Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Сұхбат 6638 7 пікір 30 Желтоқсан, 2020 сағат 13:02

«Шыңжаңға КСРО-дан 2,5 млн газет-журнал жеткізілді»

(Қарағайбастаулық қариямен әңгіңме Немесе жарты ғасырға жуық сөздік сауған С.Найман)

Найманғазы аға, сұхбатқа хош келдіңіз! Сіз Қытайға белгілі баспагер, редактор, аудармашы, профессор, ғалымсыз, С.Найман деген атпен әйгіленген танымал тұлғасыз. Өз басым, сіздің аты-жөніңізді өзіңіз жетекшілік етіп құрастырған «Қытайша-қазақша» көк сөздік алғаш шыққаннан бері білемін. Осы «көк сөздік» қытай тілін үйренгісі келетін, оны білгісі келетін, ары қарай соның жолын қуғысы келетін талай қазақ баласына бағдаршам болғаны рас. Сіз аударған, сіз баспадан шығарған, сіз редакторлық істеген қазақтың, қытайдың және шетелдің классик жазушыларының шығармаларын оқымаған оқырман Шыңжаң қазақтарында кем де кем шығыр. Бүгін Құдай сәтін салып, сізбен дидарласу орайына ие болып отырғаныма ерекше қуаныштымын. Шыны керек, сіз секілді аты аңызға айналған адамның өмір жолы, еңбек жолы маған ғана емес, күллі қазақ баласына қызық шығар деп ойлаймын. Қай өңірде туып-өстіңіз? Әңгімеңізді сол туған жеріңізден бастасаңыз жөн болар еді? 

– Айналайын, Әлімжан! Мені тым асыра мақтап жіберген жоқсың ба?! Ендеше айтайын, мен Шыңжаңның Тарбағатай аймағы, қазіргі Толы ауданының Майлы деген жерінде, Нарынсу бұлақ бойында 1941 жылы 29 тамызда қорушы отбасында дүниеге келген екенмін, негізінен Толы ауданының Барлық тауында және Шәуешектің жанындағы Құлыстай ойпатының Жиек деген жерінде өстім, бастауыш мектепті сонда оқыдым, 1953 жылы Толы ауданының орталығындағы орталау мектепке келіп оқуға түстіп, Қарағайбастаудың кәусарына қанып, қарағайбастаулықтардың біреуі болып шыға келдім.  

Ол кезде Толыда оныншы сыныпқа дейін оқитын орта мектеп болмады ма?

– Ол кездегі Толыда жалғыз ғана орталау мектеп бар еді. 1956 жылдың маусым айында осы мектептің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін, сол жылдың күзінде ішкі өлкеге оқуға аттанып кеттім. Бізбен бірге оқыған ересек балаларды әртүрлі қызметке алып қалды да, ұсақ-түйектерімізді курстарға жіберді. Ол кезде «оқуға барасыңдар» деп айтпайтын, «курске барасыңдар» деп айтатын, қандай курсұа кетіп бара жатқанымызды өзіміз де білмейтінбіз. 

«Ересек балаларды әр түрлі қызметке алып қалды» деп қалдыңыз, ол кезде Шыңжаңда мемлекеттік қызметкерлер жеткіліксіз бе еді? 

– Ол заман жаңа Жұңгуоның (жаңа Қытай мемлекеті) коммунстик партиялы ел болып құрылғанына не бәрі 7 жыл болған кез еді ғой, жер-жерде мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық кадрлар, әсіресе қазақ қызметкерлері өте тапшы болатын. Соның орнын толтыру үшін бізбен бірге оқыған ересек қыз-жігіттерді қызметке таңдап ала беретін. Мен ол кезде он беске жаңа толған, оң-солымды енді тани бастаған боз баламын ғой. Мемлекетте болып жатқан саяси, қоғамдық жағдайды көп біле бермейтінмін, оны кейін білдік қой... 

Сонымен ішкі өлкенің қай қаласынан шықтыңыз? 

– Шанши өлкесінің Ши-ан қаласынан бір-ақ шықтым. Сөйтсек, барған мектебіміз Көміркен техникумы екен. Ол кез сенен «қандай оқуды оқисың, қандай мамандық таңдайсың?» деп ешкім сұрамайтын заман еді. Барғаннан кейін он айдай дайындық курсте қытай тілін оқыдық. Мұғаліміміз ұйғыр болды, сабақты ұйғырша өтеді, қытай тілінің мағанасын, баламаларын ұйғыр тілінде түсіндіреді. Сабаққа деген құлшынысымның арқасында мен он айда қытай тілін түсіне алатын, оқи алатын, ептеп жаза алатын дәрежеге жеттім. Осыдан кейін ермегім қытай тіліндегі газет-журналдарды, кітаптарды оқу болды. 

Курста сізден басқа бірге оқыған қазақ балалары болды ма? 

Біз бір курста 49 бала оқыдық. Оның 22-сі тарбағатайлық жерлестерім, 14-і толылық, 8-і шәуешектік еді. Қалған 27 оқушы Қашқар аймағының Атұш деген жерінен келген ұйғыр оқушылар болатын. Бізден екі жыл бұрын барып оқып жатқан курста Құлжадан, Шәуешектен барған қазақ балалар бар екен, олармен танысып өзіміз бір қауым ел болып алдық.

– Сонымен дайындық курсті бітіріп каникулға кеттіңіздер ме?

Каникул болғанымен, ауылға қайту, үйге қайту деген ол кезде жоқ. Өйткені, қазіргідей жүйткіп тұрған пойыз, не автобуз жоқ, қаржы да жоқ. Ауылға жазған хатымыз бір жарым айда барып, оған жазылған жауап бір жарым айда келетін. Ешкім де ауылға қайтуды ойламайтын. Содан мектепте жатып, мектептің оны-мұны жұмыстарын істей жүріп, қыркүйекте басталатын оқуды күтіп жата бересің. Тұрмысымыз алаңсыз, қамсыз, барлық міндетіміз мемлекеттің мойнында еді, оның сыртында ай сайын 6 юаньнан қосымша қаражат беріліп тұратын. 

Дайындық курсын бітіргеннен кейін қандай мамандық оқыдыңыз? 

–  Көмір шахтасының электр жұмыстарын жүргізетін мамандық бұйырды. Бірақ бұл мамандықты оқуға зауқым соға қоймады, амалсыздан аудиторияға кірем, бірақ, сабақ үстінде қытай тіліндегі кітап-журналдарды оқып отырам. Сонымен уақыт жылжып 1958 жылға келдік, сол жылы «Үрімжіде Тіл институты ашылыпты» деген хабарды естідік. Бұл хабарды естігеннен кейін ойым тіпті бұзылып, бұл оқуды тастап Шыңжаңға біржолата кеткім келді. Кетейін десем, жібермейді. Өйткені, мен басқа курстастарыма қарағанда дайындық курсты үздік бітірдім ғой, жіберуге қимайды. Осы сүрдекпен жүріп екі жылды өткіздік, 1959 жылы наурыз айына бір апта қалған кезде, «мен бұдан ары оқуды жалғастыра алмаймын, ауылға қайтамын», – деп жатақханамда бір аптадай жатып алдым. Мені жазалап, қорқытпақшы болған мектеп әкімшілігі: «Сабаққа бармасаң, тамақ бермейміз», – деп бір күн тамақ бермей қойды, оған да илікпей қойдым. Содан басқа амалдары болмаған соң: «Онда сені оқудан шығарамыз!», – деді, «Шығарсаңдар, шығарыңдар!», –  деп менде қасарысып тұрып алдым. Сонымен олар мені оқудан шығарып тынды. Оған ренжіп жатқан мен жоқ, қайта қуандым. Сол заманда Ши-анда «Шыңжаң басқармасы» деген басқарма жұмыс істейді екен, мені сол басқармаға апарып тастады. Екі-үш күннен кейін ондағылар маған пойыз билетін алып беріп, қалтама 200 юань ақша салып жөнелтіп жіберді. Жолхат, таныстыру сияқты құжаттардың ешқайсысы менде жоқ еді. Пойыз бізді Гансу өлкесінің Уия деген жеріне әкеліп төгіп тастады. Уиядан Шыңжаңға баратын көлік іздеп бір екі күн аялдап қалдым. Содан жол-жөнекей қара машиналарға жармасып, екі күнде Шыңжаңның шекарасына өтіп Құмылға келдім. Онда екі-үш күн көлік таппай далада түнеген соң, сол баяғы қара машиналарға жармасып жүріп Үрімжіге жеттім. Ол заманда қонақ үй деген атымен жоқ, ондайды білмейтінміз. Содан айында бір-екі рет Шәуешекке баратын поштаның машинасын тауып, ол жүргенде төбесіндегі қалың дағардың арасына тығылып жатып, наурыздың жиырмасы Жиектегі үйіме зорға жеттім ғой.

Екі жарым жыл көрмеген әке-шешеңіз, бауыр-туыстарыңызбен қауышып, арқа-жарқа, мәз-мейрам болып мауықтарыңызды әбден басқан екенсіз ғой. 

– Иә, әке-шешеге баланың орны бөлек қой, ал балаға әке-шешенің орны тым ерекше. Ауылыма келсем, коммуна құрылып, ел тайқазаннан тамақтанатын болыпты. Алыстан баласы келіді деп, менің құрметіме бір шөміш жүгері ботқасын артық беріпті. Әкем коммунаның егіншісі, ал шешем коммунаның асханасында жұмыс істейді екен. Сонымен бір апта өткеннен кейін коммуна ай-шайға қарамай, алдыма бір қора қойды салып кеп берді. Сәуірдің бас кезі мал төлдеп жатқан уақыт қой, өрісте туылған қозы-лақты кере қапқа салып үйге тасимын. Мамыр ай келгенде үйдегілер жайлауға көшіп кетті, мені ойдағы егін жұмысына алып қалды. Дихандармен бірге жүріп егін жырту, егін салу, егін суғару жұмыстарын істеп, жаздай ауылда болдым. Сөйтіп жүргенде, Үрімжіде оқитын, жазғы демалысқа келген кейбір сабақтастарым: «Найманғазы, сенің мына жүрісің не? Үрімжідегі Тіл иниститутына барып оқымайсың ба?», – деп желіктіріп, азғыра бастады. Бұл да дұрыс ақыл екен деген оймен коммунаға барып: «Менің жоғарылап оқығым келеді, оқуға жіберіңіздер!», – деп айтып едім, ондағылар құптамады, сөйтсем, коммуна: «Найманғазы ауылдағы орталау мектепке қытай тілінен сабақ беретін мұғалім болады, осыны бекітіп беріңіздер!» деп аудандық Оқу-ағарту мекемесіне өтініш жолдап қойған екен. Коммунаға қашан мүше болғанымды, қытай тілінің мұғалімі болатынымды да білмеймін. Мен оқуға барамын деп болмаймын, олар:  «Жоқ бармайсың, жақында жоғардан қытай тілі мұғалімдығың бекітіліп келеді», – деп қарысады. Сөйтіп жүргенде, Толы ауданның орынбасар әкімі ауылға қызмет бабымен келе қапты. Аудармашысы жоқ кезінен пайдаланып, кеңсесіне іздеп барып, өзім білетін қытайшаммен жағдайымды айтып түсіндіріп едім, ол кісі өтінішімді құп көрді білем, басын изеп тұрды да хатшысына: «Мына баланың оқуға барғысы келеді екен, оқуға барып білім алып келсін. Таныстыру жазып беріңдер», – деді де, маған қарап: «Оқимын деген талабың жақсы екен, барып оқы, оқуға қабылдамай жатса, оған абыржыма, ауылға қайтып кел, лайықты қызмет тауып берейік», – деді. 

Хатшыға рақметімді айтып, таныстыруды төсқалтама салып, жаздағы еңбектің есебіне азынаулақ тиін-тебен алдым да Үрімжі қайдасың деп тартып кеттім. 

Содан аңсаған Үрімжіңізге де жеттіңіз ғой. 

– Иә, 1959 жылдың қыркүйегінде Үрімжіге бардым. Сол жылы Мұғалімдер институты мен Тіл институты бірігіп педагогикалық иниститут болып құрылыпты. Институт сол жылдан бастап, тек орта мектеп бітірген оқушыларды қабылдайтын болыпты. Менің оқығаным орталаудың жетінші сыныбы ғой, оқуға қабылдайтындар: «Сенің шартың бізге толмайды екен, оқуға қабылдай алмаймыз», – деп отырып алды. «Енді не істеймін» деп басым қатып жүргенде, сол института оқып жүрген жерлес жігіттер: «Институттың партия хатшысына өтініш жазып кір, ол кісі Ян-аннан келген қарт коммунис, сол кісіге жағдайыңды айтып, түсіндір. Мүмкін содан саған бір қайыр болып қалар»,  – деп ақыл айтып, жол көрсетті. Сонымен қытай тілін екінші курстан бастап оқысам деген мазмұндағы өтінішімді жазып алып, жігіттер айтқан қарт коммунистің үйіне барып есігін қақтым, аржағынан «кіріңіз» деген дауыс шыққты, есігін ашып, үйіне кіріп барсам хатшы үстелде тамақтанып отыр екен. Ол заманның коммунистері өте қарапайым, кішіпейіл еді ғой. Мені бала деген жоқ, орнынан тұрып, «Кел, кел, мұнда келіп отыр!» – деп мені жанына отырғызып, «Не шаруамен келдің?» – деді. Мен қолымдағы өтінішімді қолына бердім, қарт коммунис көзілдірігін тағып алды да, қағазға көз жүгіртіп бар ынтасымен оқып шығып, маған қарап: «Мына өтінішті өзің жаздың ба?» – деді, «Иә, өзім жаздым», –  дедім. «Институтта оқымай-ақ қойсаң да болады екен ғой, қытайшаң өте сауатты екен, бізде екі-үш жылдан бері оқып жатқан студенттер бар, олар сенің мына өреңе әлі жеткен жоқ», – деп күлді. «Мүмкін болса, институттың екінші курсынан бастап оқысам ба деген арманым бар. Бірақ, институттың Оқушылар басқармасы «сенің оқуға шартың томайды» деп қабылдамай қойды. Сіз осыған көмектессеңіз жақсы болар еді!», – дедім. Әлгі кісі маған артық сұрақ қойған жоқ, менің өтінішіме: «Институттың екінші курсынан бастап оқуына болады» деп бұрыштама жазып, қол қойып берді. Қағазды институттың Оқушылар басқармасына алып барып едім, «Емханаға барып денсаулығыңды тексертіп кел», – дегеннен басқа ештеме айтпады. Содан не керек, жүгіріп жүріп дәрігерлік тексеруден өтіп, қыркүйектің соңында институтқа оқуға түсіп кеттім.  

Сөйтіп, екі жарым жылымды Ши-анда өткізіп келген мен педагогикалық институтың қытай тілі факультететінің екінші курс студенті болып шыға келдім. Менен бір жыл бұрын келіп оқып жатқан студенттер қытай тілін мандытып үйрене алмапты. Мен олардан әлде қайда алысқа кетіп қалыппын. Ел қатары аудитораға кіріп отырам, мұғалім сабақ өтеді, ал мен сабақты тыңдап қарық қылмаймын. Өйткені, бұл сабақтардың бәрін Ши-анда жүргенде оқып алғам. Мұғалім тақтаға шығарады, сөйлем құратады, мақала жаздырады, оның бәріне жүріп тұрмын, мұғалімге қамшы салдырмаймын. 

Сіздің жаңа курстарыңыздың қытай тілін мандытып үйрене алмауының себебі не деп ойлайсыз? 

Шыңжаңда темір жол құрлысы, тоған құрлысы, болат қорту секілді науқандар басталып кетіп, еңбек күші жетіпегендіктен бұл жұмыстан студенттер тыс қалмай, науқанға шақырылыпты. Олар осындай еңбектермен жүріп, небәрі бірнеше ай ғана оқыпты. Ал мен дайындық курсты үздік оқып, қытай тілінің негізін қалап, ішкі өлкеде екі жарым жыл тұрып келген қазақпын ғой. 

Шыңжаңдағы секілді ішкі қытайда «еңбек науқаны» деген болған жоқ па?

Қытайдың басқа өлкелерінде болса болған шығар, ал мен оқыған Ши-ан қаласында ондай науқан болған жоқ, болған күннің өзінде студенттерді ол науқанға апара қоймады. Біз тек оқудың ғана соңында болдық. 

Қытайдың жоғары оқу орындарында «орта курс» және «толық курс» деп бөлінеді ғой, сіз қай курста оқыдыңыз? 

Менің оқығаным «орта курс» қой, «толық курста» кейіннен Шыңжаңға танымал ақын-жазушылар Шәкен Оңалбаев, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Дутан Сәкей, Қанаділ Тұрысбековтер оқиды екен. Толық курс оқитындар қытай тілін  4 жыл оқиды, ал орта курстағылар үш жыл оқиды. 

Түсінікті болды, сонымен сіздің оқуыңыз ары қарай не болды? 

Сөйтіп жүргенде жаңа жыл да келіп қойды. Ауылға қайту деген жоқ, мектепте қалып қойдық. Жаңа жылдық демалыс бітіп, оқу басталардан бір күн бұрын факультеттің хатшысы келіп, «Сен ертеңнен бастап толық курсқа барып оқитын болдың», – деді. Оған «мақұл» деп ертесі таңертең толық курсқа барайын деп дайындалып жатсам, әлгі хатшы тағы келіп, «Толық курске бармайтын болдың, өзің оқып жатқан орта курста оқи бересің», – деді. Оған да «мақұл» дедім. Өйткені, ол кезде «толық курс» пен «орта курстың» қандай парқы барын білмеймін ғой. Сонымен екінші курс бітіп, жаздық коникулға тарар мезгіл келді. Жаздық каникулда ауылға кетуім керек еді, бірақ мені «осында қаласың» деп жібермей үшінші курспен бірге алып қалды. Сөйтсем, институттың Оқушылар басқармасы мені сол үшінші курстің студенттерімен бірге қызметке бөлу туралы бекімге келген екен. Оны мен қайдан білейін.

Сонымен диплом алып, қызметке жолдама алып кеттіңіз бе? 

– Жаздай бөлісті күтіп жатып, күзгі оқу жылына келіп жеттік. Оқушылар басқармасы бір күні студенттерді қызметке бөлетін тізімді алып келіп оқи бастады, бірақ бұл тізімде менің аты-жөнім жоқ болып шықты. «Ой, бұл қалай болды? Мен қайдамын?» – десем, «Үшінші курсты жалғастырып оқи берсін деп ұйғардық», – деді. «Жаздай қаңтарылып осында жаттым, каникулға жібермедіңдер, үйге де бара алмадым. Ондай болса мен ауылға кетемін, оқымаймын», – деп бұлқан-талқан болып шыға жөнелдім. 

Сол кеткеннен мол кеттіңіз бе? 

– Кету қайда, оқу басталғаннан кейін өзімнің аудиторама қайта келіп жайғастым. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан тағы да темір жол еңбегіне баратын болып қалдық. Ертесі азанда еңбекке жүретін болған соң, түнделетіп көрпе-жастығымызды, жүгімізді буып-түйіп байлап қойып қарта ойнап отыр едік, «Оқушылар басқармасынан келдім, «Найманғазы» деген қайсың?» – деді бір қытай жігіт. «Менмін», – деп едім. «Сен еңбекке бармайтын болдың, осында қаласың!» – деді де кетіп қалды. «Мақұл» дедім де, бұл сөзге қуанудың орнына, шошып қалдым. Мыналар ана күнгі «оқымаймын» деген сөзімді шын көріп қалып, «оқымасаң жоғал!» деп оқудан қуғалы келген жоқ па?! деп жаман ойлай бастадым. 

Ертесі курстастарым таң бозынан тұрып, жүктерін қара машинаға тейеп, өздері соған отырып еңбек алаңына аттанып кетті. Ал мен оларды шығарып салғанан кейін жатақханада жалғыз қалып қойдым. Бірер күн өткеннен кейін әлгі қытай жігіт мені тағы іздеп келіп, «Сені оқушылар басқармасы шақырып жатыр», – деді. Барсам, орта жасқа келген бір қытай отыр екен, әлгі кісі менің жөнімді сұрай келіп: «Қандай қызмет істегің келеді? әлде мұғалім болғың келе ме?» – деді. «Жоқ, мұғалім болғым келмейді, аудармашы болсам дұрыс болар еді», – дедім. «Жақсы, онда бара бер», – деді ол. Екі-үш күннен кейін «Шыңжаң халық баспасына қызметке барасың» деген хабар алдым. Ойда жоқ, түсте жоқ жерден баспагер, аудармашы, редактор, қаламгердің арасына топ ете түстім. Әлі есімде, бұл 1960-жылғы қыркүйектің 23-күні болатын.         

Қызметке бөлді деген сөз, оқуды бітіріп біржолата еңбек жолын бастап кетті деген сөз ғой. Сізге диплом берді ме? 

– Ол кезде дипломды қолға бермейтін, мінездемең, оқу тарихың, бағаң жазылған дүниелер сары конвертке салынып барған мекемеңе жіберіледі. Оны қолыңа бермейді, қолыңа жолдама қағаз бен напос қағазыңды (тіркеуді) беріп жібереді. Ал сары конверттегі дүниелер мекеменің архивінде сақталады. Шынымды айтсам, күні бүгінге дейін дипломымның түрі қандай екенін де көрген емеспін. 

Сүйтіп, ойда жоқта Шыңжаң халық баспасына келіп отыра қалдым. Ол кезде редакция деген атымен жоқ, «Қазақ тобы» («Қазақ группасы») деген топ қана екен, бөлімге де толмайтын. Топ жетекшісі Мұқаш Жәкеұлы деген кісі мені қабылдап жұмыстың жөнін айтып, қызметтің барысын түсіндіріп, «Енді ертеңнен бастап біздің қызметкер болып, жұмысқа кірісесің», – деді.          

Айырықша айта кетер бір жайыт: 1951 жылдың 15-ші наурызында құрылған бұл баспаның тобында Нұрдолла, Оразбек қатарлы бірнеше қызметкер болыпты. Сол 50-ші жылдардың басында Кеңес Одағынан ақын, жазушы, майдангер Жәрдем Тілеков, «Темір жолшы» газетінің редакторы Ыбырайке Тинкин, саяси баспаның редакторы Дауылбай Орысбаев жас баспаға көмекке келген екен, Мау Зыдұң (Мао Цзэдун) шығармаларының кітапшаларын орысшасынан қазақшалап, қазақша оқулықтар жасасыпты. Жоғары мектептерге қазақ тілі, қазақ әдебиеті сабақтарынан лекция оқып, редакция жұмысы туралы кеңестер өткізіпті. Аға баспагерлер олар жайлы көп әңгімелейтін. Жәрдем Тілеков Шыңжаңда тұрған кезінде жинаған деректері негізінде «Жұңғар даласында» атты роман жазған екен, Үш аймақ төңкерісі тақырып етілген бұл романды 1960-шы жылдардың басында өзім де оқығанмын. 

Баспаға барғаннан кейінгі ең алғашқы аударған аудармаңыз есіңізде бар ма? 

Алғашқы аударған дүнием әлі есімде. Ши-анға оқуға барғанымда да, Үрімжіге оқуға келгенімде де сабақ беретін мұғалімдерім ұйғыр, дүңген, дағұр, сібе, татарлар болды ғой, бір де бір қазақ мұғалімі сабақ берген емес. Шыны керек, ол тұста қазақтың оқыған, тоқыған, жоғары білім алғандары өте аз еді. Бізге сабақ беріп жүргендер өзге ұлттың өкілдері болғандықтан қытай тілінің мағанасын ұйғыр тілінде түсіндіретін. Енді баспаның Қазақ тобына келгеннен кейін жұмыс қазақ тілінде жүерді, аударма қазақ тілінде болуы керек. Осыған келгенде біраз қиналдым, бірақ топ бастығы мені бірден аудармаға кірістірген жоқ, керісінше аудармашылар аударған, редакцияланған материалдарды көшіру жұмысына салды. Өйткені, жазбаша аудармашы болу үшін ең алдымен өз тіліңнің ережесін, емелесін жақсы білуің керек. Осылайша көшірме жасай жүріп тілдік қорымды молайта түстім және емелені қатесіз, дұрыс жазуға машықтандым. Жұмысым осылай жалғаса берді. Күндердің бірінде бастығым жарты беттік  мақала әкеліп, «Мынаны аударып көрші», –  деді. Қолыма алып оқып көрсем, «Қасқыр бала» тақырыпты Индия ертегісі екен: орманның ішінде адасып қалып қойып, қасқыр асырап, қасқырдың арасында өсіп қасқыр болып кеткен бала туралы әңгімелейді. Бар күшімді салып аударып бердім. Топтың ресіми тағайындалмаған басшысы есептелетін Нұрдолла Оспанов деген баспагар, редактор ағамыз бар еді, сол кісі менің аудармамды оқып көріп, «Мына бала түбінде адам болатын бала ғой», –  деп қалды. Менің ең алғашқы, тырнақ алды аудармам осы болатын. Осыдан ары қарай іздену, үйрену, машықтанудың арқасында аудармашылықтың, баспагерліктің қыры мен сырына біртіндеп қаныға, төселе бастадым. 

Қазіргі кезде қытай тілі мен қазақ тілі сөздігінің сан түрі бар, ол кезде сіздер қытай тілін үйрену үшін қандай құралды пайдаландыңыздар?

– Шыны керек, ол кезде Қытайда «Қытайша-қазақша» бір де бір сөздік жоқ болатын, көбінесе қытай тілінің ұйғырша баламаларын пайдаланып, қазақша балама іздейтінбіз. Осы қиыншылықты өзім бастан өткізгенен кейін қытайша сөздерге қазақша балама іздеуге кірісе бастадым. Сөздіктің соңына түсуіме, сөздік құрастыруға осы жағдай түрткі болды. Бізге үлкен көмек жасаған, қолқабыс тигізген көмекі құрал академик, ғалым Нығымет Сауранбаевтың атыменен 1954 жылы  Қазақстанда шыққан «Орысша-қазақша» көк сөздік еді. Мен жетекшілік етіп құрастырған алғашқы «Қытайша-қазақша сөздіктің» мұқабасының «көк» болып шығуының басты себебі осы еді. Сауранбаевтың «көк сөздігінде» 50 мың сөз қамтылған, бұған қосымшалап Мәскеуде шыққан «Қытайша-орысша» сөздікті пайдаланатынбыз, «Қытайша-орысша» сөздіктен орысша баламасын тауып алып, «Орысша-қазақша» сөздіктен оның қазақша баламасын іздейтінбіз. Осы екі сөздік біздің сол кедегі аударма жұмысымыздағы бірден бір көмекші құралымыз саналатын.

Ол кезде сіздер қандай кітаптар аударушы едіңіздер? 

Орталық партия комитетінің және үкіметтің құжаттары, дихандарға, жұмысшыларға, кадрларларға арналған үйрену материалдары және басқа да саяси кітапшалар аударылатын. Бұл секілді материалдар күнде келіп тұратын, анда-санда еңбек озаты, озат жауынгерлер, төңкеріс кезінде ерлік көрсеткен батырлар туралы жазылған көркем шығармалар келетін. Маған да аударатын материалдар беріп тұрады, ептеп аудара беремін. Анда-санда қазақ қаламгерлерінің бірер-саран жинақтары басылып қалатын. Кейін мен әдеби аудармағаға ойыса бастадым. Әдеби аудармаға ойысатын себемім, мектепте жүрген кезде әдебиетке әуестігім бар тұғын, әйтіп-бүйтіп өлең де жазатынмын. Орталау мектепте үздік оқи алмадым, орташа оқыдым. Сабақты үздік оқи алмаған себебім. әдеби кітаптарды көп оқитынмын. Бұл болашақта баспагер боламын, аудармашы боламын деген ойдан туған емес, әңгімелердің оқиғасына қызығып оқи беретінмін. Ол заманда қазіргідей балалар ойнайтын ойыншық жоқ, көретін теледидар, кино, тиатр жоқ, көшпелі кино қоюшылар жылына бір-екі рет ауданға келіп, кино қойып кететін. Қалған уақытта кітапқа үңілуден басқа ермек жоқ еді. 

Сіз оқып жүрген кітаптар қайдан келетін?

– Қазақстаннан келетін. Орталау мектепте Қазақстан оқулықтарымен сабақ оқыдық. Абайдан тартып, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірев, Ғ.Мұстафин және орыс әдебиетінің классиктері Л.Толстой, М.Шолохов, Лермантов, Пушкин, Горки секілді әдебиет алыптарының шығармалары, Қазақстан ақын-жазушыларың кітаптары мектептің кішкене кітапханасында сіресіп тұратын. Сол кітаптардың көбін оқығанмын. Ол кезде есімде не қалатынымен шаруам жоқ, оқиғасына қызығып оқи беретінмін ғой. Саяси аудармадан әдеби аудармаға ойысқанымда бір-ақ білдім, ол кітаптарды бекер оқымаппын, мол сөздік қор жинаған екенмін, оқиғасымен қоса көркем образдар, көркем суреттер, көркем сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, жер, су аттары сол күйі жадымда сақталып қала беріпті. Көркем аудармамен айналысқанымда солар  біртіндеп есіме түсіп, көркем аудармама көп пайдасын тигізді. Кейінгі бір деректерде айтылуынша, 1940-шы жылдардың соңынан 60-шы жылдың басына дейінгі аралықта Шыңжаңға екі жарым миллиондай қазақша-ұйғырша газет-журнал, кітап Кеңес Одағынан енгізіліпті.

Ши-анда оқып жүрген кезімде қазақ тіліндегі кітап жоқ болған соң қытай тілін үйреніп алғаннан кейін қытайша кітаптарды оқи бастағам ғой. Бізден екі жыл ілгері Құлжадан барған ұйғыр мектептестерім 1950-ші жылдар басында Ташкенттен шыққан ұйғыр тіліндегі кітаптарды өздерімен бірге ала барған екен, енді сол кітаптарды оқи бастадым. Мәселен, А.Толстойдың «Азапты сапар», «Астық» романдарын, түркімен жазушысы Берді Кербабайевтің «Алып адамын» және «Шыңғыс хан» секілді романдарды ұйғыр тілінен оқыдым. Ұйғырлардың төл әдебиеті ол кезде онша дамымағандықтан аудармаға көп күш салған көрінеді. Осы кітаптарды оқып жүріп, ұйғыр тілін де әжеп-тәуір үйреніп алып, ұйғыр курстастарыммен ұйғырша әңгімелесетін болдым. кейінгі қоғамдық кызмет барысында мұның маған көп пайдасы тиді. Осындай жан-жақтылы болуымның арқасында көркем аудармаларымның сапасы күннен-күнге арта түсті. Талаптанып газет, журналдардарға әңгіме аударып бере бастадым. Одан басқа қытайдың әйгілі ақындары Го Шиау Чуаннан, Жаң Жеминен, Ли Иіңнен және Таң дәуірінің ақындары Ду Фу, Ли Байлардан талай өлеңдер аударып жарияладым. Кейін бұл өлеңдерді жинағыма әдеиі кіргізбедім, себебі, ол балаң аудармаларға көңілім толмады. Одан кейін Қытайдың мемлекеттік ән ұранын аудару тобының құрамында болғаным бар. Әннің мәтінінде көп қайталанатын «шилай» деген сөз бар, Мен оны «аттан» деп аудардым, ал ұйғырлар «қозғал» деп аударыпты. Кейін біздікілер «аттанның» орнына, ұйғырдың «қозғалын» ала салды. Әсілі, ол «аттан» болып аударылуы керек болатын, бірақ олай болмады. Осылай төселе келіп редакторлық дәрежесіне дейін көтерілдім. Танымал аудармашы Әбдібек Байболатов қытай тілінен аударған екі томдық «Қалың орман, қарлы дала» романын  және «Бейбіт күндерде», «Бәрі де партияға» деген романдардың редакциясын бастан-аяқ өзім қарадым. Бірақ ол кезде редактордың аты кітапқа жазылмайтын еді. 

Өзіңз де кітаптар аудара бастаған шығарсыз? 

– Иә, кітаптар аудара бастадым. Ең алғаш аударған кітабым «Ленин туралы әңгімелер» деген шағын кітапша, бұл 1964 жылы басылды. Бұдан басқа бірлесіп аударған желілес кітаптар өз алдына бір төбе. Одан басқа 1966 жылы «Мәдениет төңкерісі» басталғанға дейін орталау мектеп пен орта мектептің әдебиет, тарих, жағарапия және саясат оқулықтарын аударуға қатыстым.. Әдебиет оқулығындағы есімде қалғандары Шекспирдің «Венетциа судагері» дырамасы мен Балзактың «Евгения Гранде» романынан үзінді, бұдан басқа көптеген көркем аудармалар жасадым, оның бәрі қазір есімде жоқ. Қазірге дейін өзім тікелей аударған көркем аударма он том болып басылып шықты. 

Олардың аты қазір есіңізде бар ма? 

Бәрін білемін. 

Ал айтыңыз? 

Олар: «Ленин туралы әңгімелер», «Арайлы аспан», «Гитлердің зауалы», «Андерсеннің балалар ертегілерінен», «Балалар ертегілерінің бәйтерегі», «Уақыт белгілері», «Шал мен теңіз» («Полковникке ешкім хат жазбапты» повесі де осында) Шарлиз Диккенстің «Девит-Копперфилд» деген өмірбаяндық романы қатарлы он том. Осы аудармалардан кейін 1990-шы жылдары сәл саябырлап барып,  2012 жылдан 2017-ші жылдың аяғына дейін Бейжіңде шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналына қытайдағы атақты жазушылары Уаң Мыңнан бастап біразының  повест, әңгімелерін аударып үзбей беріп тұрдым, бұлардың өзі жинақтап шығарса бір томнан асып түседі. 

Сіз Шыңжаң халық баспасында аудармадан басқа, редакторлық және басшылық қызмет те атқардыңыз ғой.

Иә, аудармашы болып істеп жүргенде арада аты шулы «Мәдениет төңкерісі» басталып, қоғам ала-сапыран болып кетті. Бұл төңкеріс он жыл жалғасты, кейін саябырлап, саясат оңала бастағанда Шыңжаң халық баспасының өзегі, түйні басқа бағытқа өзгере бастады. Бұрынғы Қазақ тобы Қазақ редакциясы болып өзгерді. Баспа бұрын 95 пайыз аударма кітаптар шығарса, енді біртіндеп ұлттық тілдегі кітаптар шығаруға ден қойды. Салихалы саясаттың арқасында, аз санды ұлт тілінде көркем шығарма жазатын ақын-жазушылардың қатары көбейе түсті. Олар жазған шығармаларын баспаға ұсына бастады, баспа да олардың кітаптарын шығаруға күш салды, қазақша кітаптар бұрқырап шыға берді. Менің де қызмет дәрежем өсе түсті, 1977 жылы қазақ редакциясының орынбасар меңгерушісі, 1980 жылы қазақ редакциясының меңгерушісі, 1983 жылы Шыңжаң халық баспасының орынбасар бас редакторы, партия комитетінің мүшесі болсам, 1985 жылы Шыңжаңдағы баспагерлер ішінен тұңғыш рет аға редактор атағына ие болдым. 1977 жылдан 2003 жылдың наурызында зейнетке шыққаннан кейін 26 жыл бойы осы баспаның түрлі дәрежелі басшылық қызметтерін атқарыппын.

Бұл кезде менің атқаратын негізгі міндетім қазақ, қырғыз, моңғол, сібе редакциясының жұмысын басқару, оны қадағалап отыру болатын. Олардың жылдық жұмыс жоспарын, тақырыптық жобасын жасау және баспадан шығатын негізгі, түйінді қолжазбаларын соңғы рет оқып-бекіту, қол қою жұмыстары менің мойнымда болды. Оған қоса Қазақ редакциясынан шығатын «Шалғын», «Көкжиек» және «Оқырман өресі» журналының бас редакторлық міндетін қосымша атқардым. 1950-ші жылдардан бастап қолына қалам алған қарт, орта жастағы және жас қазақ ақын-жазушыларының кітаптары менің редакторлығыммен, бекітуіммен баспадан шығып отырды, Мәселен, Шыңжаң қазағының тұғыш романдары саналатын Жақып Мырзақанұлының «Арман асуы», Жұмабай Біләлұлының «Жондағы жорықтары» және Шайсұлтан Қызырұлының «Дабылы», Қажықұмар Шабданұлының «Қылмысы» секілді отыздан астам роман және одан басқа да ақын-жазушылардың өлең, әңгіме, повесттер жинағы 2003 жылға дейін менің қолымнан өтті. Ал одан басқа да баспадан шыққан саяси, ғылми, экономикаға қатысты түрлі кітаптар одан әлде қайда көп болды. Қазір ол кітаптардың аты есімде жоқ. Бұрын елге аудармашы ретінде танылған болсам, кейін баспагар, аға редактор ретінде таныла бастадым. 

Аға, жаңа айтылған «көк сөздікке» қайта оралсақ, жаңа сіз: «Мен алғаш баспаға келгенде қытайша-қазақша сөздік деген жоқ болатын, қолымызда бар Қазақстанда шыққан «Орысша-қазақша сөздік» пен Мәскеуде шыққан «Қытайша-орысша сөздікті» қатар пайдаланатынбыз. Осы екі сөздік бізге көп ес қатты. Бұл қиыншылықты басымыздан өткергеннен кейін, «қытайша-қазақша» сөздік құрастырып шығаруға ниетім ауды» дедіңіз. Сол өзіңіз жетекшілік етіп шығарған «Қытайша-қазақша» көк сөздікті қалай құрастырғандарыңызды айтып берсеңіз?

Бұл аударма барысындағы алғашқы жұмыстан туған ой еді. Менің Шыңжаң халық баспасындағы баспагерлік өмірім 47 жылға таяиды. Осы баспагерлік кезеңімді үш кезеңге бөліп айтуға болады – аудармашылық кезеңі, редакторлық кезеңі және «Қытайша-қазақша сөздіктер» құрастыру кезеңі. Бұл үш кезеңнің ең маңыздысы, ең шоқтығы биігі – үшінші  кезең, яғни сөздіктер құрастыру кезеңі. Аудармамен емес, әдебиетпен ғана шұғылданған болсам, ақын болып кетуім бек мүмкін еді. Осы туралы жазылған мынадай бір шумақ әзіл өлеңім бар: 

Құласам өлең жолына, 

Болар ем ақын, дау бар ма?! 

Алды ғой жатып жолыма, 

Құрып қалғыр аударма.

Менің өмірімнің едәуір бөлігі – 1960 жылдан 74 жылға дейінгі уақтым аудармаға арналды ғой. Ал «көк сөздіктің» әңгімесі 1974 жылдан басталған, Ол туралы жазған тағы бір шумақ өлеңім бар:

Күні, түні тықсырып, кимелеген

Сан шаруаның пұшпағын илеген ем.

Соның бәрі аздайын, сөздік сауып,

Қырық жыл құдық қаздым инеменен.

