Әмірхан Балқыбек. Ажалмен алысқан алыптар әфсанасы (жалғасы)
Ерлiктердi түгендеу
Көне грек аңызшылары қаһармандардың қаһарманы Гераклдiң маңдайына жазылғаны он екi ерлiк едi деген әңгiме айтады. Бiз мұнымен келiсе алмаймыз. Бiздiңше, Гераклдың, тiкелей Эврисфей патшаның тапсырмасымен iстеген он екi ерлiгiнен басқа, тек өз жан қалауымен жасаған да ерлiктерi болған. Қазақ ақыны Жұмекен Нәжiмеденов Гераклдiң осындай ерлiктерiнiң қатарына оның адамзатқа от сыйлаймын деп құдайлардың қарғысына ұшыраған, осы күнәсi үшiн найзағайлар тiлгiлеген Қап тауының тап-тақыр құз-жартасына берiк бұғауланған Прометейдi құтқаруын жатқызады. Иә, расында да бұл Гераклдiң он үшiншi ерлiгi деуге әбден болатын ұлы ерлiк едi. Ақын Жұмекен мұны анық байқаған. Бiрақ Гераклдiң санатқа кiрмей қалған ерлiктерi тек осымен ғана шектелмесе керек. Мiне, бiздi осы сауал һәм оның жауабы қызықтырған. Жұмекендей ұлы ақыннан кейiн Геракл ерлiктерiнiң қатарына тағы бiр толықтыру жүргiзу, әрине, кiм үшiн болса да үлкен бақыт. Жұмекен ақын қаһарманның он үшiншi ерлiгiн айтса, бүгiн бiздiң Гераклдiң он төртiншi ерлiгi туралы әңгiме шерткiмiз келiп отыруыныңбiр себебi осыдан. Бiр ғажабы, осыбiр он төртiншi ерлiктiң жаңғырығы қазақ ертегiсiнде, түркi әфсанасында да жүр. Бұл сөзiмiзге «Қорқыт ата кiтабы», ондағы Домрул жайлы хикая куә бола алмақ. Бiрақ бәрi де рет-ретiмен...
Он төртiншi ерлiк.
Көне грек нұсқасы
Ерлiктердi түгендеу
Көне грек аңызшылары қаһармандардың қаһарманы Гераклдiң маңдайына жазылғаны он екi ерлiк едi деген әңгiме айтады. Бiз мұнымен келiсе алмаймыз. Бiздiңше, Гераклдың, тiкелей Эврисфей патшаның тапсырмасымен iстеген он екi ерлiгiнен басқа, тек өз жан қалауымен жасаған да ерлiктерi болған. Қазақ ақыны Жұмекен Нәжiмеденов Гераклдiң осындай ерлiктерiнiң қатарына оның адамзатқа от сыйлаймын деп құдайлардың қарғысына ұшыраған, осы күнәсi үшiн найзағайлар тiлгiлеген Қап тауының тап-тақыр құз-жартасына берiк бұғауланған Прометейдi құтқаруын жатқызады. Иә, расында да бұл Гераклдiң он үшiншi ерлiгi деуге әбден болатын ұлы ерлiк едi. Ақын Жұмекен мұны анық байқаған. Бiрақ Гераклдiң санатқа кiрмей қалған ерлiктерi тек осымен ғана шектелмесе керек. Мiне, бiздi осы сауал һәм оның жауабы қызықтырған. Жұмекендей ұлы ақыннан кейiн Геракл ерлiктерiнiң қатарына тағы бiр толықтыру жүргiзу, әрине, кiм үшiн болса да үлкен бақыт. Жұмекен ақын қаһарманның он үшiншi ерлiгiн айтса, бүгiн бiздiң Гераклдiң он төртiншi ерлiгi туралы әңгiме шерткiмiз келiп отыруыныңбiр себебi осыдан. Бiр ғажабы, осыбiр он төртiншi ерлiктiң жаңғырығы қазақ ертегiсiнде, түркi әфсанасында да жүр. Бұл сөзiмiзге «Қорқыт ата кiтабы», ондағы Домрул жайлы хикая куә бола алмақ. Бiрақ бәрi де рет-ретiмен...
Он төртiншi ерлiк.
Көне грек нұсқасы
Геракл Диомед патшаның аттарын iздеп Фракияның жа¬ғବлауына жүзiп бара жатқанда, жолай Фер қаласының патшасы, досы Адметке соға кетудi жөн көредi. Бұл Адметтiң басына қиын күндер түнегi орнаған мезгiл едi. Тағдыр құдайлары - мойралар Адметке оған ажал сәтi төнгенде, егер ол үшiн басқа бiр ажалды пенде өлiмге бас тiгетiн болса, Адметтiң ғұмыры ұзаратындығы туралы баян еткен-дi. Геракл қонаққа келетiн мезгiл, осылайша, Адметтiң жер бетiндегi өлшеулi көрер күнi тәмамдалып, оның өз тағдырын қалайда ұзартқысы келiп аласұрып жатқан мезгiлi болатын. Ол өзi үшiн жан берулерiн көптi көрген ақсақалды әкесiнен де, кейуана шешесiнен де сұраған. Бiрақ екеуi де көнбей қойды. Қанды қырғынға кiрейiн деп тұрған жауынгерлерге салмақ салып едi, олар да келiсiм бермедi. Жер бетiнен ажалына арашашы болар тiрi пенде баласын таппай, әбден сiлiкпесi шыққан Адмет ақыры балаларының анасы сүйiктi жары Алкестидаға шағынған. Алкестида күйеуi үшiн басын өлiмге тiгетiнiн бiрден айтты. Ендi ол ажалды күтiп тастүнек көрханада жатыр. Геракл келгенде Адметтiң көңiлсiз болуы осыдан едi. Бiрақ ол қаһарман досының жақсылап дем алуы үшiн барлық жағдайды жасауды қызметшiлерiне шегелеп бұйырады. Досы мұның басына нендей зауал төнгенiн еш сезбеуi керек. Өйткенi, қаһарманның мұнсыз да басқа машақаты жетiп артылып жатқан жоқ па! Геракл досының жүзi неге жабырқау екендiгiн сұрағанда ол алыс бiр туысқанының қайтыс болғандығын тiлге тиек еткен. Одан ары қазбалауға қаһарманның да құлқы бола қоймады. Өзiне арнайы бөлiнген сарайда жатып емiн-еркiн дем алуға кiрiстi. Шарап судай болып ақты. Ара-тұра сұрап қойғаны болмаса, Геракл өзiнiң Адметте қонақта екендiгiн де естен шығарып алды деуiмiзге болады. Бiрақ Адметтiң қайғы-қасiретi оның қызметшiлерiнiң де жүзiне көшкен-дi. Сезiмтал батыр оны байқамай қалған жоқ. Себебiн қайта-қайта сұрай бергесiн қызметшiлердiң де ағынан жарылмасқа шарасы қалмаған-ды. Адмет тарапынан ақиқатты айтуға тыйым салынғанына қарамай, олар шындықты жайып салды. Адметтiң өлер күнi таянғанда, ол үшiн әйелi Алкестиданың бақиға көшуге келiскенi, ендi ажалын күтiп тастүнек көрде жатқаны, бәрi-бәрi мәлiм болды. Өзiнiң уайым-қайғысыз, түктен бейхабар көңiл көтерiп жатқанына ұялған Гераклдiң ойына мынадай әңгiмеден кейiн тосын шешiм келген. Ол жан алғыш Танат құдайдың өзiмен белдесiп, одан Алкестиданың жанын тартып алуды, жанкештi аруды Адмет досына қайта тарту етудi ойлады.
Мiне, Геракл ешкiмге көрiнбей Алкестида табытының жанында бұғынып отыр. Әзiрейiл Танат төбе көрсеткен замат онымен алыса кетуге тас-түйiн дайын. Жанға шөлiркеген Танат та көп күттiрген жоқ. Қап-қара қанаттарының сусылы ауаны қақ жара көздерi жарқырап жетiп келдi. Келе сала табытты ашып Алкестиданың төбесiнен төне берiп едi, жон арқасынан Гераклдiң күжiлдеген дауысы естiлдi. Құдай мен қаһарманның жан алып, жан берiсер апыр-топыр қанды айқасы басталды. Бiрде ажалды, бiрде ажалсыз бел алады. Екеуi де жеңiстi қолдан берер емес. Ақыры батырдың күшi басым түскен. Ол ажал құдайы Танатты шандып-матап байлап тастады. «Тек Алкестиданың жанын өзiне қайтарсаң ғана босатамын» деген шарт қойды. Танаттың көнбеске лажы жоқ едi. Осылайша ару Алкестида өмiрге қайта келдi.
