Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 4757 5 пікір 10 Желтоқсан, 2020 сағат 13:51

Қытай кезекті «қоршаудан» қалай шығады?

Қытайдың ел билеу тарихының неше ондаған ғасырға үзіліссіз жалғасып келе жатқандығы танылған ақиқат. Осысымен де өздері «орта жазық» деп атайтын климаты жайлы, астық өндірісіне бап, Сары өзеннің (хуаң хы) төменгі аңғарындағы жазықай өлкеден өркендеп, іргесін ұлғайтып адамзат тариқындағы айтақалсын империялардың иесі атанды. Елдің күнгей беті тұтасымен, шығыс-терістік Азия елдері оған мерзімімен сый-сияпат жасап, жанамалай салық тапсырып тұрды.

Осы империялық салауат пен соған сәйкесті елдің әлеуеті оған әлемдік тарихтағы өзге империяларда кездессе де, жалғасын таппаған өзгеше сана, яғни астамшылық пиғыл қалыптастырды. Қытай тіліндегі «Жұңго» атауының өзі өзін әлемнің өзегі, кіндігі санағандығынан келіп шыққандығын әлемдік тарихи әдебиеттер растаған. Жер аумағының кеңдігі, халқының көптігін айтпаған да, оның бақуаттылығының өзі қытайдың өзін солай санауына негіз болғандай еді. Әлемдік экономика тарихы өнеркәсіп төңкерісіне дейін Қытайдың жершарындағы ең бай ел болғандығын көрсетіп отыр. «Өткен 2000 жылдың 1800 жылында қытайдың ЖІӨ-нің әлемдік ішкі өнім жиынтығындағы үлесі кез келген еуропа елінен артық болды. 1820 жылға дейін оның осы үлесі 30%-тен астам болып келді, ол және батыс-шығыс еуропа мен Американың ЖІӨ-інің қосындысынан да артық еді»  (Генри Киссинджер: «Қытай», қытай тілінде, 2015ж.).

Заман жылжып 19 ғасырға жеткенде жаңағы пиғыл қытайдың өзіне апат болып жолықты. Өйткені ол жершарының басқа түкпірлерінде не болып жатқанынан мүлдемге бейсауат болатын. Ал өнеркәсіп төңкерісінің игілігінен жаңа ғылым мен технологияға ие болып, өңдеу өнеркәсібін тың сапалық сатыға көтерген батыс еуропа елдері жершарының бұрыш-бұрышын кезіп шикізат пен өткізу базарын іздеп шарқ ұруда еді. Солардың ту ұстары Англия Бейжиңде елшілік ашу, қытайдың теңіз жағалаулары порттарында сауда жасауға рұқсат беруін келісу міндетімен 1793 жылы қытайға елші аттандырады.

Елші Джордж Макартниге қытай патшасының алдына қандай салауатпен кіру мәселесі қойылады. Оны өзге елдің елшісі екен деп есепке алмаған қытай мәнсаптылары оған патшаларының алдына қос тізерлеп, маңдайын жерге үш мәрте тигізіп тағызым етуін кезігудің шарты етіп қояды. Макартни бұған, әрине, келіспейді. Айға жуық салғыласудан кейін Макартни еуропалық дағдымен бір тізерлеп сәлем жасауға келісім алғаннан кейін бір жарым айдан соң барып қытай патшасының алдын көру «мәртебесіне» ие болады. Алайда оның лайықты сияпат пен қытай патшасының өзінің сапар мақсатына мүлдем кереғар «бізде керектінің бәрі жеткілікті, бізде сіздің елмен сауда жасаудың қажеттілігі жоқ» деген сыңайдағы өз патшасына жазған хатын арқалап қайтуына тура келеді. Бұл енді айдарынан жел есіп, дәурені дендеп тұрған Англия патшасының шамына тиеді және «қытай есігін қымтай береді екен, оны енді зеңбірекпен ашуға мәжбүр болармыз» (Франция тарихшысы Ален Пейрефит) дейтін шешім жасауға итермелейді. Айтқанындай 1842 жылы Англия Қытайдың бірқыдыру теңіз порттарын саудаға ашуға көндіреді. Әрі қарай батыс еуропа елдері іркес-тіркес қытайды өздерімен сауда жасау келісімдеріне еріксіз қол қойдырып қана қоймай, қытайдың шығыс теңіз жағалауларынан аумақты жерлерді жалдау желеуімен иеленіп алады. Ондағы маңызды сауда нүктелері солардың ырқына өтеді.

