Мәуен Хамзаұлы. Асқақ рухтың алдаспаны
Адамзат қоғамындағы даму заңдылығының біз біле бермес ерекше бір құбылысы дейміз бе, тіпті тағдырдың, жазмыштың ұйғарғаны дейміз бе, әйтеуір, бір ақиқаттың бар екендігі айқын: ол - ғасырлардың тоғысқан тұсында, уақыт тұрғысынан алғанда өліара кезеңдерде тарих сахнасына сирек қайталанатын айрықша тұлғалардың шығатындығы. Әлімхан Ермеков - сондай ғажайып тарихи тұлғалардың бірі. Ол Алашорда қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дәулетов, М.Жұмабаев, Б.Қаратаев, М.Шоқаев, т.б. секілді уақыт тынысын, жаңа қоғамның талап-тілегінен туындаған саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік идеологиялық саясатты, отарлауды, ұлттық сананы бұғаулауды мақсат еткен патшалық, кейіннен кеңестік ұстанымды сұңғылалықпен сезіне білді, түйсіне білді.
Адамзат қоғамындағы даму заңдылығының біз біле бермес ерекше бір құбылысы дейміз бе, тіпті тағдырдың, жазмыштың ұйғарғаны дейміз бе, әйтеуір, бір ақиқаттың бар екендігі айқын: ол - ғасырлардың тоғысқан тұсында, уақыт тұрғысынан алғанда өліара кезеңдерде тарих сахнасына сирек қайталанатын айрықша тұлғалардың шығатындығы. Әлімхан Ермеков - сондай ғажайып тарихи тұлғалардың бірі. Ол Алашорда қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дәулетов, М.Жұмабаев, Б.Қаратаев, М.Шоқаев, т.б. секілді уақыт тынысын, жаңа қоғамның талап-тілегінен туындаған саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік идеологиялық саясатты, отарлауды, ұлттық сананы бұғаулауды мақсат еткен патшалық, кейіннен кеңестік ұстанымды сұңғылалықпен сезіне білді, түйсіне білді.
Қазақ деген халықтың басына киілген бодандық ноқтасының тым тарылып кететінін түсінген ол өз серіктерімен тығырықтан шығар жол іздеді. Ұлттық болмысқа негізделген халықтық руханияттың, ғұмыр кешу салтының ғасырлар бойы қалыптасып, сыннан өткен түрлерінің келе-келе құрдымға кетіп, жоқ боларын, табан астында тапталарын жан-тәнімен ұғынды. Әлімхан Әбеуұлы қазақтың ұлт ретінде, халық ретінде тарих толқынындағы топан су астында қалмай, аман қалуының жолы - рух биіктігінде, қажымас қайрат пен асқақ зияткерлікте екенін сезіне алды. Осыдан келіп, күн тәртібіне ұлттық сананың оянып, кемелденуіне бірден-бір дәнекер болатын партия құру мәселесі қойылған еді.
Сөйтіп, өмірге қоғамдық, тарихи қажеттіліктердің негізінде алашорда қозғалысы, алашорда партиясы, сәл кейінірек Алашорда өкіметі келді.
Жаңа жағдайдың аласапыран сәтінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Шоқай, Ә.Ермеков, т.б. ұлттық мемлекет құруды мақсат етті. Алаш қозғалысы қазақтың дербес мемлекетін құрып, қалыптастыруда алғышарттар жасайтын маңызды тетік деп саналды. Жүз ойланып, мың толғанған алашордалықтар өз алдына экономикалық, саяси, рухани тұрғыдан алғанда, өзге елдермен терезесі тең, дипломатиялық қарым-қатынас орната алатын, достық, бейбіт ынтымақтастық байланыс жасай алатын қазақ мемлекетін құрудың уақыты келді деп есептеді. Демек, алаш қозғалысының басшылары пікірінше, ұлттық сананың жетілгені, дамығаны олардың осынау ұлы істі бастауына мүмкіндік берген болатын. Міне, қазіргі таңда, яғни тәуелсіздіктің бүгінгі биігінен өткен тарихымызға үңілгенде, басты назарда ұстайтын жайтымыз осы болса керек. ХХ ғасырдың басы - ұлттық сананың мейлінше жетілген кезеңі.
Ә.Ермеков өз пікірлестерімен бірге жер бетіндегі барша халықтың тарихын жетік білді. Адам мен қоғам, адам мен тарих, қоғамдық дамудағы жеке тұлғаның рөлі, экономикалық мүмкіндіктердің жан басына шаққандағы жеке үлесі т.б. мәселелер қатаң да нақты сараптан өткізілді. Олар өз халқының ұлттық сипат, ерекшеліктерін, адамзат қоғамы ауқымында алатын орнын, өзгеге ұқсай бермес асылдарын, жалпы адамзаттық құндылықтар қатарынан табылар өзіндік үлесін Уақыт және Кеңістік сияқты философиялық ұғымдар аясында зердеден өткізді. Қазақтың басын қосып, жеке ұлттық мемлекет жасаймыз деп бел байлағанда, ұлт бойындағы қайталана бермейтін болмыс, асқақ рух, бай тарих, ғажайып мол руханият мұрасы Ә.Ермеков сияқты алашорда қайраткерлерінің қиялына қанат бітіріп, жігерлендіргенін естен шығармауымыз қажет.