Ол кезде «Мәдениет төңкерісі» әлі аяқталмаған, мен қатардағы көп аудармашының бірі едім. Баспаның сол кездегі басшылығы «Қытайша-қазақша сөздік» жасау туралы ұйғарым жасапты. Біздің баспа ол кезде аудан дәрежелі орын болатын. Баспаның бастығы ұйғыр еді, «Қытайша-ұйғырша сөздік» шығып болған. Ұйғыр бастық мені шақырып алып, «Қытайша-қазақша сөздік» құрастыру туралы шешім келді, сен осыған жетекшілік етіп құрастырасың, бұл сөздікті мына ұйғырша сөздіктің негізінде жасайсыңдар», – деді. Содан мен: «Ұйғырша сөздік бойынша емес, мүмкін болса, шамамыз келсе одан асыңқырап істейік», – деп едім. Ол: «Болмайды, ұйғыршасына қарап, сол көлемде, сол шамалас істейсіңдер», – деп көнбей қойды. Ойының астарында «қазақтың сөздігі ұйғырдың сөздігінен асып кетпесін» деген қызғаныш бар секілді сезілді маған. «Онда ойланып көрейін», –  деп шығып кеттім. Бас редакторымыз қарт коммунис, Ян-аннан келген қытай еді, сол кісінің кеңсесіне барып, «Баспаның бастығы «осылай да осылай» дейді, менің пікіріммен келіспей қойды, мүмкін болса, «Қытайша-қазақша сөздікті» одан асырып істегіміз келеді» , – деп айтып едім, бас редактор менің сөзімді құптап, «Неге болмайды, болады. мүмкіндіктерің бар болса асырып істеуге тырысыңдар», – деді. Ол кезде біздің қолымызда Сауранбаевтың «Орысша-қазақша сөздігі» және Қазақстанда 1960-шы жылдары шыққан ««Орысша-қазақша терминология сөздігінің» бірен-сараны бар болатын. Осы сөздіктерден жиып-теріп ала алсақ ұйғырша сөздіктен асып кетейін деп тұрмыз. «Ұйғырша-қытайша» сөздікте 47 мың сөз бар екен. Бас редектор келісім бергеннен кейін «мақұл» деп жұмысқа кірісіп кеттім. Сөздік құрастыратын аудармашыларды шақыру, оларға кеңсе дайындау секілді жұмыстардың барлығы менің мойныма жүктелді. Содан жоғары басшылықтың қолдауының арқасында о жақ, бұл жақтан аудармашыларды жинай батадық, олардың айлығын өзінің мекемелері беретін болып келісті. Сөздік жасау жөнінде тәжірбеміз жоқ, бұрын жасап көрмегенбіз, негізінен білмейміз. Оның үстіне білім-қабілетіміз де ұқсамайды, әр түрлі, содай-ақ қызметке деген жауапкершілік те түрліше. Өйткені олар басқа мекемеден келіп уақытша қызмет істеп отыр ғой. Сол себепті кейбіреулерінің бұл шаруға белсенділігі нарау еді. Біреулері кешігіп келеді, ерте кетеді, басы ауырып, балтыры сыздай қалса келмей қалатын күндері болады, «неге бұлай істейсің?» деп қатты айтуға болмайды, амал жоқ, метериалдарды дайындап қолына ұстатасың, екі-үш ай істеп кетіп қалғандардың орнын басқа алдаммен толтырасың. Латын жазуы бойынша 23 әріптен тұратын сөздік мәтінінің «D», «K», «S» әріпін өзім дайындадым. Сөздікті құрастыруға, редекциялауға кеткен төрт жыл ішінде осы екі жұмыста толық екі жыл болған бір-ақ адам бар екен, қалғандары жарты жыл, бір жыл, бір жарым жыл болып шықты. Қолжазбаны редакциялау жұмысын қызыл қаламды қолыма ала отырып түгел өзім жүргіздім, оқылып, қаралғандардарын кешкісін үйіме алып кетіп шамның түбінде қайта қараймын. Аядай ғана үйімде кішкене үстелім бар, екі балам екі жағымда отырып сабақ қарайды. Редакциясы қаралып, көшіріліп болған қолжазбаны Бейжіңдегі Ұлттар баспаханасына жібердік. «Теріліп жатыр» деген хабар келген соң, 1978 жылғы қаңтардың бірі күні Бейжіңге барып, он ай сонда жаттым.

Өздеріңізде баспахана бола тұрып Бейжіңдегі Ұлттар баспаханасына апарып тергізгендеріңіз қызық болған екен.

–  Ол кезде Шыңжаң баспаханаларының техникасы олқы еді. Мұндай күрделі дүниені біздің әріп терушілер тере де алмайды. Сөздіктің бастапқы бөлігі теріліп болып, корректурасын қараған кезімізде әліппелік тәртіптің орны ауысып кеткенін байқадым. Баспаханаға шауып барып, жұмысты дереу тоқтатып 17 мың парақ мәтінді жалғыз өзім күні-түні, өліп-талып жүріп қайта қарап шықтым. Жексенбі дегенді ұмытқам. Оған басқа ешқандай адам көмектесе алмайды (қасымда тек көрректорлар ғана бар еді). Қателерін түзету барысында жаңа табылған сөздерді қосымшалап, үстемелеп жан таласамын. 16 форматтық, біреуінің салмағы 8 келі шығатын қорғасын беттер бірінің үстіне бірі қатталып жатты. Қателерін түзеуту үшін бәрін қозғау, керек, оған жұмысшылар көнбейді. Терілген қорғасын беттерді сапырыстырып терімшілерге жалынып-жалпайып жаңа сөздер қостырамын. Осы жүріспен 1978 жылдың қазан айында сөздік толық теріліп бітіп, корректурасы әлде неше рет оқылып, соңғы нұсқасына «осы бойынша басылса болады» деп қол қойып беріп Үрімжіге оралдым. Бұл сөздіктің жұмысы 1974 жылы мамыр айында басталған еді, 1979 жылғы қазан айының басында баспадан шыққанға дейінгі бес жылға жуық уақытта күні-түні басы-қасында болып, ыстығына күйіп, суығына тоңып, барлық ауыртпалығын арқалап шықтым. Менің еңбегімді көрген, білген, бағалаған қазақтар бұл сөздікті «көк сөздік» немесе «Найман көк» деп атап кетті, мені «Шыңжаңның Сауранбаевы» деп атағандар да болған. 

Қазақ мәдениетінің тарихындағы осы тұңғыш «Қытайша-қазақша сөздік» 1979 жыдан 2000 жылға дейін жеті рет басылып, 30 мың данамен таратылды. Алғаш құрастырған сөздігіміз кемшіліктерден аулақ бола алмады, ғылми, саяси атаулардың көбін қытай тілінде алуға мәжбүр болдық. Олай етпеуге де мүмкіндігіміз жоқ еді, сонда да біз «Қытайша-ұйғырша сөздікке» қарағанда біраз ілгерлеп, ол сөздердің қазақшасын жақшаның ішіне алып қойдық. Осы жұмысқа ат салысқандардың тарихта алатын орны, ұстайтын салмағы бар, оған көз жұма қарауға болмайды. Қалай болған күннің өзінде де бұл сөздік Қытай қазағының өркениетінде, мәдениетінде үлкен рөл атқарды, «Қытайша-ұйғырша сөздік» 47 мың сөзді қамтыса, біздің «көк сөздік» 65 мың сөзді қамтып шықты, 18 мың сөзді ұйғыр ағайындардан артық үстемеледік. Біз пайдаланған «Қазіргі заман қытай тілі сөздігінде» 52 мың сөз бар екен, ал біз 13 мың сөзді артық қостық. Сол үшін де халық бұл сөздікті жылы қабылдады, жалпы қоғам жақсы қарсы алды. 

