Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
V
Смайыл, Смазы дейтін ағайынды екі хұйзу орта Ергейтідегі шағын ғана бір қожаның иесі екен. Олар егіндік жері мол, мал жағы шағын, бір-екі ғана кісі жалдай алатын күйлері бар байшыкеш көрінді. «Бай» деп атауға бара алмайтын себебіміз - олардың өзі, иә, ер жетіп қалған балалары егін жұмысына араласып істей жүреді екен де, тамақты да жалшыларымен бірге ішеді екен. Ерекше «қоршаулы жәннат» пен ерекше қожалық құқық жүргізу мен мұндалап көріне қоймады. Әсіресе Смайылдың өзі, жиылмай жатқан құйрығын басып кетсең де «ың..і..ы» деп қана қоятындай кең мінезді адам екендігі маңайына паналаған қоңсыларының көптігінен көрінді. Оның қора-жайының маңайында саялы терек көп болғанымен, өзі сая бола білген тәрізді. Қақпасының алды-арты толған жер үй, өзінің күн шығыс жақ қатарына іргелестіре салған кедей қолды дуал үйлер де көп көрінді. Үйеңкі, теректері алаң-ашықта. Бүкіл қоржа малы түс кезінде соның ішінде жатады екен. Бұл жәйт оның кең қолтықтығына қосымша салдыр-салақтығын да байқатады.
Көшіп барысымызбен қожайын қақпасының алдыңғы жағындағы көне жер үйдің бос біреуі бізге тиді. Бигелді күні бұрын айтып, дайындап қойған екен. Қоңсыларының көптігіне қарап шешем Смайылдың бұл жайын жақсы бағалағандай болды: «саясына ит жатпайтын бай емес көрінеді».
V
Смайыл, Смазы дейтін ағайынды екі хұйзу орта Ергейтідегі шағын ғана бір қожаның иесі екен. Олар егіндік жері мол, мал жағы шағын, бір-екі ғана кісі жалдай алатын күйлері бар байшыкеш көрінді. «Бай» деп атауға бара алмайтын себебіміз - олардың өзі, иә, ер жетіп қалған балалары егін жұмысына араласып істей жүреді екен де, тамақты да жалшыларымен бірге ішеді екен. Ерекше «қоршаулы жәннат» пен ерекше қожалық құқық жүргізу мен мұндалап көріне қоймады. Әсіресе Смайылдың өзі, жиылмай жатқан құйрығын басып кетсең де «ың..і..ы» деп қана қоятындай кең мінезді адам екендігі маңайына паналаған қоңсыларының көптігінен көрінді. Оның қора-жайының маңайында саялы терек көп болғанымен, өзі сая бола білген тәрізді. Қақпасының алды-арты толған жер үй, өзінің күн шығыс жақ қатарына іргелестіре салған кедей қолды дуал үйлер де көп көрінді. Үйеңкі, теректері алаң-ашықта. Бүкіл қоржа малы түс кезінде соның ішінде жатады екен. Бұл жәйт оның кең қолтықтығына қосымша салдыр-салақтығын да байқатады.
Көшіп барысымызбен қожайын қақпасының алдыңғы жағындағы көне жер үйдің бос біреуі бізге тиді. Бигелді күні бұрын айтып, дайындап қойған екен. Қоңсыларының көптігіне қарап шешем Смайылдың бұл жайын жақсы бағалағандай болды: «саясына ит жатпайтын бай емес көрінеді».
Қоржаның батыс жағы Смайылдың Смазы дейтін інісіне тиісті екен. Оның қора-жайы да, дуал ішіндегі теректері де биіктеу, әрі мынадай кедей үйлері ол жаққа көп салынбапты. Шешем сол жақтан қана секем алғандай, «кесел-қырсық осы жақтан келмесе, кең жер екен» деп күбірледі.
Жер үйге салған мия төсенішімізде кеңірек, үңгір болса да ауыз үйлі, аспаны да тыныстырақ көрінді. Әке-шешеміз бұл үйді жөндеп алу, жақсырақ тұрмыс жасап алу туралы кең жоспарлар айтысып, құрлау болса да сүт қосқан шайын масайрап отырып тартысатын болды. Бигелдінің жылдық жалақысы - қожа егінмен бірге екі ағаш борми (жүгері) егіп алу екен. Мұны өздері «дайжың»[1] деп атайды. Екі ағаш борми «дайжыңға» қосып бір серкеш, жалшының өзіне сәлде боздан көйлек-штан, екі шақайлық сиыр терісі, жарты шай бермек болыпты. Ең жақсысы, тамаққа жуыр маңда тоя қоймайтын, нардай Бигелдінің тоқтығы болды.
Диірменге тартылған борми талқанына ол еркін екен. Бұл молдықты Бигелдіге бір рет, әкеме бір рет еріп барып мен де көрдім. Смайылдың әдеміше ғана кең сәкілі үйінде шай ішуі өте көңілді көрінді. Талқанды үлкен табаққа, арбаға сабан тиегендей, үйе басып әкеліп, дөңгелегі аласа үстелге қояды екен де, қожасы мен қонағы, ұлы мен малайы қоралай отырып соғады екен. Шынысына басушылардың көптігінен табақ ойсырап қалса, кілеті қарсы үй, Бигелді барып басып әкеле салады. Әрқандай жұмысқа өз күшін жанқиярлықпен арнайтын Бигелдінің жомарттығын да, оның шеңгеліндей үлкен шеңгелді де өзім жүрген жерден көрмеген маған, оның сол мол қолдығына (бір қарап та қоймай шыдап отырған) мына қожайынды да «дүниеде жоқтай» көрінді. Қып-қызыл күрең жүзі мен қысыңқы көзі күлімсіреген бойы, сирек қана қара сақал-мұртына тиген ақсары талқанды сүрте салмай нақ қарапайым қазақы тілде әңгімелесе отырып, шынысындағы шайға кеулеп жейді. Қонақтарының көңілі үшін ғана жегені болар деп ойласам, олай емес, осыншалық көп талқанды үңірейте обатындардың негізгі бірі - өзі екен. Оның тапалтақ қана шаршы денесі мен томпиып тұратын қарны талқанды нығарлап толтырған қап сияқты, қап болғанда да қазақтың қой жүнінен тоқылған шаршы-төртбақ қабы. «Бұлар бір шайда бір пұт талқан жесе, бір жылға неше пұт талқан жетер?» деп есептеп көрейін десем, шығара алатын емеспін, сан жетпес пұт талқан дей салдым. «Ал мұның өзі қалайша дүнген болып аталған екен?» деп іздеп, қазақтан оның айырмасын қызыл бұрышты көп жейтіндігінен ғана тапқандай болдым. Өз алдында ғана бір тостаған қызыл бұрыш үгіндісі тұрады. Талқанды ол қызыл бұрыш қосып, қызыл бояудай етіп жейді екен. Сондықтан болу керек, оның қызыл болса да жазықсыз көзінен жасы шығып, жараның аузы немесе жарып қойған қызыл бұрыш сияқты жыртиыңқырап тұрады.
Балбикенің бұрынғы қып-қызыл, жас күйеуін тастап, бәйбішесі өлген кексе қызылды осы мол талқаны үшін тапқандығы белгілі еді. Ашаршылықта азып-тозып жүрген бізге оның бұл қылмысы кейінгі күйеуінің кең пейілдігімен жабылып, өзі жазықсыз болып көрінді.
Сұңғақ бойлы, ақ сұры Балбике ер жүректі, суырылып тұрған шешен, айтып салатын ащы-шыншыл, күлкілі-сықақшыл әйел еді. Смайылмен некеленіп алғанымен әлі де қайындарынан жасырынып, үйінен шықпай жүреді екен. Біздің үйге бір іңірде келіп амандасты. Шешем бұл қайын сіңілсімен қатты қалжыңдасады.
- Ей, қаншық, - деді ол амандаса салысымен, - Төраханды тастағандағы тапқаның осы шалдың түрмесі ме?!
Әпкеміз ірі күміс теңгелер соғылысқандай ашық күлкісімен ақтарыла күлді:
- Е, қазіргі күнде жүйрік пен жорғадан жұп-жұмсақ талқан қабы сүйікті емес пе. Сендерге нықталған бір қап талқан тауып қойғаныма жазғырамысың!
Екеуі қатар күлісіп алды да, күлкінің астынан шыққан жылаудың көз жастарын сүртісті.
- Некелі болып алған соң енді неден қорқып жасырынасың?
- Бұл «талқанның» ірі тастай інілері бар, тісімді шағар деп солардан қорқамын. «Қаңғыған қара кедейдің қызын алдың» деп бәрі жауласып жүр. Ағасына жай ғана өкпелі қабақ көрсеткенімен, маған жарып салатын пышақ көрсетеді...
Смайылдың Смазыдан басқа үш інісі бар екен де, ол үшеуі үш қоржаның иесі екен. Бұл екеуінен жер-сулары айырым болса да, олар үлкен ағасының қазақтан қоңсыны көп қондырғанына, қазақ болып кеткеніне, әсіресе «қаңғыған қара кедейге үйленгеніне» қатты наразы екен. Бұл ашуларын екінші ағасы - Смазыға құйып, оны уландырып қойған көрінеді. Ал Смазы өзі қазақтан үйленген болса да, қазақты көбейтіп, «орта қоржаны қазақ қоржасына айналдырып қойдың» деп Смайылмен өштеседі екен. «Енді босқын қазаққа күйеу болып, оларды одан әрі қаптатып болды» деп ісіп-кеуіп алыпты. Бұл уақта інілерінің уы құйылған соң Смазы жарылып, атылып кете жаздап жүрген көрінеді. «Балбике аманында кетсін, әйтпесе, жарып тастап айырамын!» деп кісі салыпты. Смайыл оны естіп, мырс-мырс күліпті де, Балбикеге қазірше үйден шықпауды, өзі жоқта кілетке кіріп бекініп, жата тұруды айтыпты. Содан қорқып үйден де шыға алмай, шешесі Әспет пен Болтай бауырын да көшіртіп ала алмай жүргенін айтты Балбике. Бұл сырдан шешем қауіптеніп қалды:
- Олай болса біздің көшіп келуіміз және ушықтырады деші!
- Жоқ, сендердің жөндерің басқа... Сендер Бигелдіні паналап келдіңдер, Бигелді бұлардың құдайдан сұрап таба алмай жүрген өгізі. Биылғы ерекше көп салынған егіннің тағдыры Бигелдінің білегінде, сендерге тиісе алмайды! - Балбике осына айтты да, көзін тағы бір сүртіп алып, сол мақтаулы бауырының қорғауында үйіне қайтып кетті.
- Дүнген өте жайыл болады деуші еді, сақтан! - деп қалды шешем.
Бигелдінің мүйіздей болып кеткен күсті қолының абыройымен жалшылық мәртебе кешікпей бізге де қонды. Шешем Смайылдың сауыншысы болып «сайланды да», Биғазы күндіз егін қоритын, қарға қуушы болып «тағайындалды». Биғаділ екеуміздің алдымызға бұзау мен қозы, лақ түсіп, «бағынды». Ергейті өзеншесінің бір иіні біздің есіктің алдында ғана, әлгі «бағындынымызды» соған қуалап түсіріп жібереміз де, мия жұламыз. Әкеміздің айтуынша «қыста отын болады». Мия қалың екен, ағайынды екеуміз бұл жұмысқа зор ынтамен кірістік. Қыстың отынынан да үлкен бір арман бізді құлшындыра түсті: «жұлып жайған миямыздың кепкенін көтеріп әкеле береміз, әкеле береміз, есік алдына дуалша биіктетіп жия береміз. Ол егін пысқанша биіктеп, көлеңке түсіретін биік дуал болады. Сол көлеңкеге рақаттанып отырып аламыз да, ыстық шайға бөріткен талқан жейміз. Адам аз жегенге тоя ма, көп жеу үшін көп отыру керек. Көлеңке кең болмаса, көп отыра алмайсың. Қарның қазандай болып, икемге келмей қалғанда қисая кетесің. Сонда мия көлеңкесінде соққан салқын самал ыстық қаныңды қалай сипағанын сезіп жатсаң, шіркін! Екеумізді құлшындырған осындай «зор» арман еді. Арман қинап ащы теріңді ағызады, бірақ, сол ащы азапты арманның өзі тәтті сездіреді. Нар көтере алмайтын ауырыңды арман көтереді. «Сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл ғой», арманға бөккен сергелдең - анық сейіл. Шибиген кішкене қолдарымызды мия қанша ашытқанымен, жарылған аяқтарымызды шөгір қанша сойғылағанымен есептеспей, жұла бердік мияны. «Мал келе жатыр, бұзау мен лақты қуыңдар бері!» деп біреу айқайлап тұрғанда да, қураған миямызды арқалап қуанамыз. Арманымыз есімізге түсе қалып, кеш болып бара жатса да қайта кетеміз. «Үй, сендер осынша неден бейнетқор болып кеттіңдер, ара-тұра істесеңдер де болмай ма!» деп шешеміздің жаны ашиды бізге. Бірақ, қылмыскер арманымызды айтпай, жауапсыз жүре береміз.
Бір күні Қуандық ағамыз көшіп келе қалды. Көрмегелі көп жыл болған абысыны - Қайнышты шешем құшақтап алып ұзақ жыласты. Екеуі аман көріскен қуаныштарын айтысса, жылау болмас еді. Қадірлі мекені мен қайран елін, қадірлес аға-бауыр, туыс-туғандарды сағынғандықтарын айтып зарласқанда, еңкілдеп екінің еркектері де жыласып берді, туған жері мен туысқан елінің қадірін бұл жаққа келген соң ғана толық ұққан сияқты. Өздерінің де қаншалық жақын туыс екендіктері енді толық білініпті. Бұрынғы әл-ауқат, тұрмыс айырмашылығы бар кезде де Қайныш шешемнің ең жақсы көретін абысыны еді. Енді мүлде қабысып-жабысып қалысты. Құшақтарымен қатты сағыныштарын білдіріп, қосқан үндерімен шағымдарын айтысты.
Қайныш менің бетімнен сүйіп, бұл жаққа өткен соң туылған жалғыз ұлын көрсетті.
- Ініңді көрші! Міне, дәл саған ұқсайды, аты Зейнолла, - деп оның бетін тосып маған сүйгізді.
Қайныштың жарқын мінезі де, жалынды сөзі де шарайнадай үлкен, дөңгелек көздері де, ат жақтылау, аппақ жүзі де бұрынғы аса келісті шырайын кемітпей сақтапты. Азапты босқын тұрмыспен тоқтамай шетіней беретін бала күйігі қабағына кір түсіре алмапты. Ақ маңдайында әжім ізі әлі жоқ екен. Бұл қуат - өзінің ерімен болған аса тату махаббат қуаты сияқты. Бірі түрмеленгенде, бірі төбе тесіп, құтқарып, енді бірі қамалғанда бірі есік-терезе бұзып құтқара жүріп, Ақтай, Санатпайлардан төртінші кезекте әрең қашып құтылыпты. Ерлі-зайыпты екі адамға ілуде бір тепе-тең бітетін ерлік пен сүйіспеншіліктің үлгісі еді бұл екеуі.
Сөйтіпе біздің жер үйдің батыс жақ қатарына бұл екеуінің киіз күркесі қалқия қалды да, Балпаңның ауылы Ергейтінің жағасына келіп қонғандай шұрқырастық. Қуандық бұл қоржаға күнкөріс, кәсіп іздеп емес, бізді іздеп келіпті: аз күн болса да бізбен бірге отырып, кішкене Зейнолласын көрсетіп, туысқаншылап қайту ниетімен Емілдегі қайын жұрттан келіпті. Жалшылыққа түспей-ақ, білезік-жүзік, киім-кешек сатып, аз уақыт жан сақтарлық қаражат тауып алғандықтарын айтты.
Ерлі-зайыпты екеуі қай-қашанда, қай жерде отырғанда да тізерлесіп, иықтарын бір-біріне тіресе отыратын. Жаңа туған нәрестесін солай отырып кезекпен сүйіп, шетінегенде де солай отырып үнсіз жыласатын. Мына кішкентай күркеде де солай отырып жүрді. Екеуінің де сұлу жүздері күлімсіреп, Зейнолласын тағы да кезекпен сүйіседі екен.
