Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5077 19 пікір 24 Қараша, 2020 сағат 11:55

Қазақстанда бірде-бір мұнай-химия зауыты жоқ!

Қазақстанда жолдардың сапасы көңіл көншітпейтінін көпшілік жиі айтады. Алайда жол сапасына бөлінетін қаржы аз емес. Мәселен, осы жылдың сәуір айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылы жол саласына бюджеттен 680 миллиард теңге бөлінгенін айтты.

Қайсыбір жылғы ақпарат бойынша, Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінің «Жол сапасы» индексі бойынша ә, дегенде сегіз сатыға төмендеген. Былтырғы жылғы ақпарат бойынша, «Жол сапасы» индексі бойынша 140 елдің ішінде 106-шы орындамыз. Сонымен Қазақстанда жол сапасы неге нашар? Біз бұл сұрақты мұнай-химия саласының маманы Ғалымжан Жусанбаевқа қойған едік.


Спикер туралы аз-кем ақпарат:

Ғалымжан Омарұлы мұнай-химия саласында 2005 жылдан бастап қызмет істеген. Сол жылы «ТЭК- Алматы» ЖШС-ында, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ мұнай өнімдерімен және көмірмен қамтамасыз ету ісімен айналысқан.

«SAT Operating Aktau»  мұнай-химия зауыты ЖШС-інде Бас директор, «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ компаниясының бас директоры қызметтерін атқарған. 2010-2011 жылдары Қазақстан - Иран елшілігінде мұнай-химия саласымен айналысқан. Елшінің  экономика бойsнша орынбасары болған. Ал, 2011 жылы мұнай мен мұнай өнімдерін сақтаумен айналысатын «Petro Export» ЖШС-ына келген. Аталған компанияда күні бүгінге дейін коммерциялық сұрақтар бойынша, директордың кеңесшісі қызметін атқарады.


- Ғалымжан мырза, жол құрылысына қажетті заттар мұнайдан алынады, білеміз. Қазақстанда мұнай жеткіліксіз деп айта алмайсыз. Бірақ, жолдардың сапасы нашар. Мұның себебі неде?

- Біз өткенде мұнайдан бірнеше зат шығатынын айттық. Соның бірі жол құрылысына пайдаланатын битум. Әрине, әуелі мұнайды қайнатасыз. Сосын одан газ шығады, бензин, дизел, қымбат майлар шығады. Ең соңында сығылып-сығылып гудрон деген қалады. Сол гудроннан битум жасалады.

Мен жол салатын бірнеше компания өкілдерімен сөйлестім. Олар үнемі бізден битум сұрайды. Өздеріңде неге жоқ десек, мәселе былай екен: Мемлекет оларға жол салу үшін тендер өткізеді. Тендерде битумның тонна бағасын 90 мың теңге жасап қойған. Бірақ, оның нарықтық бағасы 150 мың теңге. Демек, ар жағындағы 60 мың теңгені компания өзі қосуы керек.

Сосын олар не істейді?

Қазақстанда мұнайды төгіп тастаған көлдер көп. Мәселен, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Атырауда мұнай төгілген көлдер бар. Яғни, технология ескі болғаннан кейін, мұнай шығатын трубалар бітеліп қалады. Сол кезде мұнайды жерге де, көлге де жібереді. Ол қалдықтар...

Енді әлгі жол салатындар жаңағы көлдерге төгілген қалдықтарды алып араластырады. Тегін ғой... Ары кетсе 10 мың теңге тұрар. Бірақ, ол таза битум емес. Оның ішінде бензин де бар, парафин де бар. Олардың түрі битумға ұқсағанмен, сапасы бірдей емес. Ал, парафин битумның сапасын құртады. Мәселен, парафин ыстық кезде ериді, суық кезде бытырап, үгітіліп кетеді. Бірінші себеп осы.

- Ал, Қазақстан битум шығара ма?

- Қазақстанда битум шығады деп айта алмаймын. Неге? Мысалы, Ақтауда ТОО «СП «CASPI BITUM» деген завод бар. Ол осыдан 6-7 жыл бұрын салыныпты. Ол заводта Қытай мен Қазақстанның үлесі 50 де 50. Ол зауытты барып көрсеңіз, жұмыс істемейді, түтіні де шықпайды. Атын өзгертіп істей береді ғой, бізде...

