330 миллиард һәм инвестиция
(күнделік)
Интернетті ақтарып отырып, былтырғы жылғы бір ақпаратты көзім шалды. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан 120-дан астам елден 330 миллиард доллар инвестиция тартыпты... Аз ба, көп пе?
Қазақстанның ең бай адамдарының бірі Владимир Кимнің байлығы 4 миллиард бір жүз миллион долларға тең... Яғни, сол Кимнің ақшасынан 80 есе көп қаржыны шетел бизнесмендері қазақ экономикасына құйған. Былай, логикаға салып қарасаңыз 330 миллиард доллар дегенді Құлыбаев пен Өтемұратов секілді 115 ауқатты байдың ақшасы деуге де болады...
2020 жылы әлемнің ең бай адамы «Amazon-ның» негізін қалаушы Джефф Безостың байлығы 113 миллиард долларға бағаланыпты... Тура сол Джефф секілді әлемнің №1 үш бақуаттысы бар ақшасын қазаққа бере салуы оңай дүние емес, әрине...
Әрине, инвестиция салынады. Салушы одан пайда да табады? Мемлекеттің қарышты дамуы, тұрақтылығы, жұмыс орындарының ашылуы, шетел тәжірибесін үйрену, т.б ауызбен айтып тауыса алмас игіліктер үшін сырттан мол ақшаның келуінен қорқудың қажеті жоқ. Бастысы заң аясында бәрін реттеп, келген ақшаның халық игілігіне жұмыс істеуіне орай туғыза алсақ қой дейсің...
Саясаты тұрақты һәм сенімді елге ғана өзгелер ақшасын құйып, бизнесін өркендетеді. Демек, Қазақстанның нақты демократия жолына түсуі, экономикалық реформалардың дұрыс жүргізілуі, адам құқықтарының қорғалуы бүгінгіден де жақсара түссе, әлемдік қауымдастық қазақты аш қалдырмасы анық-ты...
Тағы бір қызық дерек... Біздің экономикамызға Нидерланды - 7,3 миллиард, АҚШ - 5,3 миллиард, Швейцария - 2,5 миллиард, Ресей - 1,5 миллиард, Қытай - 1,5 миллиард, Бельгия - 1,0 миллиард, Франция - 0,9 миллиард, Ұлыбритания - 0,6 миллиард, Корея - 0,5 миллиард доллар құйыпты. Нидерланд деген кімдер, ойбай! Голландтардың бұлай жомарттық жасауының себебі неде? Оны кейінірек айтармыз...
Қытайдың бізге бағыттаған 1,5 миллиард доллары алда өсе түсері анық. Ресми деректер Қытайдағы 53 өндіріс орнының Қазақстанға көшірілетінін айтқан еді. Бұл 53 жобаның жалпы құны 23 миллиард долларға бағаланыпты. Биыл пандемияға байланысты Қытаймен бірлескен тек 20 жоба іске қосылған көрінеді. 13 жоба іске асырылып жатса, 20 жоба пысықталуда дейді.
Қош! Қоғам тарапы Қытайдан құйылған қаржыға күмәнмен қарайды. Қытай фобиясы ел ішінде өршіп тұрғаны да жасырын емес. Бірақ, ең сорақысы қазір киген киімімізден бастап, тұтынған барлық заттарымыз үшін сол Қытайға тәуелді болып отыруымыз бізге жеке мемлекет ретінде дербес экономикалық саясат жүргізу керектігін аңғартады.
1998 жылғы 30 маусымдағы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылған. Сол кеңестің һәм биліктің басты мақсаты республикадағы инвестициялық ахуалды жақсарту болса керек. Тұңғыш президенттің көршілермен шекара маңындағы проблемаларды жедел шешуге, ядролық арсеналдан бас тартуға және сынақ полигонын жабуға, халықаралық алаңда салмақталған көпвекторлы саясат жүргізуге, заңнаманы халықаралық стандарттарға келтіруге талпынуы біраз жемісін берді.
Ендігі жағдай қандай болмақ?
Қанат Әбілқайырдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz