Бүгінгі жанжалдар саяси-идеологиялық емес, діни негізде жүреді
Гүлнар НАСИМОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор:
Гүлнар НАСИМОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор:
- Гүлнар ханым, сіз саяси ғылымның бір арнасы - конфликтология бойынша ғылыми диссертация қорғадыңыз. Әңгімемізді осы жанжалдың түрлеріне қатысты өрбітсек... XXI ғасырда өмір сүріп отырсақ та, әлем мемлекеттері арасында жанжалдар басылмай келеді. Әлем елдерінің барлығының көксегені даму мен бейбітшілік ұраны болса да, неге әлі күнге дейін қақтығыстар бой көрсетіп келеді?
- Адамзат өзінің тарихында соғыссыз және жанжалсыз әлемдік жүйе құруға тырысып келеді. Дегенмен өткен ғасыр жойқын әлемдік соғыстармен, идеологиялық жанжалдармен және бейбітшілікті орнату мен ынтымақтастықтың жаңа түрлерін іздеумен белгілі болды. Сіздің сұраққа жауап бере отыра, алдын ала айтқым келеді: өкінішке орай, жанжалдар адамзат бар кезде болады және болған да. Шынымен, мойындау керек, «неге әлемде, жанжалдардың алдын алу мен шешу міндеттері қиын? Мемлекеттің жетекшілері дипломатияны дамыту мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және тұрақтылықты орнатуда не істей алады?» деген сұрақтар туындайды. Дегенмен ХХІ ғасыр жанжалдарының мәндік сипаты тұрақты және бірқатар жаңа ерекшеліктері бар. Халықаралық жүйенің өзгеріске ұшырауы жаңа замандағы жанжалдар ерекшеліктерінің табиғи өзгеруін анықтайды. Қазіргі таңда мемлекет ішіндегі және асимметриялық жанжалдар ХХ ғасырмен және ерте тарихи кезеңдермен салыстырғанда халықаралық саясатта маңызды орын алады. Біріншіден, егер де бұрын жанжалдың саяси сөздігінде мемлекетаралық соғыстарды меңзесе, қазір біз «ғаламдық күш көрсету», «тұлға қауіпсіздігі» деген түсініктерді қолданамыз. Мемлекет орталық фактор болып қала береді, бірақ басты қауіп тудырушы болып табылмайды. Сондықтан қауіпсіздікті бірегейлендіру мен оған қарсы тұру қиын. Екіншіден, бүгінгі жанжалдар саяси идеологиялық емес, діни немесе этникалық негізде жиі жүреді. Сонымен қатар діни сипаттың өсуі ХХ ғасыр бойы батыстық әлеуметтік-саяси ғылымда кең етек алған модернизация теориясына күмән келтіруде. Үшіншіден, қазіргі жанжалдарға қылмыстық топтар да қатысуда. Идеологиялық, отарлау, геостратегиялық және үстемдік қақтығыстарының орнына аймақтық державалар арасындағы соғыстар келді. Халықаралық қатынастар ұлттық әскери күшпен ғана емес, сонымен қатар халықаралық институттар, трансұлттық корпорациялар, азаматтар мен террористер тобы және жеке жүйелер қатысатын қиын саяси процестермен де анықталады. Сондықтан жанжалдың құрылымын анықтау қиындай түсуде. Егер бұрын қарама-қарсы топтарды тек қана анықтау болса, қазіргі таңда субъектілер де күрделі, әр алуан болып келеді. Басқа сөзбен айтқанда, қазіргі жанжалдар қиын сипатымен ерекшеленеді. Жанжалға қатысушылардың саны көп болғандықтан, олардың реттеушілікке қол жеткізуі қиын. Қазіргі таңда жанжалды шешуде оның жаңа заңдылықтарын анықтап, жүруін бақылауда басқа әдістеме мен концепция керек. Ал мемлекет болса өткен ғасырдағы қауіптің елесімен күресуді тоқтатып, жаңа туған ғасырдың шынайы қаупіне қарсы бірігуі қажет.
- Қазіргі таңда делдалдықтың қақтығыстарды шешудегі рөлі әлсіреп кеткені туралы жиі айтылады. Алдағы уақытта үшінші тараптың маңыздылығы арта түсе ме, әлде олардың рөлін ірі державалар иеленіп кете ме?
