Райхан Сахыбекқызы. Қазақ әліпбиі немесе Байтұрсынұлы емлесі
Ахаң әліпбиі мен оның «Оқу құралы» атты қазақша әліпби оқулығына - 100 жыл
Ұлағатты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған тіл туралы өзекті мақалаларында: «Тіл - адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз - жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп жазған екен. Шындығында, ол қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін ғасыр басында қоғами ахуалмен байланыстыра отырып, ауыр жүкті қолға алып, замандастарымен бірге ұлт тілінің келешегі үшін күрескен кемеңгер. Кемеңгерлігі сол, әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына «Қазақ әліпбиін» тайға таңба басқандай жасап берді. Ахмет түрлеген әліпбиді күллі түркі жұрты, сонымен бірге орыс ғалымдарының «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп бағалағаны тарихи шындық. Міне, сол әліпбиге биыл - 100 жыл толып отыр! «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, баба мұрасымен алға жылжудың орнына, әліпбиді әлі күнге өзекті мәселесі етіп, текке даурығудамыз... Бұл «даулы мәселені» ғалым атындағы Тіл білімі институтының зерттеушілері бір шешімін табатынына кәміл сене отырып, енді Ахаң әліпбиінің тарихына шолу жасасақ.
Ахаң әліпбиі мен оның «Оқу құралы» атты қазақша әліпби оқулығына - 100 жыл
Ұлағатты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған тіл туралы өзекті мақалаларында: «Тіл - адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз - жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп жазған екен. Шындығында, ол қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін ғасыр басында қоғами ахуалмен байланыстыра отырып, ауыр жүкті қолға алып, замандастарымен бірге ұлт тілінің келешегі үшін күрескен кемеңгер. Кемеңгерлігі сол, әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына «Қазақ әліпбиін» тайға таңба басқандай жасап берді. Ахмет түрлеген әліпбиді күллі түркі жұрты, сонымен бірге орыс ғалымдарының «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп бағалағаны тарихи шындық. Міне, сол әліпбиге биыл - 100 жыл толып отыр! «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, баба мұрасымен алға жылжудың орнына, әліпбиді әлі күнге өзекті мәселесі етіп, текке даурығудамыз... Бұл «даулы мәселені» ғалым атындағы Тіл білімі институтының зерттеушілері бір шешімін табатынына кәміл сене отырып, енді Ахаң әліпбиінің тарихына шолу жасасақ.
А.Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуы негізіндегі әліпбиі заманында қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкелгенін, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпалы болғандығы туралы Д.Міржақыпұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин және М.Әуезов т.б. сол кездің өзінде айырықша атап, жоғары бағалады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімі мен әдебиетте сан салалы зерттеу жұмыстарын жүргізумен бірге түрлі оқулықтар жасаудың да қажеттілігі сезіліп, аса маңызды мәселе ретінде алға қойылған тұста - Ахмет Байтұрсынұлы ұлт тілі мәселесіне өте жауапкершілікпен қараған. Ол кирилл таңбасындағы қазақ алфавитіне мойынсұнбаған. Қазақ жұртының төл, ана тілін саф қалпында сақтау үшін қандай таңбаны алу керектігіне зор мән берген. Және осы жолда төте жол іздеді. Ағартушы өзінің ұзақ жылдар бойғы ізденісі барысында кирилше жазудың бодандағы қазақ елі үшін тіл саясатындағы «тұсау», тіпті «бұғау» деп түсінді. Ол сол себептен де аса сақтықпен ұлтының болмысын жоғалтпайтын, дыбыстық ерекшеліктерін бере алатын, әрі исламды діл мен діннің лұғаты деп зерделегендіктен араб графикасын таңдады.
Әліпби - тек сауат ашу ғана емес, ғылым-білім үйренудің баспалдағы. М.Әуезовше айтсақ, Ақаң ашқан қазақ мектебінің ұстанымы - қазақ баласын ана тілінде сауатын аштырып қана қоймай, оның танымдық талғамын қазақша қалыптастыру болған. Өйткені, сол тұстағы оқыған, сауатты жандардың басым көпшілігінің тілі не татарша, не орысша шыққаны және сол тілдермен өз тілін араластырып, «қойыртпақ тіл» жасағаны тарихтан белгілі. Сондықтан да ағартушы қазақ ұлтының табиғи қалпын сақтау мақсатында, кемшіліктерді болдыртпау үшін өзінің білім беру жүйесінде ана тілмен оқыту тәсілін ұстанды. Әрі осы жолда қазақ баласы үшін түрен жол салып берді: «...Қазақша дұрыстап қат жаза білуге бір-екі-ақ жыл керек. Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, оныменен жүріп қат жаза білуге жеткенше русша білуден уақыт кем кетпейді. Себебі, қазақ тіліменен оқытпай, ноғай, түрік, парсы, араб тілінде жазылған кітаптар араласып бас қатып, мый ашып, балалар әуре-тәуре болады. Сондықтан оқу керектігі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз. Жақсы құралменен іс істегенде көпке тиіп жанды қинамайды. Оқу құралы да сондай, жан қинамайтұғын болса, жақсы болады. Әр істің басы қиын. Басында қиналмай кетсе, онан әрі тың кетеді. Бұлай болған соң әуелі оқу құралы жақсы болып жан қинамасына не керек?» - деп, «ана тіл» деген пәнсөздің негізгі мәні атау тұлғадағы ұғым екеніне үлкен салмақ салып, әрі төл тілдің бастау көзін ашып алады.
