Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3290 0 пікір 9 Қаңтар, 2012 сағат 04:53

Интернет-конференция: Дос Көшім (Басы)

2012 жылдың алғашқы саяси оқиғасы - Мәжіліс сайлауына қатысты республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім мырзаны интернет-конференциямыздың қонағы ретінде шақырған болатынбыз. Дос мырза Abai.kz  ақпараттық порталының оқырмандары тарапынан келіп түсіп жатқан сауалдарға жауап бере отырып, сайлауалды науқанының сүреңсіз сипат алып, халықтың саяси белсенділігі төмендеп, дауыс беруге құлықсыздық танытып тұрғанын айтады.
«Абай-ақпарат»

- Құрметті Дос Көшім аға, осы Парламент сайлауы қарсаңында "Руханият" партиясына дауыс бермекші едім. Дәлірек айтсам, әрине, Мұхтар Шаханов ағамызға. Бірақ, қулығына құрық бойламайтын билік түрлі сылтаумен  партияны сайлау додасынан алып тастады. Енді сайлауға қатысатын өтірік партиялардың ешқайсысына дауыс бергім келмейді. Сізге қояр сұрағым: халықаралық бақылаушы ретінде көріп жүрсіз ғой, сайлауға барып, бюллетеньді бүлдіріп тастаған дұрыс па, әлде мүлде сайлауға бармаған жөн бе? Сайлауға бармасам, дауысымды автоматты түрде "Нұр Отан" ұрлап ала ма? Жауабыңызға алдын ала рахмет.
Жанар.

2012 жылдың алғашқы саяси оқиғасы - Мәжіліс сайлауына қатысты республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім мырзаны интернет-конференциямыздың қонағы ретінде шақырған болатынбыз. Дос мырза Abai.kz  ақпараттық порталының оқырмандары тарапынан келіп түсіп жатқан сауалдарға жауап бере отырып, сайлауалды науқанының сүреңсіз сипат алып, халықтың саяси белсенділігі төмендеп, дауыс беруге құлықсыздық танытып тұрғанын айтады.
«Абай-ақпарат»

- Құрметті Дос Көшім аға, осы Парламент сайлауы қарсаңында "Руханият" партиясына дауыс бермекші едім. Дәлірек айтсам, әрине, Мұхтар Шаханов ағамызға. Бірақ, қулығына құрық бойламайтын билік түрлі сылтаумен  партияны сайлау додасынан алып тастады. Енді сайлауға қатысатын өтірік партиялардың ешқайсысына дауыс бергім келмейді. Сізге қояр сұрағым: халықаралық бақылаушы ретінде көріп жүрсіз ғой, сайлауға барып, бюллетеньді бүлдіріп тастаған дұрыс па, әлде мүлде сайлауға бармаған жөн бе? Сайлауға бармасам, дауысымды автоматты түрде "Нұр Отан" ұрлап ала ма? Жауабыңызға алдын ала рахмет.
Жанар.

- Қоғам бір орнында тұрмайды. Сондықтан әрбір азаматтың сайлауға қатысып, таңдау жасап, дауыс беруді дағдыға айналдырғаны дұрыс деп білемін. Егер Сіз дауыс бермеуге бармай (көңіліңізге жаққан партия жоқ болғандықтан),  бірақ  даусыңызды басқа адамға, басқа партияға пайдалануы мүмкін деп ойласаңыз (ондайды жаққа шығармаймын) бюллетеньдегі бірнеше партияға белгі қойып, оны жарамсыз етуге болады.
- Кейбір партиа өкілдері сайлаудың әділ өтетініне күмәнмен қарайды,тіпті наразылық та білдіріп үлгірді. Сіздің ойыңызша, Орталық сайлау комиссиясы қай деңгейде жұмыс жасап отыр?
Үміткер

- Орталық сайлау комиссиясы біздің Парламент қабылдаған «ҚР Сайлау туралы» заңының деңгейінде жұмыс жасап отыр. Сайлаудың әділ өтетініне күмәнмен қарайтындар Заңды дұрыстауға күш салулары керек сияқты. Ал Заңды дұрыстау үшін - Парламентке бару шарт...
- Досеке, кейбір сайлау учаскелерінің (мысалы Алматы қаласындағы №245) сайлауға шақыру қағаздарын тек орысша толтырып, қазақшасына пысқырып та қарамай отыруын қалай түсіндіре аласыз? Мемлекеттік тілді менсінбей отырған сайлау учаскесіндегі азаматтар мен азаматшаларға қандай шара қолдану керек деп ойлайсыз?
- Әрине, «сайлау учаскесін талқандап, учаске орналасқан ғимаратты өртеу керек» деген ақыл бергім келіп, аузым қышып отырған жоқ. Бірақ, әзірше, жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссиясына шағым түсіріп, не телефонмен хабарлассаңыз да жетіп жатыр деп ойлаймын. Өкінішке орай, елімізде мемлекеттік тілді пайдаланудан бас тартқан мекемелер мен азаматтарға қолданатын ешқандай да жаза қарастырылмаған.
- Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы N20 Бәйдібек сайлау округінде дәрігерлер мен мұғалімдерді сайлауалды жұмысына еркісіз мәжбүрлеп көндірудің түрлі айла-шарғысы жасалып жатыр. Аталған округте ғана емес, дәрігерлер мен мектеп мұғалімдерін саяси науқандарға күштеп, зорлап жұмсауды билік әдетке айналдырып алған. Қит етсе оларды "қызметтен кетіреміз", "айлық жалақыларыңды қысқартамыз" деп қорқытады. Дәрігер мен мұғалім бүгінгі қоғамның "арқалағаны - алтын, жегені - жантақ" көк есегіне айналды. Осы келеңсіздікті қалай тоқтатуға болады? Сайлау науқандары барысында мұғалімдер мен дәрігерлер "саяси тапсырыстардан" қайтсе бас тарта алады?
- «Еркінен тыс» мәжбірлеуге көну - құлдыққа түсу деген сөз. Егер мемлекет қорғамаса, әр адам өзінің еркі мен бостандығын өздері қорғаулары керек. Атқарушы билік сайлау кезіндегі барлық әділетсіздіктерді Сіздердің қолдарыңызбен жасайды. Бұл - бәрімізге белгілі шындық. Балаларымызды шыншыл, әділетшіл болуға тәрбиелейтін ұстаздардың (директорлардың) басым көпшілігін дауыс беретін күні танымай қаламыз... Әрине, мемлекеттік деңгейде жүргізілетін бұл әділетсіздікке жеке қарсы тұру - кез келген адамның қолынан келе бермейді. Меніңше, «көк есекке» айналмаудың жолы- келеңсіздікке қарсы біріге қарсы шығу. 