1911 жылы 320 жыл дәурендеген Чин империясы құлап, Гоминдаң билігі жарияланады. 1921 жылы қытай коммунистік партиясы (ҚКП) құрылады. 1937 жылы жапония қытайдың шығыс-терістігіндегі Манжурияны басып алып, онда «Манжурия мемлекетін» жариялайды. Осыдан кейін қытай елі Гоминдаң мен ҚКП-ның жапонияны шығару үшін тізе қосуы, 1945 жылдан бастап билікке таласып өзара қырлысуы секілді кешірмелерді бастан кешіріп, араға бір ғасыр салып,1949 жылы ҚКП басшылығындағы ҚХР-ның құрылуымен батыс елдерінің «қоршауынан» әзер құтылады.

Қытай онан кейінгі «қоршауды» өзінің идеологиялас серігі кеңестер одағынан (КО) көрді. Екігші дүние жүзілік соғыстан кейін-ақ Кеңес одағының әлемде социалистік жүйені қалыптап, соның «көкесі» болуға ұмтылғаны белгілі. Бұны кәдімгі империяның мұрагері, бірдей социалистік жүйені құрып жатқанымен, тұтас ғасыр еуропаның итпегінде қорлық көрген Қытайдың қабылдай алмасы анық еді. Шынтуайтында да Қытай өзінің сол тұстағы қансыраған мүшкіл жағдайына қарамастан, КО-ның экономикалық-әскери көмегінен бас тартып, 1962 жылы онымен жамандасып шықты. Есесіне КО қытайға қысым жасауын бастады. Қытайға жәрдем есебінде ұсынған ірі экономикалық жобаларын тоқтатып тастады, әскери мамандарын алып кетті, келісімшарт зияндарын төлеуге мәжбүрледі. Онан да қатерлісі қытайдың солтүстік шекараларына әскер шоғырландырып, қайта-қайта бүлік ұйымдастырып, тынышын алды. 1969 жылы жазда «КО қытаймен шекарасындағы армиясын бір миллионға жеткізіпті» (Генри Киссинджер: «Қытай», қытай тілінде, 2015 ж.).

КО мұнымен қоймай, қытайды оңтүстігінен құрсаулауға кіріседі. 1975 жылы АҚШ Вьетнамнан шығып кете сала КО осынау стратегиялық маңызды өңірді бас салды. АҚШ-тың Дананг пен Камраньға салған әскери портын тегін пайдалануға қол жеткізді, сөйтіп үнді теңізі мен тынық мұхит арасында еркін жортуға мүмкіндік алды. Сонымен бірге, жаңағы вьетнам базаларында қытайды нысанаға алған ракеталарын орналастырып, осы базаларға әскери кеңесшілер мен техника, электроникалық-техникалық жабдықтар жеткізе бастады. 1978 жылы 5 қарашада КО мен Вьетнам екі елдің мүдделерін 25 жылдық мерзімге матастырған «бейбітшілік достық келісіміне» қол қойды (Эзра Фогель: «Дэн Сияопин дәуірі», қытай тілінде, 2013ж.). 1962 жылы қытаймен шекаралық даумен қақтыығысқан, КО-ның әскери көмегі  мен дипломатиялық қолдауы үзілмеген Индияның бүйрегінің кімге бұратыны онсыз да белгілі еді. 1979 жылы  КО қытайдың батыс-терістігіндегі Ауғанстанға әскер кіргізді. Осылайша, Қытай КО сынды қызыл империяның стратегиялық тұтастай құрсауына тап болды.

Қытайды бұл қоршаудан сол тұстағы басшысы Дэнның прагматикалық ұстанымы мен өлшеусіз дипломатиялық шеберлігі алып шықты. Дэн ең әуелі КО-ның жаулық пиғылы мен оның қытайды қоршауға ала бастағанын көрегендікпен түйсіне білді. Сонымен бірге кезіндегі халықаралық саяси жағдаятты жете  бағамдай алды. Сосын барып, идеологиялық ұстанымды қайырып қойып, АҚШ-пен қатынасты жөнге қоюға білек сыбана кірісті. Мао заманында идеологиялық отаспастықтың кесірінен араз болып келген екі елдің өзара ресми дипломатиялық қатынас орнатуына қол жеткізді (1979 жыл 1 қаңтар). 28.01-05.02.1979 жыл ҚХР басшылары алғаш болып АҚШ-қа сапар шегіп, КО-ның ірге кеңейтуінің өңірлік һәм халықаралық зардабынa АҚШ басшысының көзін жеткізумен бір уақытта, КО-на сес көрсетіп, «оның аяғын аңдып басуын ескертуге, КО-ның қытайдың вьетнамды соққылауына болған реакциясының қаупін бәсеңдетуге» мұрсат алды (Kessenger: «Қытай»).

АҚШ-тан тыс, бір жылдың көлемінде Жапония, Бирма, Непал, Тайланд, Малайзия, Сингапор, Солтүстік Корея елдерін іркес-тіркес аралап, оларға КО-ның өңірлік қауіпсіздік пен аталған елдердің мүдделеріне төндіріп отырған қатерін түсіндіріп, олардың дипломатиялық қолдаулары мен түсінушіліктеріне қол жеткізді. Осындай аса ойластырылған тыңғылықты дайындықтардан кейін барып КО-ның апанына айланып бара жатқан вьетнамды «жазалады». 1950 жылдардағы Францияға қарсы соғыстан бері вьетнамға көрсетіп келген, бірақ Вьетнамның КО-мен «әуей бола» бастағанынан бастап біртелеп азайтып келе жатқан әскери және қаржылық көмегін кесіп тастады. Іле-шала, яғни Дэннің АҚШ сапарынан қайтып келгенінің екінші аптасына жетпей (17.02.1979ж.) вьетнамға әскер аттандырды (Қытайлық құжаттарда «қытайдың өзін қорғап, қарсы шабуылы» деп аталады). Вьетнамның солтүстіктегі 3 провинциясының орталығын алғаннан кейін аттың басын тартқан қытай армиясы араға 29 күн салып, вьетнам территориясынан шегініп шықты. Қос тараптың нақтылы шығынын айтпағанда, бұл соғыстың нағыз ұтыскері қытай болды.  Ол КО-на сүйеніп үнді түбегіне қожалық еткісі келген вьетнамның меселін мүлде қайтарумен бірге, КО-ның қытайды қыспаққа алу, қала берді шығыс-түстік Азия арқылы тынық мұхит аумағына ықпалын жүргізу ниетіне тойтарыс берді. КО қытайдың вьетнамға жасаған мезеттік және ауқымдық шабуылын «қылмыс» деген айдармен айыптаумен ғана шектелуге дәті жетті.

Осыдан ары КО-ның Азия-тынық мұхит өңіріне килігуге ықыласы да, мұрсасы да болған жоқ. Осындайда Сингапордың бұрынғы премьер-минстрі Ли Гуаңяудың (Ли Куан Ю) аталмыш соғыс жайлы бағасы орындыма дейсіз: «Батыс БАҚ қытайдың жазалау әрекетін жеңіліске балайды. Маған салсаңыз, ол шығыс Азияның тарихын қайта өзгертіп жазуға әкелген әрекет» ( «3-дүние елінен 1-дүние еліне:  Сингапордың хикаясы»).

