Нұрболат АМАНЖОЛ. Тән тәуір болмай, некеге тұра алмайсыз
Қазақ тұрмысында тағы да тың бастама. Оған қолдау табылып жатса, отау құруға ниеттенгендер енді алдын ала медициналық толық тексеруден өтпей, АХАЖ есігінен аттап кіре алмайды. Бастамашыл топ ұрпақ саулығын міне, осылай заң-зәкүн жолымен қамтамасыз етпек...
Заң демекші, өзіміздің төл «Неке және отбасы туралы» заңымызда «Некеге тұратын адамдарды медициналық тексеру» аталатын екі тармақты №12 жеке бап та бар. Бірақ бұл бап не дейді? Ол Қазақстанда «некеге тұруға тілек білдіруші адамдарға медициналық, сондай-ақ медициналық-генетикалық мәселелер және репродукциялық денсаулық қорғау мәселелері бойынша кеңес беру мен тексеруді мамандандырылған денсаулық сақтау мекемелері және некеге тұратын адамдардың екеуінің келісімімен ғана жүргізуге» рұқсат етеді. Бірақ міндеттемейді. Ерікті түрде жүзеге асады. Ал еркіне қойғанның «ертеңі» бітпейтінін өзіміз-ақ көріп жүрміз. Неке алдында медициналық тексеруден өткенді былай қойғанда, неке куәлігінің өзін айлап, жылдап кешіктіріп алып жатқандар көп. Жә, бұл өз алдына жеке тақырып, әңгіме бастамашыл топтың Қазақстанда неке алдында медициналық тексеруді міндеттеу мәселесін көтеруі болып отыр...

- Шынына келгенде, мұндай медициналық тексеруді міндеттеуді бірінші мәрте көтеріп отырғанымыз жоқ. Бұл мәселе жайында талай мәрте Мәжіліске де, министрліктерге де хат жазылған. Алайда Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында адамдардың денсаулығы мен білімі - басты капитал екенін айта келе, әрбір қазақстандықты осы капиталға жауапкершілікпен қарауға шақыруы - біздің бұл бастаманы тағы да көтеріп, нақты іске қол жеткізе алатынымызға деген үміт шоғын тұтатып отыр. Ұрпақ саулығын ойлаған мемлекет қатал талаптардан қашпағаны жөн. Бұл міндеттеу - құқықтарды шектеуге жатпайды. Басқа елдерде тәжірибе де жоқ емес. Ол тәжірибе сәтті жемісін де беріп отыр. Тіпті, бұған сәйкес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі де бар. Бізге басты бір ғана жұмыс қалады. Ол - заңдастыру, - дейді отбасылық дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Мүслима Қанапина.
Маман сөзінің жөні бар. Расымен мұндай тәжірибе алыстан - Еуропа елдерінің көбінде, жақыннан - Өзбекстанда бар. Зерттей келе, бізге осы көрші елдің заңнама талаптары көбірек жақын келетінін аңғардық. Өзбекстандық Отбасы кодексінің 17-бабында некеге тұрушыларды медициналық тексеруден өткізу жайы егжей-тегжейлі жазылған. Заң бойынша, бұл тексерудің мақсаты - дені сау отбасын қалыптастыруға қолайлы жағдайлар туғызу және балалардың тек арқылы берілетін және туабітті сырқатының алдын алу. Біздің қазақстандық медицинаның да басты мақсаты осы емес пе? Ала шапан елі бұл үшін жастарды жарастырмақ бұрын психикалық, наркологиялық, жұқпалы аурулар, туберкулез және ЖҚТБ/АҚТҚ сырқаттарына медициналық тексеруден өткізеді. Онсыз АХАЖ олардың некесін заң жүзінде тіркемейді. Заңның бұл тұрғыдағы қаталдығы сондай, Өзбекстанда осы елдің азаматымен некеге тұратын шетелдік азамат та, не азаматтығы жоқ жандар да аталмыш бұл шартқа бағынуы тиіс.
Әлбетте, тексеру тамам болғасын, медициналық мекеменің қолы мен мөрі басылған анықтама қағаз емделушінің өзіне табысталады. Ал АХАЖ-ға жалпы медициналық тексеруден өткені және оның нәтижесінен хабардар болған анықтама берілсе жетіп жатыр. Өйткені тексеру қорытындысы - дәрігерлік құпияға жатады. Көк шайға құмар ағайындар некеге тұрушылардың құқығын шектемеу мәселесін осылайша шешкен. Алайда некеге тұрушылар - ер мен әйел неке тіркелмес бұрын бір-бірінен бұл құпияны жасырмауға тиіс. Өйткені заң бойынша, кейін біреуінен жұқпалы ауру не ЖҚТБ белгілері табылып жатса, екіншісі оны сотқа тартуға құқылы. Ал тексеру барысында некеге тұратын адамда жедел емдеуді қажет ететін сырқат белгілері табылса, дәрігер оны тиісті емдеу мекемесіне жібереді. Осындай кедергілерден өткен жастар ғана жарасып, заңды некеге тұра алады.
Міне, өзбек заңнамасының талаптары осындай. Ал біздің «Неке және отбасы туралы» заңымыздың жоғарыда атап өткен 12-бабы медициналық тексеруден өтуді міндеттемейтін болғандықтан, шап-шағын. Ол тек «некеге тұратын адамдарды тексерудің нәтижелері медициналық құпия болып табылады және ол некеге тұруға ниеттенген адамға тексеруден өткен адамның келісімімен ғана хабарлануы мүмкін» екендігін ғана баяндайды.
- Біздің кемшілігіміз де осы тұс болып отыр. Жыл сайын туабітті түрлі ақаумен дүниеге келіп жатқан балалардың дерегін шығарамыз. Оның ең негізгі себебі ретінде - экология мен ата-ана денсаулығының нашарлығын алға тартамыз. Дені сау жандардан - дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Сондықтан ұрпақ амандығын ойласақ, некеге тұрушыларды медициналық тексеруден өткізуді міндеттегеніміз абзал, - дейді Мүслима Қанапина.
«Айқын» газеті