Мақаладағы асты сызылған тіркестердің мағынасын ашып жатудың өзі артық, бірақ осы «...қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын» деп, таза арабшамен тіл сындырушылардың да төл тілінен ажырайтынын, қазақша болмысын жоғалтатынын айтып отыр. «Қазақтың тіліменен оқытуды» көксейді, сол қазақ тілінде оқытудың амал-тәсілдерін, «соқырға таяқ ұстатқандай» көрсетіп те берді. Ең бастысы, «әліпби түзелмей, іс оңалмайтынын» білген ағартушы қазақ әрпін әрлеуді қолға алды емес пе! Енді Ахаң түзген әліпбидің кестесі ұсынамыз.
Байтұрсынұлы әліпбиінің кестесі
ﱠ
Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиіндегі жетістіктерді лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов өте жоғары бағалаған. Және Қ.Жұбанов кім көрінгенге әліпбиді таптатпауға бар күш-жігерін жұмсаған. Мәселен: «...возрежение не выдерживают критики, потому что всякие культурное и иное достижение, оставленное нам нашими врагами - это наше законное наследие (...) Отказываться от подобного наследия так же глупо (...) мы не откажемся ни от чего, что составляет лучшее творениях предыдущей истории, если оно в наших руках может быть полезно для нас» деген айшығынан қазақтың қай-қай оқығандарының, оның ішінде қалам ұстап, ұлт намысын жыртқан әрбір еңбектің қадір-қасиетін біліп қана қоймай, оны асыл мұра деп таныған және ұрпаққа жалғасты көпірдей аялағанын көреміз.
Кеңес дәуірі тұсында А.Байтұрсынұлы мұрасының негізінде мектеп оқулықтары - қазақ тілі мен әдебиетінің жазылып әрі оқытылып келгенін анық. Алаш ардагерінің атын атауға Кеңес үкіметі тыйым салғанымен, оның «затын» қолдануға тыйым сала алмағаны белгілі. Бұған дәлел ретінде ғалым-реформатор қалыптастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қажетті ұғым-атаулар, оларға қатысты анықтамалар мен қисындардың күні бүгінге дейін қолданыста болуын атасақ та жеткілікті!
Қазақ мектебінің негізін салған ағартушы Ы.Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы» десе, А.Байтұрсынұлы «Зат есім» деген атау береді. Ал «Имя прилагательное», «Имя числительное» сөз таптарына тұңғыш ағартушы «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары» деп балама берсе, А.Байтұрсынұлы «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді. «Местоимение» деген орыс терминіне алғашқы ұстаз «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса, кейінгі әдіскер-ғалым «Үстеу», «Демеу» дейді. Бүгінде бұлар қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдар. Осы атаулардың қалыптасуы үшін алдыңғы буын өкілдерінің жіберген кемшіліктерін түзеп-түрлеу арқылы ХХ ғасырдың басында қазақ мектебінің керегін жасаушы, қазақ оқығандарының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы болғаны даусыз.
Қазіргі бастауыш мектептерге арналған 1 сынып әліппесіндегі «Қазақ алфавитінің» авторын ажырата алмайтын оқытушылар бар екені де жасырын емес. Ақиқатында, есімі аталмаса да Байтұрсынұлының төте жазудағы түзілген әліпбиі аз ғана өзгеріспен кеңес кезеңіндегі мектепке, яғни бірінші латын, сонан соң кирил әрпіне қопарылып, көшіп отырды... Осылайша ғалымның еңбегі ұрпағына қызметін көрсете берді. Жалпы, «Қазақ әліпбиі немесе ұлт жазуын жетілдірудегі Ахмет Байтұрсынұлының рөлі» деген тақырып аясында арнайы сағат бөліп оқыту өзекті мәселелерлің бірі деп ойлаймыз.
Орыстың тіл зерттеуші ғалымдары төте жазудағы әліпбиге 1924, 1931 жылдары «Байтурсуновская графика», «Байтурсыновский алфавит» деп атау берген. Біздің бүгінгі жетілген қазақ тіліндегі 40 (жуан, жіңішке белгіні есептеу шарт емес) әріптің түп негізі А.Байтұрсынұлы емлесімен тығыз байланысты екенін түсіне бермейміз. Және ғасыр басында Байтұрсынұлы таңдаған төте жолдың байыбын дұрыс ұғынбаудан жазу мәдениетінде өркениетті елдерден кейін қалып, әлі күнге «қай жазуды алу керек» деген айтысты мәселенің жетегінде келеміз. Төте жазуға тұрақтамауымызға сол тұстағы саясат та әсер еткен болуы керек. Дегенмен озық елдің ғалымдары жоғары бағалаған А.Байтұрсынұлы емлесінде тұрақтылық танытқан болсақ, оңынан жазылатын харіптің қасиетін басқаша ұғар ма едік. Ислам дінімен бірге келген әліптің адамзат баласын игілікті істерге жетелері хақ екенін ой-түйсігімізбен қабылдағанмен, ұзақ жылдар кирил әрпімен құрсауланған құлдық сана шырмауынан шыға алмай жүргеніміз де шындық.