Қытайдың вьетнамды жазалау арқылы КО-на ескерту жасауының өзінің аймақтық ықпал аумағын қорғаштау сынды геосаяси мақсатынан тыс, маңызы мұнан титтей де кем соқпайтын стратегиялық тілегі бар болатын. Ол Дэннің бағамдауынша, «елдің ес жиып дамып алуы үшін халықаралық тыныш орта жарату» еді. Дэн Маодық төңкерістік бағдарының халыққа әкелген зардабын көзімен көрді, өзі де соның әлегіне ілікті. Бұл сүрлеумен елдің ұзаққа бармасын жанымен түйсінді. Сондықтан халықтың ерік-жігерін «экономикалық құрылысқа» жұмылдыруға шешім жасап, елді реформалауға көшті (ҚКП 11-съезді 3-жалпы жиналысы). Әлемдік қауымдастыққа ел есігін ашып қойды. Сыртқы қатынаста «ақырын жүріп, анық басу, әліне қарай әсер ету» стратегиясын бекітті.

Нәтижесінде ел экономикасы қарыштап дамыды, экспорт-импорты еселеп артты, әлемдік қауымдастықтың сыйлы мүшесіне айналды. Сонымен бір уақытта жершары экономикасындағы үлесінің артуына сай, оның халықаралық ықпалы да күшейе берді, сәйкесінше ішінара «ойын ережелерін» сақтай бермейтін кейіп танытты. Бұл КО құлағаннан кейінгі әлемдегі жалғыз алыпқа айналған АҚШ-тың назарын аударды. Қытайдың өте-мөте шығыс Азиядағы қауырт артып бара жатқан ықпалын тежеу үшін Обама үкіметі «Азия-тынық мұхитқа қайыра соғу» стратегиясын жасап, өңірдегі елдермен «Тынық мұхит жағалауы серіктестік байланысы шартын» (ТРР) жасасты.

Жершарындағы екінші экономикаға (2010ж.) айналған соң қытай елі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ ұсқындаған халықаралық тәртіп пен ережеге бойсынудан көрі, әлемдік ережелерді жасап бекітуші болғысы келетін пиғылын, әлемдік жетекшілікке дәмесін көрсете бастады. Дамушы елдерге дамудың «қытайлық үлгісін» жарнамалады, жершарында «адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын» жасақтау, «халықаралық қатынастардың жаңа үлгісін» түзу бастамаларын көтерді. АҚШ Азияға мойын бұрғанда, ол ілкідегі жібек жолын қуалай тұтас Еуроазияны қамтитын аса амбициялы «Бір белдеу, бір жол» бастамасын көтеріп шықты (2013ж.).

Тура осы тұста «Америка мүддесін» алға көтерген Трамп АҚШ президенті болып сайланды да (2016ж.), қытайды әлемдік жетекшіліктен тықсыруды қолға алды. Әрі қарай АҚШ-ҚХР сауда соғысы, короновирустың шығу қайнары дауы, қытайдың жоғары технологиялы компанияларын жазалау, ҚКП басшыларын АҚШ-қа енгізбеу, елге түрлі жолдармен кіріп алып қытай мүддесіне жұмыс жасайтын жымысқы «оқымыстыларды» тектеу, қытайдың әскери текті компанияларымен байланысты үзу... қатарлы шаралар тізбегіне куә болдық. Халықаралық сипатта АҚШ, Азияға «Үнді-тынық мұхиттары стратегиясы» арқылы (Обамадан кейін) екінші мәрте қайта соғып, қытайдың ежелгі бәсекелесі, территория мәселесіндегі дұшпаны Индияны тартып, онымен «қорғаныс селбестігі» келісіміне қол қойысып, Индияны қолтығынан үрлеп жіберді. Индияның қытаймен маусымдағы шекаралық қақтығысқа тегіннен дәті жетіп бармағаны белгілі. Жапония, Аустралия елдері бұл стратегияның белсенді жақтаушылары болып отыр. АҚШ сондай-ақ, Аустралия, Канада, Жаңа зелландия, Англияларды қатыстырған, өзара құпия информациялар алмасуды мақсат еткен «5 көз одағынa» (Five Eyes nations) топтастырып, қытайдың тынық мұхит аумағындағы әрекетін қалт жібермей бағып отыруды жолға қойды. Жапонияның да бұл одаққа «6-көз» болып кіруге ниетті екендігі айтылуда.

Қытаймен сауда үлесі тым қомақтылығына байланысты экономикалық мүдделерін алдыға шығарып келген бірсыпыра еуропа елдері, АҚШ-тың дәлелдеп көзін жеткізуі және қысымға алуымен қытаймен жалғасты байланысудың қауіпсіздік тұрғысындағы тәуекеліне көздері жете бастағандай. Олардың кейбірінің G5 саласында Қытайдың Хуауи компаниясының құрылғыларын орнатудан келісіліп қойған жерінен бас тартулары осының айғағы. 2020 жылы қазанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қытай қатерінен сақ болуды ескерту үшін оүтүстік қытай теңізіндегі аралдарың иегерлігі мәселесінде қытаймен араздығы бар оңтүстік тынық мұхит елдерін аралап, осы елдерге «анау марксизм-ленинизм құбыжығынан келетін қатерді сезіндіріп» қайтты. Демек, Қытай АҚШ бастамасындағы кезекті «қоршауға» қалып отыр.

Енді Қытайдың осы қоршаудан шыға алу мәселесіне келсек. АҚШ-пен текетірестен, Қытай бір елдің қуатының тек экономикалық қарымға ғана байланысты емес екендігін сезінді. Ғылым-техника, жасампаздық, инновация, әскери әлеует шебінде өзінің АҚШ-пен түбегейлі тәжікелесе алмасын таный бастаған сыңайлы. Сондықтан да жуықта ғана қабылдаған «14-бес жылдық жоба мен 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімдік межеде» инновацияны «елді осызамандандыру құрылысының жалпы сұлбасындағы өзекті орынға» шығарып, «ғылым-техникада аяғынан тұру мен күшеюді мемлекетті дамытудың стратегиялық тіреуіші» деп бекітті.

АҚШ-тың экономикалық қысымынан сыртқы саудасы сыр бере бастағаннан кейін-ақ, Қытай ішкі нарыққа иек артатын ыңғайға көшкен. Тағы сол «бес жылдық жоба мен 2035 межесінде» «қуатты ішкі нарықты қалыптап, дамудың жаңа ұсқынын сомдауды», «ішкі нарықтық айналымды негіз еткен, ішкі айналым мен сыртқы айналымның өзара түрткілік жасауындай жаңа даму ұсқынын жылдамдатып қалыптастыруды елдің осызаманғы экономикалық жүйесін тездетіп құрудың» міндеті етіп көтерді. Яғни Қытай аталған «қоршаудан» сытылудың қорғаныс тактикасына көшкен сыңайлы. Бірақ жаңағы міндеттер ұзақ мерзімді қажетсінетін, сондай-ақ сәтті орындалуына тоқ етер кепілдігі жоқ қадам. Жуық мерзімнен қарағанда мәселе ел ішінде де, әлем қауымына да уәде етіп келе жатқан «реформаны бұрынғыдан да тереңдетеміз, сыртқа ашықтығымызды онан сайын арттырамыз» деген уәдесін орындап, өзге елдердің сенімі мен ықыласын ала алу-алмауына сайғалы тұр.

