«Министр әрбір пациент пен дәрігер үшін жауапты болуға тиісті»
Бұл сөз - осы айда 90 жасқа келгелі отырған, 11 жылдай Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі болған ардақты ағамыз Төрегелді Шармановтың айтқан сөзі екен. Оны Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин өткен жұма күні болған аталмыш фракцияның кеңейтілген отырысында еске алып, бүгінгі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың назарын аударды.
Мұның өзіндік себебі бар: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетімен жан аямай күресіп жүрген медицина қызметкерлері осы аса қатерлі дертті жұқтырып алған жағдайда олардың әрқайсына 2 миллион теңге материалдық көмек беруді, ал қаза тапса, отбасысына 10 миллион теңге өтемақы төлеуді тапсырғаны мәлім. Бұған қажетті қаржыны Үкімет бөлгенімен, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардың Президент тапсырмасын бірлесе орындау барысы сын көтермейтіндей сылбыр болып шықты.
Сол себепті короновируспен арпалыс кезінде ауыр науқастарға араша түсіп жүріп, өздері де дерт жұқтырып алған медицина қызметкерлері және мерт болған дәрігерлер мен мейіргерлердің отбасылары Парламент Мәжілісіне шағым түсіруге мәжбүр болған. Осыған орай Нұрлан Зайроллаұлы медиктердің ренішін туғызған мәселені «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында арнайы қарау туралы шешім қабылдаған-ды.
Бұл шын мәнінде парламенттік тексеріс сынды іс-шара болды. Біз, нұротандық депутаттардың бір тобы, бір апта ішінде астана мен барлық өңірде қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерттеп-зерделеп, талай кемшіліктің бетін аштық. Қыркүйектің 22-не дейін коронавирус жұқтырған медиктердің небәрі 14 пайызындайы ғана, ал қаза болған ақ халатты абзал жандардың қайғыға батып, қан жұтып отырған отбасыларының 13 пайыздайы ғана өздеріне тиесілі қаражатты алғандығы әшкереленді. Бұл жұмыс мәселеге Мәжіліс Төрағасы тікелей назар аударған соң ғана сәл де болса, жандана бастаған.
Шынын айтқанда, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері. Мәселен, маңғыстаулық бір отбасы қолдарында індетпен күресте жан қиған дәрігердің қайтыс болғандығы жайлы ресми анықтама бар бола тұра, оның дүниеден озғандығын Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы дәлелдей алмай, дал болған.
Отырысқа қатысқан Нұр-Сұлтан қаласындағы бірінші аурухананың реаниматолог-дәрігері Мұхит Туланов өзінің және бір топ әріптесінің коронавирус жұқтырса да, күні-түні жұмыстан кетпей, талай науқасты өлім аузынан алып қалғандықтарын, алайда сол күндері еңбекке жарамсыздық парақшасын ашқызбағандықтары үшін «кінәлі» болып, тиісті материалдық көмектен қағылғандықтарын айтты. Барып тұрған бюрократтықтың қаныңды басыңа шаптыратын сорақы мысалы емес пе бұл?!
Осындай фактілердің бірнешеуі жария етілген жиынды қорытындалай келе, Нұрлан Нығматулин Алексей Цойға экс-министр Төрегелді Шармановтан өнеге алып, еліміздегі әрбір пациент пен дәрігер үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы қажеттігін ескертті.
Отырыста өткір сынға алынған Үкімет мүшелеріне жол берілген өрескел кемшіліктерді түзету үшін бір ай мерзім берілді. Бұл өзекті мәселе Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының бақылауына алынды.
Кәрібай Мұсырманның жазбасы
Abai.kz