Жексенбі, 10 Мамыр 2026
208 0 пікір 9 Мамыр, 2026 сағат 20:25

Бейбіт Исабаев Ұлы Отан соғысының ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

Сурет: gov.kz сайтынан алынды

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірде тұратын Ұлы Отан соғысының көзі тірі жалғыз ардагері Ысқақ Құсайыновтың шаңырағына барып, оны Жеңіс күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы ардагерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстап, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті Ысқақ Әбілпейісұлы! Сізді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жасампаз аға буынның асқақ рухы мен қайтпас қайсарлығын паш ететін мереке. Сіз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың қиындықтарын еңсеріп, біздің бейбіт әрі дербес елде алаңсыз өмір сүруіміз үшін аянбай күрестіңіз. Өнегелі өмір жолыңызбен өскелең ұрпаққа шынайы отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсеттіңіз. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген бір ауыз сөзден Жеңіс мерекесінің түпкі мән-мағынасын түсінуге болады. Халқымыз соғыс және еңбек ардагерлерінің өшпес ерлігіне зор құрметпен қарайды, олардың есімін әрдайым жадында сақтайды.

Сізге барша отандасымыздың атынан мықты денсаулық жене амандық тілеймін!» - делінген құттықтау хатта.

Ардагерді құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев: «Сіздердің ерліктеріңіз, бізге сыйлаған бейбіт өмір – баршамыз үшін ең қастерлі құндылық. Ең алдымен, өңірімізде көзі тірі жалғыз соғыс ардагері ретінде Сізді, сондай-ақ барлық ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, олардың ұрпақтарын және барша облыс тұрғындарын Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз өсіп-өркендей берсін», – деді.

Ардагердің үлкен қызы Гүлсінжан Ысқаққызы сөз сөйлеп, көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлық үшін алғысын білдіріп, барша жұртқа бейбіт өмір, амандық пен береке тіледі.

Осы күні ардагердің үйінің ауласында №18404 әскери бөлімінің әскери үрмелі аспаптар оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Сонымен қатар ардагерді құттықтауға «Жас сақшы» кадет сыныбының оқушылары да келді.

Еске салсақ, 102 жастағы ардагер соғысқа 18 жасында өз еркімен аттанған. Жауынгерлік ерлігі үшін оған «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағы берілген. Кеңес-жапон соғысына қатысқан. Майданнан оралған соң ұстаздық жолды таңдап, 40 жылға жуық уақытын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Ол II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Жуков медалімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен және басқа да бірқатар маңызды марапаттармен наградталған.

Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, бірнеше әдістемелік оқу құралдарының авторы атанған ардагердің қызы мен немересі де оның жолын жалғастырып, білім саласына еңбек етіп келеді. Бүгінде ардагер 9 немере, 26 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. 2023 жылы майдангерге облыс орталығындағы жаңа шағын аудандардың бірінен бір бөлмелі пәтердің кілті табысталған болатын.

Атап өтсек, биыл Жетісу облысында Жеңіс күніне орай 2034 азаматқа жалпы сомасы 296 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде өңірдегі көзі тірі жалғыз соғыс ардагеріне 5 млн теңге төленді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2287
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1670