Тұғыш сөздіктің жайы осылай. Сонан соң 1979 жылы екінші сөздігімді – «Қытайша-қазақша идиомадар сөздігін» жасауға кірістім. Осы жерде бір нәрсені айта кетейін: «көк сөздікті» қызмет уақтында істесем, қалғандарын қызметен сырт кезде тындырдым, яғни олар менің қосымша шаруашылығым болып шықты. Өйткені, басқа міндеттерім бар еді.  бас редактордың орынбасары ретінде  бірнеше редакцияны басқарамын, олардың бәрін қайырып қойып сөздік жасап кетуіме болмайды ғой. Сол кезде Бейжіңнен шыққан шағын ғана «Қытайша идиомдар сөздігі» болды, ішінде үш мыңнан астам идеом бар еді. Мен «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігін» жасауға кіріскен кезімде «Қытайша идиомдар сөздігінің» үлкен нұсқасы шыға қоймаған. 

«Көк сөздікті» құрастырғанда елдің іші-сыртындағы шыққан сөздіктерді пайдаланыпсыздар, «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігін» жасай бастаған кезімде материал тапшы болды» деп отырсыз, бұл жағдай сізге қиын соққан жоқ па?

Соққанда қандай, өте ауыр тиді. Бірақ мен оған мойын ұсынғаным жоқ, Қытай тілінде шыққан газет-журнал, кітап, тыңдаған баяндама, көрген кино, жолданған доклат, керек десеңіз көшеге ілінген жарнамалар менің идиомдар іздейтін алаңыма айналды. Қытайша кітаптарды көп оқып, оның ішіндегі қажетті идиомдарды  ерінбей, жалықпай бір-бірден теріп, маржандай тізе бердім. Ең көп көмек тигізген кітаптар екінші дүниежүзі соғысы кезіндегі алыптардың естеліктері және олардың өмірі туралы жазылған метериалдар болды. Әлі есімде біреуінің жазған кітабы 24 том болатын. Тезек терген қазақтың баласындай терміштеп жүріп, 1983 жылға келгенде 10 мың 200-ден астам қытай идиомының басын құрап 1987 жылы баспадан шығардым. «Қытайдың идиомдар сөздігінен» жеті мың идиомды артық кіргіздім. Бұл сөздік екі рет басылып, 10 мыңнан астам данамен тарады. Қазір іздеп таппайсың.

Үшінші жасаған сөздігім «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік» болды. Бұл ісжүзінде екі сөздік, «Жаңа қытай сөздігі» мен «Қытайша-қазақша қысқаша сөздіктің» қосындысы еді. Мен пайдаланған «Жаңа қытай сөздігі» (жылына әлде неше миллион нұсқамен басылатын, сауаты бар қытайдың бәрі жанынан тастамайтын бұл сөздік шынтуайтында «Қытай тілінің қысқаша сөздігі» саналады) 1978 жылы шыққан басылым болатын. Сонда қамтылған әріптердің бір де-біреуін қалдырмай алдым және оның баламаларын молынан бердім. «Көк сөздікте» түбір әріптерге балама аз берілген, кейбір әріптерге балама берілмей қалған болатын. Бұл кезде қазақша материалдар қолымда жеткілікті еді, мәселен, «Қазақ-Совет энциклофедиясы», «Қазақша-орысша сөздік», «Орысша-қытайша сөздік», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» тағысын-тағылар дегендей. Бұл сөздікке күнделікті өмірде, қоғамда, өндірісте, құрлыста, қызметте жиі қолданылатын сегіз мың қытай әріпінің бір де біреуін қалдырмай түгел кіргіздім. Кейін ұйғырлар да  «Жаңа қытай сөздігін» жасады, бірақ, жер, су, адам аттарына қатысты, арғы заманның кейбір істеріне қолданылатын әріптерді алып тастап өзгесін қалпында аударып шығарды. Сөздіктің мысалдарының көбін «Жаңа қытай сөздігінен» алмай, кезінде «көк сөздікке» енгізілмеген, реформа мен есік ашу және нарықтық экономика барысында өмірге келіп қалыптасқан жаңа сөздерді, қазақ даласындағы жануарлардың, жәндіктердің, өсімдіктердің аттарын және қазақ халқының тұрмыс-салтына, ислам дініне қатысты атаулардың бірқыдыруын мысал ретінде енгіздім. Осы арқылы «қысқаша сөздіктің» қалыптасқан қағидасын аттап кеттім. «Қысқаша сөздік» «Үлкен сөздікте» қамтылған сөздерді қалпын қуратпай ықшамдау, қысқарту арқылы жасалады ғой. Сүйтіп, 2000 жылы баспадан шыққан, 25 мың сөз қамтылған бұл сөздік үш рет басылып, 14 мың нұқсқамен тарады.

– «Көк сөздіктен» кейін «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты  тағы бір «көк сөздік» құрастырыпсыз. Алғашқы «көк сөздікті» латын әліпбиімен шығарсаңыз кейінгі «үлкен көк сөздікті» Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен шығарыпсыз. Осы туралы да айта кетсеңіз.

Қазақтың әліпбиі бұл жақта да, ол жақта да бірнеше рет ауысты ғой. Мен мектепті төте жазуда оқып бітірдім, кейін жазуымыз латын әліпбиіне көшіп кетті, осы аралықта біз құрастырған «көк сөздік» латын әліпбиімен шықты. 1978 жылдан кейін қытайдағы саясат оңалып, рефома жүргізіліліп, нарықтық экономика жолға қойылды да әр ұлт халқы өзінің төл әліпбиін қайта қолдана бастады. Сол қатарда Шыңжаңдағы қазақтар бұрын қолданған төте жазуды қайта қолданысқа енгізді.  

1980-ші жылдардың соңында «көк сөздікті» үлкейтіп қайта жасау туралы әңгіме қозғала бастады. Осы туралы жиналыс өткізіп, «көк сөздікті» үлкейтіп қайта жасаймыз» дегенімде бір-екі адам тіс-тырнағымен қарсы болды. Олар: «Қазір елдің бәрі қытайша біледі, оның не  қажеті бар? Бұрынғы «көк сөздікті» төте жазуға көшіріп шығара салса та жетіп жатыр, артық күш жұмсап, қаржы шығарып  үлкейтудің қерегі жоқ», – десті. Мен олардың пікірімен келіспей: «Сіздер дұрыс айтып отырған жоқсыздар, бұрынғы сөздікке кірмей қалған сөздер өте көп. Қалып қалған және жаңа пайда болған сөздерді осы жолы молынан енгізіп шығаратын боламыз», – дедім. Жиналыста отырғандардың көбі олардың пікірін жақтамай, мені қолдап кетті. Сол кезде «Қазіргі қытай тілі сөздігінің қосымшасы» деген шағын сөздік шыққан, бұл сөздікте 20 мыңға жуық сөз қамтылған еді, осы сөздерді түгел қосымшалай алсақ, соның өзі де тақиямызға тар келмейді деп ойладық та, бұл жұмысты баспадағы Сөздік бөлімінде жұмыс істейтін 3-4 адамға жүктедік, олар қосымшалау міндетін 1992 жылы орындап шықты, бірақ сол күйі баспадан шығара салуға мүлде келмейтін еді. Үлкен комиссия, редкология ұйымдастыруға тура келеді. Баяғыдай емес, шақырылған мамандарды қонақ үйге жатқызу, айлығын төлеп отыру, командировкасын беру, аурып қалса емдету, қысқасы барлығын мойынға алып жұмыс істету керек. Оған қыруар қаржы жұмсалады. ШҰАР үкіметіне осы жағдайды айтып едік, олар: «Қаржы тапшылығы бар, қазір қаржы бере алмаймыз», – деді. Оның үстіне баспада реформа болып, қаржыны өздері табатын, қызметкерлеріне айлықты өзі беретін жағдайға көшті. Демек, комиссия, редколлогия ұйымдастыру мүлде мүмкін емес еді, Енді қайту керек? Ең ұтымдысы дайындалған нұсқаны әйбаттап отырып буып-түйіп сақтап қою. Халық баспасының қалтасы қампиған, комиссия ұйымдастыруға жағдайы келген кезде қайтадан іске кірісу еді. Осы арада менің басыма: «бұл қазақ халқының рухани өміріне, мәдениетіне қатысты үлкен құрлыс қой, мұны бұлай буып-түйіп қоюға болмас» деген ой орнай бастады. Осыдан соң бас редактордың орынбасары міндетін орындап, оқитын кітаптарымды оқып, бекітетін кітаптарымды бекітіп, өзім басқаратын редакциялардың күнделікті жұмыстарын қадағылап, қатысты әлеуметтік қимылдарға қатыса жүріп, сол шаруалар әредігінде сөздік жұмысын жыбырлап істейін деген бекімге келіп, 1992 жылдың қазан айынан бастап жұмысқа білек сыбана кірісіп те кеттім. Үстелімнің үстінде сөздіктің қолжазбасы жатады қобырап, сәл қолым босай қалса соған үңілекмін. Редакциясын қараймын деп отырғам ғой, сөйтсем, соңғы он шақты жылда қытай тілінің сөздік қорына қосылған жаңа сөз, жаңа атаулар молшылық-ақ екен. Сөйтіп, сөздікті редакциялау жұмысы мен толықтыру жұмысы қабаттасып кетті. 2000 жылдың басында отбасым баспаның жанына көшіп келді, содан бастап әр күні түнде кеңсеме келіп түннің бір уағына дейін осы сөздіктің жұмысымен айналысып жаттым. Сенбі, жексенбілердің де жартысы кеңседе өтеді.

