Абылайдың биік бейнесі қазақтың көкжиегінен төмендемейді
Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.ҚОЗЫБАЕВ атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этно-ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, абылайтанушы ғалым:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.ҚОЗЫБАЕВ атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этно-ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, абылайтанушы ғалым:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– ХХІ ғасырдың Тәуелсіз 21-жылына басқан әр қадамымызға аса мән беру керектігін өмір көрсетіп отыр. 20 жылдық белестен кейін бағытымызды қайта бағамдап, баянды баспалдақтарға байыппен баруға тура келгендей. Өткенімізден өкініш іздеу жарамас, алайда алға жылжу үшін ақиқаттан аттап кетуге тағы болмайды. Әңгімеге осы тұрғыдан келсек...
– Әр жыл өзінің сәнімен, сәтсіздігімен, қиындығымен өсіп-жетіліп, табиғаттың заңы сияқты дамиды, жаңарады, өзгереді, ілгерілеу, кейіндеу болады. Кейде бұл құбылыстарға ара тұратын күш жоқ қой деп ойлаймын. Қоғам дамуындағы іркілістердің себебін байқамай қалып: «Неге біз ілгерілей бермедік? Неге бір жерде тұрып қалдық?» деген сұрақтар туады. Осы тұрғыдан келіп, материалдық жағынан алғанда, көзге көрінетін, қолға ұстайтын, қалтаға салатын жетістіктеріміз, Құдайға тәубе. Азғантай ғана халықпыз. Жеріміздің асты-үсті қазына, кенге бай. Мұндай байлығы жоқ елдер де мемлекет болып, ұрпақ жалғастырып жатыр. Менің айтайын дегенім – рухани байлық. Дүниенің қожасы адам болса, мемлекеттің қожасы қазақстандықтар және сіз бен біз болсақ, руханиятымызды толтыру, ізденіп, тереңірек ойланып, алды-артын болжап, бар-жоғын түгендеу басты міндетке айналып отыр. Астанамыз бастаған үлкен-үлкен жетістіктеріміз, көшемізге сыймай кеткен автокөліктеріміз, ұл-қыздарымыздың жайнап, жарқырап киініп жүргені, дастарқанымыздың молдығы, мұның барлығы – адам қолымен жасалған нәрсе, яғни адами капитал. Ал рухани байлық ең бірінші тұрады.
– Бүгінгі жетілуімізге қандай баға бересіз?
– Талай жыл университетте қызмет істегендіктен, білім саласын айтқаным жөн-ау. Білім беру ісінде көптеген өзгеріс болды. Ол өзгерістер оқыс жағдайда, шұғыл болғандықтан, кейбір жерлері шытынап, опырылып, кейбір жерлері орнына келіп жатқан жағдайлар бар. Дүниежүзілік өркениеттің деңгейінен қарап, ойлана келе түйгеніміз – бұрынғыша жүре беруге болмайды, жаңалық жасауымыз керек екен. Сол жаңалықтар жасалып жатыр. Мәселен, мектептерді 12 жылдыққа көшіру. Оқулықтардың жылда өзгеріп жатқанына оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер кейде ренжитіні бар. Оған ренжуге болмайтын шығар. Өйткені біз іздену үстіндеміз, жолды бір-ақ күнде таба алмаймыз. Егер оқулықтар, оның ішіндегі қағидалар жылда өзгеріп отырса, ол – заманның талабы-дағы. Біреудің қажетсінгенінен немесе қажетсінбегенінен емес деп ойлаймын. Орта арнайы оқу орындарын құртып алып едік, оны колледж деп атап қайта жандандырып жатырмыз. Одан төменгі жұмысшы мамандықтарын дайындайтын мектептер селкеу тартып қалған шаруа еді, оны жөндеудеміз. Негізінен, барлық күш ЖОО-ға түсіп тұрған сияқты. Мемлекеттің қуаты, қаржы жағдайы нығайып, сырттай қарағанда, саны жағынан бүкіл Еуропамен теңгеріліп болдық. Денсаулық, адам ағзасының ұңғыл-шұңғылын зерттеп, емдейтін аспабымыз тағы басқасы сақадай сай. Енді соның маманы және істейтін қол керек болып тұр. Теория мен тәжірибені қатар алып жүрген жөн. Жаңа заманның Тәуелсіз елге қызмет етпейтін теориясын мен мойындамаймын.
– Білім саласындағы көңіліңіз толатын және толмайтын тұстарын айтуға бола ма?
– Айтуға хақым бар сияқты. Тәуелсіздік алғаннан бері ЖОО-да болып жатқан барлық өзгерістердің куәсімін. Ұйықтап жатқанда өзгертіп кетпесе, есіміздің бүтін, көңіліміздің ояу кезінде бәрін көрдік, тіпті, бізге ұнасын-ұнамасын өзіміз жасадық. Ең аяғы құжаттардың, бағдарламалардың жасалуы т.с.с. шаруаларды өзгерттік. Біріншіден, бұрынғы кеңестік тәртіп, қазақы бағыныштылық менталитет – жоғары жақтан айтылғанның барлығын қалтқысыз өзгерте бердік, әлі де өзгертіп жатырмыз. Өткелден өткенде қанжығаңыз су болып, тоқымға су шашырайтыны рас. Құрғақ жерде келе жатқан жоқпыз, ол өткел ғой. Сол сияқты ізденбей, талпынбай, бірден даңғыл жолға түсе кетпедік деп өкпелеуге тағы болмайды. Қанағатшыл, тәуекелшіл, тәубешіл халықпыз. Міне, қазір даңғыл жолға шығып келе жатқан сияқтымыз. Бағытымыз түзу. Жас ұрпақты білімді, заманның талабына қарай жан сақтай алатын, ең әуелі өзін-өзі асырай алатын, содан кейін басқаға пайда келтіретіндей етіп тәрбиелеу – қажеттілік. Ірі мақсаттарымыз көп. Біздің мамандарымыз Қазақстанды көркейтіп жіберсе, ғылымымызды, техникамызды іліп әкетсе екен деген де дұрыс. Бірақ ұстаз ретінде айтарым, менің шәкірттерім ертең ержетіп, оң-солын танығаннан кейін, өз-өзін асырай біліп, шалыс баспай, алған білімін іс жүзінде қолданып, тамағын тойдырып, киімін бүтіндеп, отбасын асырауға үйренсе, әрбір қазақтың баласы осындайға жетсе, Қазақстан қамсыз, мұңсыз болар еді. Бізде университеттер көп, халық саны аз деген жағдайлар бар. Солай екені рас, бірақ Қазақстанның жағдайында бұған байқап қарау керек. Себебі Алматыдағы техникалық, аграрлық т.т. ұлттық университеттерді бітіріп шыққан мықты маман Ақтөбеге, Оралға, Солтүстік немесе Шығыс Қазақстанға, Өскеменге бармайды. Қазіргі заманның үрдісі солай. Мәселен, Қазақстан бойынша мыңдаған дәрігер жетіспейді. Бәлкім, Үкімет тағы да медициналық оқу орындарын ашу керек шығар. Мен тұратын Солтүстік Қазақстан облысында 300 дәрігер жетіспейді. Жекелеген мамандықтар жағынан дәрігер мүлде жоқ. Ал ауруханалардың жарақталуы, олардың ғимараттары керемет, бірақ соларды ұстайтын маман жоқ. Сондықтан Қазақстанның жағдайында аймақтық ЖОО -лар ұстау керек. Өйткені бізде әлеуметтік даму әртектес, жолы қашық, климат жағдайы әртүрлі. Үкімет, министрлік аймақтық ЖОО-ларды жергілікті ерекшелікке қарай бейімдеп, сол өңірге керек мамандықтар дайындауы тиіс. Басқа ғажап мамандықтарды сұратып алдыруға болатын шығар деп ойлаймын.
– Жаңа бір сөзіңізде айттыңыз: «Оқытқан шәкірттерім өз басын алып жүрсе, сол – олжа және біздің байтақ жеріміз бен халық саны сәйкес келмейді» деп. Ақтамберді жырау «Он кісіге татыса бір кісілік табағым» деп айтқандай, бұл байтақ жерді ұстап тұру үшін шәкірттердің білімі, шетелмен салыстырғанда, 10 кісіге татитындай болуы біз қаламасақ та қажет секілді. Бұл – бір. Екіншіден, жаңа айттыңыз: «Жоғарыдан келген тапсырмаларды мейлі дұрыс, мейлі бұрыс болсын, бас изеп жасай бердік» деп. Осы жаппай бас шұлғу қаншалықты жақсылыққа апарады? Ертең шәкірттеріңіз де бір жаққа құлап, бас изей берсе, даму бола ма? Әртүрлі ой, жан-жақты пікір-көзқарассыз қайтіп өркендейміз?
– Жеріміз кең, халқымыз аз. Хош! Жеріміздің жартысын біреуге бере салайық па? Жоқ, жер бізге керек! Халықты бізге басқа жақтан қосып бере ме? Жоқ, қосып бермейді! Міне, өзіңіз назар аударып отырған үлкен мәселе – ұлан-байтақ жерімізді көгертіп, көктетіп, көркейтіп, келесі ұрпаққа жеткізу. Ұрпағымыз 20, 30, 100 жылдан кейін осы жерде тарай береді деген ниетіміз бар. Бұл – табиғи заңдылық. Бәріміз «әр қазақтың намысы болса екен» деп жүрміз. Ешкіммен бәсекелеспей-ақ, «Мен қазақтың азаматымын, байтақ жерім бар, тән қуатымды жеткіздім, бойым, ойым, денсаулығым бар, енді рухани жағынан баюым керек, шетелден келіп жатқан кез келген дүниені біз де жасай аламыз» дегендей саналы ұғымы бар, сапалы, білімді ұрпақ дайындау – ЖОО-ның міндеті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанның еркін ойлы азаматы ретінде көкейде жүрген ойымды жеткізсем... Осы ұлан-байтақ жерімізден көп астық алдық дейміз. Келесі жылы құрғақшылық болып, мұндай астық ала алмауымыз мүмкін. Сол себепті: «Біздің мемлекетімізге қанша астық керек? Мемлекетімізде қанша жер бар? Сол жерлерді кім көрінген жырта беру керек пе? Олар жерге бір түйір тыңайтқыш салып отыр ма? Ол жердің күтімі қандай? Ол жердің нәрін, сөлін сығып алып жатқан жоқ па? Басқалар өнім өндіріп жатқан жерден Қазақстанға пайдасы не, зияны не?» деген мәселелер бар. Біз жерімізді жүдетіп, Жер-Анамыздың емшегін кергілеп, созғылап жатырмыз. 100 жылдан кейінгі ұрпағымызға, одан кейінгілерге не қалдырамыз? Абай айтпақшы, маған билік құзыретін берсе, «Бос жерлер» министрлігін ашар едім. Ол министрліктің қызметі – бос жатқан жерлерге ешкімді тигізбей, сол жерлерді тыңайтатын, құнарландыратын өсімдіктер отырғызып, қоршап, қорып, қоректендіріп, маңайындағы ағашын, суын, тіпті жәндігіне дейін қорғап отырады. Үлкен статус беріп, биік министрліктердің бірі қылар едім. Қазіргі біздегі ең нашары – Табиғатты қорғау министрлігі. Министрдің кім екенін екінің бірі білмейді. Жер – қоймамыздағы байлығымыз, қалтамыздағы алтынымыз. Ал табиғат – кеңірек түсінік. Табиғатты қорғауды біздің егіншілікке, жайылымға жарамды, алтыннан қымбат, қойнауы қазына-кенге толы, бағасы шексіз жеріміздің құнымен шатастыруға болмайды. Екіншіден, есептейтін адам болса, Қазақстанға жылына қанша алтын керек? Ішетініміз, жейтініміз, сататынымыз, қарызымыздан құтылатынымыз бар. Одан артық алтынды қазбаймын, себебі ертеңгі ұрпаққа қалдыруым керек. Соларға көрсетіп кетемін. Көрсетіп кетпесем де, өздері тауып алады. Мен геолог болмасам да, есептеуімше, Қазақстанда мыңжылдыққа жететін энергетика қоры бар. Үлкен Қарағанды көмірлі аймағының ұзындығы – 500, ені – 500 шақырым. Басқасын былай қойғанда, осы көмірдің өзі – үлкен байлық. Ал көмір болған жерде бәрі бар. Сондықтан энергетика көздерін үнемдеу керек. Үшіншіден, қазақ ықылым заманда-ақ айтқан: «Судың да сұрауы бар» деп. Меніңше, бізде судың сұрауы жоқ сияқты. Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та болдым, сабақ бердім, лекция оқыдым, халықпен сөйлесеміз. «Үйде екі шүмек тұрады. Бірі – тұщы, кәдімгі біздің ішіп жүрген артезиан суы. Екіншісі – техникалық су» дейді. Біріншісіне «ішуге болады» деп жазып қойған. Екіншісі қайтадан тазартылып келген, сіздің кір, еден, ыдыс-аяқ жууыңызға, шомылуыңызға т.т. ішкеннен басқасының барлығына пайдалануға болады. Еліміздегі тұщы судың қоры – мемлекеттік бағдарлама болу керек. Арпа-бидай, алтын-күмісіңіз жоқ десеңіз де, суыңыз болсын. Су – бар байлықтың бастауы. Иә, тұщы суды пайдалануға байланысты бағдарлама бар, «Мөлдір су» ма еді? Ол бағдарлама міндеті – суды үйіңізге жеткізіп беру.
– «Неге болсын үнем керек» дейсіз ғой. Зарқын аға, енді әңгіменің ауанын бұрсақ. Руханиятымызға «Қазақтың ханы – Абылай» атты екі томдық кітап қосып жатырсыз. Әрине, Абылай ханның ауқымды әңгімеге арқау болатыны рас және екі кітапты бір хабардың шеңберіне сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен ғасырлар бұрынғы Абылайдың арманы, көксегені бүгіннен табыла ма?
– Абылай мен Тәуелсіздік сөзінің ортасына теңдік белгісін қойуға болады. Абылай – Тәуелсіздіктің туын көтерген, Тәуелсіздіктің құнын білген хан. Абылай хан – Тәуелсіздіктің символы. Мұны біз халық ауыз әдебиетінен бері қарай айтып келеміз. Бар-жоғын, бүкіл дерегін аңыз-әңгімесінен аршып, Абылайдың бейнесін беру керек болды. Келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершілігіміз шығар, осы шаруаны қолға алдық. Мұнда 500 құжат қамтылған. Әрбір құжатта аты аталатын кісілерге түсінік берілген. Мысалы, Бөгенбай – қай Бөгенбай немесе қай Қабанбай? Олардың қандай еңбегі бар еді? Тағы басқа хандар, билер, бұрын іздеушісі жоқ болып келген кісілер, қысқасы, кітапта қамтылған оқиғаларға түгел түсінік берілді. Ең аяғы жер аттары: Ақсу, Сарыкөл, Қарасу деген сияқтылар кездессе, бұлар қазір қалай аталады, қай жерде? Тұсаукесерінде пікір білдірген тарихшы ғалымдар: «Энциклопедиялық сипатта...» деп айтып жатты. Менің ойымша, Абылайдың төңірегіндегі әңгімелер мен жұмбақтардың бірталайы шешілген сияқты. ХVІІІ ғасыр түгел қамтылғаннан кейін, әңгіме Әбілқайыр ханнан бастау алады. Әбілқайырды айналып өтпейсіз. Мамандардың айтуынша және өзіміздің жобалағанымыздай, бұл кітап тұтас қазақтың үш жүзі мен батырларын, билерін қамтиды, идеялық тұрғыдан барлығы Абылайдың төңірегіне шоғырландырылған, іс жүзінде де солай болғандығынан дерек береді. Ең бірінші бағалайтыным – Абылайдың тұсындағы Қазақ хандығының шекарасы, алдыңғы жылы Президентіміз бекіткен бүгінгі Қазақ мемлекетінің шекарасымен шамаластығы. Екіншіден, сол кездегі Қазақ хандығының саяси жағдайы тура біздің қазіргіміздей. Оның алдында Абылай ханға дейінгі, бері қойғанда 100 жылдық соғыстан азып-тозып, қажып, мінез-құлқы өзгерген, бейбіт кәсіпке үйренбеген, аттан түспеген, саудамен айналыспаған қазақ еді. Абылайдың алдында бір-біріне бағынбаған, әркім өз руын зор тұтқан заман болатын. Соның бәрін Абылай хан бір ошақтың басына жинады. Иә, қатаңдық жасаған жерлері бар, бірақ ол қатаңдық емес, тәртіп деп аталады. Ішкі жағдайды соған келтірді, ұрлыққа, барымтаға тыйым салды. Абылай қазаққа сауданы алып келді және онымен айналысуды үйретті. Ал сауда – әлемдік өркениеттің үлкен жетістігі. Қазақ қоғамы Абылайдың тұсында экономикалық жағдайының негізі ретінде өлкемізге, Сарыарқаға сыймай жүрген малды киімге, құрал-сайманға, басқа да қажетті дүниелерге айналдырып, Қытай және Ресеймен екіжақты сауда ұйымдастырды. Әрине, Тәуелсіздік теңдессіз, бірақ ХVІІІ ғасырды қарасаңыз, дүниежүзілік жер бөлісі болды. Кімді-кім басып алмай жатты. Америка ашылып, Португалия, ағылшындар дүниені ту-талақай етіп бөліп алып жатқанда, «Қазаққа неге тиісесің?» деп өкпелеуге болмайды. Бұл – табиғаттың заңы секілді құбылыс. Мына жақтан Ресей, мына жақтан Қытай төнген кезде, барлығымен тіл табысып, елшілік алмасып, «сен жақсы да мен жақсы» деп, қазақты аман алып қалды. Абылай ханның түсінігінде: «Исі қазақтың мәңгілік жауы, мәңгілік досы жоқ, тек қазақтың мүддесі бар». Абылай ханның ұстанған саясаты – осы. Қазіргі Қазақ мемлекетінің саясаты да сол деп ойлаймын. Шарт жасасып, бір нәрсеге қол қойып жатсақ, ол қазаққа пайдалы болуы тиіс. Келісім кездерінде Абылай қазаққа пайдасы болмаса, басқаны керек қылмаған. Жерді қорғау және қорғаныс мәселесінде Абылай шекараны қатты бекіткен. Шекара бойына мықты-мықты сұлтандарды қойған. Қытай мен Ресей шекара қызметімен тікелей байланыс жасаған. Мәселен, Қызылжардың қазығынан бері қарай, бір шақырымға бірде-бір орыстың аяғы тиген емес. Тарбағатай, Аягөз, шығыс жағымыздағы қытайлар да солай.
1756 жылы Баянауылды басып, Қарқаралыны асып, Қытайдың қалың әскері кіріп келді ғой. Абылай соларды талқандап жіберді. Қытайлар қайта кетті: «Келесі жылы келеміз» деп. Нақты деректер кітаптың ішінде бар. Қытайдың императоры хат жазып: «Әй, Абылай, сен байқа! Мен сенің еліңді, жеріңді тып-типыл етіп жойып жіберемін. Сен менің әскерімді сөйтіпсің» десе, Абылай: «Біз сіздің әскеріңіз екенін білмей қалыппыз... Жаңылдық!» деп жеті арғымақты сыйлыққа жіберіп, осылай Қытаймен мәміле жасасқан.
– Қазаққа қатысты аңыз-әфсаналардың негізгі арқауы ақиқат екенін кеңес кезіндегі саясат танытпай, керісінше, жағымды әңгімелерді жалғанға айналдырды ғой. Абылай төңірегіндегі аңыздардың тарихи деректермен сәйкестігі жөнінен не айтуға болады?
– Мына кітапта аңыз – деректерді, дерек аңыздарды байытады. Екеуі екі шаруа деп бөліп тастаған жоқпыз. Екеуінің де анықтамасы бар. «Кітап – ғылыми зерттеу, аңыз – халықтың жадында, зердесінде қалған жақсы әңгімелер» деп түсіну керек. Содан кейін: «Абылайдың әке-шешесі кім? Оның әке-шешесі кім?» деген кездерде бірталай дүдәмалдар бар. Сол дүдәмалдарды, аңыз-әңгімелерді есептегеннің өзінде тарих алдында Абылай бізден ұялмайды. Абылайдың істегенінің бәрі дұрыс. Дұрысы да – дұрыс, бұрысы да – дұрыс! Абылайдың биік бейнесі қазақтың көкжиегінен төмендемейді.
– Дұрыс екен, Зарқын аға, түйін сөз, тілегіңіз...
– Тәуелсіздіктің 21-жылына қадам басып отырғанда келешектің талабы бөлек. Игілікті басталған жыл өзінің берекесін молайта берсін! Елімізге береке келсін! Тыныштық болсын! Үлкен-кіші аман болсын!
– Әумин! Рақмет сізге!
http://alashainasy.kz/person/30508/