Сәрсенбі, 6 Қараша 2024
Біздің шенеунік 6551 12 пікір 8 Қазан, 2020 сағат 11:36

Архимедтің «мырзалығының» құны қанша?

Біздің Қостанай облысының әкімі Архимед Мұқанбетов деген кісі бір сөздің адамы. Айтты ма, бітті. Уәде берді ме, аспан айналып жерге түссе де, короновирус түгілі тағы бір алапат келсе де, айтқанын орындайды. Мұндай адамнан қалай айналып кетпессің, мұндай азаматты қалайша қадір тұтпассың?

Мәселен, бұл кісі былтыр қадамызда әп-әдемі, құстың жұмыртқасындай  хоккейшілерге арналған спорт сарайы болса да, тағы да елімізде сирек кездесетін, сән-салатанты келіскен Мұз сарайын саламын деп салтанатты түрде уәде берді. Жалпы құны 4,2 миллиард теңге деп белгіленіп, әлгі құрылыс ерекше шапшаңдықпен басталып та кетті. Тек, әттең, мына карантин деген пәле аяқты тұсап, еркін қимылдауға мүмкіндік бермей отырғаны. Бұл уақыт дегенге өзге түгіл атақты Архимедтің де әлі келмей, пұшайман қылғаны. Ал короновирус деген ұсақ-түйекке көңіл бөліп, алаңдайтын біздің әкім бе? Жақында ол осы нысанды салып жатқан словакиялық «H+Н Technika» компаниясының өкілдерімен кездесіп, осы құрылыстың болашағы жайлы пікір алысты. Әкіміміз алдымен осы компанияны жер-көке сыйғызбай мақтап, өте жоғары баға берді. 

Бұл Архимедтің болашақ мақтанышы

-Аталмыш компания Чехиядағы Быстрижице, Вышков мен Телч секілді үш қалада осындай жобаны ойдағыдай жүзеге асырған, - деп жер-көкке сыйғызбады (Бұл жерде олпрдың ең алдымен аттарын өз елінде емес, көршілес мемлекетте шығарғандығы түсіне алмадық).

Сонымен не керек, әкіміміз бұл сарайдың мақтауын жеткізіп бақты. Онысымен тұрмай: «Мына пандемияға байланысты сарайға кажетті жабдықтар әкеліну тоқталған болатын. Алайда мен мұндай жағдайға қарамастан бұл нысанды жыл аяғына дейін іске қосуды тапсырдым, - деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Ал  енді пандемияға қатысты қандай да шектеулерге қарамастан, министр мен санитарлық дәрігерлердің үндеулерін де құлаққа ілместен, ешкімнен де қорықпай өз бетінше бұйрық бере беретін әкімді «жүрек жұтқан батыр» емес деп көр. 

Ал енді біз осы арада мұндай өте қымбат тұратын мұз сарайының Қостанай тәрізді шағын ғана қалаға қаншалықты қажеті бар деген сауалға жауап іздеп көрелік. Біздіңіше, мұны халықтың қаржысын ешбір қисынға қарамастан, далаға шашу деп есептейміз. Өйткені ,біріншіден, біздің облыста, бір емес екі бірдей хоккей сарайы бар. Біреуі облыс орталығында ешбір бөгетсіз жұмыс істеп тұр. Екіншісі облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан Рудный шаһарында (айтпақшы, бұл қазақты маймылға теңеген «атақты шовинист Кирилл Божконың «отаны»). Енді міне, үшіншісі, бой көтергелі тұр. Бір қалаға үш бірдей спорт сарайы тым артық етпей ме? Оның сыртында Қостанай қаласының өзінің хоккей командасы атымен жоқ. Ол әлгі Рудный қаласында «Горняк» деген атаумен өнер көрсетіп жүр. Сонда ол команданы осында тасиды ма, әлде оны қаламызда жаңадан жасақтай ма? Бұлай істесе, оған бюджеттен кететін мол қаржыны ненің есебінен жабады?

Тағы бір қисынға сыймайтын дүние, бұл сарайдың кім үшін салынып жатқанында. Егер, ана «Горняк» командасына осы ғимарат жан бітіреді десек, қатты қателескеніміз. Ол «мықтыңыз» Қазақстан чемпионатындағы 13 команданың ішінде тек қана 9-шы орыннан мызғымайды. Ал көршіміз Қызылжарджағы «Құлагер» (қалың орыстың ортасында отырып, осындай тамаша атты иеленген командаға еріксіз риза боласың. Ал біз «Горняк» деген атауды өзгертпек түгілі, өзіміздің «Тобыл» атын орыс тілінде дұрыс атай алмаймыз деп, оны ресми түрде «Тобол» деп қойдық). Ал енді сол «Құлагеріміз» болса, ол үнемі 5-ші орынды ешкімге бермейді. Стадиондары да жалғыз. Бас-аяғы тек 1 мың адамға ғана лайықталған. Ал көш соңында салпақтап жұретін «Горнягіміздің» стадионына 1,5 мың адам еркін сияды. Бұған дәл осындай көлемдегі Қостанайдың спорт сарайын қосыңыз. Енді оны да аз десеңіз словактардың бізге тартқан «қымбат сыйының» сыйымдылығы 2,5 мың адамға жететін көрінеді. Демек, Қостанай халқы көп ұзамай тек қазаққа онша бейім емес хоккей деген спортты әлемге танытатын шығар. Бір өкініштісі, атымызды әлемге жаятын  өзге ұлттың өкілдер болмақ. Өйткені мұндағы «Горнякта» қазақтың бірде-бір азаматы жоқ. 