Алкестидасын тiрi көрген Адметтiң қуанышында шек жоқ едi. Ол Гераклге тағы да бiраз күн қонақта қалуын, оның теңдессiз ерлiгiнiң құрметiне жасалар ұлы тойдың куәсi болуын өтiнген. Бiрақ ажал құдайымен айқаста жеңiп шыққан жүректi ер қала алмайтындығын айтты. Өйткенi, оны алда тағы басқа да ерлiктер күтулi едi.
Ендi осы ерлiктiң түркiлiк нұсқасын да қысқаша мазмұндай кетейiк.
Он төртiншi ерлiк.
Түркi нұсқасы
«Қорқыт ата кiтабы» да - ерлiктердiң кiтабы. Мұндағы оқиғалар саны да он екi (кездейсоқтық па?). Бiрақ осы қаһармандықтардың iшiндегi ең бiр тағылымдысы Тоқа баласы ержүрек Домрул туралы жырда айтылады ғой деп ойлаймыз.
Бастапқыда Домрул да көп тентек батырдың бiрi болады. Сусыз өзенге көпiр салып, содан өткен адамнан 33 теңге, өткiсi келмегендерден қорқытып 40 теңге алуының өзi әпербақан, ұрда-жық, ақылы кемшiн батырларды көзге елестетедi емес пе!
Бiрде Домрулдың осы көпiрiнiң басында көшпелi бiр қауым елдiң бiр азаматы қайтыс болып, жоқтап азалау басталады. Осындай жылап-сықтаудың үстiнен түскен Домрул халықтан олардың не себептi күңiренiп жатқандығын сұрайды. Олар бiр жақсы жiгiттерiнiң жанын қызыл қанат Әзiрейiл келiп алып кеткенiн, ендi оны жерлеп болмай, көштiң алға жылжымайтынын айтысады. Домрул болса «Адамның жанын алатын қызыл қанат Әзiрейiл көзге көрiнiп келетiн тажал болса, онымен шайқасуға даярмын, менен жеңiлген ол адамның жанын алуға қайта келмейтiн болар едi» деп жiбередi. Бұл сөз Құдайға ұнамай қалған. Ол ендi Әзiрейiлге тентек батырдың өзiнiң жанын алуды тапсырған. Домрул бiр топ жiгiтiмен көңiл көтерiп отырғанда келген Әзiрейiл батырдың тарапынан қатты қарсылыққа ұшырайды. Қылышын қынабынан суырған Домрул оған тап бергенде әп-сәтте кептерге айналып Әзiрейiл үйдiң терезесiнен қашып шығады. Бұл Домрулды бұрынғыдан да қатты масайратқан. Ол жан алғыш Әзiрейiлдiң өзiнен қорыққандығына сенiмдi едi. Ендi сұңқарын алып, оның соңына түскен. Ойы кептерге айналған Әзiрейiлдi сұңқарына iлдiру болатын. Бiрақ даладағы белдесуде Әзiрейiл басым түседi. Жеңiлгенiн мойындаған Домрул Әзiрейiлге «әлi жаспын ғой, жанымды ала көрме» деп жалбарынады. Әзiрейiл өзiнiң қолында тұрған түк те жоқ екенiн, бәрi бiр Құдайдың тапсырмасымен болып жатқанын айтқанда, Домрул тағы кергiп шыға келедi. Ол Әзiрейiлге беретiн жанының жоқ екенiн, жанын берсе тек бiр Жаратқанның өзiне ғана беретiндiгiн ашық айтады. Бұл сөз Алла Тағаланың көкейiне қонған. Ол Әзiрейiлге «Батырға былай деп айт. Егер орнына жанын беретiн басқа бiр екi аяқты пенденi таба алатын болса, жанын өзiне қайта сыйлаймын. Таппаса жаны жаһаннамға кетедi» деген хабар бередi. Бұл сөз Әзiрейiлдiң аузынан Домрулға жетедi. Грек аңызындағы Адмет iспеттi Домрул да ендi өзi үшiн жан берулерiн өтiнiп әкесi мен шешесiне өтiнiш салады. Бiрақ грек аңызындағыдай олар да көнбей қояды. Домрулдың өмiрiндегi ең қайғылы күндер басталады. Ұзамай жанын алуға Әзiрейiл тағы келген. Бұл жолы Домрул Әзiрейiлге жанын алар