- Егер де делдалдың мақсаты мақсатты және тиімді делдалдық етіп, жанжалды шешу болса. Ал үшінші жақтың мақсаты агрессия болса, онда бұндай делдалдық қауіпті әрі қатерлі болып табылады. Енді Карабах мәселесін реттеуде серпіліс күтілген Армения мен Әзірбайжан президенттерінің Қазандағы кездесуін еске түсірейікші. Олар жанжалды шешуге дайын болды ма? Менің ойымша, жоқ. Егер де делдалға келетін болсақ, олар әр кезде өздерінің бейбітшілік қызметтерін риясыз атқара ма? Яғни жанжалда үшінші жақтың агрессияны өзіне қажетті бағытқа бұруға мүдделі болатыны сирек емес. Экономикалық тұрғыдан дамыған және әскери-саяси күші зор, әлемдік қауымдастықтың кейбір бөлігі жанжалды реттеудің маңызды бөлігін өздерінің мойнына алуға ынталанып отырғандығы туралы фактінің бар екендігін есімізден шығармауымыз қажет. Дегенмен «дамыған субъектілер» сонымен қатар кейбір жағдайларда жаңа қақтығыстар тудырады. Заманауи жанжалдардың табиғаты, көбінесе, қақтығыстың алдын алу үшін жаңа мүмкіндіктерді тудыратын, бірақ қатысушы елдер үшін көп жағдайларда тәуекелділікті жоғарылататын әскери-технологиялық және ақпараттық новациялар факторларымен анықталады. Режимді ауыстыру немесе постжанжалдық қайта қалыптастыру үшін үстем етуші державалар жалғыз немесе басқа мемлекеттермен коалиция құра отырып, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласу талпыныстарын қолданғаны құпия емес. АҚШ-тың халықаралық саясаттағы рөлін ескере отырып, заманауи жанжалдың «бейнесін» қалыптастыруда негізгі рөлді, американдық сыртқы саяси және әскери бюрократия оның әлемдік дамудың басқа конфликтогендік сипаттамаларына төзімділігі, сонымен қатар Вашингтонның жаңа халықаралық жанжалдардың алдын алудың және қазіргі халықаралық жанжалдардың үдемелі қарқындылығын төмендетудің қолайлы жолдары ойнайтын болады. Дегенмен делдалдық институтының барлық кемшіліктерінің негізінде оның қызметтерінен бас тартуға болмайды. Егер де ол қолайлы қызметтерді орындамаса, онда әлем толықтай жанжалдарға белшесінен батар еді. Егер батыс зерттеушілерінің зерттеулеріне сенетін болсақ, онда 1945 жылдан бастап 90-жылдардың басына дейін делдалдық шамамен Африка және Латын Америкасында 2/3 жанжалдық жағдайларда, Таяу Шығыста 4/5 жанжалдарда қолданылған.
Делдалдық жанжалға түсуші елдерге біржақтылық негізінде немесе саяси және идеологиялық бағытта емес, ал халықаралық құқықтың сақталуында құрылуы тиіс.
- Мысалы, Сирия мәселесіне келгенде БҰҰ-ның тұрақты мүшелері келісе алмады. Жалпы, бұл жағдайға қандай баға бересіз? Сириядағы бір жылға жуық болған соғыстар туралы не айта аласыз?
