анықтаушы Rasmussen Reports есебінше, Трамп 43 пайыз, Байден 51 пайыз қолдау жинап отыр.
Байден орта есеппен 8 пайызға алда келсе де, оның жеңілетіні айқын көріне бастады. Нақты себептерге тоқталып өтейік.
Байден – центрист.
АҚШ саяси алаңындағы негізгі күш екі партияда шоғырланған. Демократиялық партия, яғни солшылдар қоғамдық және экономикалық теңдікті, мультимәдениетті, діни секюляризмді, аз ұлт өкілдері құқықтарын (жергілікті америкалықтар, қара нәсілділер, латын америкалықтар, азиялықтар т.б.) қорғауды, гендерлік теңсіздікті (LGBTQ+) жою сынды либералды идеялар мен қоршаған ортаны қорғауды қолдаса, республикалық партия, яғни оңшылдар дәстүрлі ойлауды, отбасы құндылықтары мен діні басым қоғамды, аз салық пен еркін нарықтың экономиканы реттегенін қолдайды. Мысалы, демократтар табысы көп азаматтарға салықтың көбейгенін жақтаса, республикалықтар салық барлығына бірдей болғанын қалайды. Демократтар жаһандану үшін сыртқы саясатқа, әскери күшке көп қаржы жұмсаса, республикалықтар ішкі мәселелерді шешуге қаржыны локализацияға бағыттайды. Біріншісі абортты заңдастырса (pro-choice - D), екіншісі абортты қылмысқа теңейді (pro-life - R); бірі қару иемденуді (gun control) қылмыстың тамыры деп білсе, тағы бірі қаруды жеке қауіпсіздік үшін қолдайды.
Осындай үлкен идеологиялық сепарация америкалық қоғамды екіге бөліп отыр. Байден солшылдар партиясы атынан шыққаны үшін, либералды құндылықтарды алға тартуы тиіс. Бірақ ол президенттік кампания бастағалы бері центрист демократ ретінде көзге түсті. Ал партия атынан номинация ұтып алған соң, солшылдардың қолдауын жоғалтып алмау үшін тегін медицина (free health care), тегін оқу (tuition free), ауқатты америкалықтарға салықты көбейту сынды солшыл идеяларды бағдарламасына қосты. Тіпті азиялық және африкалық текті америкалық Камала Харристі өзінің вице-президенті ретінде бекітті. Бірақ тек солшылдарды емес, оңшыл консерваторларды да өзіне қарату үшін Defund Police сынды әрекеттерді қолдамайтынын айтып, әлі де центрист екенін білдіріп отыр. Байденнің мұндай позициясы консерваторлардың оған дауыс беруіне гарант болмайды. Керісінше, прогрессивті (біразы анархистер сынды радикалды солшылдар) солшылдардың дауысынан айырады.
Popular vote vs. college electorate
2016 жылы АҚШ президенті сайлауында Трамп Хиллари Клинтонға қарағанда 3 миллионға аз дауыс жинады. Бірақ президент атанып отыр. Дәл осы жағдай АҚШ-тағы президент сайлау жүйесінің өзге елдерден өзгеше екенін дәйектейді.
АҚШ Конституциясында бекітілген сайлау жүйесі electoral college деп аталады. Бұл халқы аз штаттардың дауысы естілмей қалмауы үшін құрылған жүйе. Конституцияда жазылғандай әр штат өз территориясында өмір сүретін халық санына орай Федералды Конгреске баратын өкілдер санын анықтайды. Мысалы, Аляскадан 3 өкіл шықса, Калифорния штатынан 55 өкіл бекітіледі. Жалпы барлық штаттардың және Колумбия округі өкілдерінің саны 538-ді құрайды. Бұл Конгрестегі өкілдері палатасындағы (House of Representatives) 435 пен Сенаттағы 100 заң шығарушы және Колумбия округіндегі Вашингтон қаласы атынан шығатын 3 өкілдің қосындысынан тұрады.
Демек президенттікке үміткер сайлауда жеңу үшін минимум 270 өкіл дауысын, яғни барлық дауыстың тең жартысынан көбін жинауы тиіс. Америкалық сайлау жүйесінің тағы бір артықшылығы үміткерлердің штат деңгейіндегі дауыс жинау жүйесінде жатыр. Мысалы, Флорида штатының өкіл саны 29. Егер демократ кем дегенде 15 өкіл санын иемдене алса, штат атындағы барлық 29 дауысты өз еншісіне жазады. Осылай әр штатта екі үміткер дауысты иемдену үшін таласады. Мысалы, Калифорния және Нью-Йорк сынды өкіл саны көп штаттарда демократтар үнемі жеңсе, Техас, Флорида және оңтүстіктегі және орталық батыстағы штаттарда республикалықтар жеңіп келген. Бірақ Мичиган, Пенсильвания, Огайо, Висконсин сынды штаттардың таңдауы жиі өзгеріп тұрады. Сондықтан Байден де, Трамп та осы құбылмалы штаттарда жиі президденттік раллилерін ұйымдастырып жатыр.