Күрке тігілгеннің үшінші күні түс уақытында бұл екеуі әдеттерінше солай отыр еді. Биғаділ екеуміз шақшырайған тымырсық ыстыққа шыдамай, жер үйге кіріп жата кеттік. Далада шай қайнатып жүрген шешем асыға кіріп, ұйықтап жатқан әкемді оятты:
- Смазы осылай жүгіріп келеді, Жәке. Бір қолында ұзын пышағы, бір қолында күрегі бар, түсі тым суық!... - Соны айтып болғанша даладан қатты айғай шықты. Көзін уқалай салып жүгіріп шыққан әкем шығыс жақ далаға қарай шыбын-шіркей қаша жөнелді. Биғаділ екеуміз де артынан ере қаштық. Әкем күрке жаққа қарай салып қашқан еді, біз қарамай-ақ қаша бердік, әкеміз қорыққан құбыжыққа қарау мүмкін еместей сезіліп қаштық. Әкеміз үріккен түйеше одырайып, артына қарай қалған кезде, біз де тоқтап қарадық. Ұп-ұзын қара сұры Смазының екі қолын қоса, сыртынан қапсыра құшақтап Қуандық ағамыз тұр да, құрықтай мойнын соза бұлқынып Смазы тұр. Серпіліп шыға алмай қалш-қалш етеді ол, құтырған адамдай көзі шақырайып, қызарып, шағын мұрты тік тұрып, асқан жыртқыш аңның бейнесін елестетті. Әйтеуір үлкен пышақ жарқылдап тұрған қолын Қуандық мықтап ұстаған көрінеді. Күркенің бір жақ босағасындағы уық күрт сыныпты. Ұзын сапты бір темір күрек сынған уықтың үстінде жатыр. Қайныш Зейнолласын бауырына басып дірілдеп тұр. Үлкен көзі Смазыға төнулі.
Қайныш пен шешемнің қысқа-қысқа сөзбен қатты жазғыруларына қарағанда: күркенің бір жақ босағасын күйреткен күрек Қайныштың Зейнолланы қорғаған білегіне тиіпті.
Қуандықтың қатты қысуынан Смазы дем ала алмай қалды білем, пышағы жерге түсіп кетті, тыпыр ете алмай серейіп тұр. Пышақ түсісімен ұзын Смазыны баладай көтеріп алған Қуандық жерге төбесін жанша ұрып жіберуге бір икемделді де, ауашарақ апарып, аяғынан тік тұрғыза салды. Екеуінде де үн жоқ. Қуандық оның иығынан ғана келіп, төне қарап тұрды да, Смазы мойнын шөлдеген түйеше созып Қуандықтан қиыс, өзен жаққа қарап тұр.
Бұлардан елу метрдей алыста тыпыр етпей үрке қарап, әкелі-балалы үшеуміз тұрдық, әкеміз қозғалып, Смазыға қарай жүрсе, біз де жүрмек едік. Бірақ, әкем жазықты адамша тұнжыраған бойы үнсіз тұр. Әр жерде өзді-өз үйлерінің алдында қарап тұрған көршілер де үнсіз. Ауа да демін ішіне тартып тұншығып тұр. Аспан «құтырғандай» жалғыз көзін шақшитып төне қарайды бізге, ес-түссіз қаһарымен қуырып барады.
- Ей, Смазы, - деді шешем жер үйінің сыртына таман шығып, - бет көріскенің осы еді, адамша келіп сәлемдестің ау! Күректей тісіңмен жалғыз нәрестесін жарып кете жаздадың! «Жаманның күші жапалаққа жетеді», қаңғыған кедей болса да бұларды да адам деп білсең бұлай етпейтін едің! «Көп - таразы, көңіл - қазы», көпшілік көріп тұр ғой, құдай да көрер бұл жақсылығыңды!
- «Қабаннан пана іздеген қанға малынады», - деп Қайныш жылап жіберді, - бірақ біз сенен пана іздеп келгеніміз жоқ. Мына қарап тұрған ел де саған емес, Смайыл бар деп келген екен, сенің көлеңкеңе ит жатсын.
Қуандық қайырылып келіп, пышақты жерден алды да, Смазының өзіне ұстата қойды:
- Нәрестенің жазығы жоқ, мә, мынауыңмен мені жар! Ағаңа қарындасымды берген мен ғой... Апаныңды үй етіп отырған анау Күмісжан да менің қарындасым, солардың кегі үшін мені жар!
Смазы пышағын қынына салды да үнсіз жүре берді. Адым тастауының ақырындығы қараушыларға ашуынан айырылғандығын байқатты да, қақшиған басын төмен сала кетуі - ұяттың тұқыртуы болып көрінді.
Смазының беті үйіне қарай бұрылған соң әкем де, біз де қайтып келдік,
- Құдайыңның сақтағаны-ай! - деп шешем тергей қарады әкеме, - аман-есен қайттың ба?! Сонша қашатындай не көрінді!
- Тергеуіңе «ынжық, қорқақ» деген сөзді қоса көрме, бәйбіше, қаңғып жүрміз ғой, батырлығым елімде қалған! «Пәледен машайық қашады», оның пышағынан жараланып қалсаң да пәле, қорғанамын деп қол тигізіп алсаң да пәле! Қуандықтың қол тигізбей пышағын өз қолына беріп қайтарғаны қандай жақсы болды! Бұрынғы өжеттігімен бір шапалақ салып жіберер ме екен деп, жүрегім қабынан шығып кете жаздады!
Ашумен аулығып тұрған Қуандық мырс ете түсті.
- «Қараған өз жерінде дүрілдейді», Жәкең өз жерінде болса, Смазыны қасқырша тұмылдырықтап алып, ел аралатып жүрер еді, қазір! Әттегене! Енді құдай басқа салған соң, жуас болуға жетпейді. Осы пәлеге бүгін Жәкең қалады ғой деп қорқып едім, қашқан қашысына сүйсініп тұрдым!
Әкемнің жаңағы тайраңдай жөнелгені көз алдына келген болса керек, назалы келіні де күліп жіберді.