Енді сондай завод салатын кезде сіз бір жерден мұнай алып, сапасын қарайсыз. Битум шығару үшін... Оған Қаражамбастың мұнайы тура келеді. Өйткені Қаражамбастың мұнайы ауыр, ішінде асфальтені көп. Сосын парафині жоқ. Ал, битумды құртатын нәрсе парафин екенін айттық. Сөйтіп, Қаражамбастың мұнайын негізге алып, завод салынады. Бірақ ол завод Қаражамбас мұнайының қасына салыну керек ой. Ал, оны 300 км алысқа апарып салған.

Енді ол завод мұнайды «ҚазТрансОйлдың» трубасымен алады. Яғни, «обший трубадан» мұнай алып тұр. Оның ішінде 5-6 түрлі мұнай бар. Яғни, парафин де, мұнай да араласып кетті. Енді оның сапасы бұзылған жоқ па?

Сосын, мұнайдан бірден битум шықпайды. Ол «қойды соймай тұрып, жүрегін алып қойдым» деген нәрсе. Яғни, мұнайдан газ ұшады, екінші бензин ұшады, сосын дизел ұшады, қымбат майлар ұшады... Ең соңында битум шығады. Демек, битум шығаратын заводта дизел де, бензин де, қымбат майлар да сатылуы керек. Яғни, битумға дейінгі тауарлардың бәрі шығу керек қой. Оның бәрі бізге пайда емес пе?

Ал, Қазақстанда бір жаманы битумды басқа атпен, басқа жақтан алып келеді. Сөйтіп осы жерден шығардым деп көрсете салады деп ойлаймын. Ал, ондағы бензин қайда, дизел қайда, қымбат майлар қайда? Бұл дұрыс емес, бұл криминал деп ойлаймын!..

- Қазақстанда битум қанша жерде шығады?

- Павлодарда шығады дейді. Бірақ мен олардан шығатынына сенбеймін. Өйткені ол жақтан парафин де шығу керек қой. Өйткені битум парафинмен келеді. Мысалы кез-келген заводта битум шығады десе, одан парафин шығу керек. Ал, анау мұнаймен араласып кетті ғой. Мысалы, Қаражамбастан алып келсе, одан битум шығады. Ал, мынаған қалай сенуге болады?

- Парафин мен битумды ажыратып ала алмай ма?

- Жоқ, парафині бар мұнайдан жақсы заттар шығады. Ол өте қымбат тауар. Бірақ, мен Қазақстанда парафин шығады дегенді естімегем. Бізде депарафинизатор жоқ. Мысалы, «парафиновый мұнай» ең арзан, қатып қалады дейді. Ол шет елде керісінше ең қымбат. Өйткені парафиннен көп жақсы заттар шығады. Бізде сол технологиялар жоқ. Соны қойса, парафин де шығаратын едік.

Мәселен, қысқы дизел мен жазғы дизелдің айырмашылығы - жазғы дизелде парафин бар. Ол қыста қатып қалады. Одан парафинді алып тастасаңыз, ол қысқы дизел болады. Қысқы дизелдің бағасы бір жарым есе қымбат.

Енді битум неге 150 мың теңге тұрады, есептеп көрейік. Мәселен, Қаражамбастың мұнайы ең арзан. Өйткені ол ауыр. Оның ішінде «светлый продукт»  аз деп көрсетеді. Бірақ, шын мәнінде технология мықты болса, «ауыр өнімдер» қымбатырақ. Өйткені ол майлар.

Мысалы бензиннің тоннасы орташа есеппен 500 доллар болса, «базовый масла» деген бар, оның тоннасы 3 мың доллар тұрады. Бізде оларды игеретін технологиялар жоқ. Оны қойса, біздің ел байып кетер еді.

Енді шамамен есептеп көрсек. Қаражамбастың бір тоннасы 100 доллар деп алайық. Оны машинамен алып келесіз, 20 доллар кетеді. Сосын завод қайта өңделген мұнайды қайнатып бергені үшін 80 доллар алады. Енді сол Қаражамбас мұнайынан шамамен 30 пайыз битум шығу керек. Өйткені ауыр ғой. 30 пайыз шықты дейік. Қалған 70 пайызы қымбат тауарлар.

Ең төменгі дизелдің өзі орташа есеппен 500 доллар деп алайық. Қазір оның бағасы 190 теңге. Бір тоннада шамамен 1260 литр бар. Енді 190-ды көбейтіңіз. Жақсы, қымбат майларды санамай-ақ қояйық. 70 пайызын шамамен 500 доллар деп ала салайық. Жалпы 70 пайызы қымбат продукті ғой.