Ультра-солшылдар Байденді қолдамайды, бірақ ультра-оңшылдар Трампты қолдайды. Сол жақ фронттағы прогрессивтер (ультра-солшылдар) Байденді қолдамауы оның сайлауда жеңілуіне тағы бір негіз болуы мүмкін. Байденнің республикалықтарды өзіне қарату үшін жасалып жатқан центристік әрекеттері ультра-солшылдарды аластатады.
Популизм эффекті және “қажетсіз” Дебат
Өткендегі президенттік дебатты көрген боларсыздар. Дебаттан кейін жарияланған түрлі poll нәтижелері Байденді жеңгенін айғақтағанымен, Трамптың популистік эффекті басымдырақ көрінді.
Мысалы, Трамп кез келген ақпаратты өз басына тиімді етіп айтуға тырысады. Оның рас не өтірік екені маңызды емес. Мысалы, дебат барысында ол BIG TEN америкалық футбол жарысына, Портленд қаласының шерифі өзін қолдайтынына, хроникалық ауруы. Бар америкалықтар санына, өзі ашқан өндірістегі жұмыс санына, пошта арқылы дауыс беруге, фармацевтикалық дәрумендер бағасына және тағы басқа мәселелерге қатысты өтірік айтты. Бірақ бұл өтіріктердің барлығы өз абыройын көтеруге бағытталғандықтан, оның осындай популистік жүрісі дауыс берушілер арасында триумфалды эффект қалдырып отыр. Консервативті басылымдар Трамп тарапынан айтылған өтіріктерге емес, Байденнің кейбір сұрақтарда қысылып қалғанын жарыса көрсетті. Ал либералды басылымдар Трамп өтіріктерін санаумен болды. Бірақ, ең өкініштісі, Трамптқа қатысты фактчекинг оның популизмін жеңе алмайды.
Бұл дебатта қандай мәселелердің көтерілгені емес, олардың қалай талқыланғаны маңыздырақ екені айқын көрінді. Дебаттан бізге орта америкалық дауыс берушінің образының қандай екенін көруге болады және ол образ деңгейінің төмендеп жатқаны байқалады. Бір сөзбен айтқанда, орта деңгейлі америкалық эмоциялық толықтыруды қалайды. Оған статистика, рационалды ой, дерекке сүйенген аргументтер, айтылатын ойлардың дәлел мен фактіге сүйенуі маңызды емес.
Солшылдар үшін саяси корректті болу өте маңызды. Олардан шыққан үміткер әрбір индивидумның таңдауы мен шешімін кемсітпеу үшін саяси корректті болуы керек. Бірақ Байден де дебат барысында эмоцияға беріліп, Трампты “Путиннің күшігі” деп мазақтап, “мына клоун қашан дауысын өшіреді?” деді. Бұл саясатта 47 жыл жүрген демократ үшін жіберілмеуі тиіс қателік. Басқаша айтқанда, Байден Трампты жеңу үшін Трамптың деңгейіне түсіп, “айыптау стилін” қайталап отыр. Орташа америкалық дауыс берушіге де сол айыптаулар флешмобы керек. Дебат барысында кімнің дауысы жиірек, жуанырақ және қаталдау шықса, сол әлеуметтік желілерде трендке айналады. Оны білген Трамп Байденге бір сөйлемін дұрыс бітіруге мүмкіндік бермеді. Үнемі сөзін бөліп отырды.
Жалпылап айтқанда, өтірік айту өткен дебаттың негізгі элеметтерінің біріне айналды. Егер екі үміткер де нақты деректерге сүйенбей, бір-бірін айыптап, өтірік айта берсе, онда дебатта кімнің жеңгені қандай критерийлер бойынша анықталады? Бұл риторикалық сұрақ!
Қоғамдағы идеологиялардың қақтығысы мен оның салдары жайлы көбірек білгіңіз келсе, Дуглас Мюррей есімді ағылшын консерватор жазушысының “Көптің есалаңдығы” (The Madness of Crowds) дейтін кітабын оқуға кеңес беремін.
Жолдас Өрісбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz