Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 7508 22 пікір 6 Қараша, 2020 сағат 13:56

Маман пікірі: Қазақстанда неге бензин қымбат?

Қазақстан мұнайға бай мемлекет деген сөзді жиі айтамыз. Бұл бүгінде әсіре-пафосты сөзге айналды десек те, бұлтартпас факті! Қазақстан мұнайға бай мемлекет. Сол секілді, классикаға айналған тағы бір сауал – мұнайға бай Қазақстанда неге бензин қымбат?

Расымен-ау... Елімізде халық тұтынатын бензиннің бағасы қымбат екені рас. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап бензиннің бағасы литріне 10 теңгеге өскен. Мұның себебін құзырлы билік Ресейдегі бағамен байланыстырады. Басқа да түрлі болжамдар айтылды. Біз осы сауалды мұнай-химия саласының нағыз маманы Ғалымжан Жусанбаев мырзадан сұрап көрген едік.


Спикер туралы аз-кем ақпарат:

Ғалымжан Омарұлы мұнай-химия саласында 2005 жылдан бастап қызмет істеген. Сол жылы «ТЭК- Алматы» ЖШС-ында, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ мұнай өнімдерімен және көмірмен қамтамасыз ету ісімен айналысқан.

«SAT Operating Aktau»  мұнай-химия зауыты ЖШС-інде Бас директор, «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ компаниясының бас директоры қызметтерін атқарған. 2010-2011 жылдары Қазақстан - Иран елшілігінде мұнай-химия саласымен айналысқан. Елшінің  экономика бойsнша орынбасары болған. Ал, 2011 жылы мұнай мен мұнай өнімдерін сақтаумен айналысатын «Petro Export» ЖШС-ына келген. Аталған компанияда күні бүгінге дейін коммерциялық сұрақтар бойынша, директордың кеңесшісі қызметін атқарады.


Ішкі нарыққа мұнай жоқ деген өтірік сөз!

- Ғалымжан Омарұлы, қазір елдің көкейіндегі сауал – бензин бағасы неге қымбат? Қазақстан мұнайға бай мемлекет болса, мұнай өңдейтін зауыттар болса, сол мұнай Қазақстанның өз нарығын қамти алмай ма? Баға неге күн сайын қымбаттап жатыр?

- Бұл жерде спицификалық сұрақтар бар. Дұрыс айтасыз, Қазақстанда мұнай көп және арзан. Ал, мұнай өңдейтін 3 зауытымыз бар. Бірақ, қазір неге екені белгісіз, ішкі нарыққа мұнай жоқ дегенді жиі айтады. Ол өтірік. Өйткені алғаш мұнай өндірілген жылдары оның көлемі жылына 60-70 миллион тонна ғана болған. Мұнай және мұнай өнімдері сол кезде ішкі нарықта көп болды ғой?..

Ал, қазір бізде жылына 90 миллион тонна мұнай өндіріледі. Біраз уақыттан кейін ол 120 миллион болады. Бірте-бірте көтеріліп келеді. Себебі қазір технология күшейді. Шын мәнінде ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да мұнай көбейіп жатыр.

Одан бөлек, мемлекеттің көмегі бар. Мысалы, сіздің мұнай өндіретін кен орныңыз болса, оған лицензия алып жатқан кезде, мемлекет сізді 5 тен 30 пайызға дейін ішкі нарыққа мұнай беруге міндеттейді.

(Көрнекілік сурет. Мұнай өңдеу зауыттары қайда орналасқан?)

Ал, мұнай өңдейтін үш зауытымыз бар дедік. Олар кеңес кезінде салынған зауыттар. Ол кезде қалай болды?..  Мәселен, бір зауыттың жоспарын суретке салады да, барлық мемлекеттер сол план бойынша салады. Енді сол уақытта салынған зауыттар қазір Беларуссияда, Ресейде бар. Ондағы бір зауыт жылына 20-25 млн. тонна мұнай өңдейді. Ал, Қазақстанның зауыттары жылына 4,5-5 миллион тонна мұнай өңдейді. Неге екені түсініксіз...

Енді осы сауалға жауап беріп көрсек. Мысалы, қазір машиналар газ қолданып жүр. Ол газ ішкі рыноктағы нарықтық баға. Яғни, мемлекет ішкі рынокқа арзан бағамен береді, оны жанармай бекеттері сатады. Бірақ, газ қайдан шығады?  Қайда сатылады?

Мысалы ретінде айтайық, Ақтаудағы жанармай бекетінде газ 50 теңге болса, Шымкентте 55 теңге, Алматыда 70 теңге. Демек, Қазақстан бойынша ең төменгі баға 50 теңге дейік. Ендеше Астана мен Алматыда газ бағасы сәйкесінше 70 теңге болады. Өйткені, 30 пайыз айырмашылық бар. Бұл 30 пайыз – тасымалдау т.б. шығындарына жатады. Ол дегеніңіз – Ақтаудың газын Алматыға жеткізгенше әуелгі бағаға 30 пайыз қосылады деген сөз.

Дизелдің бағасын түсірсе  халық Алматы мен Астанада емес, ауылда өмір сүреді!

Ал, бензин мен дизелді алып қараңызшы. Ол шығып жатқан жерінде де, Астана мен Алматыда бір бағада. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда бензин 150 теңге болса, оның 30 пайызын есептегенде баға 100 теңге болады. Демек, мұнай өңдейтін үш өңір Павлодар, Шымкент, Атырауда бензин 100 теңге болуы керек. Ал, 30 % дизел ше?

(Көрнекілік сурет. Атырау зауытының бағасы мысал ретінде алынды)

Қазір ауылшаруашылығының 70 пайызы дизелді тұтынады. Егер дизелдің бағасы түсіп кетсе, халықтың басым бөлігі Алматы мен Астанада емес, ауылда өмір сүреді. Ауылшаруашылығы көтеріледі. Сіз мына жерден шығара алмаған ақшаңызды ауылшаруашылығынан шығарып аласыз ғой. Айлық бірдей, бірақ, шығын аз. Бұл бірінші фактор.

Екінші фактор – мұнайды өңдеген кезде, мұнай зауыттарының кестесінде 10,2 %-тен 20% -ке дейін «жоғалым» деген болады. «Потерия» дейді. Ол қайда кетеді?

Мұны жай сөзбен түсіндіріп берейін. Мысалы, мұнайды өңдеген кезде, сол зауыттың кестесінде 4% газ болады. Мұнайды қайнатқанда 35-50 градусқа дейін газ ұша бастайды. Оны ұстау өте қиын. Арнайы мұздатқыштармен ұстайды. Егер сіз сол 4 пайыз газды ұстап қалсаңыз, қалған 10,2-20 пайыз қайда кетеді? 4 пайыз газды ұстағанда, 10 пайыз мұнай затын ұстай алмау қисынға сыймайды ғой?..

Енді ойлап көріңізші, бір айда 500 мың тонна мұнай өңделсе, оның 10 пайызы 50 мың тонна емес пе? Бұл дегеніңіз 1000 вагон. Егер ол төгіліп қалса немесе ауаға ұшып кетсе, сол жердегі халық уланып қалар еді ғой. Мұның бәрі шығын емес пе?

Егер ай сайын 100 мың тоннаның ақшасын айналымға түсірсеңіз, содан ары кетсе мемлекетке 20% «КПН» төлейсіз (Корпоративный подоходный налог). Енді 50 мың болса, сіз 10 мыңын мемлекетке төлейсіз, 40 мыңы таза сізге қалады. 100 мың болса, 20 мыңы мемлекетке, 80 мыңы сізге қалады. Содан кейін сіздің шығыныңыз азаяды ғой. Сол біздің жанармай бекеттеріндегі бензиннің бағасына жатпай ма? Енді біз бағана бензин бағасын 100 теңгеге түсірсек, енді мынау бойынша тағы төмендетсек, 70-80 теңге болады емес пе?.. Демек, азаяды.  Өйткені «КПН» төлеп, заңды түрде жүргізсеңіз, шығыныңыз 10-ақ пайыз.

Бізде бензиннің бағаларын антимонополиялық комитет бақылайды. Бірақ, мынандай бейресми шығындар болған кезде, оны қалай бақылайды? Бұл қара ақша!.

- Бізде 10,2-20%-ға дейінгі «жоғалым» бар делік. Ал әлемдік стандартта бұл қанша?

- Әлемдік стандартта бұл максимум 0,5%.

Барлық мұнайда бензин болмауы мүмкін, бірақ, дизел болады!

- Жаңағы 1000 вагон «жоғалым» мұнай қайда кетеді, сонда?

- Ішкі рынокқа жібереді. Енді сіздің сұрап отырғаныңыз – бензиннің бағасы неге жоғары? Дизелдің бағасы неге қымбат?

Мәселен, бұрын бензин 150 теңге тұрса, дизел үнемі екі есе арзан тұрған. Ал, қазір керісінше дизел қымбат. Дизел қазіргі бағамен 70 теңге. Өйткені, мұнайдың 92, 96, 98 бәрін қосып қайнатқанда осы зауыттың кестесімен 28% болады. Ал, бір ғана дизел 30%. Барлық мұнайда бензин болмауы мүмкін. Бірақ, кез-келген мұнайда дизел бар. Және дизелді алу оңай. Мәселен, мұнайдан бензин шығару үшін екі рет қайнатуыңыз керек. Ал, дизел бірден дизел боп шығады. Ол оңай.

Енді бізде осы пандемияға дейін дизел, бензинді шетелге шығаруға шектеу болды. Қазір «сырттан бензин кіргізбеңіздер, өзімізге сыймай жатыр», дейді. Ал, неге онда дизел сыймай қалмайды? Дизел көп боп кетсе, бағасы түсіп кетпей ме?

Сосын тағы бір мәселе. Пеш майының «пошлинасы» төмен. Оны шетелге шығаруға тыйым да салынбаған. Бір қызығы дизел мен пеш майының заты ұқсас. Сондықтан, бізде өндірілетін дизелді пеш майы деп те шығаруға әбден болады. Бәлкім, біздегі дизел тапшылығына осы себеп те әсер етуі мүмкін...

Мәселен, мен 150 теңгеге бензин құюға қиналам. Ал, 190 теңгеге тракторға дизел құясыз. Ол 5 есе көп жейді.

- Мұны реттеудің жолы қандай?

- Енді мұны дұрыстауды тек сала мамандары біледі. Бүкіл дүниежүзінде «КПУ» деген нәрсе бар. Бұл мұнай базаларында қойылатын счетчиктер. Қанша төгілді, қанша кетті көрініп тұрады. Соны бізде бір жыл бұрын алып тастады. Ол тікелей салық комитетіне, Қаржы министрлігіне мәлімет беріп тұрады. Егер сол «КПУ-ды» қойса, мына жоғалымдар көрініп қалады. Әлдеқайда азаяды.

Ал, бізде халық «КПУ» қою қымбат деп шулады. Әр жанармай бекеті әрі кетсе ауылды жерде 10-20 миллион теңге тұрады. Ал, КПУ 5 миллион теңге тұрады. Жақсы, оны жанармай бекеттеріне қоймай-ақ қойсын. Бірақ, мұнай сақтайтын қоймаларға міндетті түрде қойғызу керек! Сондай бақылау болса, бәрі тоқтайды. Шығынның бәрі кіріске жатады әрі бензин мен дизельдің бағасы төмендейді.

- Бізде «КПУ-дың» алынғанына қанша уақыт болды?

- «КПУ-ды» біздің Үкімет қабылдаған. Ол барлық мемлекеттерде бар. Тек қана Қазақстанда жоқ-ау. Бізде заңмен кіргізілді. Ол заңды қабылдау үш жылға созылды. Сосын болмайды, деп алып тастады. Дұрысы, лоббилік топтар алғызып тастады.

Мысалы, «КПУ» ары кетсе 5-6 миллион тұрады. Ал, қойма 500 млн. теңге тұрады. Енді «КПУ-ды» сатып алудың да қажеті жоқ. Олар бөліп төлеуге береді. Айына асып кетсе 100 мың теңге төлейсіз. Былай айтқанда «рассрочка» сияқты. Ал, оған әлдебір топ  жанармай бекетіндегілерді әдейі шулатып, қойғызбады.

Егер осы заңдылықтарды ұстасақ, бензиннің бағасын түсіру өте оңай. Екіншіден, мұнай қорытам дейтіндер көп. Олар кіреді ғой. Қазір пандемия кезінде ешқандай шектеу жоқ. Ертең коронавирус біткен соң, қайтадан «шығаруға болмайды» деген шектеу қойылады.

Белорусия мен Ресей жақсы жұмыс істейді

- ОА немесе ТМД-да мұнай өңдеу зауыттарының қайсысы белсенді?

- Қазір Белорусия мен Ресей жақсы жұмыс істейді. Мәселен, Белорусияда мұнай жоқ. Бірақ, олардың МӨЗ-дерін бұрын кеңес кезінде салып кеткен. Олардың зауыттары баяғы стандартпен жылына 25 млн. тонна мұнай өңдейді. Бірақ, қазір Белорусия мұнайды тек өзіне ғана емес, Ресейден де алып, Еуропаға жібереді. Еуропадағылар бензинді еуропалық стандартпен алады. Біздің пайдаланып отырғанымыз кеңес кезінің стандарт. Ал, Белорусия ол жаққа еуропалық стандартпен жібереді. Сол үшін олар модернизация істеді де, қазір 13-15 млн. тонна жиналады, бір завод аударым жасайды.

Ал, еуропалық стандарт бізге сәйкес келмейді. Біздің көп дүние баяғы стандарттармен қалып кеткен. Мысалы, өзім жақсы білетін Атырау заводын алайық. Қаланың ортасында тұр. Соғыс кезінде салынған. Сол кезде зауыт жылына 7 млн. тонна мұнай өңдеген. Ал, жоғалымы 3 пайыз болған. Әрине ол кезде газды ұстайтын жаңа технология болған жоқ. Содан бері біраз модернизация өтті. Қазір Атыраудың зауыты 4,5-5 млн. тонна мұнай шығарады. Ал, жоғалым 10-20 пайыз.

Қазір оны заңмен істеу тиімді. Ары кетсе 20 пайыз «КПН» төлейсіз, болды! Қосымша құн салығы (НДС) қайтарылады. Барлық технология бар. Мұны төмендегілер білеміз, ал, жоғарыдағылар білмейтін шығар.

Мәселен, Қазақстанда соңғы модернизация бойынша әр зауытта 2,5 млрд. доллар. Мазут, бензин алады. Мазут деген - ең төменгі қалдықтан бензин шығару. Ол біздің Қазақстанға тиімді емес. Өйткені біздің мұнай ішкі нарықта мазуттан арзан тұрады. Одан да мұнайдың көлемін көбейту керек қой?.. Жаңағы 10-20 пайыз жоғалымдарды жоймаймыз ба? Сонда  біздің зауыттарыңыз пайда көрсетеді. Одан кейін қызығушылық пайда болады ғой.

- Бізде 3 МӨЗ бар дедік. Қазір соларға шет елден сұраныс бар ма?

- Ресейден өңдеуге мұнай келеді. Өйткені ол жақта қымбат. Бірақ қазір жабық тұр. Павлодар зауыты Қазақстанның мұнайын Ресеймен ауыстырады. Әр зауыттың спецификалық жұмыстары бар. Мәселен, Павлодар зауыты мұнайды тек трубамен Ресейден алады. Баяғы кеңес кезінде салып кеткен. Вагонмен төге алмайды. Сол үшін ар жақтан трубамен келеді, мына жақтан трубамен басқа мұнай келіп ауысады. Бәрібір Павлодарға келіп жатқан мұнайдың бағасы біздің Қазақстанға ішкі рыноктың бағасы болып есептеледі. Өйткені ол көлеміне қарай беріледі.

Қытай мұнай-химия саласында әлемде бірінші!

- Біз бұрын «Қазақстан мұнайына кімдер қожалық етіп отыр?»  дегенді жазғанбыз. Сонда байқағанымыз, 40-50 пайыз компаниялардың иелері қытай азаматтары. Бұл салада қытай кәнігі маман ба?

- Қытай өте жақсы маман. Тіпті мұнай-химия саласында олар әлемде бірінші деп айта аламын. Бүкіл дүние жүзі бойынша барлық зауыттарды қытайлар салады. Сіз ойламаңыз, қытай өзі салады екен деп. Қытай Американың, Еуропаның лицензиясы арқылы, солардың параметрімен салады. Ол лицензия өте қымбат тұрады. Мысалы, Қытай бізге келіп бір зауыт салса, егер ол осынша сумма тұрады десек, соның жартысын лицензия үшін Америкаға, Еуропаға төлейді. Өйткені олардың продукциясын лицензиясы болмаса, шет ел алмайды. Сондықтан Қытайдан қорқа берудің қажеті жоқ.

- Бізге мұнай-химия саласында екі ірі көршіміздің қайсысымен байланысты арттырған тиімді?

- Барлық техника мен технология Қытайда емес пе? Ресей бізге зауыт сала алмайды. Егер біз мұнай-химия зауытын салатын болсақ, оны Ресеймен емес, Кореямен, Қытаймен саламыз. Қазір солай боп жатыр. Ресей өзі салғысы келсе де, жабдықтарды Кореядан, Қытайдан алып келеді.

- Біздің халықтың басым көпшілігінде русофобия және қытайфобия бар. Мысалы, Қытайдың 51 зауыты келіпті дегенде, жұрттар шулап шықты. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Егер Қытай осы салада маман болса, ол жерде фобия болмау керек, оны пайдалану керек. Өзім Қытайдың 10 қаласында болдым. Зауыттарын көрдім. Бәрі Америкалық, Еуропалық лицензиялармен салынған. Зауыттарының ішіне кірсеңіз біздің қалалардан таза. Ішінде адам жоқ, бәрі компьютерленген.

Сосын Иранда болдым. Онда да зауыттарды қытайлар салады. Америка мен Ресейде, Еуропада да солай. Сондықтан қытайлардан қорқа берудің қажеті жоқ.

- Бізде тұтынушылық туарлардың бағасының қымбаттауы доллар бағамымен өлшенеді. Мұны реттеудің жолы бар ма?

- Егер мына әдісті қолдансақ, доллардың бағасы түсіп кетеді. Мәселен, дизелдің бағасы түссе, ол ауылшаруашылығына кетеді ғой. Одан шыққан затты экспортқа сатасыз. Экспорттан доллар кірмей ме? Демек, доллар көбейеді. Ол көбейсе, бағасы түседі. Ал, оның тиімді тұсы – ауылшаруашылығы саласы көтеріледі. Ал, бізде онымен айналысуға мүмкіндік көп қой... Мен де сонымен айналысар едім.

- Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы уақытта осы тақырыпта тағы да әңгімелесе жатармыз деп сенеміз...

-Сіздерге де рахмет!

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299