Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 16330 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 19:34

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ: «Тарих ғылымы Мемлекеттік Думада қызмет еткен қазақ зиялыларының еңбегін талдап, терең зерделеуі керек»

Биыл қазақ зиялыларының Ресей Мемлекеттік Думасында қазақ ұлтының мүддесін көтергендеріне 100 жыл толады. Осы турасында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институының директоры, тарих ғылымының докторы Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ әңгімелейді 

Биыл қазақ зиялыларының Ресей Мемлекеттік Думасында қазақ ұлтының мүддесін көтергендеріне 100 жыл толады. Осы турасында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институының директоры, тарих ғылымының докторы Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ әңгімелейді 
ХХ ғасырдың басында Ресейде жаңа кезең басталды. Әсіресе, саяси өмірде. Қоғамды баурай бастаған революциялық қозғалысты, наразылықты тежеу, елді, жалпы, қамтыған энтузиазмды басқа арнаға бұру арқылы патшалық билік жаңа әдіс-айлаға көше бастады. Мысалы, 1905 жылғы қанды жексенбіден кейін патшалық билік елде демократиялық еркіндікті кеңейту, бұқараның пікірін білу, халыққа еркін пікір білдіру құқын беруге әрекет ете бастады. Солайша, патша Ресейде мемлекеттік Думаны, яғни Ресей парламентінің шақырылатындығын хабарлады. Империя өміріндегі осындай үрдіс қазақтың да құлағына жетті. Осы кезде Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар саяси өмірге белсене араласа бастады. Әрине, қазақ зиялыларының әрекеті бұдан бұрын-ақ басталып кеткен болатын. Бұл, әсіресе, олардың кітап шығару, ағартушылық іспен айналысқан кезеңінен басталды. Бірақ 1905 жыл жалпы Ресей империясы, оның ішінде қазақ халқының өміріндегі жаңа кезең болғанын атап өту керек. Бұл жөнінен Әлихан Бөкейханов өзінің депутаттар сайлауға байланысты жазған естеліктерінде «Қазақ зиялылары үшін, қазақ саяси тобы үшін осы 1905 жыл жаңа кезең болғандығы ақиқат» деп жазды. Солайша 1905 жылы ел жайлауға шыққан кейін Қазақстанның түрлі аймақтарында патшаға арыз-тілек айту процесі басталып кетті. Ол туралы Ә. Бөкейханов 1905 жылдың жазын «арыз-тілек айту, петиция жасау жазы» деп атады. Жетісу аймағында, Солтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс Қазақстан аймағының түкпір-түкпірінде, жайлаудағы жәрмеңкелерде қазақ зиялылары орыс үкіметіне өздерінің арыз-тілектерін білдіріп, құжаттар жолдап отырды. Арыз-тілек, петицияда қазақ қоғамына ортақ проблемалар көтерілді. Әрине, ең алдымен, ауызға алынғаны жер мәселесі. Арыз-тілек иелері ХІХ ғасырдың соңына қарай сипат алған қоныс аударуға қарсылық көрсетті. Әсіресе, қазақ жеріне дендей еніп келе жатқан орыс переселендерінің толқынын тоқтатуды талап етті. Өйткені, бұл кезде, ХХ ғасырдың 1905-06 жылдары Қазақстанның әрбір өңірінде облыстық, уездік переселен мекемелері ашыла бастады. Олар қазақтың жарамды жерлерін алып, ішкі Ресейден келген қоныс аударушыларға беру ісімен айналысты. Яғни бұл кезде қазақтың жарамды жерлерден біржола айырылып қалу қаупі туды. «Сондықтан патшалық билікке жер мәселесін оң шешуді алға тарту табиғи нәрсе еді» деп бағлады тарихшы.200 жылдан бері отаршылдық қамыты мойнын әбден тоздырған қазақтың саяси мәселелерге араласу құбылысы қарқын алды. Мәселен, 1891 жылы қабылданған «Қазақ даласын басқару» ережесінің 17-бабы саясатпен айналысқан қазақ зиялыларына өте ауыр тиді. Жергілікті жерлердегі басшылық уысында болған генерал-губернаторлар Ресей үкіметінің басқару жүйесіне қарсылық танытқан қазақ зиялыларын ешқандай сотсыз, сұраусыз басқа жерлерге 5 жылға