Ойды ой қозғайды, сөз реті келген соң бір жәйттің басын аша кеткен жөн. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері күні бүгінге дейін алашорда жайлы, оның көсемдері жайлы біршама еңбектер жарық көрді, әлі де жарық көрмек. Солардың біразында, өкінішке қарай, алашорда қайраткерлерін кеңес, партия қызметін атқарған танымал тұлғаларға қарсы қою, оларды өзара жаулық, дұшпандық қатынаста болды деген пікірлердің қылаң беріп қалатыны жасырын емес. Алайда көптеген тарихи құжаттарды, әр тарихи есімнің қоғамдық-әлеуметтік, тарих аясындағы өз халқына деген қарызы мен парызын зерттеушілік көзбен үңіле отырып зерделегенде, бір нәрсеге даусыз көзің жетеді. Ол - мейлі, С.Сейфуллин болсын немесе А.Байтұрсынов болсын, өз өмірінің мән-маңызы да, мазмұны да туған халқына қызмет ету деген азаматтық ұстанымды ғұмырларының темірқазығы деп ұғынғаны. Бұндай ұлы қасиетті тарих пен тағдыр екінің біріне бұйырта бермеген. Олардың ірілігі ғана емес, ұлылығы да осынау мақсат-мұраттардан туындап жатыр. Бөкейханов та, Байтұрсынов та, сондай-ақ Сейфуллин де, Мұқанов та өз елінің айрықша өркендеп, өркениетті жұрттар қатарына қосылуын мәңгі-бақи армандап өтті, шама-шарықтарынша сол мақсат жолында еңбек етті, тіпті жанын да қиды. Алайда ұлы арманға жету үшін таңдап алған жолдары әр түрлі еді. Сәкен Сейфуллин мен оның пікірлестері халқының болашағына деген үмітін кеңес үкіметі мен коммунистік-большевиктік партиямен байланыстырды, Бөкейханов, Байтұрсынов, Ермеков барлық үмітін қазақтың дербес, тәуелсіз мемлекеттігімен, Алашорда үкіметімен тығыз байланысты қарастырды, яғни мақсат - біреу еді, тек таңдап алынған жол ғана бір-бірінен бөлек болатын. Ұлы мұрат жолында негізгі мақсатқа жету үшін олардың пікір, көзқарастарында жекелеген алшақтық болғаны жасыратын нәрсе емес, бірақ олар бір-біріне дұшпандық пиғылда болған емес, жеке бастың мүддесінен гөрі, халықтық мүддені жоғары қойғанын ерекше айтуымыз қажет. Оларды табыстырып, халқы жүктеп отырған парызды орындауда ұйыстырған жайт - ұлттық мүдде екенін қай зерттеуші болса да қаперіне алуы керек дегіміз келеді.
Алашорда қайраткерлері - Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жанын қиған жандар. Олар - өз елінің осы мақсатты көздеген ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің қатарына жатады. Солардың бірі - Әлімхан Ермеков ХХ ғасырдың басында халқымыздың азаттығы үшін зияткерлік күрес туын көтерген қайраткер. Ол жаңа заманға, жаңа дәуірге лайық күрес, әдіс-тәсілдерді игеру қажеттігін сезінді, солай істеді де. Ол - Махатма Ганди, Сун Ят Сен, Кемәл Ататүрік т.б. халықаралық деңгейдегі қайраткерлермен деңгейлес тұлға. Барлық елдердің тарихи тұлғаларын тізбей-ақ қояйық, тек Азия мен Африка құрлығында ұлт-азаттық күрес көсемдері үнділік Неру, индонезиялық Сукарно, египеттік Насырды алсақ та жеткілікті, бұлардың ешқайсысы Бөкейханов, Қаратаев, Байтұрсынов, Жұмабаев, Ермековтер көрген зорлық-зомбылықты, азапты, кемсітушілікті бастан кешкен жоқ. Неру сияқты тұлғалар өз мақсаттарына жетті, ажал тырнағынан аман қалды, халқы олардың қолына билік берді, өз тағдырын сенімді қолға тапсырды. Ал біздің ұлттық қайраткерлер арғы-бергі әлемдік тарихта аты қалған танымал тұлғалардың көпшілігінен биік болмаса, аласа емес еді. Алайда тоталитарлық жүйе оларды табанымен таптады, жоқ қылды.
Алаштың айтулы ардақтысы Әлімхан Әбеуұлы бұрынғы Қарқаралы уезіндегі қазіргі Ақтоғай ауданының Бөріктас деген жерінде 1891 жылы дүниеге келген. Жеті жасында Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне оқуға барып, 1905 жылы Семейдегі гимназияға түседі де, оны алтын медальмен аяқтайды. Табиғатына біткен зеректік, алғырлық, тектілік гимназия оқытушыларын да бей-жай қалдырмаса керек, ол сол тұста прогресшіл көзқарастағы мұғалімдермен, атап айтқанда, математик Ф.Дульский, тарихшы Д.Юринскийлермен жақсы қарым-қатынаста болды. Сол кездегі ереже бойынша ол конкурстық негізде екі оқу орнының бірі - Петербургтегі политехникалық, екіншісі - Томскідегі технологиялық институттардың бірінде оқуға құқылы еді. Әлімхан Әбеуұлы Томск технологиялық институтын таңдайды. Аталмыш оқу орны ол үшін білім мен ғылымның қайнар көзі болып қана қойған жоқ, сонымен бірге азамат болып қалыптасуына, дүниетаным көкжиегінің кеңеюіне алғышарттар жасады. Томскіде тағдыр оны қазақтың фольклорлық мұраларын тірнектеп жинаған, Шоқанның досы болған Г.Потанинмен жолықтырды, профессор М.Усовпен таныстырды. Институт түлегі, геолог Н.Урванцев және т.б. жақын байланыста болуы да осы Томск кезеңіне жатады.
