Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақ жері 11033 33 пікір 23 Желтоқсан, 2020 сағат 12:15

Петропавл қашан Қызылжар болады?

Петропавл қаласының атауын өзгертуді талап еткен «Намыс» жастар қозғалысының белсенділері аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа петиция жолдады.

Петицияны әкімге тапсыру үшін аймаққа арнайы келген жастар: «Біз күллі қазақтілді аудиторияның арызын арқалап келдік. Солтүстікті қазақтандыру қажет», дейді.


| DalaNews

ПЕТИЦИЯ

​Бүгінде елдің ауызбірлігін бұзуға, азаматтығымызға сына қағуға бәзбіреулер күш салып жүр. Орыстың Жириновский, Никонов, Федоров, Лимонов секілді шолақбелсенді саясаткерлерінің «Қазақ халқы болмаған», «Қазақстанның солтүстік аумағы Ресейдің жері» деген арандатушылығы белең алуда.

Осы саясаткерлердің арандатушылығы Қазақ еліндегі қоғамды, орыс тілді аудиторияны негізге алып, елді екіге бөлуге тырысуда.

Оның үстіне мемлекеттік маңызы бар Петропавл, Павлодар сынды қалалардың атауы шет тілінде болғаны олардың жұмысын жеңілдетіп отыр.

​Осындай арандатуышылыққа қашанғы бейжай отыра бересіздер?

​Сол себепті, жуық арада Петропавл қаласының атауын қазақиландыруды, байырғы атауы «ҚЫЗЫЛЖАР» атауын беруді және ана тіліміз – қазақ тілінің үстемдігін арттыруды талап етеміз.

Солтүстік Қазақстандағы ағайын ана тілі, мемлекеттік тіл, қазақ тілінде сөйлемегенше қауіп-қатерден арыла алмаймыз.

«Намыс» жастар қозғалысының өкілдері

Петицияға қолдау білдіріп, қозғалыс белсенділерімен байланысу үшін төмендегі телефонға хабарласуға болады:

8 (747) 033 34 95

Эл.почта:

namysty_bol@mail.ru


Тақырыпқа тұздық:

«Намыстың» намысты жігіттері Петропавлдың атауын қазақшалап, «Қызылжар» деп өзгертуді талап етіп, петиция жарлиялапты. Міне, дұрыс! Ресей парламентариінің бұл шатағаның артында кімдер тұрса да, бұл бастаманы исі қазақ түгел қолдауы және аяғына жеткізуі керек! Петр мен Павелдің атындағы қос қалаға қазақша атау беретін кез жетті!

Жалпы, Ресейдің іргесінде жатқан солтүстіктегі бірнеше қаланың атауын қазақшалау жайлы көптен бері айтылып келеді. Әсіресе, Павлодар мен Петропавл сынды ірі қалалардың әлі күнге орыс апостолдары Павел мен Петрдің атымен аталып жүргені көптің өкініші.

Павлодардың атауы – «Кереку». Ал Петропавлды қазақ бұрыннан-ақ, «Қызылжар» деп атаған. Бұл тарихи тұрғыдан дәлелденген фактілер. Талас жоқ. Алайда, аталған екі қалаға тарихи атауларын қайтару оңай шарауа болмай тұр. Қала аты түгіл, кішігірім көше атауын ауыстыру үшін де әркімнің қас-қабағына қарайлап жүретін қазақ билігі бұл мәселеде мүлде жалтақойлық танытып отыр.

Былтырғы жылғы бір айтыста Дидар Қамиевтің Қарғандыдағы Октябрь ауданына Ұлт лидері Әлихан Бөкейханның есімін бере алмадыңдар деген қарсыласына:

Айналайын ол саған Астана емес,
Аты ауысып кететін бір сағатта, - деп әдемі жауап қайтарғаны бар еді. Сондықтан, айналып келгенде ат ауыстырудың тоқетер нүктесі Ақордадағы адамның бір ауыз сөзіне келіп тіреледі.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да Павел мен Петрге әлі күнге әліміз келмейді. Қазақ билігі Павлодар мен Петропавлды қазақшалай алмай жүргенде, ғалымдар осыдан 95 жыл бұрын жарияланған құжатты тапқанын, ол құжатта, 1925 жылы сол кездегі билік Петропавлды «Қызылжар» деп атау туралы ресми шешім қабылдағанын былтыр осы «Abai.kz» ақпараттық порталында тарихшы, профессор Зиябек Қабылдинов сүйіншілеген еді.

1925 жылы «Правда» газеті Петропавлдың «Қызылжар» болып өзгергенi туралы хабар жариялаған («Правда» газеті Кеңес өкіметі коммунистік партиясының бас газеті болған). Сол жылдың 18-ші шілдесінде Ақмола губерниялық атқару комитетiнің төралқасы Петропавлды ресми түрде «Қызылжар» деп атау туралы қаулы қабылдайды. Оны Қазақ Республикасы орталық атқару комитеті (Сол кездегі республика Үкіметі) құжаттап, бекітеді. Бұл құжаттың түпнұсқасы Мәскеудегi Бүкілодақтық орталық атқару комитетіне, көшiрмесi Қызылжарға жiберілген. Бұл құжаттар Ресей мұрағатынан табылды.

Өкінішке орай, 95 жыл бұрын большевиктер істеген істі, бүгінде Тәуелсіз қазақ билігі істей алмай отыр. Бұл да шындық.

Осы күнде жер тарихын қастерлейтін жандардың жансебіл еңбегінің арқасында Петропавлдың түпкі атауы Қызылжар екеніне көз жеткізілді. Тарихи фактілермен дәлелденді.

Орал Мұхамеджанов Мәжілісті тізгіндеп, Кәрім Мәсімов Үкіметті басқарып тұрған 2010 жылы Мәжілістің 14 депутаты Петпропавлдың атауын «Қызылжар» деп өзгерту туралы мәселе көтерген. Сол кездегі депутат Жарасбай Сүлейменовтердің бастамасы еді, бұл. Онда бірқатар тарихи фактілер келтірілген. Міне, қараңыз:

Әріден бастасақ, 1663 – 1763 жылдар аралығында өмір сүрген «Елім-ай» дастанының авторы атақты Қожаберген жыраудың «Қызылжар» деген өлеңі табылды. Онда ақын:

«Көлденең көк Есілдің жарқабағын,
Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен» - деп, нақ осы арада әкесі – Толыбай сыншының «Қызылжар» атты қыстауы болғанын жырлайды. Фактісі сол – сол кездің өзінде-ақ, сол өңірдің жергілікті тұрғындары сол аймақты «Қызылжар» деп атаған. Апостол Петр мен Павелдің есімімен аталуы – бұл Патша өкіметінің отаршылдық саясатының, орыстандыру саясатының жемісі екені белгілі.

Тағы бір дерек – үш жүздің басын қосқан Абылай хан өзінің 1759 жылғы 22 қазанда әскер шебінің командирі, полковник П.А. Роденге жазған хатында қырғыздардың (қазақтардың) сауда-саттыққа араласуына жағдай жасау жөнінде өтініш білдіреді. Ресей үкіметі оның бұл тілегін қанағаттандырып, 1759 жылдың 22 желтоқсанында далалықтармен сауда-саттық жәрмеңкесін ашу жөнінде жарлық шығарады. Ел ішінде ол «Қызылжар жәрмеңкесі» деп аталады. Бұл мәліметті «Аблай настаивал на организации «сатовки» (места торговли) в крепости на Ишиме» деп, белгілі қазақ ғалымы, тарих ғылымының докторы  Е. Бекмаханов та растайды.

Қала атауын «Қызылжар» деп өзгертуге байланысты жергілікті «Мир труда» газетінде Андрей Бедный деген ақын «Красный Яр» деген өлеңінде тұрғындардың көңіл күйін былай  суреттейді:

Свет зори да грохот гулкий –
В октябре и здесь раскрыл глаза
А в залитых солнцем переулках
Шли сегодня русский и казах.

У казаха губы лепетали, –
Объяснил, что значит: «Кзыл – Джар», –
– Город был Петра и Павла, –
А сегодня – он уж – «Красный Яр».

Қазақ әдебиетінің қос алыбы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің шығармаларынан да Қызылжар атауын жиі кездестіреміз. Сәбит Мұқанов Шоқан Уәлиханов жайлы жазған «Аққан жұлдыз» деп аталатын тарихи романында Қызылжар атауы жайлы: «Бұл қаланың «Қызылжар» деп аталатын себебі – Есіл өзенінің топырағы қызғылт түсті жарына орнағандықтан екенін білеміз» деп, түсініктеме береді.

Ұлы ғалым Ш. Ш. Уәлихановтың өзі де еңбектерінде Қызылжар қонысын «Қарқаралы сыртқы округы болыстарының қыстаулары» деп көрсетеді.

1911 жылы осы өңірде болып зерттеу жұмыстарымен айналысқан тау-кен инженері А.П. Нифонтов та өзінің жазбаларында: «Судя по обнажениям в берегах р.Ишим, р.Кайракты и впадающих в нее логов, по обнажениям в берегах р.Терсаккан, мы можем заметить здесь распространение пород третичного возраста, выраженных пестроцветными глинами и песчаником... Глины  плотны, пластичны, жирны на ощупь и окрашены в разные яркие цвета (белый, желтый, розовый, красный и т.д.)» деп, қаланы жанай ағып өтетін Есіл өзенінің тік жарқабағының ерекшелігіне назар аударады. Бұл сол өңірдің жер бедеріне қатысты айтылған сипаттамадан-ақ, қазақ халқының бұл жерді неліктен «Қызылжар» деп атауының себебін тануға болады.

Қазақтың тағы бір ірі жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің Кенесары хан жайлы тарихи еңбегінде: «Он жылдың ішінде Талды-Қоянды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, Семей бекінісінің тұсында Аягөз өкірігі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл өкірігі, Аманқарағайдан жоғары Құсмұрын өкірігі, Омбының Оңтүстік саласында Үшбұлақ өкірігі құрылды», деп қазақ жерін бекіністер салу арқылы отарлап жатқан патшалық Ресейдің озбыр саясатын ашып көрсетеді.

Міне, осылардың бәрі қаланың байырғы атауы Қызылжар болғанының бұлтартпас дәлелі. Келер жылы Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Оны президент Тоқаев та өткенде нақтылап, келер жылды – «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» деп, жариялайтынын айтты. Ендеше, Тәуелсіздіктің 30-шы жылында орыс апостолдарының атындағы қалаға Қызылжар атауын қайтару тарихи әділдік болар еді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401