Құрметті «тергеушім», «ұрының арты қуыс», қылмыстының белгісі - қылт еткен көлеңкеден қорқу ғой. «Қағаз жолбарыс» қалтырамай жүрген бе! Әкелі-балалы үшеуміздің дүркірей қашып шығып, қалтырап тұра қалғанымызды осы қоржадағы бар адам көріпті. Үшеуміздің тұрған тұрысымызға күлісіпті. Мұншалық қылмысты халге түсуімізге қарап мүсіркепті де. Өзімізді-өзіміз әшкерелеп тұрыппыз. Бұл қылмысымызды жабуға етегіміз де жоқ еді, әкем жалаң бас, көйлек-дамбалшаң ғана қашып «құтылған» болатын.
VI
Қуандық сол уақиғадан соң мұнда тұра алмай қайта көшіп кетті. Тірі адамша тік тұрып, теңдік тұрғысында байланыс жасауды талап ететін адам қоржа иелеріне, әрине, тікендей көрінеді. Смазының жолымызға өспек болған «тікен» деп қарап, тамырын жаймай тұрғанда жұлып тастау ыңғайында жүргенін біліп көшті. Оңай көшсе де кетерінде оңдырмай айтып көшті.
- «Егер иесіз екен деп Балбикеге қастық ететін болсаң, қашанда қаныңды төкпей қоймаймын!» - деп үйіне кіріп бетпе-бет ескертіп кетті. Балбике содан соң ғана далаға шығатын болды.
Жуас малай - жөндеуге оңай, Құдай берген өлік қазына ғой, Смазы ұрмақшы, жармақшы болған екі ботасын ерте қашқан әкем сол қылығымен оларды сүйіндірген көрінеді. Қоржадан қуғаны сол, Смазы шақырып алып әйелінің ауруын қаратты. Сөйтіп, біздің үйдегі жеті жанның Биғайшадан басқасына түгел жұмыс табылды. Жалақы табылмаса да, жалшылықтың табылуына қуанды. Тым болмағанда осы қоржаның тізімінде бар екендігімізді көрсетеді ғой. Бигелдіден басқамыз кандидат малай болып істей бердік. Тіпті жұмысы ең көп Биғазының да бір сәті түскені болмаса қожайын үйінен тамақтану тоқтамы жоқ. Егінге келген малды «қуа салатын», қарғаны «үркіте» салатын ермек ретінде жай ғана қолғабыс сипатында қалды. Ал, шешем сиырларын сауып бере салады, оның «боғын таптап» бере салады. Сонан соң ыңғай өз үйінің жұмысын істейді. Өз үйіне терген боқты таптайды. Сондықтан, ол ақы мен тамақ талап ете алмайды. Биғаділ екеуміз кезеген лақ-қозы, бұзауларды қайыра саламыз. Көк майсаға «түсіре салып», кешке дейін «қайыра салып» жүреміз де, ыңғай мия жұлып кәсіп қыламыз. Сондықтан, кішкентай бізге де ақы мен тамақ талап ету «ұят» еді.
Рақымы бар, кең мінезді қожайынның желкемізге мінуі де осындай епті болды. Жаңа үйреткен тайларын қалай болса солай қарғып міне сала қамшылап, шошытпай мойнынан, құлағының түбінен сонан соң шоқтығынан, арқасынан қаси келіп, аяғын ақырын ғана артып үстіне қона қоятын әдіс қолданды. Жақындық байланысты пайдаланып қанау әдісі осындай өте сұм болатын. «Пәлен ете сал», «сүйте сал», «бүйте салдың» ауызға жеңіл, қолға ауыр жұмысы таусылмайды. Ал, тамақтандыруға, ақысын өтеуге келгенде көрмеске, білмеске салынып, қақасқа қалдыра береді. Бәріміз соның жұмысын істеп жүргенімізде де үйімізге бір табақ талқан жібертіп беруді білмей-ақ қойды ол. Тамаққа сол жарымаған күйімізде жүре бердік.
«Қайыра сал» әдісін қолданып, құлағымыздың түбін қаси келе шоқтығымызға қона түскенін Биғаділ екеуміз білмей де қалдық: егін пыса мал қаптауы көбейіп кетіп, егіннің ол шеті мен бұл шетіне жүгіріп жүретін Биғазы ада-күде таусылып қайтты бір кеште. Ақсаңдай келіп, қақпа алдында Смайылға сыбырлап тұрды. Үні бітіп қалған екен. Смайыл біздің есіктің алдына әкемнің қасына келіп, Биғаділ екеумізге кезек қарады. Сиыр бағып жүрген шалды Биғазыға қосып бермесе, үлгіре алмағандығын айтып мені нұсқады.
- Орнықты көрінеді, мынаны жуас өгізге мінгізіп сиырға қосайық, қайтар уақытта айдап қайтып тұрсын! - деді, - лақ пен бұзауға Биғаділің бапандай.
- Ондай бапандайлықтары болса барсын, - деп қуанды әкем.
- Биғаділ екеуміз мия көлеңкесі туралы арманымыздың орындалмай қалатынына да қынжылсақ та қыңқ етпей көне кеттік. Ертеңіне таңертең мен сиыршы болып аттандым да, Биғаділ бұзаушы, қозы-лақшы болып қала берді.
Жуан тарғыл өгіздің жалпақ сауырына мені қондыра салған әкем, сиырмен қосып айдап шығарып жіберді. Өгізге мінуім қуаныш болғанымен, қалың шидің арасында қасқыр қорқынышы бар еді. Сиырға қасқыр тиісе алмайтынын айтты да, осы өгізден түсіп қалмасаң болғаны, қорықпа!» деп қала берді. Қасқырдың «тілі» тұрмақ, «ойын» білетін әкеме бас изей салдым.
Жаңа кәсіппен бірге жаңа ой түскендей тарғыл өгіз екеуміз де теңселумен болдық. Өгіз әр түп шиеге асықпай «бойлана» келіп бір тоқтайды. Оның қияқты жұлған жұлысына мен сүйсінемін. Ол күрт-күрт шайнағанда мен тамсанамын да, ол жұтқанда мен жұтынамын. «Мен де осындай шөп жейтін болып туылсамшы, түсе салып мен де жайылар едім-ау!» деп қоямын. «Бұлардікі рақат қой, ауыздары қалай толады, қарындарын қарашы! Осы тоқтығы ғой, үстінде адам отырғанын да сезбейді Бала деп менсінбей ме, иә сезбей ме! Мен тебініп көрдім, ол жүріп кетті. «Тыр... ыр» дедім, тоқтай қалды. «Біледі екен! Тіпті бағынады екен!» Кісі болған деген осы, екі мықынымды тіретіп, масайрай қалдым. «Бұл бір ақылды өгіз екен, еркімен жайыла берсін, тиіспейінші!» деп ләм тіл қатпай отыра бердім, тіпті салмағымды қатты түсірмеуге, құйымшақ сүйегімді арқасына батырмауға тырысып, көтеріле отырдым! «Мен тамақ жегенде үстіме біреу отырып алса жақсы ма» дегендей жаным ашиды. Бірақ лаж жоқ, түссем қайта міне алмаймын, қасқыр жейді, иә, жылан шағады.
Ашық күннің ыстық аңызағы етімді қарып, қанша кептіргенімен алғашқы күндері сергек қайтып жүрдім. Ергейтінің бізден төменгі жағасы шалғынды-қияқты екен. Кейбір кексе сиырдың егін жаққа тұмсығын көтеріп қоятыны болмаса, қашу ниеті жоқ сияқты. Қызыл көзді жуан қоңыр бұқасы болмаса, қабақ шытқан біреуі де жоқ. Менің қаупімді білетіндей өгізім де «мені қорғап» оған жақын апармайды. Әйтпесе, бұқа иттің қабағынан қан жауып жүр, бір ашылмайды, несін алғанымды білмеймін, Смазының бұқасы дейді өзін. «Ит иесіне тартады ғой», сондықтан ол қарағанда мен де қараймын. Бұл жайымызды біліп, өгізім екінші шетке әкетеді мені. «Тегі қасқыр келсе де осылай қорғамақ қой, алтын жүректі айналайыным!» Кіші дәреттен қысылғанда да қабырғасына жібере саласың. Жақтырмағанын білдіріп пыс етеді де қояды. «Қысылып кеттім» дейсің ақырын ғана кешірім сұрап. Ол райын бұзбайды, «біреудің қарғадай баласы ғой, қайтсін енді» деп кешіретін сияқты.
Сөйтіп бір-екі күн мен тарғыл өгізге толық сеніп разы болып қайтып жүрдім де, Балбике мен әке-шешем маған сеніп, разы болып жүрді. Асығым алшысынан түскендей, абыройға ие болып қалдым, Балбике кейде менің бешпетімнің жан қалтасына талқан, кейде тіпті нан да салып жіберетін болды. «Зеріккенде же, ұйықтап қалма!» дейді. «Қарның ашқанда» деп бір де айтпайды.
Мен бар күшімді ұйықтап қалмауға салып жүрдім. Қалғысам - таудай өгізден құлап өлетіндей көремін. Алғашқы күні өгізге мінгеніме қуансам, енді зәрезеп болып әрең мінетін болдым. «Жаяу бағайын дегеніме ешқайсысы көнбеді. Өгіздің үстінде кешке дейін қақшиып отырудан қасқыр да қорқынышсыз сияқты сезілді. Түнде ұйқыдан ояна қалғанда тарғыл өгіздің арқасы есіме түсе қалса, өне бойым сырқырайды. Бұл қайғыны алдымен басым емес, жүрегім емес, құйрығым «ойлайды» да, таң атқан соң тарғыл өгіздің арқасында азап бар екенін бүкіл денеме хабарлап, зар қағады. Сонан соң белімнен бастап бебеулейді.
Бесінші күні түстен кейін әбден қалжырадым. Еңкейіп отыру, сонан соң шалқайып отырып, бел талғанша қайта еңкейіп екі қолға тіреніп отыру, өгіздің қабырғасына тірене, омыртқасына тірену, жеңілдік медет бере алмады. Қалғып кетіп, неше рет ауып түсе жаздадым. Қаншалық уқалағаныммен көзім ашылар емес. «Ұйықтағанда ауып түсіп өлгенше ұйықтамай түсіп алайын!» дедім де, бір дөңге таман қақпалап әкеліп, сырғанап түстім. Онан кейін не істегенімді білмей қалдым.
Көзімді ашып алсам, орнында күн жоқ, сонау батысқа «жетіп», ұясына «кіріп» барады екен. Сиырлары да жоқ! Тыжырынып қалып, қыңқ ете түстім де тұра жөнелдім. Әр дөңеске шығып бір қараймын. Безек қағып қоржаның шығыс жағындағы диірмен тоғанның көпіріне шыға келсем, сиырларды сол көпірден айдап өткізіп, Биғазы қуып барады екен. Қоржаның шетіне ілініпті. «Егінге түспесе Биғазы қуып келер ме!», жан алқым жүгіріп, сиырдың артына жете бергенімде, Балбике шыға келді. Егінге түсіріп алғанымды білген екен, ұрыса жөнелді маған.