жер аудару құқын иемденді. Жалпы қазақ қоғамында патшалық биліктің мүддесіне озбырлыққа, жөнсіздікке кең жол ашып берді. Қазақ зиияллары «Қазақ даласын басқарудағы»17-бапты өзгертуді талап етті. Көтерілген арыз-тілектердің қатарында ең өзектісі ағарту мәселесі еді. Патшалық режимнің қатал, тар болғандығы соншалық, қазақтар мектеп ашу үшін, мешіт салуға міндетті түрде жергілікті орыс билігінен рұқсат алуға тиіс болды. Әрі орыс билігі дін мәселесіне шектеу қойды. Тіпті қазақтарды топ-тобымен христиан дініне өтуге мәжбүрледі. Соған жағдай туғызды. Түрлі экономикалық-саяси тетіктерді пайдаланды. Қазақ балаларына еркін, жүйелі түрде білім алуға кедергі жасап бақты. Қазақ тілінде білім беретін мектептер ашылмады. Ашылғандары – орыс-түзем мектебі деп аталды. Оларда сабақ негізінен, орыс тілінде жүріп, қазақ балалары өз ана тілінде замана талабына сай білім ала алмады. Білім жүйесінің қалыптаспауы мен түрлі шектеулерге байланысты қазақ балаларының көпшілігі сауатсыз болды, яғни жазу-сызу білмеді. Қазақ қоғамындағы саяси билік түгелдей орыс әкімшілігінің ықпалында болды. Ал қазақ қоғамындағы ең төменгі буын – болыстық билік орыс әкімшілігінің қолындағы қолжаулығы болды. Орыс әкімішілігінің еркін білдіруші, айтқанын орындаушы басқару тетігі болды. Міне елде осындай ахуал орын алып тұрғанда арыз-тілектерде осындай бағдарламалық мәселелер қойылды. Басқаша айтқанда, 1905 жылы Қазақстанның түкпір-түкіпірінде дүнеиеге келген арыз-тілектер болашақ «Алаш» қозғалысының бағдарламалық негізі болатын. Кейін 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылған кезде бұл партия өз бағдарламасында 1905 жылғы арыз-тілектерде айтылған талаптар бағдарламаға негіз болып енді. 1906 жылы бүкіл Қазақстанда Мемлекеттік Думаға сайлау процесі жүрді. Алғашқы мемлекеттік депутаттардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов сияқты депутаттар болды. Әрине, алғашқы Думаға депутат сайлауда әділетсіздік орын алды. Әр аймақтың қазағынан бір-ақ депутат сайлану керек деп, олардың құқықтары есепке алынбады. Соның салдарынан Ә. Бөкейханов Петербургқа І Мемлекеттік Думаның жабылуына бірнеше күн қалғанда ғана жетті. Әрі І Думаның жұмысына белсенді араласа алмады. Ахмет Бірімжанов бел шеше жүріп атсалысып, І Думаның мінберінен Жер мәселесі туралы айта алды. Сондай-ақ ерекше тоқталып өтер мәселе – Орынбор губерниясынан сайланған депутат, түбі – казак, Ахмет Байтұрсыновтың досы, ескі танысы бірқатар депутатпен бірігіп Ресей үкіметіне арыз-тілек беріп, Қазақстандағы жер мәселесін, яғни Қазақстандағы аграрлық мәселенің дұрыс қойылып, оң шешілуін көтерді. Ақиқатында І Дума өзі де ұзақ жұмыс істеген жоқ. Оған себеп болған патшалық жүйені батыл сынға алуы еді. І және ІІ Мемлекеттік Думада қазақ зиялылары белсене араласты. Негізі, 1917 жылға дейін жұмыс жасаған төрт Мемлекеттік Думаның Оның 3- және 4-сіне қазақтар сайланған жоқ. Өйткені, 1917 жылғы 3-июнь заңы бойынша патшалық билік қазақтарды Мемлекттік Думаға депутат болу құқынан айырды. Оған себеп болған – І және ІІ Мемлекеттік Думада қазақ депутаттардың жер мәселесін, аграрлық мәселені өте жоғары дәрежеде өте белсенді түрде көтеруі, оны үкімет алдына нақты қоя білгендігі еді. Тіпті ІІ Думаның депуаттары арасында «Орыс Думасында қазақтың жерінен басқа проблема жоқ па?» деген наразылық та айтылып қалды. Сондықтан, патша үкіметі қазақ зиялыларының, яғни қазақ депутаттарының Мемлекеттік Думаны пайдаланып, өздерінің ұлттық негізгі мәселесін, жер мәселесін қайта көтеретіндігін және оны сауатты негізде көтере алатындығына көзі жетіп, 1917 жылғы 3-июль заңы бойынша қазақ қоғамынан депутат сайлау құқынан