Дегенмен, Қытайдың осы уәделер төңірегінде жасап жатқан қадамдары мен ұстанған шараларының бұрынғы сүрлеуден тым қашықтап кетпегенін бажайлап отырмыз. Айта берсеңіз, кейбір қылықтары айтқандарына мүлде кереғар кейіпте. Мұндай кейіппен атына қонған Американың да, оның одақтастарының да, өзге субъектілердің де ыңғайлы ықыластарын тарта алмасы анық. Осында Қытайдың тығырықтан шығуына аса маңызды тағы бір фактор тұр. Ол - Ши Жинпиңнің тұлғасы. Қытайдың алдыңғы «қоршаулардан» шығуына басым жағдайда Маодың өз идеялық сеніміне табандылығы және халық арасындағы пірлік дәрежедегі өлшеусіз беделі, Дыңның халықаралық көрегендігі мен елдің тағдырына деген шексіз алаңдаушылығы көмекке келген. Ал Шидің идеялық қарымы, білім-білігі, халықаралық қатынастарды бағамдауы, тіпті, елішілік беделі де, дөп келіп отырған жағдаятты жеңілдету талабынан алыс жатқандай.

Сөздің шынына көшкенде, Қытайды қазіргі ырықсыз жағдайға қалдырған да Шидің елдің қуаты мен әлеуетін жете пайымдай алмай, астамшылық «сырқатына» душарлануы болды. АҚШ-тың, бүтін демократия әлемінің көңілін аударып, назарын оятқан да оның автократиялық өлермендігі болатын. Оны Шидің Дэн аманаттап кеткен дипломатиядағы «ақырын жүріп, анық басу, әліне қарай әсер етудей» стратегиясын «Өршелене ұмтылып, пәрменді ықпал ету» статегиясына ауыстыруынан, «Қытай арманын» көтеріп, Мао кейіпіндегі «ұлылыққа» ұмтылуынан, мемлекеттің барлық билігін түрлі-түсті айлалармен жеке өзіне жиюынан, т.с. қыруар мысалдардан көруге болады. Практика Шидің тұлғалық қарым-қабілетінің елін кезекті «қоршаудан» алып шығуға жеткіліксіздігін, өзі «ұйтқысы» болып отырған ҚКП да тұтасымен оның қолдаушысы еместігін көрсетіп берді.

Жоғарыдағы талдаулардан шығатын қорытынды мынау, Қытайдың алдында екі түрлі жол жатыр. Оның бірі - қазіргі беталысымен, 40 жылдан бергі барлық өркениетті жетістіктерін тәрк етіп, Мао заманындағы дәрежеге жетпесе де, әлемге күңгірт елге айналу, екіншісі АҚШ бастамашылығымен қалыпталған, 70 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан, өзі де онан қарбыта игіліктенген халықаралық жүйеге жалғасты кірігу. Қытай қаласын-қаламасын, әлемнің қазіргі жетекшісі АҚШ-тың әрқандай әрекеті оның тағдырына тегеуірінді ықпал етеді. Оны «Трамп тоқпағы» көрсетті де. Сол сияқты, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Байден үкіметінің қадамдары да Қытайдың «қоршаудан» құтыуына себін тигізуі мүмкін. Бұл Байден үкіметі Қытайға жақтаса кетеді деген сөз емес. АҚШ-тың Қытайды қысымға алуы тоқтамақ емес, бұл қазіргі АҚШ қоғамына тиесілі ортақ таным, демократияны ұстану, кісілік құқықты талап ету жақтарында Байденнің Трамп тұсындағыдан да қатаң шарттарды қоюы кәдік. Бірақ Қытаймен экономикалық байланыс аңғарында тебісуден көрі серіктестікке ден қоюы аса мүмкін. Міне осы ыңғай Қытайға әлемдік жүйемен қайта тоғысып, тығырықтан шығуына мүмкіндік ұсынуы ықтимал, егер Ши билігі орайды қармай біліп, ұтымды пайдалана алса.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445