Әпкем айтқан «көк түйнектің» қайсысын тізе берейін, әйтеуір оның Бигелдіден басқаңның бәрін боқташақ, боқ қапсырыңдар!» дегені ғана есіме қатты орнапты. Мен тұқырған бойы үйіме қайта бердім. «Боқ қабыл болатындай менің оның үйіне күнде барып ығыр еткен жоқ едім ғой!» Талқанынан бір-екі рет жан қалтама салып берген өзі, қарным ашатынын айтқаным да, талқан сұрағаным да жоқ!» деп булықсам да бүлк етпей, қараңғы бұрышқа барып отырып алдым. Ырғаққа қондырған құсша төрт-бес күн қиналып тапқан абыройымнан әп-сәтте-ақ айырылып қайтқаныма өкіне де қойғаным жоқ, мені жерге тартып бара жатқан «боқ қабы» аталуым болды.
- Сиырын енді бақпаймын! - дедім жалғыз-ақ. Шешем мақұлдай салды:
- Бәріміз малай болғанда бергені белгілі, баққың келмесе бармай-ақ қой! «Жұдырықтай бала қоралы сиырды қайтып бағады» деп мен де талай айтқанмын.
- Өгізден құлап түстің бе, өзің түстің бе? - деп әкем бетіме үңіле қарады.
- Өзім... қиналып кеттім!
- Ие, ендеше жігіт болғаның осы, боқ қабы емессің! Өгіздің үстінде ұйықтап, қапша ауып түссең, сонда боқ қабына сәл ұқсайтын едің...
Мен азаптан енді құтылдым да, Биғаділден жұлынған мия жайын сұрадым. Биғаділ тезек теру, таптама жию тақырыбында сөйлеп кетті. Мия қурап басылған соң көлеңке түсірмей, кішкентай болып қалады екен. Ол таптаманы қалай тізіп, үлкен көлеңке жасау жоспарын жақсы ұқтырды. «Күзде көлеңкесінде отырып талқан жесек, қыста қалаға апарып сатқызып, көки, тоқаш алдырып жейміз, киіз де аламыз, міне, бұл - табылған ақыл!»
Балбике тәтемізге «боқ қабы деген міне!» дегендей-ақ таңертеңінде екеуміз екі жаман қапты арқаға сала шықтық та, қозы-лақтары мен бұзауларын боқ қабымен үркітіп, айдай жөнелдік.
Біз боқ талғамаймыз, адамдікі мен иттікінен басқасының бәрі - құрғағы болсын, жасы болсын - біздің қабымызға түсе береді. Жерден ойылған «қазан қырманымыз» толған соң, су тасып құйып, түсе қаламыз да аяқпен айдап еземіз. Шешеміз тапалай береді. Күннен де ыстық арман күнге күйгеніңді білдіре ме, ұйқыдан басқа уақыттың бәрін осыған арнадық. Шешеміз бізді аяп, таңертең ерте оятпайды да, өзі кетеді. Смайылдың сиырларын қашан сауып, қай уақытта кетіп қалатынын білмейміз де, әйтеуір біз оянып далаға шықсақ, үйіліп қалған боқты көреміз. Шешеміз сонда да, көбінесе, Ергейті суының ар жағынан көрінеді. Оның арманы біздің арманымыздан әлдеқайда зор сияқты.
Борми дән алғанын естіген соң біз шешемізге жете істеуге тырысып көрдік. Ерте оянуға кірістік. Елең-алаңда өзен суын кешпесек те, бері жақтан термек болдық, төменгі түбекте бір бай хұйзудың биебауы бар еді. Сондағы жылқы тезегінен шайға дейін бір-екі рет әкеліп жүрдік. Биғаділ мені оятпай кетіп қалыпты, бір күні. Тұра салып боқ қабымды көтере жеүгірдім... Күн шықпапты, шешем ар жақтан өтіп келеді екен.
- Биғаділ қайда?!
- Мен тұрғанда жоқ еді, әлі келмеген бе?! - деп сұрады.
Мен биебауға қарай тарттым. Шешем қабын бергі жағаға қоя салып, менімен бірге жүгірді. Қауіптене қалған екен. Біз түбектің қабағына келіп қарасақ, Биғаділ көрінбейді. Боқ қабы желі басында жатыр. Аң-таң болып тұрғанымызда, еңіреген бір үн естілгендей болды.
- А...па...ау! - деді бір кезде Биғаділдің үні!
Шешем қосқа қарай жөнелді. Мен де жүгірдім. Қостың босағасындағы қазықта қол-аяғы бірдей таңылып Биғаділ жатыр. Қостағы екі жылқышы ұйқыда, бастарын бүркеп алыпты. Биғаділдің екі қолын артына қайырып байлап, аяғын қазыққа шаншып тастапты. Біз келген соң тулап, зарлай жөнелді. Қос иелері шешем оятқанда бастарын әрең көтерісті.
- Қарақтарым, мына бала не қылмыс өткізді?
Байлаушылар асықпай сөйлеп, қылмысын жариялап болғанша, шешем ұлын шешіп алып, талаурап кеткен қол-аяғын уқалай берді.
Биғаділ бұл қосқа түн ортасы ауа келген екен. Қымыз сабасының аузын шешіп, тегешке құя бергенде биешілер шап беріп ұстай алыпты да, байлап тастапты.
- Басқа нәрселеріңе тиісіп пе? - деп сұрады шешем, -қымыздарыңнан қанша ішіпті?
Қос иелері байлауын қатты байлағанымен басқа қылмыс таға алмай, өздері ұялыңқырап қалды. Биғаділ құйып алған қымызынан да бір ұрттай алмаған екен. Шешем ұрлыққа кірген ұлын кінәлап, ұрыса жетектеп қайтты. Бірақ, былай шыға бере көзінен де жас сорғалап үйге жеткенше жылаумен болды. Бұрын өз үйінің тамағына да рұқсатсыз қол сұқпайтын кішкентай ұлының енді ашыққан соң қорықпай түн ішінде жортуылға аттанып келіп, жат қоста бір шыны қымыз үшін байланып, қол-аяғын жия алмай қалуына қатты налыды.