сәттi сәл кешiктiре тұруын, өйткенi екi баласы және сол екi баласының шешесiмен қоштасуы керектiгiн айтады. Күйеуiнiң басына түскен кептi түгел естiген әйелi оның орнына өзi жан беруге даяр екендiгiн айтқанда Домрул қуанғандай болған. Бiрақ әп-сәтте бұл қуанышы қайтадан қайғы-қасiретке айналып шыға келдi. Себебi, өзiн жанынан артық жақсы көретiн жарының артында қалып не iстемек? Ендi ол Құдайға «Алсаң әйелiмiз екеумiздiң жанымызды бiрге ал, болмаса екеумiзге де ғұмыр сыйла» деп жалбарынады. Бұл жалбарыну да Алла Тағаланың көңiлiнен шығып едi. Ол Әзiрейiлге батырға да, әйелiне де тиiспеуге бұйрық бердi. «Әкесi мене шешесiнiң жанын ал, есесiне мыналардың әрқайсысының талайларына 140 жылдан ғұмыр жазылсын» дедi Алла Тағала. «Осылайша әйелiнiң күйеуiне деген адал сезiмi, ақедiл көңiлiнiң арқасында екеуi ұзақ жыл бақытты ғұмыр кештi. Немере, шөбере сүйдi, одан кейiнгiлерiн де көрдi. Бiрақ көретiн қызығы, тататын дәмi таусылған күнi олар да өмiрден өттi» дейдi түркi аңызы.
Ұқсастықтар мен айырмашылықтар
Осы екi аңыздың өзара ұқсас екендiгiне, сонымен бiрге аз-маз айырмашылықтары барлығына ешкiм де күмәнданбаса керек. Ең басты ұқсастық деп екi аңызда да күйеулерi үшiн құрбандыққа әйелдерiнiң бас тiгетiндiгiн айтуға болады. Өкiнiштiсi, егер грек нұсқасындағы әйелдiң есiмi Алкестида екендiгi белгiлi болса, түркi нұсқасындағы ұлы Ананың ныспысы мәлiм емес. Дегенмен басты қаһармандардың бiрiнiң есiмi белгiлi болмағанымен, әфсананы жалпы алғанда, түркi әйелдерiне қойылған ғажайып көркем ескерткiш деп бағалауға толық қақымыз бар. Тұмар ана, Зарина, Домалақ аналардың қатарында, мейлi, ол аңыздық болсын, осындай да бiр есiмi белгiсiз ұлы Ананың болуы бiздiң халықтық мақтанышымыз болуға тиiс.
Екiншi бiр ұқсастық - қос әфсанада да қаһармандар мен жан алушылардың арасында өзара белдесудiң болатындығы. Түркi нұсқасында Домрул Әзiрейiлден жеңiлгенiмен аңыз астарында бұның бәрi Жаратқанның жазуымен болып жатыр, әйтпесе Домрул Әзiрейiлге бой бермес едi деген тұспал жақсы байқалады. Мұны «жанымды берсем тек Тәңiрiнiң өзiне беремiн, Әзiрейiлге берер жаным жоқ» деп Домрулдың өзi де айтып қалады. Қысқасы, екi әфсанадағы батырларды да жан алушы Танат не Әзiрейiлмен айқаста жеңiмпаз болуға әбден лайық деуге келедi. Бұл жерде Гераклдiң Танатты ашық айқаста жеңгендiгiн де ұмытпаған жөн. Екi әфсанадағы үшiншi ұқсастық батырлардың әке-шешелерiне байланысты. Екi аңызда да ақсақал әке мен ақ жаулықты шеше балалары үшiн жандарын қиюдан бас тартады.
Екi әфсанадағы негiзгi айырмашылық деп түркi нұсқасында қаһарман Гераклдiң прототипi не iзбасары жоқтығын, оның және Адметтiң iс-қимылы бiр кейiпкер - Домрулдың жеке басына топтастырылғанын ғана айтуға болатын шығар. Дегенмен бұл айырмашылық бұл екi нұсқаны бiр әфсананың екi түрлi баяны деп айтуымызға еш кедергi келтiре алмайды. Ал екi нұсқаның қайсысы көне, яғни, бiрiншi деген сауалға жауап iздеу алдағы күндердiң еншiсiндегi шаруа болмақ.