- Дос аға, өткен 90- жылдардың басында қазақ ұлтшылдары мықты еді. Сіз, Қасен Қожахмет, Жасарал Қуанышәлі, Сәбетқазы Ақатай және Батырхан Дәрімбет. т.т. Жұмылсаңыздар жұдырық едіңіздер. Кейін бөлініп кеттіңіздер. "Билік араларыңызға іріткі салды!" дейді білетіндер. Бірақ,сол билік сіздердің бірде біреуіңізді жарылқап, өмірлеріңізді жеңіл қыла қойған жоқ. Сұрақ: Тәуелсіз қазақ мемлекетін құрудың сын сағаты, ілуде бір ғана келетін орайы тұрғанда, соны біліп тұрып неге бөлініп, жарылдыңыздар? Тіпті жауласып кеткендейсіздер. Бұларыңыз не? Тағы бір сұрақ: 20 жыл бойы "қазақ мемлекетін құрудамыз!" деп келе жатқан саяси элитаға көзқарасыңыз қалай? Олар ұлттың, ұлттық мемлекеттің емес, өздерінің қара бастарының қамын ойлап кеткен жоқ па? Қазіргі саяси элитаның екіжүзділігі қазіргі заманға сай қазақ мемлекетінің  қалыптасуына қаншалықты әсерін тигізеді деп ойлайсыз?
Асау.

- Асеке, бұл, біріншіден, сайлауға қатысы жоқ сұрақ, екіншіден, өте күрделі, бір ауыз сөзбен қайыруға келмейтін мәселе. Дегенмен қысқаша жауап беріп көрейін. Өз басым, сіз айтқан адамдардың ешқайсымен жауласуды былай қойғанда, жүз шайысқан жоқпын.  Жасарал досыма ғана бір жағдайда жауап беруге тура келгені бар. Ал Хасен екеуміз бір ұйымда жұмыс істеп келеміз. Саяси элита да, өкінішке орай, мәдени, әдеби элита да ұлттың болашағынан гөрі өздерінің қарақан басы мен балаларының болашағын ойлап кеткенін бәріміз көріп отырмыз. Олардың біле отырып, әдейі, не білмей, пендешілікпен істеген іс-әрекеттері қазақ жеріндегі әділетті қоғамның орнауына да, ұлттық мәселенің шешілуіне де тұсау болып отыр деп ойлаймын
- Зікіршілер туралы ойыңыз қандай? "Сопылар ісі" бойынша сотталғандар туралы көзқарасыңыз қандай? Қазақстанда салафизм,вахаббизм сияқты дін өкілдері сайран салып жүргенде Исматулла мақсұм мен оның шәкірттерін соттап жіберуі ақылыңызға сыя ма? Кезінде сізді "Қазақстан" ұлттық телеарнасындағы "Күлтөбеден" жиі көрдік. Ондағы сопылық ағым өкілдерімен қатынасыз қалай болды? Бірде 31 арнадағы "Дода" бағдарламасында зікіршілердің арасындағы Еркін, Ерұлан сияқты жігіттерді жақсы танитыныңызды да айтып едіңіз? Олар қандай жігіттер еді? Олардың бұл жолға түсіп кетуін қалай түсіндіресіз?
Ғалымжан

- Тағы да сайлауға қатысы жоқ сұрақ... Егер «Abai.kz» порталы мүмкіндік берсе, бұл сұрақтарды сайлаудан соң  кеңірек талқылауға дайынмын.
- Қарап отырсақ, саяси партиялар сайлауалды жарнамаларын орыстіліді газеттерге көп берген сияқты. Сөйтіп олар кезекті рет орыстілді басылымдарды байытып тастады. Бұл -  заң бұзушылық емес пе? Бұл -  сайлауалды науқанында электоратты "орыстілді", "қазақтілді" деп алалау емес пе? Әлде, қазақ баспасөзінің саяси науқандарда еш қауқары жоқ па?
Батырғали

- Қазақ жерінде орыс тілді БАҚ-тың санының да, шығарылымының да көп екендігін бәріміз білеміз. Сондықтан сайлауалды бағдарламаларының орыс тілді газеттерде көп болуы заңды жағдай. Меніңше, қазақ тілді аудиторияға арналған бір ауыз сөзі жоқ кандитаттардың тек қана орыс тілді электоратқа жұмыс істеуі - жеке басының таңдауы. Бізде онсыз да «екі тілдік орта» қалыптасқан. Біздің көретін киномыз да басқа, оқитын газеттеріміз де бөлек, мақсат-мүддеміз де екі түрлі. Сондықтан сайлау кезіндегі таңдауымыз да осы жолдан шықпайды. Әрине, қазақ елінің барлық азаматтары үшін бұл - аса қауіпті жағдай!
- Өзін-өзі таратқан Мәжіліс депутаттарының қайтадан үміткер ретінде төрт көзі түгел тіркелуін қалай бағалайсыз?
- Біріншіден, сөз жоқ, бұл - өте ыңғайсыз және ақылға симайтын жағдай. Бірақ, екіншіден, олар тізімге өздері кірген жоқ қой, олардың келесі шақырылымға депутат болу-болмауын жоғарыдағы көкелердің шешетіні де белгілі.