Егер ғасыр басында дүниеге келген Алашорда қозғалысының, сәл кейінірек Алашорда партиясы мен үкіметінің басшысы Ә.Бөкейханов, идеялық жетекшісі А.Байтұрсынов болса, Қырғыз автономиясын құрудағы бүкіл істің басы-қасында Ә.Ермеков болғанын айтуымыз керек. Алашорда қайраткерлері тағдырдың өздеріне жүктеген тарихи миссиясын абыроймен орындады. Аз ғана уақыт өмір сүрген Алашорда 1920 жылдың көктемінде не ақтардан, не қызылдардан тірек таппай, коммунистік-большевиктік жүйенің құрбаны болып, өз қызметін тоқтатты. Оның көсемдерін кеңестік жүйе түрлі қызметтерге пайдаланып, бұқара халықтың сеніміне кіруге тырысты. Алаш ардагерлері жаңа жағдайда түрлі лауазымды қызметтер атқарып, халқына қызмет етуге тырысты. Бірақ ешқайсысы да ұлттық, дербес, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру идеясынан бас тартқан жоқ. Бұны айтып отырған себебіміз: Ә.Ермековтің Томскіде оқып жүрген кезінде қаладағы жоғары оқу орындарында оқитын мұсылман студенттерінің қоғамын құруы, ағартушылық, жәрдем беру істерімен айналысуы, Әзірбайжан, Осетия, Татарстан, Башқұрт, Балқар, Сібір т.б. жерлерден келген шәкірттердің үнемі жиналып, келелі кеңес құруы осы жоғарыдағы ойларымызға толық дәлел бола алады. Әлекеңнің танымал саяси қайраткерлер Карпов, Ғайсин, Хакимовтармен пікірлес, сырлас болуы осы қоғамның жұмысы барысында қалыптасқан.
Қоғамдық мемлекеттік құрылымдардың алмасуы Ә.Ермековтің біліммен сусындауына ғана емес, мүмкіндігі туған әр жайтты ұтымды да тиімді пайдалануға итермеледі. Әлихан Әбеуұлы ерте ме, кеш пе, Америка құрлығын жаулауға аттанған еуропалықтардың жерге, оның байлығына қызыққан, ашкөздікпен жергілікті халықты резервуарларға тоғытқан әрекетінен коммунистік-большевиктік жүйенің әлдеқайда терең, әлдеқайда жымысқы саясат ұстанып отырғанын білмеді деп айту қиын, дүлей, өктем күшке қарсы тұрар қауқардың жоқтығын да терең сезінді. Бүгін болмаса, ертең өздерінің ешкімге керегі жоқ боп қаларын да білді. Расында да солай еді. Абылай заманы әлдеқашан өткен болатын. Тіпті оның ержүрек немересі Кенесары ханның қалың бұқараны соңынан ерте алған жанкешті әрекеті де келмеске кеткен еді. Алапат жүйенің соңынан қыруар адамның еріп, ақ боп, қызыл боп соғысып, өз бауыр, өз туысқанын бауыздап, қанқұмарлыққа белшесінен батқанын арғы-бергі тарихта ешкім де білмейтін. Ол тек кеңестік заманның алғашқы кезеңінде бұрынғы КСРО атты империяда ғана жүзеге асты. Мәселе жеке бір адамның немесе бірнеше адамның тарихтың даму заңдылығын өзгертіп, басқа арнаға салып жіберуінде емес, миллиондаған адамдардың наным-сенімін өз дегеніне жұмсауды шебер ұйымдастырған ғаламат қауіпті де қатерлі жүйеде болатын. Өздерінің пешенесіне тағдырдың не әзірлеп отырғанын алаш қайраткерлері түсінбеді деуге болмайды. Мынау жарық дүниеде енді қанша жүре алады, ол жағы беймәлім, бірақ бұйырған уақытты олар жаңа жағдайда жаңа мақсаттарға бағыттады. Сондықтан да болса керек, Әлекең Томск жерінде Потанинмен танысуын ұтымды пайдалана білді. Егде ғалымның үйінде талай рет болып жүріп Г.Вяткин, жазушы В.Шишков, әлемге әйгілі зоолог М.Рузский, профессор Б.Вайнберг, геолог М.Усовтармен танысты. Жақсы қарым-қатынаста болды.