- Сириядағы оқиғалар - ішкі немесе аймақтық мәселелер емес, ал күштердің ғаламдық тепе-теңдігі анықталатын маңызды халықаралық үдерістердің негізгі компоненттері. БҰҰ резолюциясын сылтау етіп, сириялық тәртіпті құлату қадамдары Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты екі мүшесі Ресей мен Қытайдың қарсылығы арқасында жүзеге асырылмауда. Бұл жанжалда бірнеше аспекті бар. Ең алдымен Сириядағы дағдарыстың негізінде оның қоғамының көп бөлігін кедейлер құрайтын өткір әлеуметтік мәселелер жатыр. Сонымен қатар биліктің қателіктері мен қылмысы туралы да болып отыр. Мысалы, жемқорлық. Бірақ осы дағдарыстың басты аспектісі - сыртқы фактор. Қазіргі таңда Сирия - тек қана аймақтық емес, сонымен қатар ғаламдық саясаттың шоғырланған орталығы. Сирияны Ресей, Иран, Қытай қолдап отыр. Осы сыртқы аспект үлкен рөл ойнайды. Бірқатар сарапшылардың ойынша, Сириядағы тәртіпті жоюға қарсы сыртқы агрессияның күшеюі, Иранның аймақтық позициясын әлсірету үшін жасалуда. Ал Иран - Ресей мен Қытай үшін маңызды одақтас. Сондықтан бұл - әлем секілді ескі дүние. Тіпті араб елдерінде алдыңғы жылдың басынан басталған үдерістер Таяу Шығыстағы шикізат ресурстарын қатаң бақылауға алу мақсатындағы геосаяси ойындар екендігін менің саясаттанушы студентім де айтып бере алады. Біз көріп отырғандай, Ресей мен Қытай аталған конфликтіге қатыстырылуда, сондықтан олар БҰҰ ҚК кез келген біржақты әрекетіне вето жариялау барысында АҚШ мен ЕО елдері ешқандай заңды халықаралық-құқықтық негізге ие бола алмайды. Ресей Жерорта теңізіндегі жалғыз одақтасын жоғалтқысы келмейді.
Сирияда конфессияаралық соғысқа ұласуы мүмкін азаматтық соғыс қаупі бар екендігін барлығы түсінеді. Себебі діни фактор - кез келген мүддені жақтаушылар үшін тиімді қалқа. Бірақ Сириядағы қайшылықтың маңызды компоненті ақпараттық-психологиялық соғыс екендігі айдан анық. Егер де жанжалға қатысушылар аталған мәселені шешуде конструктивті шараларды жүзеге асырмаса, толықтай бір аймақта үлкен көлемді, көптеген жылға созылатын тұрақсыздық туатынына күмән жоқ.
- Енді ішкі жағдайға келсек, Қазақстанның имиджі туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Ал сіз 20 жыл ішіндегі Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы еңбегіне қандай баға бересіз?
- Бүгінде Қазақстанды әлемдік қауымдастық мойындайды, оның аты танымал бола бастады. Қазақстан көптеген ықпалды халықаралық ұйымдарда жүзеге асырылып отырған өзінің белсенді әрекеттерінің арқасында әлемде маңызды рөлдерді ойнайды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан БҰҰ жұмыстарына белсенді араласа бастады. Бұл қызметте басты міндет халықаралық аренада ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласында ҚР стратегиялық мүддесін қамтамасыз ету жұмысын жүргізу болып табылады. Қазақстан ешқашанда әлемдік процесті бақылаушы рөлінде болмаған. Жиырма жылдық Тәуелсіздікте халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауда орасан зор қызмет жасады. Ядролық қарудан бас тартты, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨШСК) құрды, Еуразия кеңістігінде интеграциялық процестерді бекітті, өркениеттер мен діндер диалогін қолдады, міне, Қазақстанның жасаған шараларының бірқатарлары ғана.
Әлемдік қауымдастықтың біздің бүгінгі жетістіктерімізді мойындауының дәлелі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болып табылады. Ұйым үшін қиын кезеңде, яғни дербес қауіпсіздік жүйесі болу мүмкіндігінен айырылу қаупі төніп тұрғанда және ЕҚЫҰ-ның кейбір елдерінде бірқатар мәселе жинақталғанда Қазақстан ғана өзіне үлкен жауапкершілікті мойнына артты. Қазақстан ұйымның тиімділігін арттыру барысындағы белсенді қызметі, қазіргі қауіптерге барабар әрекет етуі, ЕҚЫҰ-ның аймақтарындағы серіктестікті бекітуге талпынысы, халықаралық құрылымға жаңа импульс беру қажеттігіне терең түсіністікпен қарап отырғандығын көрсетіп отыр және бұны мойындау керек.
Қазақстан тоғыз ай төрағалық ету барысында созылып отырған жанжалдарды реттеуге байланысты үлкен дипломатиялық шараларды жүзеге асырды. Әлемдік қауымдастықта серіктестікке жету жолындағы бірінші қадам мәдениетаралық диалог болып табылатындығын атап өткен жөн. Бұл рухани баюдың негізі және өзара түсіністіктің, келісім мен төзімділіктің бекітілуіне мүмкіндік береді. Осыны мойындай отыра, Қазақстан толеранттық идеясын ұсынуда, мәдени әралуандықты сақтауда және мәдениет аралық диалогтерін дамытуда заңды түрде күш салуда. Бұған Қазақстанда жүргізілетін әлемдік және дәстүрлі діндер съезі дәлел болып табылады.
Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстанның маңызды қадамдарының бірі - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруды ұсынуы. Бұл орайда Азия континентінде мемлекетаралық қайшылықтар мен келіспеушіліктердің болуына қарамастан, Қазақстан кеңеске қатысушы мүше елдердің назарын мемлекетаралық ынтамақтастықты әрі қарай бекіту қажеттілігіне аударуда. Оның тиімді институттарының бірі болып Шанхай ынтымақтастық ұйымы табылады. Бұл ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресті маңызды басымдықтары етіп белгіледі. Қазақстан және ұйым бойынша оның одақтастары көрсетілген бағыттар бойынша әрі қарай қатынас орнатуға ынталы. Шын мәнінде, бір сауалнама барысында Қазақстанның әлемдік қауымдастықта алатын орнын көрсету мүмкін емес. Қазақстан қазіргі таңда тәуекелділік пен әлемдегі қауіпке қарсы тұра алатын серіктестіктің жаңа түрлерін іздеуде.
Бұл орайда еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» еңбегінде айтылған сөздері өзекті: «Біз өзіміздің ішкі-сыртқы проблемаларымызды мейлінше бейбіт және күш көрсетпейтін жолдармен шештік. Егер мемлекет өзінің қарым-қатынасын келісім мен сенімге негіздейтін болса, қашанда тіл табысар тегершіктің табылатынын біз айтарлықтай айқын сезіндік.
- Посткеңестік елдердің алғашқы жылдарда саясаты ұқсас болғанмен, кейіннен мың сан құбылып кетті. Ұстанған саясатынан қай мемлекет ұтты, қай елдер ұтылды?
- Иә, бүгінде тек ғана Қазақстан емес, сонымен қатар ТМД-ның басқа да мемлекеттері 20 жылдық тәуелсіздігін қорытындылады. ТМД мемлекеттері сыртқы және ішкі саясаттың басымдықтары мен негіздерін анықтауда және мемлекеттік мүддені түсінуде, оған қоса ұлттық мемлекет құру кезеңінен өтті. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттер ТМД елдері мен Достастыққа кірмейтін мемлекеттер арасынан тиімді серіктестіктерін тауып отырды. Посткеңестік мемлекеттердің қазіргі заман тарихында қарулы қақтығыстарға алып келген жанжалдар да болып отырды (Тәжікстан, Таулы Карабах, Молдова, Грузия және т.б.). Шынында, бұл жанжалдар тарихи алғышарттармен, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық қатынастардағы саяси саланың дамуында жүрген дағдарыстармен байланысты болды. Менің ойымша, аталған жанжалдардың себебі бірқатар елдердің болжамсыздық саясаты болып табылады және аталған себеп белгілі жанжалдардың катализаторына айналды. Егер де Грузия, Украина және Қырғызстан туралы естігіңіз келсе, осы елдерде болған «түрлі-түсті революцияларды» естен шығармауымыз қажет. Біраз жылдар өтсе де, «түрлі-түсті революциялардан» кейін ешбір мемлекетте әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйеде түбегейлі әрі сапалы өзгерістер болмады. Сонымен қатар бұл елдерде қалыптасқан саяси жағдайлардың ерекшеліктерінің бірі - билік үшін күрес «жаңадан» қалыптасқан элиталар арасында жүруде, бұл өз кезегінде, олардың мақсаттары мен мүдделерінің қарама-қайшылығы туралы, олардың арасында базалық келсімнің болмауы мен қоғам алдында тұрған мәселелердің тереңдігін көру мүмкіндігінің жоқтығы туралы айтуға мүмкіндік береді.