- Рахат Әлиев бір сөзінде: "Билікке халықтың дауысы керек емес, себебі ол сайлауға екінші таза бюллетень қосады. Сол арқылы қажетті дауысты жасайды,"- деген болатын. Сайлауды бақылаушы ретінде Р.Әлиевтің сөзіне сенесіз бе? Жалпы, осындай әрекеттер практика жүзінде болуы мүмкін бе? Мүмкін болса, дауыс беру процессінің қорытындысын ашық түрде жүргізуге қандай іс-шаралар қажет? Халық өз дауысының діттеген жеріне жеткен-жетпегендігін қалай бақылай алады?
- Біздің кейбір «танымал адамдар» биліктен кеткеннен соң ғана әділетті іздеп, өздерінің ойларын қорықпай айта алады... Әлі есімде, 2003 жылы болуы керек, Венада, ОБСЕ-нің орталық ғимаратында Қазақстанның электронды дауыс беру жүйесі жөніндегі мәселе талқыланды. Біздің Орталық сайлау комиссиясынан барған Фоос мырза бұл жүйенің әлемде теңдесі жоқ, сайлаудың мөлдірлігін қамтамасыз ететін технология екендігін дәлелдеді, ал мен оны алдау мен көзбояушылықтың нақты құралы екендігін дәлелдеуге тырыстым. Сол жерде Рахат Әлиев те отырды. Сайлау туралы жоғарыдағы сөздерді сол уақытта айтқанда мәнді болар ма еді.
Әрине, сайлауды өткізуші жақ, көптеген қулық сұмдықтарды ойлап табады және сол арқылы өздеріне қажетті дауысты қамтамасыз етеді.  Оның ішінде бюллетень жасау да бар. 2004 жылы біздің бақылаушылар Түркістанда әр бюллетеньді 100 теңгеден сатып жүрген адамадар туралы хабарлағаны есімде. (Сайлау бюллетендерінде 7 түрлі көзге көрінбейтін қорғаныш белгісі болады). Сөз жоқ, сайлаудың барлық процесін қалт жібермей бақылау - заңсыздықтардың 90 пайызына тосқауыл қояды. Бірақ әңгіме онда да емес. Қолыңда сайлау комиссиясы берген хаттама (сайлау комиссиясының мөрі мен участке төрағасының қолы бар) болса да ертең дауыс беру нәтижесі мүлдем басқа болуы мүмкін. Ең бастысы - сіздің дәлеліңізді ешқандай сот қарап, әділ шешім шығармайды және сол заңсыздықтарды жіберген адамдардың бір де біреуі темір тордың ар жағына отырмайды. Билік пен сот - әрқашан бірге!
- "Руханият" партиясының "қайта жанданып", сайлауға түсуі, биліктің сайлау алдындағы ойыны болғандығына Сіздің көзіңіз жеткен шығар. М. Шахановтың қозғалысын тіркемей қойып, оны партияға алдап түсіріп, ақынның саяси қызметіне дақ салғаны сөзсіз. Билік неге "Руханиятқа" қадалып қалды? Сіздің пікіріңіз?
- Сіздің ойыңызға толық қосыла алмаймын. Серікжан Мәмбеталин үміткер ретінде Мұқаңнан кейінгі екінші нөмірлі болып түсуге мені де шақырды. Маған сол  жерде «барлық ұлтшыл азаматтарды бір тудың астына  жинап, кейін партияны сайлау додасынан алып тастайды» деген ой келген жоқ. Керісінше, барлық ұлтшылдар жиналған партияға 1-2 пайыз дауыс беріп, сол арқылы «халықтың ұлттық ұрандарға берген бағасы осы, көпшілікі сіздерді қолдамайды» деп масқарамызды шығарады ма деп ойладым. Сондықтан, сол зымыияндыққа жеткізбей «Руханиятты» тізімнен алып тастағаны Мұқаң үшін дұрыс та  болған шығар деп ойлаймын. Бұл сияқты сасық қулықтар ұлтшылдардың беделін түсіреді дегенге тағы да сенбеймін!
- Руханият партиясын сайлау додасынан неге алып тастады? Тек М.Шахановтан сескенгендіктен емес шығар?
- Менің естуімше, Серікжанның ОСК-да берген жауаптарына қарағанда партияның кандидаттарды бекіту жиынында кемшіліктер болғанға ұқсайды. Меніңше, ондай кемшіліктерді қазбалай берсе, кез келген партиядан табылатын болар. Әңгіме сол, кемшіліктерді кімнің және қалай пайдалануында. Жалпы алғанда, былтырғы Президент сайлауы «қазақ тілінің емтиханы арқылы көздерін жою» деген ұранмен жүрсе, биылғы сайлау «жиналыстардағы, декларациядағы кемшіліктерді пайдалану арқылы партиялар мен кандидаттарды құрту» деген ұранмен жүргізіліп жатқан сияқты.
- Ливия мен Египттегі ахуал бізде қайталанады дегенге сенесіз бе? Ливиядағы халықтың жағдайы бізден көп жақсы болатын, ал бізде болса, ішкі өнім қағаз жүзінде және олигархтардың қалтасында ай санап емес, сағат сайын өсіп келеді. Жанаөзендегі жағдай Жезқазғанда қайталану мүмкін бе?
- Қазақ жерінде бәрі де болады дегенге саямын. Мынау бізде болмайды деп айта алмайтын заманға жеттік. Қазақ қазаққа ешқашан оқ  атпайды деген сөзді жүз қайталаған мен едім... Жаңаөзендегі жағдай қазақтың кез келген аймағында қайталануы мүмкін. Оны қазақтар қайталағысы келеді деп ойламаймын, биліктің ақымақ, арандатушы іс-әрекеті халықты көшеге алып шығады. Әрине, бірінші толқын - Жаңаөзен қырғыны - сабасына түсер, бірақ екінші толқында тудырмайтын билікті көріп отырған жоқпын.
- Қай мектептің мұғалімі екенімді айтпай-ақ қояйын, айтсам қызметімнен, нан тауып, бала-шағамды асырап жүрген жерімнен қуыламын. Бізді, мектеп ұжымын, сайлау науқаны болса бітті малша айдап алаңға апарады, сайлау учаскелеріне жұмсайды. Істемегенді істеткізеді. Деместі дегізеді. Осындай заңсыздыққа тиым бола ма өзі? Ғылым және білім министрлігінің төріне келіп кетіп жатқан министрлер біздің осындай сорлы халімізге араша түскен емес. Прокуратура заңсыздық атаулының бәріне көзді тарс жұмып қойып қарап отыр. Заңсыздық пен мұғалімнің еңбегін қанау қайткенде тиялады?
Х.С.