1913 жылы Г.Потанин ауыз әдебиеті үлгілерін жинау үшін Қарқаралы уезіне аттанады. Әлімхан Әбеуұлы бірге кетеді. Экспедиция құрамында апалы-сіңлілі Уткина-Ворониналар да болады. Потанин өзінің жас досы Әлімханның үйіне түседі. Экспедиция жұмысының қорытындылары Ресей императорлық географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесі мәжілісінде 1914 жылдың 10 ақпанында баяндалады. Тұрмыстық сипаттағы өлеңдер, 27 ертегі, түрлі тарихи жырлар үлгілері ортаға салынады. Уткина-Воронина акварельмен салынған суреттерін, өрнектерін көрсетеді. Бір ғажабы, қолға түскен тарихи, көне мұраларды құрметтеуге бейім халық қой, солар түгелдей дерлік осы уақытқа дейін Томск қаласының мұражайларында сақтаулы екен.
Ә.Ермеков сол кезеңде 1898 жылдан партия мүшесі, 1918 жылы Батыс Сібір ревкомының төрағасы болып тағайындалған революционер В.Косаревпен танысады. В.Косаревтің ұсынысы бойынша Семей ревкомының құрамына енеді. Осылайша оқуын уақытша үзген Әлекең қоғамдық-саяси қызметке араласады.
Бұл саладағы Ә.Ермековтің бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалатын ұлы еңбегі мынада. Ол 1920 жылы Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің қабылдауында болып, кеңейтілген мәжілісте - Қырғыз (Қазақ) өлкесіндегі жағдай, хал-ахуал, әсіресе, шекара мәселесі туралы мазмұнды баяндама жасайды. Қазақ өлкесіне қатысты мәселені талқылап, тиісті шешім қабылдауға бөлінген уақыт тым аз болғандықтан, Ермеков өте терең, ғылыми, тарихи айғақтарға негізделген, бұлтартпайтын мысалдармен сөз сөйлейді. Мәжілістің өте қызу, күрделі өткендігі соншалық, жиналыс мөлшерленген уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылады. Сонда ғой, Ермековті сыртта тосып жүрген Әлекеңнің (Ә.Бөкейханов) "Апырмай, біздің Әлімханмен сөз жарыстырып тыңдай алатын орыстан да шыққан жан бар екен-ау" деп өзгелерді күлдіретіні.
Ә.Ермеков өз баяндамасында патшалық билік кезінде жергілікті халық - қазақтардың ең шұрайлы деген жерлерінен айрылғанын, әсіресе Столыпин реформасы кезінде орасан зор зорлық-зомбылықты бастан кешкенін нақты деректермен мәлімдеп береді. Қазақтардың ғасырлар бойы көшпелі өмір салтын күн көрудің көзіне айналдырғанын, яғни жер деген ұғымның осынау халықтың болмысында қаншалықты мәнге ие екенін жан-жақты дәлелдеп, тілге тиек етеді. Орманды, тоғайлы, сулы, нулы деген құнарлы жерлердің, әсіресе, Ертістің жағалауындағы, Каспий теңізінің жағалауындағы жетпіс шақырымдай жердің патшалық Ресейдің Астрахань губерниясының қарамағына өтіп кеткенін баяндайды. Жалпы, шекара мәселесі, қазақ жеріндегі қоныстанушылардың ұлттық құрамы, Коростылев даласы деп аталып кеткен өңір, қазіргі Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы құрамындағы қазіргі Семей жері, т.б.Ә.Ермеков баяндамасында әрі терең, әрі мазмұнды талдауға негіз болды. Ақыры, қарсылық білдіргендерге басу айтып, дауысқа салғанда аталған территория Қазақстан автономиясына беріледі. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның орталығы - Астананы, ел экономикасының қарыштап дамуының бірден-бір қайнар көзі болып отырған мұнай мен газға бай Каспий өңірін сөз еткенде, тәуелсіздігіміз бен дербестігіміздің бастау көзінде тұрған алаш ардақтыларына, солардың бірі де бірегейі Әлімхан Әбеуұлының тарихи тұлғасына берілетін баға да осы тараптан туындауы қажет дегіміз келеді. В. Ленин сияқты билік иесін Әлімхан Ермековтің асқан білімдарлығы, тарих, құқық, заң және экономикалық география, ұлттық сипат төңірегіндегі ұшан-теңіз пайымы, саяси қарсыластарын сендіре алар дәлелді тұжырымы, ой-сананың айрықша асқақтығы тәнті еткен болса керек. Сол жылы жазда екінші Коминтерн конгресінің мәжілісі өтеді, оған Ә.Ермеков құрметті қонақ ретінде қатысады. 1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Социалистік Республикасын құру туралы декрет қабылданады, 12 қазанда Орынборда Бүкілқазақстандық кеңестердің бірінші съезі өтеді де, 1921 жылдың сәуірінде партияның Орталық Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлары кеңесінің жоғарыда аттары аталған жерлерді (Коростылев даласын, Семей, Ақмола облыстарын және Каспий жағалауындағы өңірді) Қазақстан құрамына беру туралы қаулысы шығады.