айырды. Атап өтер мәселе І Мемлекеттік Думадан бастап орыс Мемлекеттік Думасында мұсылман фракциясы жұмысын бастады. Жалпы, соңғы екі Думадағы кедергіге қарамастан, қазақ зиялылары 4 бірдей Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясы арқылы талап-тілектерін қоя білді. Әлихан Бөкейханов фракция құрамында тұрақты болса, кейде Ахмет Байтұрсынов та сайланды. Олар сол кезде татар, әзірбайжан және Кавказ, Орал, Еділ бойы, жалпы, ресейлік мұсылман дептутаттары мен түркі халықтарынан сайланған бірлікте осы қазақ қауымының ең өзекті деген мәселелерін көтеріп отырды. Бұл өзін өзі ақтаған өте дұрыс, оң тәсіл болатын. Сол кездегі ұлт-азаттық көтеріліс басшысы Әлихан Бөкейханов Мемлекетік Думаның пайдалылығын тура түсінген қайраткер-ді. Сондықтан, ол кісі өзінің кейінгі естеліктерінде: «Біз Мәскеу, Петрбор жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастарына елге барарда «жазда, каникулда ауылда, ел арасында жүргенде уақытты босқа өткізбей, елге, ұлтқа қатысты өзекті мәселелерді зерделеп, материалдар мен деректер жинап, каникулдан қайтқанда Петербургтағы мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясына жеткізіңдер» деп тапсырма бергендігін» оған жастардың көп жағдайда белсенді түрде атсалысқандығын айтады. Мемлекеттік Дума құрамындағы Мұсылман фракциясы студент жастардың саяси кемелденуіне, саяси жұмыста мол тәжірибе жинауына үлкен септігін тигізді. Мемлекеттік Дума арқылы жұмыс істей отырып қазақ зиялылары өсу жолынан, кемелдену жолынан өтті. «Сондықтан, Мемлекеттік Думадағы қазақ зиялыларының қызметіне біз тарих ғылымында ерекше көңіл аударатын негізгі мақсат – осы Мемлекеттік Дума құрамында болған қазақ зиялыларының тәжірибесін талдау, Мемлекеттік Дума оларға не берді, осы мәселелерге жауап іздейміз. Сонымен қатар, біз Мемлекеттік Думадағы жұмыстарды тура түсінуіміз керек. Оған кезінде Мұстафа Шоқай өз бағасын берген. Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен, Петербургта білім ала жүріп, 1913–17 жылдары Мемлекеттік Дума жанындағы Мұсылман фракциясының хатшысы болды. Бұл Мұстафа Шоқай үшін де бұл үлкен сасяи қызметте үлкен бір мектеп болғаны сөзсіз деп тоқталып өтті ғалым. М. Шоқай өзінің кейінгі естелігінде: «Әрине, қазақ зиялылары белгілі бір дәрежеде ол кезде тәжірибесінің аздығына байланысты аса сенгіш еді. Олар көп жағдайда адасты. Көп жағдайында алданып қалды» дейді. Мұстафа Шоқайдың бұл пікірімен белгілі бір дәрежеде келісуге болады. Шын мәнінде қазақ зиялылары белгілі бір дәрежеде Мемлекеттік Думаға мүше бола отырып, белгілі бір дәрежеде жұмыс істей отырып, қазақ қоғамының негізгі проблемаларын шеше аламыз деген түсінікте болды. Әсіресе, Мемлекеттік Думаның алғашқы жылдарында. Әрине, Мемлекеттік Думаның ролі, маңызы үлкен. Бірақ, Мемлекеттік Дума арқылы қазақ қоғамының барлық проблемаларын көтеріп, шешуге болады деген, ол әрине, балаңдықтың белгісі болатын. Бірақ, дегенімен, пайдалы болды. Бірақ оның екінші жағын біз ұмытпауымыз керек деп ойлаймын «Қазақ тарихында түгел қамтылды, айтылды деуге бола ма?» деген сауалған М. Қойгелдиев: «Бұл арада мына мәселені ескеруіміз керек. Айтылды, бірақ қазақ зиялыларының Мемлекеттік Думадағы қызметіне байланысты өз дәрежесінде қамтылмай келе жатқан мынадай бір проблема бар. Ол – сол кездегі ресейлік саяси жүйенің аз ұлттарға деген тәкаппар, жоғарыдан менсінбеушілікпен қарайтыны анық байқалды. Ол туралы Әлихан Бөкейханов өз мақалаларында ашық жазды. «Ресейді арқасына салып сүйреп келе жатқан орыс жұмысшысына, орыс шаруасының өзіне тиесілі орын бермеген патшалық биліктен аз ғана қазаққа не күтуге болады?» деп торыға, шағыла айтқаны бар. Және бұл