- Осының алдында ғана Сіздің сұрағыңызға ұқсас сұраққа жауап берілді. Қосарым: сайлаушылардың тізімін тексеріп, үй-үйді кезіп жүру - сайлау комиссияларының да, мектеп мұғалімдерінің де міндеті емес. Заң бойынша, сайлаушылар тізіміне жергілікті әкімшілік жауапты. Ал олардың салдыр-салақ істеген жұмыстарын (кейде бес жылда тізім жаңартылмаған күйінде қалады) сайлау комиссияларының «дұрыстауы» - барып тұрған заңсыздық! Меніңше, бұның барлығы Кеңес өкіметі кезінен қалған - «сайлауға жүз пайыз қатысу керек» деген ұранның өміршеңдігі. Әриен, азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі - қоғам дамуының бір көрінісі. Бірақ халықты сайлауға зорлап алып шығу - демократияның белгісі емес
- Қазақстан электронды дауыс беру жүйесін неге алып тастады деп ойлайсыз?
- Оның үш түрлі себебі болуы мүмкін: 1. Қазір электронды дауыс беру жүйесін қолданбай-ақ көздеген мақсатқа жетуге болады деп шешті. 2. Электронды дауыс беру жүйесінің сайлаудың мөлдірлігі мен ашықтығын қамтамысз ете алмайтындығына биліктің көзі жетті. 3. Біздің, тәуелсіз бақылаушыардың, сол уақыттағы жүргізген бітіспес күресіміздің арқасы. Осының бірін таңдап алыңыз
- Осы сайлау барысында ел ішін араладыңыз ба? Елдің көңіл-күйі қалай екен? Сайлауға барып дауыс беруге дайын ба? Жергілікті жерлерде сайлау заңы бұзылып жатқан жоқ па екен?
Көркембала, Астанадан

- 2011 жылдың 22 желтоқсанынан 2012 жылдың 7 қаңтарына дейін 10 облыс орталығын аралап шықтым. Сайлаушылармен де, кадидаттармен де кездестім. Биылғы сайлау - «ең бір қызықсыз сайлау» сияқты. Партиялардың жарысын да, кандидаттардың «соғысын» да көріп отырған жоқпын. Қазақ елі сайлаудан жеріне бастаған сияқты. Меніңше, биліктің аңсаған арманы да сол! Халық «маған бәрі бір» деген сайын, қоғамның азуы да жеделдей түседі. Жергілікті жердегі менің көзіме түскен  ең басты мәселе- тіркеліп, сайлау науқанына миллиондаған ақшасын салып, үгіт насихат жұмысына кіріскен кандидаттарды «декларациядан қате жіберіпсің» деген сылтаумен кандидаттар тізімінен алып тастаудың көбейгендігі.    
- Жабық қала жағдайындағы Жаңаөзенде сайлау қалай өтеді? Халықаралық бақылаушылар Жаңаөзенге бара ала ма? Оған қандай кепілдік бар?
- Төтенше жағдай кезінде кездесулер, жиындар, т.б. тиым салындады. Демек, сайлауалды үгіт - насихат жұмыстары жүргізілмейді деген сөз. Ондай жағдайда  сол аумақтағы сайлау кейінге қалдырылады. Төтенше жағдай алынғаннан соң, екі айдан кейін сол аумақта сайлау өткізілуі мүмкін.
- Дос Көшім мырза, Сізбен тікелей әрі ашық сұхбат жасауға мүмкіндік беріп отырған Абай.кз порталына рахмет айтамын. Осы портал туралы қандай ойдасыз? «Абай.кз ресми ақпарат көздері мен ресми БАҚ-тың бәріне жауап ретінде балама ақпарат беретін жаңа медиаға айналды» деп жүрген тілекші қауымның пікірімен келісесіз бе? Сайлауды жаңа сапаға көтеріп, сөз бен ой азаттығын қалыптастыру үшін Абай.кз тағы да не істей алады деп ойлайсыз?
Бижомарт

Менің портал туралы ойым сізбен үндеседі. Жаңа сапаға көтерілу үшін не істей алады деген мәселені редакция ұжымының өздеріне қалдырғанымыз дұрыс сияқты.
- Сайлауға Қазақстан халқының қанша пайызы қатысқанын, қаншасы қатыспағанын ОСК қалай анықтайды? Осыны білгім келеді.
Нұратай

- ...Әрбір сайлау учаскесі дауыстарды санап болғаннан соң, аумақтық сайлау комиссиясына өздерінің хатттамаларын өткізеді. Ал олар сол аумақтық сайлау комиссиясына қарайтын барлық учаскелердің хаттамаларындағы мәліметтерді қосып, ОСК-ге жібереді. Хаттамаларда қанша сайлаушы қатысқаны, олардың қалай дауыс берегені туралы мәліметтер бар. Оны пайызға айналдыру көп қыйындық тудырмайды деп ойлаймын
- Досеке, мына мәтінге назар аударыңыз: «Бұрын біз Жаңаөзен қаласында сайлаудың 15 қаңтарда өтетінін мәлімдегенбіз. Өйткені Президенттің Жарлығымен төтенше жағдай 2012 жылдың 5 қаңтарына дейін енгізілген болатын. Бұл бізге сайлауды белгіленген мерзімде ұйымдастырып, өткізуге мүмкіндік беретін. Алайда, төтенше жағдайдың мерзімі ұзартылды. Осыған сай біз де жоғарыдағыдай шешім қабылдадық», - деді ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
«Біз Конституциялық Кеңеске төтенше жағдай кезінде сайлау заңнамасын қолданудың ерекшеліктері бойынша түсініктеме беру жөнінде хат жолдадық. Конституциялық Кеңес берген түсініктемелер негізінде ОСК Жаңаөзенде Парламент Мәжілісі депуттарының сайлауын өткізбеу және мәслихаттар депуттарының сайлауын басқа уақытта өткізу туралы шешім қабылдады» - деді ол.
Сонда Өзенде соғыс жағдайы ма, қалай ойлайсыз? Бұл дегеніңіз өзендік азаматтардың құқығын бұзу емес пе? 31 қаңтардан кейін сайлау өзендіктердің дауысын күтіп отыратын болғаны ма? Өкіметтің бұл қай сасқаны? Осы турасында ұғынық бере кетсеңіз деймін.

- Алдындағы осыған ұқсас бір сауалға жауабымды қайталауға тура келеді. Бұл жерде сайлауды кейінге қалдыру шешімін дұрыс деп білемін. Біздің заңымыз бойынша, Төтенше жағдайды Президент енгізе алады (ол үшін соғыс болуы міндетті емес). Бұл - азаматтардың құқығын бұзу болып та табылмайды. Себебі, олар төтенше жағдай тоқтатылған соң, өздерінің таңдауларын жасайды және ол таңдау жалпы сайлаудың нәтижесіне енгізіледі. Егер кандидатарға жиын өткізуге, кездесулер өткізуге тиым салынған болса (бұл - төтенше жағдай жарияланған уақытта  тиым салынатын мәселе), сайлаушылар кімнің кім екендігін қалай білмек, таңдауды қалай жасамақ...
- Ассаламуалейкум Дос аға, сіздің қазақтың жоғын жоқтап, күйін күйттеп жүрген ісіңізге Алла берекет берсін ! Сөзімді айта-айта таңдайым жауыр болған Абайдың сөзімен бастамақпын. «Бас басына би болған өңкей қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын» деп еді ғой Һаким...
Бүгінгі таңдағы қазақтың етегін жауып жүрген, қасқа мен жайсандарымыздың барлығы жік-жаппар болғанды қойып бір Тудың астына бірігуі керек !
Атап айтқанда Руханият, ЖСДП, «Нұр Отанның» әйтеуір "қазақша түшкіретін" қанатын, Амантай қажыға дейін т.б. кім болса да, арғы пиғылында ортақ ниеті бар, кеудесінде намыс оты сөнбеген азаматтардың тайлы таяғын қалтырмай басын құрап, бір мақсатқа жұмылдыра алатын тұлға керек сияқты маған.
Саясаттанушы маман ретінде, бұл "сандырағыма" қалай қарайсыз !?
Сондай бір Ұлттық партия керек пе деймін ! Ал сол партияның ішінде оңшылдар, солшылдар, радикалдар, Исламға жақын жамағат, Шахановшылдар дегендей қанаттары болсын-мыс, ең бастысы Қазақтың Ұлттық мүддесін қорғауда сөзіміз салмақты, сиқымыз қомақтырақ көрінер ме еді, қайтер еді!?

- Айтқаныңыздың бәрі дұрыс! Бұл сандырақ емес. Оны біздер де жақсы білеміз. (Бір ғана ескерту. Біздің заңымыз бойынша ұлттық белгіге қарай партия құруға болмайды) Біздер көппіз. Бізді қолдаушы қазақтар - 65 пайыз! Бірақ, өкінішке орай,  әлі де біріге алатын емеспіз. Оның себебін осы жолда жүргендер ғана түсінеді деп ойлаймын.
- Дос аға, Жаңаөзен оқиғасына байланысты баспасөз бен интернет беттерінде жарияланған жырларды оқыдыңыз ба? Оқысаңыз қандай баға бересіз? Меніңше солардың бәріне "Махамбет" атындағы сыйлықты беру керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Қасым.

- Бәрін оқыдым деп айта алмаймын. Бірақ бұл жырлардың жүректі жарып шыққаны анық!
- «Руханият» партиясын алып тастау арқылы билік қалайда тілі орысша, ділі американдық мемлекет құрып, қазақтарды ұлт ретінде жоюға кіріскен сияқты. Ондай жағдайда басқалардың өз жерлері, елдері бола тұра жер қазақтікі болмайды, барлығына ортақ болады. Солай емес пе?
Сәуле

- «Руханиятты» сайлау додасынан алып тастау арқылы қазақтың шаңырағы ортасына түседі деп ойламаймын.

Жаңаөзендегі сайлауға қатыспай қалатын 50 мың адамның құқығы түрмедегі сотталғандармен бірдей болуы, Сіздің жаныңызға батпай ма? Бұл халықты кемсіту емес пе?  
Алдыңғы сұрақтада осы мәселенің жауабы - менің пікірім - берілді деп ойлаймын.  Сайлауды кейінге қалдыру - сайлау құқығынан толық айрылу болып табылмайды.
- Сәлеметсіз бе, аға! 1. Сайлаудың әділетті өтетініне қарапайым халық сенбейді. Соның себебін сіз неден көресіз? 2. Мұхтар Шахановты шынымен де "халықтың қамын ойлап еңіреген ер" деп санайсыз ба? Рахмет.
- 1. Оны сайлаудың әділетсіз жүргізілуінен ғана көремін.
2. Иә, Мұхтар Шағановты халықтың қамын ойлап еңіреген ер деп санаймын. Бірақ «еңіреген ерлердің» басын қоса алатын, ақылды да айлалы, ұйымдастыру қабылеті бар кәнігі саясаткер болса ғой, шіркін!