Өзге де салыстырулар
Грек мифтерi мен түркi аңыздарындағы ұқсастықтарды бiзден бұрын да сөз қылғандар жетерлiк. Олардың арасында Ә.Марғұлан, В.Жирмунский секiлдi беделдi түркiтанушылар да бар. Белгiлi мәдениеттанушы Мұрат Әуезов өзiнiң «Өзара әрекеттесу» атты мақаласында «Қорқыт ата кiтабындағы» Бәмсi-Байрақ (қазақтың «Алпамыс» жыры) оқиғасы мен Гомер «Одиссеясындағы» қаһарманның өз елiне оралғаннан кейiнгi iс-әрекеттерiнде жекелеген детальдерiнде болмаса, негiзiнен бiр баянның суреттелетiнi көзге ұрып тұрғандығын жазады. «Қорқыт ата кiтабындағы» Бисат батырдың Төбекөздi (циклоп) қалай өлтiретiндiгiн жырлайтын әфсана мен Гомер эпосындағы Одиссейдiң жалғыз көздi дәу Полифемдi қалай соқыр ететiндiгi туралы тұсты өзара салыстырып, олардың түбi бiр әфсаналар екендiгiн тiлге тиек еткен де осы Мұрат Әуезов болатын. Гректiң зағип ақыны мұрасы мен түркiнiң «Қорқыт ата кiтабын» салғастырып оқыған адамның мұндай шендестiрудiң дұрыстығына еш күмән келтiрмейтiндiгiне шәк жоқ. Ғалым осы еңбегiнде В.М.Жирмунскийдiң: «Одиссеяның» көнелiгiне һәм көпшiлiкке мәшһүрлiгiне қарамай, Гомер эпосын мұндай нұсқалардың негiзгi бастапқы көзi деуге тiптен болмайды. Керiсiнше, бұл және басқа да жерлерде көне грек эпопеясын өзiнен де көнелеу ертегiлердiң сюжеттерiн пайдаланды деуiмiз керек» деген сөзiн мысалға келтiредi. Иә, «Қорқыт ата кiтабындағы» қайсыбiр әфсаналар гректiң Геракл немесе Одиссей туралы мифтерiнен анағұрлым бағзы, анағұрлым ескi болуы бек мүмкiн.
Марқұм Серiкбол Қондыбайдың соңғы зерттеулерi де бiзге осындай пiкiрдi батыл айтуға толық мүмкiндiк бередi.
«Қорқыт ата кiтабы» және тарих
«Қорқыт ата кiтабы» оғыз-қыпшақ ұлысының ұйыған кезеңiн, кейiн олардың iшоғыз және тысоғыздар болып, өзара қырылысқанын суреттейтiн жырлардан тұрады. Кiтаптың ең соңғы тарауы, мiне, дәл осылай, «Сыртқы оғыздардың iшкi оғыздарға қарсы бас көтеруi және Байрақтың қалай өлтiрiлгенi туралы жыр» деп аталады. Ал осы оғыздар туралы тарихта қандай деректер бар?
Ақын, ғалым Олжас Сүлейменов «АЗиЯ» кiтабының «Шумер-наме» бөлiгiнде осы сауалға жауап беруге тырысады: «Ассирия жылнамалары бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮII ғасырда Солтүстiк Каспий даласынан Каспий теңiзiнiң батыс жағалауы арқылы өткен (Дербент соқпағы арқылы) көшпелiлердiң шабуылы басталғанын жазады. Олардың көсемi Испақа, өздерi iшғұз (басқа нұсқалары iшқұза, ашгұза) деп аталды» («АЗиЯ», Алматы, 1989, 563-бет).