Тұрғындардың әлеуметтік үміті мен олардың қанағаттану көлемінің арасындағы қарама-қайшылықтың нәтижесінде, мысалы, Қырғызстанда саяси жүйенің дағдарысына және жүргізіліп отырған қайта құрулардың тоқтатылуына алып келді. Өркениеттік басымдықтар негізінде түбегейлі шаралармен күйзеліссіз жүргізілетін әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың іске асырылуы құнды жеке кәсіби қасиеті бар саяси лидердің жетекшілігімен ғана мүмкін. Бұндай саясаткерде дағдарыс кезінде тиімді шешім ұсыну қабілеті мен жігері және қоғамда келісім мен тыныштықты қамтамасыз ететін ұйымдастыру қасиеті болуы шарт. Егер елде шиеленістің деңгейі жоғары болса, онда аталған елдердің көшбасшылары қоғамдағы әртүрлі мақсаттарды және бір-біріне қарама-қайшы мүдделерді біріктіре алмайды. Қай мемлекет ұтылды, қайсысы жеңілді, менің ойымша, біз баға бере алмаймыз. Оны елдердің халқы мен билігі бағаласын. Бірақ анығы бір, мақсаты тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылатын мемлекет ғана әр кезде «ұтыста» болады.
- Әңгімеміздің басында жалпы конфликтология туралы айтып өткеннен кейін Жаңаөзендегі жағдайды айналып өткеніміз болмас. Маңғыстау облысындағы осы жанжал туралы зерттеу жүргізіп көрдіңіз бе? Сіз не түйдіңіз?
- Әрине, бұл мәселені Маңғыстаудағы шерулерден бастап назардан тыс қалдырған емеспін. «2011 жылы Маңғыстаудағы шерулер: себептер мен салдары» атты «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры ұйымдастырған «Эксперт» клубының отырысына қатыстым. Сондықтан Жаңаөзен оқиғасын тудырған жағдайларға терең әрі кешенді конфликтологиялық талдау қажет. Біріншіден, оқиғаның негізінде конфликтілік жағдайға алып келетін әлеуметтік-экономикалық мәселелер жатыр, яғни Жаңаөзен қаласы тұрғындарының көп бөлігінің негізгі қажеттіліктері қанағаттандырылмауы, жұмыссыздық, миграция, жемқорлық және т.б. Екіншіден, аталған оқиға, еңбек конфликтілерін реттеудің конструктивті технологияларының дамымағандығының көрінісі болып табылады. Басқаша айтқанда, әлеуметтік серіктестік жүйесі жеткілікті қызмет етпейді. Біз жұмыс берушілерде конфликтіні реттеудің нақты механизмдерінің жоқ екендігін көріп отырмыз. Кәсіподақта жұмысшылардың мүдделерін қорғайтын заңды әдістердің жоқ болуы. Егер кәсіподақ жұмысшылардың мүддесін қорғаса, айтыңызшы, мұнайшылар шеруге не үшін шығады? Сонымен қатар жұмысшылар да талаптар қоя білмейді, сондықтан оларды жеңіл манипуляциялауға болады.
Жанжалды шешуге бағытталған делдалдар да болмады. Сонымен қатар ереуілшілермен ынтымақтастығын көрсетіп, жағдайды өздерінің мүддесі үшін пайдаланғысы келген бірқатар саяси күштердің болғандығы мәлім.
Маңғыстаудағы шерулер және Жаңаөзен оқиғасы елімізге үлкен шығын алып келді. Бүгінде сұрауға болады: мұнайшылардың кішкене болса да талаптарын орындағанда қанша шығын шығатын еді? Ал бүгінде біз не алдық? Қаланы қайта тұрғызу қажет. Сондықтан Президенттің Жаңаөзендегі оқиғаға баса назар аударуы заңды әрі уақтылы деп ойлаймын. Осыған орай Елбасының биылғы Жолдауында өңірлерді дамыту мәселесі қозғалды. Президент айтқандай, бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет. Мемлекет өз азаматтарының сондай қуатты өңірлерге қоныс аударуына көмек қолын созуы тиіс. Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті. Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түсті. Алайда бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керек.
- Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Президент биылғы Жолдауында атап өткендей, біз Жаңаөзендегі оқиғадан тиісті түйін жасап, одан сабақ алып, ұдайы ескеріп отыруымыз керек. Қазіргі таңда келіссөз мәдениетін қалыптастыруды, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара әрекеттесу механизмдерін жетілдіруді және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін тиімді технологияларды жасау қажет. Бірақ бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілуі керек.
Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ
http://www.alashainasy.kz/person/31343/