Осынау саяси әрі ауқымды да маңызды оқиғалардан кейін 1921 жылы ол оқуын тәмамдау ниетімен Томксіге оралады. Қанша дегенмен, білім мұхитынан нәр алдырған осынау қаламен оның 10 жылдай өмірі тығыз байланысты болды. Оның бойындағы асқан талант мен дарын институт студенттерінің ғана айрықша құрметін туғызып қойған жоқ, сонымен қатар, оқыған, прогресшіл бағыттағы орыс зиялыларының да назарын аударды. Солардың бірі - ұлағатты ұстаз, профессор М.Усов еді. Өкпе ауруына шалдыққан Усовты белгілі дәрігер С.Адамовтың ақылымен профессордың үздік шәкірті Әлімхан Ермеков қазақ даласына шақырады, сапар барысында сырқатты қарап, ем қолдануды Әлекеңнің жары - Рахия Шагабетдинова өз мойнына алады. Оларды Ермековтің досы - геолог Н.Урванцев шығарып салады. Мына жайтты қараңыз, тағдырдың жазуы ма, әлде Ә.Ермековтің қазақ жастарының бойынан оқу-білімге деген құмарлықты оятпақ болған тілегін тәңірдің қабыл алғаны ма, Усовты Әлекең Баянауылға алып келеді, сол кезде небәрі 22 жастағы, ешқандай заңгерлік білімі жоқ болса да сот қызметін атқарып жүрген, ұлтымыздың болашақтағы ұлы перзенті - Қаныш Сәтбаевпен таныстырады. М.Усов пен Әлекеңнің ақыл-кеңесімен Қаныш Имантайұлының кейіннен Томск технология институтының Геология факультетіне түсіп, уақыт өте келе, Қазақстан ғылымын ұйымдастырушы, республика Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик, теңдесі жоқ ғылыми жаңалықтардың авторы болуы әу басында сол кезеңнің үлесіне тиетінін айрықша атаған абзал.
Әлімхан Ермеков өз бойындағы тағдыр сыйлаған білімі мен біліктілігін, қабілеті мен қарымын жаңа жағдайда жас буынды оқытып, тәрбиелеу ісіне жұмсаған ұлағатты ұстаз еді. Бұл ойымызға оның бар беделін салып жүріп, Қарқаралыда 1921 жылы екі сатылы мектеп пен педагогтік техникум ашқызуы дәлел бола алады. Олар әйгілі оқу орындарына айналды. Осынау орта деңгейдегі оқу орындарын ғалымдар Ө.Жәутіков, Ә.Сембаев, генерал-майор Қ.Бошаев т.б. бітіргенін айтсақ та жеткілікті. Иә, бұл оқу орындарын республиканың көптеген өңірлерінен келген шәкірттер бітірді. Алайда Әлімхан Әбеуұлының бірыңғай ғылыми-педагогтік қызметпен айналысуына сол тұстағы уақыт тынысы, қоғам талабы, саяси, тарихи жағдаяттар мүмкіндік бермеді. 1925 жылы ол Семейге шақырылады да, Қазақстан Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалып, Орынборға аттанады. Сонымен қатар, оған өнеркәсіп секциясын басқару да жүктеледі. 1926 жылы Қазақ КСР-нің алтыншы шақырылған орталық атқару комитетіне мүше болып сайланады, 1929 жылы осы органның жетінші шақырылымына да мүше болады. Жоғары деңгейдегі білікті маман болғандықтан, Ташкенттегі жоғары педагогтік институтқа, сәл кейіннен Алматыдағы жоғары оқу орындарына ғылыми-педагогтік қызметке шақырылады. Қазақ педагогикалық институты мен мемлекеттік университетте және Алматы зооветеринарлық институтында математика кафедраларының меңгерушісі қызметін істейді. 1935 жылы КСРО Жоғарғы аттестациялық комиссиясы Ә.Ермековке профессор ғылыми атағын береді. Математика ғылымы бойынша ұлтымыздың тұңғыш профессоры Алматы тау-кен-металлургия институтында жоғарғы математика және теориялық механика кафедрасын басқарып, жалпытехникалық факультетінің деканы қызметін қоса атқарады. Техника, математика саласы бойынша оның беріле еңбек етуі, ғылыми еңбектер жазуы осы кезеңге жатады. Қазақ тілінде ол оқулықтар мен оқу құралдарын жоғарғы математика пәні бойынша әзірледі, математикадан ғылыми терминология даярлаумен шұғылданды. Атақты "Ұлы математик курсы" оқулығы жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде жарық көрді. Негізгі бағыты сол кездегі оқу бағдарламаларына сәйкестендіріліп жасалғандықтан, бүгіндері сәл ескілеу көрінуі мүмкін, алайда бұл оқулықтың 1995 жылы қайта басылып шығуы көп нәрсені аңғартса керек. Оқулық жоғарғы математикадан шыққан тұңғыш кітап болғандықтан, Әлекең оның құрылымына анықтама теориясы мен сызықтық теңдеулер жүйесінен де хабардар ететін ілімдерді енгізген. Кітаптың ішіндегі ауыр болып көрінетін терминдер өте ұтымды әрі ұғымды тілмен берілген. Оқулықты кириллицаға көшірудегі доцент Нұрсағат Әділбековтің еңбегін айрықша атаған жөн. Сөз реті келгенде, 1991 жылы Ә.Ермековтің туғанына 100 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Мәскеу және Қазақстанның Қостанай, Семей, т.б. өңірлерінен көптеген ғалымдар қатысып, 172 баяндама жасалғанын, оның 1992 жылы жеке жинаққа енгізіліп, арнайы кітап болып, жарық көргенін де айта кеткеніміз абзал.