Ақын бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮII ғасырда-ақ тарихи құжаттарға тiркелiп қойған осы iшғұздарды «Қорқыт ата кiтабындағы» iшоғыздар деп түсiнедi. Әрине, екi ұлыстың да көшпелi екендiгiн ескерсек, мұндай ұқсату шындықтың ауылынан тым алыс кете қоймайды. Тағы да ақын тұжырымына назар аударайық:
«... Түркi этнонимдерiнiң өмiршеңдiгi туралы мысалдар өте көп. «Үйсiн», «қаңлы», «дулат» тайпалары б.д. III ғасырындағы беделдi дерек көздерiнде ұшырасады. Мекен-жайы да сол бағзы деректерде баяндалғандай Жетiсу өңiрi. Ескерткiштер мыңдаған жылдар бойы бұл тайпалар туралы ләм-мим демей келдi. Хат-қағазға түскен жоқ, бiрақ өмiр сүрiп жатты. Атауы ауыздан ауызға көшiп сақталды. Ал бұл үйсiн, дулат, қаңлы тайпаларының осы III ғасырға дейiн де, ешқандай жылнамашыны толғандырмай-ақ тағы қаншама ғасырлар бойы өмiр сүрiп келгенiн кiм бiледi? Егер қытай саяхатшылары оларды кездейсоқ III ғасырда шежiреге тiркеп өтпегенде, бұл атаулардың өмiрбаяны анағұрлым қысқа болар едi. Оғыздар болса ҮIII ғасырдағы енисей ескерткiштерiнде ғана аталынады.
Ассархадон патша тұсындағы ассирия жылнамалары - қазiрше бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮII ғасырда түркi этнонимi «iш-оғыз», «iс-пақ» (iс-пақан) титулды есiмi және көсемдi «ит» деп ұлықтайтын дәстүрдiң болғандығын дәлелдейтiн бiрден-бiр ең көне тарихи құжат...
Әрбiр оғыз жыры мынадай жолдармен аяқталады: «Бұл жиынға Қорқыт атам келiп, қуанышты өлең айтыпты. Дiн үшiн күрескен сол батырлардың ерлiгiн жырға қосыпты. Жалған-ай, бар дүние бiздiкi деп айқай-сүрең салған сол ерлер қазiр қайда? Оларды ажал ұрлап, жер жұтты. Дүние кiмге опа қылған? Адам өмiрi - өткiншi, өмiрдiң құрдымы - ажал, ажырасу, жердегi өмiр баянсыз! Менiң сiзге берер батам: «Құдай сенi өлгенiңше дiнiңнен айырмасын! Ақ сақалды әкеңнiң барған жерi жұмақ болсын! Ақ шашты анаңның жүрер жерi асқар ала тау болсын!» Иманды жүзiңдi көрген соң, бес ауыз сөзбен дұға оқыдық. Дұғам қабыл болып, түгел орындалсын...»
Кiм бiледi, iшоғыздар жыршысының осы толғамдарын Ассирияның зәйтүндi шоқ тоғайларында жатып Испақан көсем де естiген болар?, («АЗиЯ», Алматы, 1989, 566-567-беттер).
Иә, естуi әбден мүмкiн. Өйткенi, кiтаптағы қайсыбiр жырлар секiлдi, Қорқыт атаның өзiн де бағзыдан келе жатқан жиынтық әфсаналық тұлға деуге әбден болады. Қорқытқа ұқсас кейiпкер Иранның атақты Фирдоуси жырлаған «Шахнамасында» да ұшырасады. Ал бiз «Қорқыт ата Ге¬раклдiң ұстазы болған ба?» атты мақаламызда Персей, Ясон, ағайынды Диоскурлар және Геракл мен Ахиллес секiлдi гректiң ұлы қаһармандарының ұстазы болған кентавр Хиронды (кентавр - көне гректердiң көшпелiге берген символдық атауы) осы Қорқыт атамен байланыстырған болатынбыз. Қазiр де сол ойымыздан қайтпайтындығымызды айтқым келедi.
«Қорқыт ата кiтабы» туралы әр жерден оқып бiлген, өзге боп, өзiмiз боп жасаған ой түйiндердiң бiр шоғыры осындай. Бұл бағыттағы iзденiстердiң алдағы уақыттарда да тоқталмайтынына бек сенiмдiмiз.
Өйткенi, өмiр үшiн Ажалдың өзiмен алысқан алыптар жайлы әфсаналар оқырманын, тыңдарманын тауып, ұрпақтардан ұрпақтарға жалғаса бермек. Өйткенi, бұл күрес - мәңгiлiк күрес. Ажалдың емiн iздеп әлi талай ұрпақтар ауысар, бiрақ адамзаттың арманын арқалаған әфсаналар өмiршеңдiгiн ешқашан жоймақ емес.
2005 жыл.
(жалғасы бар)
"Абай-ақпарат"