Ал, битум ең қалдығы емес пе? 500 доллардың 70 проценті қанша болады? 350 доллар болады. Енді, содан шыққан 70 процентпен сіздің 100 доллар мұнай сатып алғаныңыз бар, қайнатқаныңыз бар, алып келгеніңіз бар. Ол 200 доллар. Сонда 70 проценттің өзінен сізге 150 доллар қалды.

Ал, битум қалдық. Сонда битум қанша тұруы керек? Тегін болуы керек емес пе? Неге ол бізде 350 доллар немесе 150 мың теңге тұрады?

Менің ойымша, оны Ресейден алып келеді. Алып келген соң атын ауыстырады, оған тағы төлеу керек. Сосын кіріп келе жатқанда «НДС» төленеді, транспортировкасы бар. Соның бәрі 150 мың теңге болады.

Оны өзімізден шығаруға толық мүмкіндігіміз бар. Өйткені бізде мұнайдың түр-түрі шығады. Ал, битум заводтары қымбат та емес.

Мен Иранда жұмыс істегенде көргем. Битум ары кетсе 20-30 мың теңге болу керек. Егер, осыны реттесе, қосымша қанша жол салынар еді. Өйткені, жол салған кезде шығыныңыздың негізгі бөлігі битумға кетеді. Бұл экономикаға қанша шығын?

- Әзірбайжан да біз секілді мұнайға тәуелді мемлекет. Бірақ, байқағанымыз, оларда жол сапасы жақсы. Мұның себебі неде?

- Олар мұнайға тәуелді болса да, көп өндірістері жақсы. Ал, бізде бір құртатыны Заң. Өйткені Қазақстан баяғы «советский стандарт» дегенде қалып кеткен деп ойлаймын. Мәселен, бізде мұнайды ішкі рынокқа арзан бағамен береді. Салық аз төлейсіз. Бірақ сол мұнайдың атын өзгертсе, экспортқа кететін салық пен ішкі рыноктағы салық қалтаға кетеді. Мысалы, дизелдің атын өзгертіп, пеш майы деген сияқты. Оның бәрі совет кезінде қалып кеткен стандарттар.

Ол стандартты қазір Белорусия, Ресей, Қазақстан ғана қолданады. Ал, Әзірбайжанның бір мықтылығы олар шет елдік, еуропалық, америкалық компаниялармен істейді. Сондықтан олардың технологиясы дамып кеткен. Қалдық аз шығады.

Мысалы Иранда халық саны көп, бірақ мұнайы бізден аз. Оларда 30 жыл санкция болып келе жатса да, мұнай сатқаннан бұрын мұнай химия заводтары жақсы жолға қойылған. Қазір Иранда 30-40 үлкен завод, 100-ден аса минизаводтар бар. Ал, бізде бір мұнай - химия заводы жоқ.

- Қазақстанда мұнай қалдықтарын қалай пайдаланады?

- Бізде 40-50 минизавод бар. Олар бензин шығарады, дизел шығарады. Бірақ, аса сапалы емес. Алайда, ол минизаводтарға ішкі рынокпен мұнай беруге болмайды. Тек мұнай өңдейтін үш заводпен «CASPI BITUM»-ға береді. Ал, қалған заводтар өздері табады. Бірақ қымбат бағамен алады.

Енді жаңағы мұнай қалдықтарын қайта өңдеп, мұнай заводтарына өткізем десеңіз, сіздің үстіңізден қылмыстық іс қозғалады. Сонда қалдық мұнайды қайта өңдегеніңіз үшін істі боласыз. Бұл қалай сонда?

Ал, миллиондаған тонна қалдықтар далада жатыр. Оның бәрі қанша ақша? Экологияға қанша зиян? Ол су сияқты жылтырап жатқандықтан, жазда құстар қонып өліп жатты.

Негізі қалдықтарды төгетін арнайы жерлер бар. Мысалы, Жаңаөзеннің қасында арнайы қалдық төгетін орын бар. Оны сіз заң бойынша реттеп, халыққа «өздерің тазалап, шетелге сатыңдар» десеңіз, Жаңаөзеннің адамдарына бес жылға жұмыс болар еді.

Мәселен, совет үкіметі тараған кезде, қанша металл затты тастады. Кейін олардың бәрі керек боп қалды. Қазір көшеде металл таппайсыз. Бәрін жинап сатып жіберді. Бұл да тура сол сияқты.

Егер мұнай қалдықтарын тазалауға рұқсат берсе, біріншіден экологияны тазартасыз, екіншіден ол ақша, үшіншіден жұмысшы күші. Өйткені, қанша қалдықтар жатыр. Ол әсіресе шағын және орта бизнеске аса пайдалы. Одан салық түседі, айлық болады дегендей.