Кеңестік тоталитарлық жүйе біршама орнығып алысымен, ұлтым деп жан аямай еңбек еткен зиялыларды қуғын-сүргінге ұшыратты. 1937 жылы Ермековтің достары профессор Асфандияров, композитор Жұбанов, оқу-ағарту Халық комиссары Жүргенов (Әлекеңнің күйеу баласы) т.б. тұтқындалады. Өзіне де тықыр таянғанын сезген Әлімхан Әбеуұлы Мәскеуге кетіп, бой тасалайды. Сол жерде жолдама алып, Куйбышевтағы жоспарлау институтының математика кафедрасына меңгеруші болып тағайындалады. 1918 жылдың наурызына дейін қызмет атқарып, үсті-үстіне жазылған арыздардың нәтижесінде қамауға алынады.
Жалпы, Ә.Ермеков үш рет тұтқындалған екен, 18 жыл бойы жазасын өтеу үшін арнайы лагерьлерде болған. Алғаш рет бұрынғы Алашорда үкіметінің вице-премьері ретінде 1932 жылы тұтқындалады. Негізінен, ұлтшылдық көзқарасы үшін 1926 жылдардан бастап-ақ саяси өмірге араласудан аластатылады. Тек М.Әуезов сияқты өз "қателерін мойындаған соң", 1936 жылдары тоталитарлық жүйенің қаһары "бәсеңдегендей" болады. Алғашқы тұтқындалғанына байланысты бір деректі келтіре кеткеннің артықтығы жоқ. 1932 жылы Ә.Ермековті қызметте отырғанында кеңседе тұтқындайды да, Алматыдан Шымкенттегі арнайы пунктке жолаушылар пойызымен аттандырады (ол кезде тұтқындарды таситын жүк вагондары жоқ еді, олар 1937 жылдан бастап пайда болды). Көрші купедегі, сірә, студенттер болса керек, үш қазақ жігітін көріп, айдаушы солдат қалғып кеткенде, Әлекең солардың біріне өзінің тұтқындалғанын айтып жазған хатын табыс етіп, үйіне жеткізуін өтінеді. Кейіннен 1956 жылы толық ақталысымен, ол кісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа сұранып, қабылдауында болады. Димекең жақсы қабылдап, Алматыдан үй бергізеді. Әңгіме үстінде ол кісі Әлекеңе сонау 1932 жылы көрші купеде болған үш жігіттің бірі өзі болғанын, хатты Әлекеңнің үйіндегі жеңгейге өзі апарып бергенін айтады. Ақиқатын айту керек, "халық жауларын" ақтау ісі жүріп жатса да, дәл сол кезеңде Әлекеңе Димаш Ахметұлының ештеңеден қорықпай, қамқорлық жасауын таза ерлікке балаған жөн.
1932 - 1938 - 1948 жылдары Ә.Ермековтің тұтқындалуы, Краснояр өлкесіндегі Сібір аймағында лагерьде ұзақ уақыт саяси сенімсіз адам ретінде жазасын өтеуі осынау жанды еш қажыта алмағанын көруге болады. Иә, 1932 жылы тұтқындалып, үш жылға сотталуы, 1938 жылы тағы да қамауға алынып, он жылға сотталуы, (кейіннен жаза мерзімін 6 жылға түсірген), 1948 жылы үшінші рет тұтқынға алынып, он жыл мерзімге бас бостандығынан айрылуы (Сталиннің өліміне байланысты ол 1955 жылы айдаудан босатылған) оның жігерін жасыта алмады. Ә.Ермеков 1955 жылдың 1 қыркүйегінде ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшеновке жазған хатында өзінің нақақтан зардап шегіп тұтқындалғанын, Катков, Михайлов, Оспанов, Хамидуллин деген тергеушілердің адам төзбес күш қолданғанын, зорлық-зомбылықтың шектен тыс түрлерін пайдаланып, екі ай бойы қинағанын айтады. Хайуандық жазаның бір тұсында өзінің есінен айрылып құлағанын, он төрт жасар ұлының, бүкіл туысқандары мен әйелінің ІІМ алдындағы ағашқа өрмелеп шығып, шыңғыра жылап, "қолыңды қой, дегендеріне көн" деп зарлағаны елеске айналып, көзіне көрінгенін егіле жазады. Өзіне тағылған кінәнің еш негізі жоқ екенін мәлімдейді. Қылмыстық кодекстің 58.11 және 58.2 баптарымен айыпталғандықтан, 1921 жылы мен Қарағандыда шпиондық әрекетке Мусин деген адамды үгіттеппін, сол адамның жауабы іске тіркелген екен, ол Қарағанды қаласында мені Ермеков шпиондық әрекетке баулыды деп мәлімдепті, бұл шіп-шикі өтірік, себебі, мен Мусин деген адамды білген де, көрген де емеспін, екіншіден, 1921 жылы Қарағанды деген қала болған жоқ, ал қала атағына 112 мың халқы (тұрғыны) болғандықтан, 1934 жылы 10 ақпанда ғана ие болды деп жазады. Өзінің Қарағанды қаласына бірінші рет айдаудан соң 1955 жылы келгенін айтады.