Ғалым мектеп оқулықтарын жазу ісіне кенеттен келмеген. Ол бұл жолға қазақ арасындағы ұзақ жылдардан бері артта қалып келе жатқан осы бір кенже салаға үлкен дайындықпен, кіріссе керек. Ағартушы ұстаз 1913 жылы ғылым-білім туралы: «...ғылым, өнер турасында біздің жайымыз ...жарлының халі сықылды. Ғылымның жаңа жолын табуды іздемек түгіл, тапқан ғылымға қолымызды жеткізерлік бізде еш нәрсе жоқ. Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы - кітап. Қазақ арасына білім жайылуына, әуелі, оқу үйрететін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайыларға керек» дейді. Міне, осы «керектердің» жолында бірінші болып өзі өзгелерге үлгі бола білген. Тіл саласында «Оқу құралы» (1912, 1913, 1914), «Тіл - құралы» (1914, 1915, 1923) оқулықтарын, әдіскер-ұстаз ретінде «Баяншы» (1920), «Сауат ашқыш» (1926), «Әліп-би» (1928), «Тіл жұмсар» (1928) атты кітаптарды жазды.
Ахмет Байтұрсынұлының ғасыр толып отырған «Оқу құралы. Қазақша алифба» атты оқулығы алғаш 1912-ші жылы Орынбордағы жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибрат тақпағын оқулықтың беташары ретінде берген. Кітаптың әріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Би исми-иллаһи-рахмани-раһим» шырағдандай орналастырылған. Әрі қарай қазақ әріптері төте жазу жолымен рет-ретімен беріледі де, әрбір харіптің тұсына таңбасы және сол таңбаның атауы жазылады. Және төменгі жағына оқытушыға түсінік, яғни нұсқаулығы қатар ұсынылады. Сонымен қатар, соңына қазіргідей шұбыртпалы ұзыннан-ұзын мәтіндер емес, қысқа әрі нұсқа оқушының ұғымына сай, түсінігіне лайық мәселен: Туысқан-туған атаулары, тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары және ас-тағамдармен қатар, дене мүшелерінің атаулары т.б. қамтылады. Оқу құралының екінші кітабы алғашқы әліппеге жалғасты ретінде толықтырылып, 1913-ші жылы шықса, «Әліппе - астары» атты әліппеге жетекші құралы 1924-ші жылы жазылған. Осы оқулықтардың бала сауаттандырудағы қажеттілікті өтеудегі зор қызметіне, оның 1912, 1913, 1914, 1916, 1921, 1922 (2 рет), 1923, 1925-ші жылдары жиі басылым көруі айғақ. Оқулық ғалымның аяулы есімі ақталғаннан кейін кирилл қарпіне түсіріліп, ҰҒА-ның Тіл білімі институтының дайындауымен 1992-ші жылы жарық көрген «Тіл тағылымы» атты жинаққа енді.
Қырғыз республикасының филолог-ғалымы Дыйканов Карбоз деген азамат өз қаражатымен осы кітаптың 1914-ші жылғы басылымын 1991-ші жылы 5000 данамен қайтадан бастырды. Кітап қаз-қалпында, яғни төте жазумен жарияланды. Бұл күні тіл білімінің негізін салушы ғұлама ғалым туралы қазақ тілі саласында бірнеше зерттеу еңбек жазылды. Атап айтсақ, 1995 жылы А.Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы», 1996 жылы Н.Машқанова «Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ жазуының реформаторы», 2005 жылы Қ.Ибраимов «А.Байтұрсынұлының еңбектеріндегі терминология және стилистика мәселелері» атты кандидаттық зерттеу жұмыстарын жазды. Осы зерттеулерде ғалымның қазақ тіл білімі саласындағы категорияларын бүгінгі таныммен байланыстыра сараптаулар жасалды. Тілші-ғалымдар А.Байтұрсынұлы тұжырымдамаларын «қазақ тіл білімінің бастауы» деп танып, оны ғылыми тұрғыда жүйелеп берді.
Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану теориясының негізін салушы, ұлт мектебінің ұлы ұстазы Ахаң әліпбиін «ұлттық мұрамыз» деп мақтан тұту - ұрпақ парызы екенін ұмытпайық! Ғалым мұрасына мейлінше, адалдық танытып, қажетті деңгейде қадірлей білсек екен.
ИМАХАНБЕТОВА Райхан Сахыбекқызы,
А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, ХБУ-нің доценті
«Абай-ақпарат»