арада мына мәселе айқын болды. Ресейде демократиялық жүйенің орныққан уақыты – Мемлекеттік Думаның қызметінің басталған кезі. Сол кезде байқадық, қазақ халқы Ресей империясының құрамында болған кезде еш уақытта тең ұлт дәрежесінде болған емес. Міне, біз осыны бұлтартпас шындық ретінде білуіміз керек. Бізге ондай теңдікті патшалық жүйе бермес те еді. Оны бейбіт, демократиялық жолмен алу мүмкін емес еді. Сондықтан орыс отаршылдығының құрамында олармен терезесі тең ел, мемлекет боламын деу – балаңдық еді. Оған еш уақытта илануға, еш уақытта сенуге болмайтын еді. Негізі жасалатын тұжырым меніңше – осы. Ал енді қазақ халқы тек қана дербес мемлекет құрып, басқа елдердегі өркен жайған, тамыр жайған демократиялық жүйені шығармашылық негізде қабылдау арқылы біз өзіміздің сұранысымызға қажет, лайық саяси басқару жүйесін қалыптастыра аламыз. Біз соған көзімізді жеткізіп, сол пікірді ұстана отырып жұмыс істеуіміз керек. Бізге басқа жол жоқ! Әрине, бұл арада біржақты қорытынды шығаруға болмайды. Біз тек қана ұлтық мемлекеттік деңгейінде ғана өсіп-өркендейміз. Бірақ, осы арада ғалами құбылыстарды ескеруіміз керек. Біз мемлекет болып қалуымыз үшін басқа жол жоқ дегенге бір жақты табан тіреліп қалмауымыз керек. Өмір деген күрделі. Өмірдің талабы түбінде жекелеген ұлттардың түрлі одақтарға бірігіп, әртүрлі келісімдерді мойындауға, түрлі ұжым-ұйымдарға мүше болуға тура келеді. Онсыз даму болмайды. Сондықтан, әрине, біздің болашақ дамуымыз түрлі саяси жағдайға түсуіміз әбден мүмкін. Сондай жағдайда ылғи өз тарихымызға қайырылып, сабақ алып, оның ішінде қазақ зиялыларының Ресей Мемлекеттік Думасындағы жұмысын әр уақытта сабақ алып отыруымыз керек. Соның бір нышаны оқулықтар мен оқу құралдарына қазақ зиялыларының Мемлекетік Думасындағы жұмысын тиісті дәрежеде жазып қалдыру. Рас ол оқу құралдарында бар. Бірақ оларды жан-жақты танып, бағалау, бағамдау болашақтың үлесінде. Біртіндеп айтылады. Тархта елеу, екшеу деген болады. Тарихи кезеңдерді, тарихи құбылыстарды, тарихи тұлғаларды ашып көрсету бірден бола қалатын құбылыс емес, ол біртіндеп баяндалатын болады. Біртіндеп көрсетілетін болады. «1937 жылғы қазақ зиялыларының репресиияға ұшыраудың тамыры сонай патшалық үкіметтік Думадағы шеттелуінің басы емес пе?» деген сауалға М. Қойгелдиев мына мәселеге назар аудартты. 1906 жылы І Мемлекеттік Дума жабылғаннан кейін Әлихан Бөкейханов басқа депутаттармен бірге патшалық биліктің Мемлекеттік Думаны шектеуге байланысты жасалған қарсылық құжатына, «Выборг» манифесіне қол қойды. «Выборгке» қол қойғаны үшін Әлихан Бөкейханов түрмеге жабылып, Самараға жер аударылды. 1917 жылға дейін Қазақстанға келу құқынан айырылды. Сондықтан, бұл жерде патшалық билік Мемлекеттік Дума арқылы қазақ қоғамында жаңа саяси күштің өмірге келгендігін танып, ішін тартқаны анық байқалды. Ол саяси күш қазақ зиялылары болатын. Қазақтың жаңадан саяси сауатты қалыптасып келе жатқан саяси элитасының өсіп келе жатқандығын танытты. Тіпті бағдарламалық негізде күресе алатын саяси күштің өмірге келгендігін анық байқады. Сондықтан, 1906 жылдан бастап патша үкіметінің қазақтың саяси қайраткерлеріне деген көзқарас өзгере бастады. Енді олар сол саяси қайраткерлердің сыртынан бақылау қою, аңду, олардың жазғандарын тексеру, сараптаудан өткізу әдістері іске аса бастады. Қазақ халқының патша үкіметіне деген көзқарасы ғана емес, патша үкіметінің де қазақ зиялыларына деген көзқарасы да өзгере бастады. Екеуінің арбасу процесі басталды. «Осыны оқырман қауым білуі керек деп ойлаймын» деп сөзін қорытты профессор.

 

 

DUMAEM.RU сайтынан, 2005 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371