Ә.Ермековке тағылған айыптың шылғи өтірікке негізделгенін сезсе керек, Жоғарғы Соттың әскери коллегиясы алғашқы айыптау қорытындысын бекітпейді. Алайда түпкі мақсат ұлт зиялыларын құрту болғандықтан, кейіннен тағылған айыптауларды негізге алып соттап, яғни үкім шығарып тынады.
Осынау жан әлемі мейлінше таза, адами болмысына, ұлтына, халқына деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілік, мейірім мен қайырым дарып, берік орын алған адам туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біршама еңбектер жарық көрген екен. Олардың қатарында Ө.Сұлтанғазин, Ш.Есенов, Ә.Сағынов, Д.Үмбетжанов, Б.Атшабаров, А.Лазуткин, Т.Әбдіразақов, А.Жұмасұлтанов, Ресей ғалымы Г.Сипайловтың, С.Бегалин, С.Торайғыров, Ж.Бектұров, М.Сәрсекеев, Ә.Әзиев, Қ.Өскембаевтардың жариялаған еңбектері бар. Алаш қозғалысы, оның қазіргі тәуелсіздігімізді алуға алғышарттар жасағаны, ұлт зиялылары Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, М.Тынышпаев және т.б. туралы ғылыми-көпшілік сипаты басым еңбектер едәуір мөлшерде жарыққа шықты.
Солардың ішінде Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің ғалымдық, ұстаздық, адамдық, адамгершілік қасиеттерін паш еткен кейбір естеліктерге тоқтала кетсек, артық бола қоймас. Қазақта "тікенек шыққан жерге тікенек, гүл шыққан жерге гүл өседі" деген нақыл сөз бар. Гүл шыққан жерге гүлдің өсетіні тектілік деген ұғымнан туындайтын болса керек. Әлекеңнің ұлы, ұзақ жылдар бойы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде геология кафедрасын басқарған даңғайыр ғалым Мағауия Әлімханұлы Қарағандыдан 2000 жылы "Алимхан Ермеков: страницы жизни", 2001 жылы "Мой отец - Алимхан Ермеков" деген кітапшалар шығарды. Әкесінің ұлағатты да өнегелі өмір жолын зерттеп, қағаз бетіне түсірген азамат өзінің де ат жалын тартып мінгеннен бастап, "халық жауының" перзенті болғандықтан, саяси сенімсіздіктің құрбаны болғанын тебірене жазыпты. Қос кітапшаның соңғысында Мәкең өз атына бертінге дейін Әлімхан Ермековті білетін қыруар адамдардан хаттар келіп жатқанын шаттана жазған. Олардың ішінде ресейлік ғалымдар, айдауда бірге болған жазықсыз жандар, Әлімхан Әбеуұлымен қызметтес болғандар, дәрісін тыңдап, өз ғұмырын математика, техника ғылымдарына арнаған кешегі шәкірт, бүгінгі оқымысты, академиктер мен профессорлар т.б. бар. Солармен танысып, оқып отырғанда, Әлекеңмен пікірлес, дәмдес болған қазіргі аға буынның өкілдерімен әңгімелескенде, бір нәрсеге көзіміз анық жетті. Ол - Әлімхан Әбеуұлында қандай уақытта, азапты, жан төзгісіз жылдарда болсын, ешқашан да халқының болашағына деген берік сенімнің, оптимизмнің жоғалмағандығы. Ұлт тұтастығын, ел тірлігін оның мойнына таққан киелі тұмардай қастерлеуі. Халқының бойындағы ұлттық асқақ рухтың Әлекеңнің болмысынан табылуы...
Социалистік Еңбек Ері, Қарағанды политехникалық институтын ұзақ жылдар бойы басқарған академик Ә.Сағынов Әлімхан Әбеуұлы жайлы құнды естеліктер қалдырды. 1955 жылы Қарағандыға келген Әлекең Қарағанды тау-кен институтына (кейіннен политехникалық институт болған) келіп, ректор Нұрмұхамедовке жолығады. Ректор оның өтінішін тыңдап, қызметке алуға уәде береді. Ұсынған қызметі - жоғарғы математика кафедрасының аға оқытушысы. Уәделі күні өтінішін жазып, институтқа келсе, жаңа ректор келіпті. Ол кісі Әбілқас Сағынов екен. Ол Ә.Ермековпен емен-жарқын әңгімелесіп, бірден қызметке қабылдапты. Күні кешегі "халық жауларын" жою науқанының дүмпуі әлі де болса басылмай тұрғанда, Әбілқас Сағынұлының бұндай батыл шешімге баруы да ерлікке пара-пар ғой. Оның оқыған дәрістеріне математиктер ғана емес, басқа мамандықта оқып жүрген студенттер де, тіпті басқа оқу орындарынан да шәкірттер мен оқытушылар, ересек адамдар келіп, тыңдаушы еді деп еске алады Ә.Сағынов (ол кісі осыдан біраз уақыт бұрын дүниеден озды) Қарағандыда жүргенінде Ә.Ермеков республика басшысы Д.Қонаевқа екінші рет барып, қабылдауында болғанында ол кісіге қазақтың ұлы перзенті, ұлт ұстазы А.Байтұрсыновты ақтау жөнінде өтініш айтады. Димекең ол өтінішті шын пейілімен қабылдап, түптің түбінде Алаш ардагерлерінің ақталатынын, тек қана уақыт керек екенін айтыпты. Әбілқас Сағынұлы Ермеков сынды адаммен қызметтес болғанын мақтан тұтады, тек қана КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғарғы аттестациялық комиссияның ережесі өзгеріп кеткендіктен, Әлекеңнің профессорлық ғылыми атағын қалпына келтіре алмадық деп өкіне еске алады. 1955-1968 жылдар аралығында политехника институтында қызмет еткен Әлімхан Әбеуұлы 1970 жылы ауыр науқастан қайтыс болады.
