Жұма, 22 Қараша 2024
Көбей 4595 8 пікір 28 Қазан, 2020 сағат 12:26

Алпыс миллиондық меже алыс па екен?..

Қазақ елі тарихында ілкімді ілгерілеу де болды, сонымен бірге іркіліс пенен шегіністер де болғаны жалған емес. Оны тарих деген кәрі шежіре жазып келеді. Соның бірі – демографиялық ахуал халіміз.

Біздің халық осы өсімпаз ба, әлде керісінше саны кері кеткен ел ме? Біз кезінде өсімтал едік. 1911 жылғы санақ бойынша қазақтың саны 8,5 миллион болыпты. Оның алдында ұлт көсемдерінің бірі Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) «Алхамдуилилла, алты миллионнан астық» деген екен. Сол сан күрт төмендеп, 1939 жылғы санақ бойынша 2,4 миллионға құлдырапты. Бұл қазақ халқына ашықтан ашық жасалған геноцидтің салдары еді.

Жалпы қазақ ХХ ғасырда жеті зұлмат пен зобалаңды бастан кешірді. Алдымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және 1918-19 жылғы азамат соғысында ақ пен қызыл жасақтарының сойқандықтарынан, сол тұстағы ашаршылықтан қырылды қазақ. Одан бетер 1921-22 жылғы ашаршылықты қосыңыз. Бұл кезде Тұрар Рысқұлов пен Мұхтар Әуезов шырылдап жүріп, жер-жерге барып, біраз қазақты аштықтан алып қалған. Бұл екі деңіз. Осы кезеңде 1,5 миллион қазақ шейіт болған. Содан кейінгі 1932-33 жылғы алапат ашаршылық. Мұның кесірінен 2,5 миллион қандастарымыз опат болды, 130 рудың шежіресі құрдымға кетті.  Бұл үш деңіз. Сөйтіп үш ашаршылықтан халқымыз 70 пайызынан айырылды. Енді 1937-38 жылғы қудалау, нақақтан «халық жауы» деп соттау. Осы уақытта 25 мың ұлттың бетке ұстар қаймағы атылып, 110 мыңы босып кетті. Бұл төрт деңіз. Ары қарай 1941-45 жылғы қан майдан. Мұндағы қанұйлы соғыста 350 мың қазақ шейіт болды. Бұл бес деңіз. Одан әрі 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игереміз деген желеумен солтүстіктен нешеме басқа ұлт өкілдерін төгіп, жергілікті халықты тықсырып азшылыққа жеткізген. Бұл алты деңіз. Соңғы зұлмат – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Мұнда да халқымыздың біразы тентіреп, қатты күйзеліп азшылыққа ұшырады. Бұл жеті деңіз. Сөйтіп 1959 жылғы санақта қазақ жұрты 29 пайыз болса, 1989 жылы 39 пайызға әупірімдеп жетті ғой, уһ! Сонда сұмдық қой, 1911 жылғы 8,5 миллион халық өсудің орнына 80 жылдан соң сол цифрда қалған! Бұл геноцидттің ең сорақы түрі ғой!

Жарайды, 1991 жылы тәуелсіздік алдық. Содан бергі 2009 жылғы санақ көрсеткендей, 20 жыл ішінде  қазақ  63 пайызға жеткен, ал шын мәнінде 67 пайыз болған, сол тұстағы өкімет қараулыққа салынып цифрды кеміткен еді.

Енді қараңыз. Қазір шын мәнінде қазақ 75 пайыз болыпты, енді келесі жылғы санақты көреміз ғой, тек қараулық болмаса екен.  Астана қаласының өзінде 79 пайыз болыппыз, әлхамдулла! Бұл деген сөз біз толық мәнде басым халықпыз. Әгәрәки геноцид болмағанда зерттеушілердің пайымдауынша біз қазір 60-70 миллион болар ма едік. 60 миллион деген керемет қой. Айбынды, қазір әлемдік державалық дәрежеге жеткен Түркия халқының саны 60-70 миллион.

Тек Аллаһ қуат беріп, ковид деген көк иттен тезірек арылып, экономикамыз алға басса екен. Сонда 2060 жылы 60 миллиондық межені артқа тастаймыз.

Халқымыз ауру-сырқаудан аман болып, жеткіншектеріміз сапалы білім алса екен деп тілейміз. Алла жар болсын!

Тақырыпқа тұздық:

Қазақстанның Статистика агенттігі 2020 жылғы Қазақстан халқының нақты саны туралы мәліметтерді жариялапты. Ол бойынша ел халқының саны 18 миллион 785 мың адам болыпты.

Бұл есеп бойынша, қала халқы – 11,66,2 мың адам (немесе 58,9%), ауыл халқы – 7718,8 мың адам (немесе 41,1%).

Сатистика агенттігінің ақпарынша, 2019 жылғы 1 қыркүйектегі есеппен салыстырғанда, биыл халық саны 237,5 мың адамға немесе 1,3%-ға өскен. Ең көп халық өсімі еліміздің үш өңірде байқалған. Олар: Алматы қаласы – 63,1 мың адам, Нұр-Сұлтан қаласы – 50,0 мың адам және Шымкент қаласы – 31,8 мың адам.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда үшінші рет өтетін халық санағы 2021 жылға шегерілген еді. Әуелі халық санағы 2020 жылы өтеді деп жоспарланған.Үкімет арнайы қаулы да шығарған. Ол бойынша ұлттық санақ биылғы жылдың 1-30 қазаны аралығында өтуі тисі болған. Кейін халық санағы тағы бір жылға шегерілген.

«Ел аумағында коронавирус инфекциясының жаппай таралуы мен Президент пәрменімен  енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты халық санағын 2021 жылдың қазан айына дейін шегеру туралы шешім қабылданды», - делінген Статистика агенттігінің ақпаратында.

Бақытжан Тобаяқов,

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ә.Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5301