Жалпы, осы словакиялық «H+Н Technika»  деген мекеменің өзіндік құпия сыры көп, тек қана батыстағы бай өңірлерді жағалайтын «сиянатынан сиынатыны мықты» компанияның бірі ме деп қаласың. Және оның үстіне «суға салсаң батпайтын, отқа салсаң, жанбайтын» дейтіндей құрылыс мекемесі. Осыдан екі жыл бұрын осы компания алдымен Ақтөбеде (Архимедтің талай жыл алдымен қала, сосын облыс әкімі болып істеген мекенде) керемет мұз сарайын салып, дәніккеннен кейін, назарын Ақтауға аударады. Мұнда, неге екені белгісіз, істері оңбай баспай-ақ қояды. Содан көп ойланбастан оның құрылтайшысы, бұрынғы хоккейші Ян Хован заңды айналып өтудің жаңа жолын таба қояды. Ол осы өңірдегі анау-мынау адам емес, мұндағы Маңғыстау облысының әкімі Серік Аманғалиевке қолақпандай 120 мың долларды ұсына салады (Кейбіреулердің айтуына қарағанда бұл «сыйдың» көлемі 500 мың долларды құрайтын көрінеді. Ал мынаусы алғашқы траншы екен) Алайда, мұнысы қырын кетіп, Хован мырза сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мекемесінің құрығына түсіп қалады. Оған «пара беруші» деген айып тағылады.

Ал әлгі компанияның осындай «ойындарынан» кейін қандай нысандар салғанда өз жұмысын әлгіндей «жең ұшынан жалғасу» секілді әдістермен бастамай ма екен деген сауал маза бермейді. Сонан соң, жаңағыдай тек қана пара беру секілді әдіспен құрылыс жүргізіп, өз компаниясының әбден беделін түсірген, сөйтіп жұрттың көпшілігінің көңіліне күдік ұялатын бұл мекеменің енді Қостанайға келіп, дым болмағандай осы спорт сарайын салуының өзі заңымызға қаншалықты сәйкес келеді? Бір абыройы түскен компанияға тағы да қайтадан сенім артылуы қалай?

«Бақсақ бақа екен» дегендей, бұл құрылыс елімізде кейінгі кезде кең жайылып кеткен «мемлекеттік-жеке меншік серіктестік» деген тәсілмен жүргізіліпті. Мұның бір құпиясы мынадай. Мұндай дүниені тек екі жақ қана - әлгіндей компанияның қожайыны мен сол жердің әкімдігі (яғни әкімі) ғана, ешкімді қатыстырмай, оңашада қол алысып, келімсім-шартқа қол қояды. Сонымен бітті. Ана қалыптасқан заңға сәйкес өзгелер секілді мемлекеттік тапсырыс жүргізіліп, арзан баға ұсынатын, сөйтіп көп талапкерлердің ішінен іріктеп алатын механизм бұл жерде жұмыс істемейді. Яғни мұндайда бәрі де құпия жүргізіледі. Ал енді екі адамның арасында не болып жатқандығын, бір құдайдың өзі білсін. Міне сондықтан да шығар, біраз білікті заңгерлер «мұндай серіктестік» деген «жең ұшынан жалғасуға» тікелей жол ашады деп есептейді. Мүмкін, мұның да қисыны бар шығар.

Енді тек бізге қалғаны, қазағы жоқ Қостанайдың хоккей командасы үшін осыншама «мырзалық» танытып, керемет Мұз сарайын салып берген Архимед мырзаға айтар алғысымыз шексіз, ілтипатымыз ерекше. Ал енді үнемі көш басынан табылатын, чемпиондық атақты бір рет емес, бірнеше рет иемденген ана Атыраудың  «Бейбарыс» командасы мен жағдайдары онша болмаса да бестіктен түспейтін көршіміз Қызылжардың «Құлагерінің» жанкүйерлері де өздерінде мұндай «керемет» болмаса да біздің әкімнің «мырзалығын» амалсыз мойындайтындығына бек сенімдіміз. Өйткені, әңгіме ақшада емес. Мәселе әкімнің беделінде. Оның «мықты басшы, спортттың қамқоры» деген жалған рейтінгісін жоғарылату. Бұл ешбір қисынсыз, қанша қымбатқа түссе де, тіпті мүлдем қажеті жоқ дүние болса да мұндай рейтинг үшін «жан пида». Ал бюджеттің ақшасын есептеп, оның сұрауын сұрап отырған кім бар? Кімге керек Архимед секілді аса беделді саналатын, Қостанай спортының «ерекше жанкүйері» атанған әкімнің мазасын алу? Тіпті, осы өңірге келуді «дәстүрге» айналдырған үкімет басшысы Асқар Мамин мырзаның өзі бұл мәселе жайды мүлдем жақ ашқан емес. Ал қалғандарынан не үміт, не қайыр?

Жайберген Болатов

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1093
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1877
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1854