Ә.Сағынов қазақтың ұлы перзентімен қоштасуды өзі ұйымдастырады. Институтта қоштасу рәсімі өтеді. Баспасөзде қазанама жарияланады. Әбекең қаралы митингіні өзі кіріспе сөзбен ашып, туыстарын, Әлімхан Ермековті жетік білетін замандас достарын сөйлетеді. Жерлеу рәсімі біткеннен кейін іле-шала жоғарғы органдардан "осыншама ұлықтап жерлеуді неге ұйымдастырып жүрсіз? Бұрынғы Алашорда көсемін неге әспеттеп жүрсіз?" деген жанға тиетін ауыр сөздер де айтылды деп жазды Ә.Сағынов.
Әлімхан Әбеуұлы туралы қалам тербеген жандардың бәрі де бір ауыздан оның әділетсіздікке төзбейтін, принципшіл, өзгеге қайырымдылық жасауға даяр тұратын тектілігіне және адамзат баласы ойлап тапқан барша ғылымнан хабары бар энциклопедиялық біліміне, ұлтым, халқым деп соққан жүрегіне тәнті болады.
Әлекеңнің туғанына 100 жыл толу құрметіне арналған салтанатты жиындар, ғылыми-практикалық конференциялар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында көптеп өткізілді. Қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде мемориалдық тақта бар. Қарағанды қаласының басты көшелерінің біріне Ә.Ермековтің есімі берілді. Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды танымал азаматтың бастамасымен Ермеков атындағы көшеде орналасқан Кітаптар үйі ол кісінің есімін иеленді. Елі еріне осылайша құрмет көрсетуде.
Оның өмір жолы жеңіл болған жоқ. Сонау Семей гимназиясында оқып жүрген шағында төменгі сыныптарда алып жүрген арнайы стипендиясын жоғарғы сыныпқа келгенде гимназия дирекциясы саяси сенімсіздігі үшін бергізбей тастаған-ды. Әке-шешесінің қолы қысқа. Әлімхан Әбеуұлы сабақтан қолы бос кезінде бала оқытып, қаражат табады. Болашақтың тек қана оқу-біліммен байланысты екенін сезген ол демалыс кезінде әр күнін ұтымды пайдаланып, қазақ жастарына сабақ береді. Ол кісіден білім алып, қияға қанат қаққандардың бірі - қазақтың ірі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров еді. Сұлтанмахмұт ақын біліммен сусындап қана қойған жоқ, Әлімхандай ұстазының ықпалымен кейіннен Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің біріне айналды. Ақынның "Алашты таныстыру" атты өлеңіндегі мына жолдар тікелей Әлімхан Әбеуұлының көркем бейнесін кескіндеуге арналған.
Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,
Келеді екінші боп бұл реттен.
"Қазақта мұндай жігіт көрмедім" - деп,
Ардақты қарт Потанин лепес еткен.
"Ақ жүрек алғыр ойлы, адал жан" - деп,
Тумай жатып жастарға даңқы кеткен.
Сөйлеп кетсе қозғалар бойда жаның,
Тас болса да ерітер жүрек қанын.
Шындығы, тереңдігі, әділдігі,
Тусаң ту осылай! - дегізер бәрін жанның,
Ақ жүрегі, ақтығы, адалдығына,
Бір ауыз сөз айта алмай құриды әлің.
Әр қоғамның өзіне тән ерекшелік, сипаттарын тани білудегі сұңғылалық, болмысына біткен ірілік пен биіктіктің ұлттық қасиеттен бастау алуы, қоғам тынысынан туындайтын замана келбеті мен уақыт талабын көрегендікпен болжай білу, жалпы адамзаттық құндылықтармен егжей-тегжейлі танысудың нәтижесінде өз ұлтының ешкімнен кем емес екендігін оның тарихтың көш-керуенінде асқақтық пен мәрттікті, тазалық пен пәктікті, бекзадалық пен биязылықты, зеректік пен зияткерлікті ту етіп ұстағанын сезіну - бәрі-бәрі де Әлімхан Ермековті ұлы тұлға деңгейіне көтерді. Алашорда құрамында болған кезде Алаш атты киелі ұғым алашордашыларды көтерді. Ал Алаш қайраткерлері Алаш атты ұғымды асқақтатты. Айналып келгенде, Алашорда ардагерлерінің ұлы арманы жүзеге асып, еліміз тәуелсіздікке, дербестікке ие болды.
Барша ғұмырын өз халқының тәуелсіз ел болуына арнаған Әлімхан Әбеуұлы Ермеков жайлы ойымыздың бір парасы осылай.
Мәуен ХАМЗАҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
"Қасым - Ақпарат"
http://qasym.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=422&catid=8&Itemid=9