Президент мәдениет саласы мамандарына алғыс білдірді
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Бұл — еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігін арқау еткенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерей үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін, — деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт екенін баса айтты.
— Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз «өнердің өрісі кең» деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады. Өздеріңізге мәлім, қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл жай ғана өзгерістер емес. Еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалып жатыр. Мақсатымыз — Отанымызды күшті озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетелік Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған еді.
— Бұдан бөлек, дәстүрлі өнерді, әсіресе жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беруміз керек. Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді.
— Осы жоғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты өнер және мәдениет қайраткерлері марапатталады. Жалпы, мәдениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады, — деді Президент.
Abai.kz