- Ассалаумағалайкум! Сізді қазақтың көзі ашық зиялы азаматының бірі деп білемін.
Сіз неге сайлауға түсуден бас тарттыңыз?
Әр түрлі пікір айтылып жүрген "Ақ жол", "Әділет", "ЖСДП" партиялары туралы қандай ойдасыз?
Сіздіңше  біліктілігі мен қауқары тең жаңа парламенттің жасақталуы мүмкін бе? Ал мүмкін болса, партиялар мен билік және жұртшылық сайлауды қалай өткізуі керек деп ойлайсыз ?
Рухани мәселедегі тығырықтан шығудың жолы бар ма, болса қалай?
Қазақ қоғамы алда демократиялық , экономикалық және білім саласында қандай даму бағытымен жүруі керек деп ойлайсыз?
Рахмет !
Алаштың бір азаматы

- Сайлауға түспегенім туралы: 1. Қандай да бір билікте болуды (мейлі ол заңшығарушы билік болсын)көңілім хош көрмейді. Біреудің билігінде болуды да қаламаймын. 2. Қазіргі жүйеде Парламент депутаты ешнәрсені шеше алмайды деп ойлаймын. 3. Ұлтшыл азаматтар барлық партияда да бар. Сондықтан ұлттық бағыттағы ұйымдардың басшыларының бір партияға барғаны басқа партиядағы ұлтшыл азаматтардың көзқарастарына кері әсер етеді деген қаупім бар.
Әрине, әрбір партия туралы менің де өзіндік көзқарасым бар. Бірақ сайлаудың алдында оны жұрттың алдына жайып салу - саяси мәдениеттілікке жатпайды деп ойлаймын
Кез келген тығырықтан шығатын жол болады деп есептеймін.
-Досеке, менің түсінбейтінім, президенттің жанындағылар оны дәріптеп "елбасы" "көшбасшы" "бірінші президент күні" т.с.с. марапаттап жатыр бұл елдің, тіптен президенттің қадірін түсіріп жатқанын біле ме екен. Президентті дәріптегісі келсе, халықтың өмір сүру деңгейін елу елдің қатарына жеткізсін, ел экономикасын дамыған елдердің деңгейіне көтерсін сонда президенттің атағы қазақ елі ғана емес әлемдік деңгейде көтірілетінін білмей ме екен. Онда биліктегілердің Рим папасы сияқты соңғы демі біткенше, билікте жүре бергеніне көнер едім. Қазақ елінің болашағы қазақ халқының абыройын көтеруде жатыр емес пе, қазақ елі нақты тәуелсіздік алатынына сенесіз бе?
- Біріншіден, жеке басқа табынушылық туралы 2010 жылғы «Жас Алаштың» бір нөмірінде менің «Жеке басқа табынушылық» деген көлемді мақалам жарық көрді . Екіншіден, қазақ елінің нақты тәуелсіздік алатындығына сенбесем, қамшының сабындай қысқа өмірімнің 23 жылын осы жолға арнамас едім
- Жаңаөзендіктер жергілікті мәслихаттарға депутаттарын кейін де сайлай жатар, ондай принципті мәселе емес қой уақыт дегенің, ал, «парламентке 50 мың дауыс түк әсер етпейді» дегенді қалай түсінуге болады, осыған бас қатып кетті.
- Алдыңғы сұрақтарда бұған жауап берілді
- Тәуелсіздік мейрамы мен Сайлау таяғанда Жаңаөзендегі оқиғаның болуы заңды ма?Әлде кездей соқтық па? Сіз қалай ойлайсыз!
- Меніңше, бұл жағдайды Жаңаөзендегі атқарушы биліктің өздері не білмей, не арнайы ұйымдастырды. Оған жоғарыдан бұйрық берлді ме, ол жағын келешек көрсетеді. Алаңда тұрған ереуілшілерге 20 жылдық мейрамды тойлаушыларды енгізу - нағыз сұрқия арандатушылық! Осыны ұйымдастырған жандар «Ереуілшілдер Қазақстанның 20 жылдық тойына да қарсы шықты»  деп, оларды бүкіл халықтың алдында  жаманатты қылмақ болғанында сөз жоқ. Меніңше, бұл оқиғаның сайлауға ешқандай қатысы жоқ.
- Мен Мұхтар Шаханов үшін дауысымды "Руханият" партиясына бермек болып едім. Өкінішке орай,ОСК Жағанованың кесірінен «Руханиятты» сайлау додасынан алып тастады. Бұған бір топ жора-жолдастарымыз, тіпті ауыл-аймағымыз болып, өкініп отырмыз! Қояр сұрағым: Сіз Мұхтар ағамыздың ұстанымын қолдайсыз ба?
- Мен 1991 жылы «Азат» қозғалысының Сәбетқазы ағамыз жазған бағдарламасын дұрыстап, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп дайындадым, сол бағдарлама арқылы «Азат» тіркелді. Сіздің сұрағыңызға мынадай жауап беруге тура келеді: Мұхтар ағамыз біздің сол ұстанымызды қолдайды.
- Дос аға, биліктің «Жаңаөзендегі жағдайға оралмандар кінәлі» дегеніне келісесіз бе? «Оралман» - шет елден  тарихи отанына оралған қазақтардың азаматтық алғанға дейінгі уақытша мәртебесі екенін білмей сөйлегендердің  мемлекет  заңдарын құрметтейтіндігіне күмәнім бар. Сіз қалай ойлайсыз?
- Меніңше, билік «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кебін киді. Олар  осының бәріне Батыстағы оппозицияның ақшасынан бастап оралмандарға дейін кінәлі деген айдар тақты. Сол үшін Шөкеевті де, Кұлыбаевты да, Ертысбаевті де сотқа беруге болады деп ойлаймын. Ал қазір оларға қарғыс айтудан басқа қолымыздан ештеңе келмейді. Қазақтың Атажұртына қайтып орала бастауы - егемендігіміздің жалғыз жеңісі. Ең қорқыныштысы, адам құқығы бойынша әр азамат қай жерде өмір сүремін десе өзі біледі. Осы қағиданы белден баса отырып, Шөкеевтің  енді оралмандарды Жаңаөзенге қоныстандырмау  керек дегені не сасқаны!
- Сіздің қазақ тілінің қамын жеп жүрген ұлт жанашыры,саясаткер екеніңізді білеміз. Бірақ үнемі демократиялық жолмен жүргенді қалайсыз, яғни «асықпау керек», «тыныштық керек» дейсіз, т.б.с.с.
Парламентке депутат болсаңыз да, ештеңе қолыңыздан келмейтінін білесіз бе, мойындайсыз ба? Рахмет!