- Рұқсат беруге не кедергі?

- Оған не кедергі екенін мүлде түсінбедім. Бізде ірі-ірі экологиялық компаниялар бар. Солар мемлекеттен қалдықтарды тазартқаны үшін ақша алады деп ойлаймын. Оларға өмірі қалдықтың тазаланбағаны жақсы да?.. Бұл жерде бәрібір лоббилік көзқарас жатса керек. Бірақ, егер шынымен қызығушылық болса, оны қадағалау қиын емес. Жай ғана, заңды оңайлату керек.

Қазір бәрі пандемияға байланысты сыртқы нарыққа кетіп жатыр. Бірақ, пандемияға дейін сыртқы нарыққа бензин, дизел жіберілген жоқ. Өйткені өзімізге жетпейді деді. Шын мәнінде заводтар үш есе көп жұмыс істесе, өзімізге жетпек түгілі, асып кетеді. Оның бәрі пайда ғой. Қазір не үшін бәрі завод сала береді. Мысалы, мұнайы жоқ елдер де завод салады. Олар мұнайды сатып алады, алып келеді, шығарады, содан пайда көреді. Белорусия сияқты. Ал, бізде арзан мұнай бар, бәрі бар, Бірақ завод жоқ.

- Бізде мұнай өзімізден шығып жатса, завод салу неге сонша қиын?

- Мысалы, дүние жүзінде мұнай заводын салудың екі жолы бар. Сізде мұнай бар, сіз оларға осынша «обьем» тапсырамын деп кепілдік бересіз. Олар мұнай заводын сізге өзі салып береді. Мәселен, Қытай бір тонна мұнайды өңдеп бергені үшін 100 доллар алды дейік. Ал, сіз 5 млн. тоннаны Қытай заводы арқылы өткізем десеңіз, 100 доллар қойып қояды сізге. Және бәрін «жоғалымсыз» дұрыс бөліп береді. Сонда 5 миллион тонна өтеді десек, 500 млн доллар болады. Ал зауыт жалпы ары кетсе 1 млрд доллар тұрады. Демек, сіз шығыныңызды 2-ақ жылда шығарып аласыз.

Ал Қазақстанда сіз он есе қымбатқа өз ақшаңызға саласыз. Мұнай өзіңіздікі. Ендеше 2 шығын не керек? Егер сіздің мұнайыңыз бар болса, Қытайлар өздері-ақ келіп салып береді. Және олар өзінің ақшасын шығарып алады да, кетіп қалады. Есесіне завод сізге қалады.

Мысалы битум заводы туралы айтайық.  Шетелде бір зауыт 1 млрд доллар болса, бізде ол 4 млрд доллар тұрады. Өйткені біздің қазақтар барып, сол зауытты алады. Өздері келіп салады. Ол дегеніңіз – мысалы сіз барып мерседес аласыз. Бірақ сіз оны запчастап алып кетесіз де, сосын өзіңіз келіп құрайсыз деген сияқты. Ал сіз оны дұрыс құрайсыз ба, жоқ па, тағы әңгіме... Содан кейін-ақ бағасы қымбаттап кетпей ме? Оданда ақшасын төле. Есесіне 3-4 есе арзан болады. Сосын істете бер...

Егер сол зауытты қымбаттатқың  келсе, 1 млрд доллар сал да, ІРО-ға шығар. 3 жыл пайда көрсетесіз. Сосын акцияларын сатқан кезде бәрібір сол ақшаң шығады. Ақшаңды шығарып алдың ба, 10 пайызын өзіңе қалдыр. Сен өз ақшаңды шығарып алдың, олардың ашасын қайтарып бердің, үстінен пайда көрдің. Сосын оны басқарып отырасың. Анау миллиондаған акционер келіп басқармайды ғой, 10 пайызы сенікі болған соң сен басқарасың. Зауыт сенің жеріңде, өзіңдікі.

- Сонда битумның бағасына еш бақылау жасалмайды ғой?

- Жасалмайды. Неге екенін білмейін. Оны тексеретін салық комитеті қайда? Есеп комитеті қайда? Оның бір жолы «КПУ» бақылау аппараттарын қою. Ол аппарат шыққан өнімді де, кеткен шығынды да анық көрсетіп тұрады. Сонда ғана бақылау орнатуға болады. Бірақ, оған ірі-ірі лоббилік топтар қарсы болып отыр.

- Әңгімеңізге рахмет!

- Сіздерге де рахмет!

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

Маман пікірі: Қазақстанда неге бензин қымбат?

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5313