Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6534 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:45

Бейбіт БӨЖЕН. Қалқамандағы құрылыстың құны қалмады

Ақсу қаласындағы Қалқаман кентінде шенеуніктер дене шынықтыру және сауықтыру кешенін пайдалануға беріп, жергілікті халықтың «тақиясын аспанға тік атқызамыз» деп сөз бергелі қай уақыт?! Бірақ бұл уәденің құмға сіңген судай, ізі де қалмай отыр.

Ақсу қаласындағы Қалқаман кентінде шенеуніктер дене шынықтыру және сауықтыру кешенін пайдалануға беріп, жергілікті халықтың «тақиясын аспанға тік атқызамыз» деп сөз бергелі қай уақыт?! Бірақ бұл уәденің құмға сіңген судай, ізі де қалмай отыр.
Негізі, бұл тұрмысқа ауадай қажет кешен ағымдағы жылдың 20 қаңтарында пайдалануға беріліп, қызығын жергілікті халық көруі қажет еді. Алайда бүгінде пайдалануға бермек түгілі, ол ғимараттың ішіне адам кіруге қорқады. Ђйткені мердігерлер жүргізген құрылыстың сапасы тым төмен, тіпті қабырғаларында жарықшақтар пайда болған. Жаңа құрылыс материалдарынан салдық деп есеп беретін мердігерлердің сөзі ауаға ұшты. Қазіргі уақытта жарықшақтардың ара-жігі 3-4 сантиметрді құрайды. Яғни ғимаратты пайдалануға беру мәселесінен бұрын, ғимарат құлап қалып, біреу-міреуді жазым ете ме деген қауіп алға шыққан. Сол секілді коммуналдық жүйелері де көптің көңілінен шықпақ түгілі пайдалануға жарамсыз. Мәселен, тіршілік көзімен жабдықтауға арналған құбырларынан су саулап тұр. Ал кешенді жылытуға арналған қазандықтарды қоятын жердің сұлбасы бар демесең, көңіліңе қош болатын түк жоқ. Шенеуніктер жыл басында жұртты жарылқайды деген сауықтыру орталығында әлі қажетті жабдықтардың барлығы орнатылмаған. Айта берсек, шикіліктер жетерлік. Бірақ соған қарамастан, ғимаратты шенеуніктер халықтың пайдалануына береміз деп шешіп отырғаны таңғалдырды. Бұл іске Ақсу қалалық прокуратурасы араласпаса, ішіне адам түгілі мал жіберуге қорқынышты ғимарат жамағаттың игілігіне беріліп кетер ме еді, кім білсін?
Мердігерлер қыстың бастапқы айында қолдануға береміз деген уәдемен асырап, ақырында белгіленген мерзімде «қызу» жұмыстарын аяқтай алмады. Мердігерлер жіберген кемшіліктері үшін екі есе жауап берер делік. Онымен қазір құзырлы орган мамандары айналысуда. Бұл мердігердің өз ойына келгенін жүзеге асырғанының көрінісі емей, немене? Онымен қоймай, орындалмаған жұмыстар үшін ақша төленіп қойылған. Тек қана терезелер үшін 600 мың теңге қарастырылыпты. Алайда қомақты сома бөлінген әйнектердің сапасы көңілден шықпайды.
Ғимарат – еліміздегі салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыты бойынша салынып жатқан нысан. Яғни ол – мемлекеттік тапсырма, Елбасының қолға алған стратегиялық жоспарларының бірі. Жоғарыдағылар жақсы болсын деп жүргенде, жергілікті «жуандар» ақша табудың амалына көшкендей. Қазіргі уақытта Ақсу қалалық прокуратурасы мамандары қаржы полициясына тексеру туралы арнайы тапсырма берген. Құрылыс сараптамасы да бекітілді. Осы сараптама негізінде жасалған жұмыстарға шынымен 46 млн теңге жұмсалды ма, жоқ па, сол жағы анықталмақ. Егер олай болып шықпаса, онда жауаптылар лайықты жазасын алуы керек. Бірақ тағы да мемлекеттің ақшасынан шашау шығарып, көзге ұрарлық кемшіліктермен жұмыс жүргізетін мердігердің маңдайынан сипауға ғана дәрмені жететіндер «ақталып» шықпаса жарар еді.



Бейбіт БӨЖЕН Павлодар қаласы
«Айқын» газеті 30 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970