Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
Билік 2736 3 пікір 7 Қазан, 2020 сағат 20:37

Тоқаев пен Путин Қарабақтағы жағдайды талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы Ресей Президентін туған күнімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Владимир Путиннің басшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму бойынша айтарлықтай табысқа жеткенін, беделді мемлекет мәртебесіне ие болғанын, сондай-ақ, әлемдік  және өңірлік мәселелерді Ресейсіз шешу мүмкін еместігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және өзара түсіністікті күшейтуге зор үлес қосқаны үшін ресейлік әріптесіне ризашылығын білдірді.

Әңгімелесу барысында екі мемлекеттің коронавирус пандемиясымен күрестегі іс-қимылдарын үйлестірудің маңызды екені сөз болды.

Тараптар Таулы Қарабақ төңірегіндегі әскери қақтығыстарға қатысты ахуалды талқылады. Сонымен қатар Қырғызстандағы оқиға жөнінде пікір алмасты.  Мемлекеттер басшылары бауырлас елдердегі қоғамдық-саяси жағдайдың тезірек тұрақтанатынына үміттенетінін айтты.

Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге зор денсаулық және Ресейдің игілігі жолындағы қызметіне жаңа табыс тіледі.

Abai.kz

3 пікір