Осылай өгіз аяңмен жүріп отырып 2003 жылға жеттік, осы онбір жылда сыбағалы қызметіме ешқендай нұқсан жеткізбей, қызмет әредігінде редакциялау және толықтыру жұмысын жүргіздім, 2003 жылдың наурыз айында зейнетке шықсам да, 2006 жылы қараша айының соңында «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» баспадан ресіми шыққанға дейін босай алмадым. «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» тұсау кесері 2006 жылы қарашаның 19-күні Үрімжіде өткізілді, сонда сөздіктің жай-жапсары туралы қысқаша баяндай келіп:

Оу, қазакем, мен қартамыс түлегің,

Сен деп соғып болдырыңқы жүрегім.

Батпан жүкті арқаладым бір өзім,

Мақтасаң да, даттасаң да біл өзің.

 

Іс еттім деп айта алмаймын ғаламат,

Білімдіден тағылмас көп жаманат.

Жеткен жерім осы болды, жамағат,

Кемістігі кейінгіге аманат, – деп екі шумақ өлең оқығанмын, үшінші шумағын іркіп қалып едім.

Теңелмеймін шолпанға да, құзға да,

Мінін айтсаң туламаймын тұлдана.

Қызғанышпен ғайбаттайтын сұрлана

Бақастарым: ішің күйсе тұз жала, – деп тынатын бұл шумақ осы сөздікті құрастыруға және жарыққа шығаруға бастан-аяқ қарсылық еткендерге қайырған жауабым болатын.

Бір қызығы: бұл сөздіктен редакция алқасының, жауапты редактордың және бекітушінің аты-жөні байқалмайды, бас құрастырушы ретінде менің атым ғана жазылған. Неге бұлай? Алқаның, жауапты редактордың және бекітушінің міндетін жалғыз өзім атқардым ғой, бұл сол тұстағы шарасыз жағдайдан туындаған құбылыс еді.

«Қытайша-қазақша үлкен сөздікке» қанаша сөз кірді?

Бұл сөздікке қытай тілінің 120 мыңнан астам сөзі, сөз тіркесі, мақал-мәтелдері, идиомдары және алуан пәннің атаулары кіргізілді. Осылардың үштен бірі, яғни 40 мыңдайы редакция барысында қосылды. Екі рет басылып, 10 мың данамен таралған бұл сөздік 2007 жылы Қытайдың тұңғыш реткі үкіметтің баспасөз сыйлығын (күллі Қытай бойынша сыйланған 60 кітаптың бірі ретінде, ал Шыңжаңнан тек жалғыз өзі ғана), 2008 жылы Шыңжаң кітаптарының төтенше сыйлығын иеленді. Зейнетке шыққаннан кейін бұрынғы «Қытайша-қазақша идеомдар сөздігіне» қайта қайрылып, түзейтінін түзеп, қосатынын қосып 17 мың идиомға жеткізгемін. 2017 жылы Шыңжаң жастар-өрендер баспасына берген едім, олар 16 формат бойынша теріп, мен Қазақстанға кеткенше 929 бетін әкеліп берген, үстінен оқып шыққанмын, қалған 260 бетін үлгіртіп бере алмады. Ол қазір солардың қолында жатыр.

Баспадан шыққан бұл қытайша-қазақша сөздіктер 60 мыңнан астам нұсқамен таралды, дүниежүзінің мәдениет тарихындағы, қазақ халқының мәдениет өрісіндегі осы төрт (ісжүзінде бес сөздік) сөздік түгелдей менің қолымнан шықты, бұл тарихи шындық.

Найманғазы аға, еліңізге көп еңбек етіпсіз, халқыңызға қалдырған рухани дүниелеріңіз ұшан теңіз екен. Қандай марапаттарға ие болдыңыз? 

– Тұңғыш құрастырылған «Қытайша-қазақша сөздік», өзім жасаған «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік» және мен редакциялаған ондаған кітаптар мемлекеттік, өңірлік және өлкелік сылйқтарды еншіледі, ал мен 1985 жылы профессор атағын алдым. 1988 жылы және 1995 жылы екі рет ШҰАР-дың таңдаулы маманы болып бағаландым, 1992 жылы көрнекті еңбек сіңірген мемлекет дәрежелі маман атағын иеленіп, сол жылдың қазан айынан бастап Мемлекеттік кеңестің төтенше стипендиясынан игіліктеніп отырдым, сонымен бірге Қытай түркология қоғамының мүшесі, Мемлекеттік баспагерлер қоғамының алқа мүшесі, Қытай аз ұлттар әдебиеті ғылыми қоғамының алқа мүшесі, Шыңжаң жазушылар одағының мүшесі, Шыңжаң аудармашылар қоғамының алқа мүшесі, Шыңжаң баспагерлер қоғамы төрағасының орынбасары сияқты қоғамдық қызметтер атқардым.

Қазір не істеп жатырсыз? 

2016 жылдың жазынан бері тағы сол «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» өңдеп, толықтырып жатырмын, ары-бері ақтарыстырып, олпы-солпысын оңап, тың сөздер мен атауларды қосымшалап сегіз рет сапырып шықтым, әлі де үңлудемін. Болашақ заманның кәдесіне жарар, жарық көрер сәтті сәрсенбісі туар деген үміттемін.

Жарты ғасырға жуық баспагерлік сапарымда қазақ халқының мәдениеті мен оқу-ағартуын көркейту жолында шама-шарқымша еңбек етіппін, көкейімдегінің бәрі түгел орындала да қойған жоқ, сол себепті:

Өнерім де, білерім де аз-ақ тым, 

Телегейден шақты қармап,аз аппын.

Көңілімнің сәл көншірі: әйтеуір,

Керуеніне көлік боппын қазақтың, – деп өзімді жұбатамын.

Ұзақ жылдар жетектеп асқақ арман,

Жеміс тердім бүргенді бақшалардан.

Елім мені сипаған маңдайымнан

Атым озық келген соң басқалардан.

 

Атағым, мәртебем жоқ ұрлап алған,

Ашты терім алдымды нұрға малған.

Ел-жұртыма септігім тиіп жатса

Армансыз аттанармын бұл ғаламнан.

– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз? 

– 1963 жылдың қыркүйегінде отау көтергенмін, әйелім де Қарағайбастаудың Қанипа есімді бойжеткені еді, Шыңжаң педагогика институтында оқыған, кейін Шыңжаң халық баспасында корректорлық жұмыс атқарды. Үш нәрестеміз шиеттей күнінде шетінеп кетті де Жанар атты қызым, Думан атты ұлым аман-есен ержетті, қызым Шыңжаң дәрігерлік институтын, ұлым Шыңжаң өнеркәсіп институтынан компьютер мамандығын тамамдаған, қызым мен ұлым Дәриға, Жібек, Жұпар, Дәрмен есімді немерелер сүйгізді.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген: Әлімжан Әшімұлы 

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969