- Сізге де рахмет! Парламентке барудан (партиялардың тізіміне кіруден) бас тартқаным соны мойындағаным емес пе? Авторитарлық билік жүйесінде Парламент  депутаттарының қолынан ештеңе келмейтіні рас.
Иә, мен қазір (қазақ 65 пайыз болғанда) демократиялық жолмен жүруді қалаймын. Ал өз елімзде аз болғанда күрестің басқа жолдарын ұсындық, жүзеге асырдық. Атқа мініп, айқайлайсың ба, әлде аузыңды тұмшалап алаңға шығасың ба, бұлардың барлығы саяси тәсілдің түрі ғана. Ал, іс-әркеттердің соңғы нүктесі --   мақсат-мүддені жүзеге асыру
- Сайлауларға бақылаушы ретінде қатысыпсыз, шетелдерде сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне негіз болар қандай механизімдерді көрдіңіз?
Бір ғана мысал: Қырғыз елінде дауыстарды санау кезінде хаттаманың үлкен (2 метр де 1 метр) формасы қабырғаға ілінеді де қолына фломастер ұстаған сайлау комиссиясының бір мүшесі қасында тұрады. Комиссия төрағасы төбе болып жатқан бюллетендердің алғашқысын алып, қасына бақылаушының біреуін шақырады да, қандай кандидатқа (не партияға) белгі қойғанын көрсетеді. Ол партияның атын дауыстап тұрып бақылаушының өзі айитады. Ал екі құлаш хаттаманың қасында тұрған комиссия мүшесі сол кандидаттың қасына бір сызықша қояды. Жарты сағаттан соң, комиссия төрағсы екінші бір бақылаушыны шақырады. Қысқасы әр бюллетендегі белгіні бақылаушының өзі көріп, өзі хабарлайды. Ал кандидаттарға берліген дауыстардың санын плакаттан  барлығы көріп отырады. Дауыстарды санау аяқталған соң, плакаттың қасындағы комиссия мүшесі бақылаушылардың көзінше өзінің қойған сызықшаларын санайды да есебін жазып қояды. Әрине, кейде осындай  бір-бірлеп санау тәсілі көп уақытты алады, бірақ халықтың көз алдында өтеді.
- Біздегі сайлаушылар тізімін жасағанда төл құжаттағы нөмерімен қоса толық мәліметтер жазылады. Егер сайлаушы келмей қалғанда оның дауысы ұрлануы мүмкін бе?
- Мүмкін.
- Сайлауда бақылаушылар нақты қандай бақылау жасай алады? Мысалы сайлау бюллетеньдерінің саналуын оның нәтижелерін  қадағалай ала ма? Әлде бұл сайлау учаскесінің ішкі ісі ме?
- Бақылаушы дауыс берудің барлық процесін бақылай алады. Ал дауыстарды санау кезінде әр бюллетеньдегі қойылған белгіні көріп отыратын жерге орналасады. Заңнан үзінді: «Сайлау бюллетендерін санау кезінде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгілі бір мүшесі қатысушыларға (бақылаушыларға) сайлау бюллетенін көрсетеді және сайлаушының ерік білдіруін жариялайды»
- Бір адамның бір отбасындағы өзге адамдарға дауыс беруі заңды ма?
- Жоқ.
- Мұғалімдер мен дәрігерлердің сайлау ісіне тегін тартылуын қалай бағалайсыз?
- Ол - заңсыздық болып табылады.
- Кей партиялардың сайлау алды жарнамасы телеарналарда жоқ. Бағасы қымбап та, әлде ақша үнемдегені ме ? Партиялар арасында ашық теледода бола ма сіз ше?
- Теледоданы  Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Ал тележарнамаларға мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Бірақ өздерін насихаттаудан бас тартқан партияның үгіт материалын зорлап берді дегенді естіген жоқпын.
- "Ақ жолға" біраз жұрт оң не теріс баға береді, біразы күмәнмен қарайды. Сіздің "Ақ жолға" сенім білдіруіңіздің себебі неде?
- «Ақ жолға» сенім білдірсем, сол партияның тізіміне кіруге келісім берер едім. Алайда, «Ұлт тағдыры» қозғалысы бірнеше облыстарда ұлттық мәселе жөніндегі іс-әркеттерін осы уақытқа дейін жергілікті «ақжолдықтардың» қолдауымен жүзеге асырып келгенін мойындауымыз керек. Партиялардың ішінде ұлттық  мәселеге байланысты арнайы құжат қабылдаған да осы партия болғанын естен шығармайық.
- Дос мырза, Жаңаөзен қырғынына неге селт еткен жоқсыз? Бұрындары сөзіңіз дұрыс еді, іске келгенде бұғып қалған жоқсыз ба?
- Біріншіден, 16 желтоқсан күні кешке «Датқа» бірінші сұхбат берген мен болған шығармын. Мемлекеттік БАҚ-тың біреуі менімен сұхбаттасқан соң, басқалары жақындамайтын болды. Дегенмен шетелдік  бұқаралық ақпарат хабарларының басым көпшілігі менімен сұхбаттасып, менің осы оқиғаға көзқарасымды білді.

- Саясат сахнасында жүрген "қуыршақтардың" аты-жөнін атап бере аласыз ба? Халық арасында Ғани Қасымов не, В.Жириновский не, бірдей деген пікір бар. Осы қаншалықты рас?

- 1991 жылы  Жириновскиймен  бірге жұмыс істеуге тура келді. Ол Ғани ағамыздан ақылдырақ сияқты. Өткен сайлауларда «Орыс халқына жақсы болса, - Ресейге де жақсы болады» деген ұран көтерген де осы Жириновский...
Ал қуыршақтарға келсек, олар саясатта жетерлік деп ойлаймын. Керек десеңіз куыршақ партиялар, қуыршақ ұйымдар да бар. Бірақ халық та оларды танып қалды деген сенімдемін
- Мәжіліске Тәңірберген Бердіоңғаров, сенатқа Ғани Қасымов сияқты әртістердің жинала қалуын қалай түсіндіресіз? Әртіс демекші, "Нұр Отанның" үміткерлер тізімінде әртістер мен әншілер өріп жүр. Мысалы, Дариға Назарбаева да әнші. Меце-сопрона. Сұрағым: қандай жағдайда біздің заң шығарушы орган кәсіби парламентке айналады?
Күкең

- Күке, Парламентке келуге ниет еткен әртістер мен жазушыларды, спортшыларды бір бөлмеге жинап, «Жұмыссыздық туралы» заң дайындаңдар, сонда ғана үйлеріңе барасыңдар» деген уақытта олардың барлығы қолдарын төбелеріне қойып, қашып кетер еді. Біздің Парламент заң шығарушы органнан гөрі, заңды қабылдаушы органға ұқсайды. Ал кнопканы (оның алдында қасйысын басу керектігін түсіндірген жағдайда ) басу әртістің де қолынан келеді...

- Сайлаушылырмен кездесу барысында Болат Әбілов «Алматы қаласының айналасында бір кездері әлдекімдердің меншігіне өтіп кеткенімен далиып бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтарып, Алматы қаласының реестіріне енгізу керек»,-  деді. Менің сайлауалды науқан барысында үміткерлердің аузынан естіген бір есті сөзім осы болды. Құлағыңыз түрік жансыз ғой, ЖСДП-дан басқа саяси партиялар не деп жатыр?
Кетбұқа

- Шынымды айтсам, әлі бір де бір кездесуге қатыспаппын...

- Кетбұқаның сұрағын жалғастырғым келіп отыр. Саяси партиялардың сайлауалды тұғырнамаларында қазақтың қазына байлығы, қауіпсіздігі, тілі, тұтастығы, тарихы мен мәдениеті қаншалықты көрініс тапқан? Өткенде "Ақ Жолға" аманат тапсырып жүр едіңіздер. Ол не аманат? Нені аманаттадыңыздар "Ақ Жолға?" Сіздердің аманаттарыңызды "Ақ Жол" арқалай алатын, мәресіне жеткізе алатын партия ма? Перуашевке қаншалықты сенесіз?
- Бұл бағытта осы сайлау науқанында үлкен өзгерістер болғаны анық. Бірнеше партия ұлттық мәселенің кейбір салаларын бағдарламаларына енгізсе, «Руханият» толықтай «Ұлт тағдырының» бағдарламасын көшіріп алғандай болды. «Ақ жол» партиясы сайлау туралы сөз шықпай жатып «Желтоқсанның 25 жылдығын атап өту» туралы бастама көтеріп, ұлттық ұйымдардың басын қосып, комитет құруға мұрындық болды. Аманат туралы бастама да ақжолдықтардан шықты. Аманаттың ішінде Папрламентке бара қалсақ, «Мемлекеттік тіл туралы», «Ономастика туралы», т.б. заң жобаларын қабылдаттыруға күш саламыз деген жолдар бар. Саясаткерлердің біреуге сенемін деген сөзіне сенбеңіздер...
- 15-і күні киіз үй тігіуге әкім Сарбөпеев ұйымдастырған. Апайдың айтуы бойынша «киіз үйді апарып тігейін деп жатқанымда мұнайшылар келіп апай тікпей-ақ қойыңызшы, бізді сыйламайсыздар ма деген». Содан әйелдер болып әкімге барған, әкім: «өзім жауап берем 2 000 000 теңгеден берем» деген (бұрын 50 000 теңге). 16-сы күні сағат 11-лерде көтерілу басталды. Сол уақытта НӘН Астанада халық алдында сөйлеп тұрған, артқы жағынан бір кісі келіп құлағына бірдеңе айтып кеткен, сол жерде мерекені тастап кетіп қалған, ерсілеу көрдік - дейді сонда болған қарындас. Ал сол уақытта Өзенде болған ақтаулық кісілер айтып жүрді, бір өзім 3 жеңіл машина көрдім гос.номері жоқ, ішінде 5-6 жас жігіттер бар, қай жерде дүкен болса, ішіне кіріп кетіп быт-шытын шығарып кеткен. Енді бір жерде 2 жас жігіт банкоматты сындырып ақшаны алып жіберіп өтіп жатқан адамдарға қарай шашқан! Өздері 1 тиында алмаған! Осының бәрін билік ұйымдастырған. Маңғыстауда қазір сайлауға деген құлық жоқ. Ағайын- тумаластар қаралай қырылып қалды. Сайлау, сайлау дегенше Дос-аға өзенге келіп халықтың жағдайын көріп кетіңіз! (Конференция қонағына сауал ретінде жолданғанымен маңызды ақпараттық мазмұны болғандықтан жоғарыдағы жолдарды қаз-қалпында бергенді жөн көрдік.-ред)

- Біріншіден, интернет конференцияны ұйымдастырып отырған «Абай.КЗ» порталы. Солардың өтінішімен сайлау туралы сұрақтарға, шамам келгенше, жауап беріп отырмын. Екіншіден, бұл мәселеге байланысты өзімнің пікірлерімді ашық  білдірдім, әлі де бұл бағыттағы іс-әркеттерге ат салысуға дайынмын. Мен саяси партияның басшысы не Сенаттың депутаты сияқты қоғамдық көзқарасты өзгертетін ірі тұлға емеспін, республикадағы 15 мың қоғамдық бірлестіктердің бірінің төрағасы ғанамын. Үшіншіден, төтенше жағдайдың мерзімі бітпейінше, Жаңаөзенге барудың тиімділігін көре алмай тұрмын. Біздер барып басу айтып халықты сабасына түсіргенше, халықтың үкіметтік комиссияны талап жейтіндей қайсар қалыпта  қалғаны дұрыс сияқты.
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371