Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 11926 22 пікір 27 Қазан, 2020 сағат 13:43

Павлодардағы Тіл митингісі һәм Кремльдің реакциясы

18 қазан күні Павлодарда қала әкімдігінің рұқсатымен Тіл митингісі өткен болатын. Ол туралы өткенде жаздық. Митингіге шыққан топ Мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қарар қабылдады. Қарардың толық мәтінін де сайтымызда жарияладық. 

Аталған жиында, ҚР Конституциясының 7 бабы, 2 тармағындағы «орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілімен тең қолданылады» деген тармақты алып тастау, ҚР Үкіметіне, ҚР Парламентіне мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, «Мемлекеттік тіл» альянсын құру т.б бірнеше нақты талаптар қойылған. Митингке шыққан азаматтар Павлодар қаласындағы қазақтілді бұқараның жұмысқа тұру, қызмет алу барысында дискриминацияға ұшырап жүргенін айтқан.

Сол митингінің дүбірі Кремльге жеткен көрінеді. Нақтырақ айтсақ, Захар Прилепин деген адам басқаратын Ресейдің «За Правду» партиясының өкілдері аталған митингке қатысты пікір білдіріп, Қазақстан билігіне сес көрсете сөйлепті.

«Біз Қазақстан билігіне мемлекетіміздің азаматтарының мүдделерін қорғауға және елдің тілдік бағытта бөлінуіне жол бермеуге шақырамыз!

Павлодар митингісі сияқты шектен шығу - ұлтаралық араздықты қоздыруға және ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыруға ықпал етеді. Қазақ тілін қорғауды орыс тілін ресми мәртебесінен айырумен байланыстыруға болмайды. Өйткені бұл әрекет Қазақстандағы ішкі саяси жағдайдың нашарлауы мен этникааралық қақтығыстардың басталуына әкеліп соғады. Мұның мысалы ретінде Украинадағы жағдайды айтуға болады. 

Біз украиналық сценарий қайталанбауы керек деп талап етеміз. Қазақстандағы бейбітшілік пен тыныштық, оның барлық азаматтарының құқықтарын сақтау біз үшін маңызды. Оның үстіне Қазақстанда да, Еуразия континентінің барлық жерінде де орыс тілі ежелден этностың тілі емес, Еуразия халықтарының арасындағы байланыс құралына айналды» ,- депті. Жай ғана деп қоймаған, ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасапты.

Захар Прилепин: Если вы живете без интернета и ТВ, то и коронавируса никакого нет — Российская газета

Суретте Захар Прилепин

«За Правду» партиясы - Ресейдегі ресми тіркелген ұлтшылдар партиясы екен. Мемлекеттік Думаға өтпеген, ал өңірлік Парламенттерден 1 ғана орын бұйырған. Партияны ресейлік кәсіпкер Александр Бабаков қаржыландырады. Бабаков Путиннің алыс-жақын шетелдегі славян ұйымдарымен байланыс орнату бойынша арнайы өкілі.

Бүгінде Қазақстандағы орыс тілділердің саны азайып, қазақ тілінің ел өмірі мен саясатындағы ролі күшейіп келе жатқаны Кремльге ұнай қоймайтын екібастан белгілі. Ілгеріде Қазақстан латын әліпбиіне көшетінін мәлімдегенде де, «олар орыс әлемінен алыстап барады» деп байбалам салған осы орыс жұрты еді. Енді міне Павлодарда өткен Тіл митингісін «шектен шығу, ұлтаралық араздықты қоздыру» деп бағалап, «Украина сценрийі қайталанады» деп айбат шегіпті. Алайда олардың бұл әрекеті орыс тілділердің құқығын қорғаудан гөрі, Қазақстанды бақылаудан шығарып алудан қорыққанның қолапай әрекетіне көбірек ұқсайды. Бірақ, мұны комплексі көп Кремльдің көбікауыз саясатшылары түсіне ме?

Қазақстанның ішкі ісіне араласып, территориялық тұтастыққа көз алартқан, ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасап отырған Кремльдің кезекті партиясына ҚР Сыртқы істер министрлігі үнсіз қалмауы керек-ақ! Бірақ... Бірақ, Қазақстанның Мемлекеттік рәмізін - Туын аяққа таптап, әжуаға айналдырған Боратқа да: «Нота жіберу - мәнсіз. Оның адресаты жоқ», деп мәймүңкілеген министрліктен мысты жауап ести қоюымыз екіталай екені жасырын емес...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302