Биғаділ екеуміз де бірі-бірімізге қарасып қойып, жылай ердік. Оның жіңішкеріп қылдай болған мойны мен бет сүйегі арса-арса арық жүзіне адам баласының жаны ашығандай еді. Жұбына жетіп тұрған сол әлсіз кішкене дене қарулы тоқ қолдарымен тым рақымсыз байланыпты! Аштықтан басқа бір-бірімізге тағар кінәміз жоқ сияқты. Биғаділ менің де арықтаған аш жүзіме жаутақтай қарап, шағынады. «Аштыққа сен сияқты мен неге шыдамадым?» дегендей, басын шайқап қойып жылады. Мен оның танымайтын жерде бас болып байланып жатқандағы «а..па...ау» деп шағынған мұңлы үнін қайта-қайта естігендей болып жылаймын, құлағымнан кетпейді ғой сол үн! (Тергеушім, қазір соған қырық неше жыл өтсе де, сол үн менің құлағыма әлі естіліп тұрады).
Ашаршылықтың тағы да шегімізге жетіп қалғанын Биғаділдің осы ұрлығын естіген Биғазы шешесіне бірдеме айтып мақұлдатып жатыр бір күні.
- Әкеме айтпай тұра тұрайық! - дегенін ғана естідім. Сонан соң Биғаділ екеуміздің қасымызға келіп отыра қалды. - Сендер ұрлық қылмаңдар, таяқ жеп қаласыңдар! Мұнан кейін... Ертеңнен бастап мен тойғызамын сендерді. Ұрлық қылмай-ақ өз еңбегіммен тойғызамын. Борми (жүгері) дәнденді. Көк борми тәтті болады екен?
Биғаділ екеуміз сол күннен бастап боқ қапты қуана көтердік. Бірақ шешеміз бізді ерте тұрып кетуден шектеп қойған. Таңертеңгі шайды ішкен соң ғана шығып, тезекті екінші рет көтеріп келгенімізде, түп үйімізде «той болып» жатқанын көрдік. Қазан толтырып қайнатқан көкбас борми екіден-үштен үлестіріліп жатыр екен, қарық бола қалдық. Ең тәттіні «талқан» деп қана түсініп қалған екеуміздің аузымызға «тәттінің тәттісінің ішіндегі ең тәттісі» енді түскендей болды. «Құдай біледі, жәннатта да бұдан тәтті жеміс бола қоймас!»
Мұның қалай келген жайын сұрауға әкеміздің мұршасы жеп болған соң әрең жетті:
- Жә, бұл қайдан келді? - деді Биғазыға қарап, - өз бормиымыз ба?
- Байдың бормиы пісіп қалды... содан әкелдім.
- Ұрлап әкелдің бе? Көздерінше алдың ба?
- Көздерінше алса бере ме?
- Ұрлап әкелдім деші.
- Жоқ, ұрлық емес!... Ақы тұрмақ маған тамақ та бермейді ғой!... Табан ақы, маңдай терімді осылай қайтармасам бола ма!
- Амал жоқ! - деп мырс-мырс күлді әкем. Ішінен мұны ұрлыққа санамауды құптағаны байқалды.
- Қалай әкелдің?
- Бір қабат қабығын ғана қалдырып, беліме белдікпен оқша тізіп алдым. Бешпетімді жамылып аламын:
- Сөйтіп бұл «кәсіптен» көрінісі ұрлық, мазмұны ақы, - деген қорытынды шыққандай болды. Осылай етіп күніне екі рет тойып жүрдік. Он бір жастағы ағамыз Биғазы тілмар да, қу да болып өсіп қалып еді. Ұсталып қалса да жауабын ұялмай, толық қайтара алатынына әкемізді сендірді.
Бір күні «ұсталып қала жаздадым» деп күліп келді. Түс уақытында қайтып келе жатса Смайыл атпен егіні жаққа кетіп барады екен. Биғазы одан алысырақ өтпек болып қиыстай берсе, Смайыл атының басын солай қарай бұрыпты. Белді сірестіре тізілген боқ емес, жуан-жуан бас борми, қымырласа сықырлап, икемге келтірмей келеді екен. Енді қашқалақтаса сезіліп қалатынын біліп, қарсы жүріпті. Сүйтсе де оқтау жұтқандай кердиіп өте бергенінде: «тоқташы, ей!» деп Смайыл атынан түсуге ыңғайланыпты. Биғазы шеңгелдің арасымен екінші жағына өтіп алыпты. Смайыл артынан қарғып түсіп, жаяу қумақшы болған екен, Биғазы қақшиған бойы ыршып барып, тағы бір топ шеңгелге өтіп алыпты. Смайыл атына қайта міне қуып, ұстай алмаған соң, шеңгелді айнала жүріп тергепті:
- Сен менен сонша неге қашасың?
- Мені «балдыз» деп мыжғылап ойнамақсың! - Смайыл қарқылдап күліпті.
- Құдай біледі, тиіспеймін, тұра тұршы!
- Онда нең бар менде?!
- Беліңдегіңнің немене екенін көрейін!
- Қытықтамақсың ғой! - деп қаша беріпті Биғазы.
- Мен қуларды көп-ақ көріп едім, әй, сенен асқан қу шыға қоймас!
Смайыл күлгенде, Биғазы да күліп тұра қалыпты:
- Мен қу қожайынды да, зорекер қожайынды да көріп жүр едім, күліп тұрып жұмыртқаның түгін қырып жейтін сендей қу қожайынды көрмеппін!
Смайыл сілесі қатқанша күліпті де, атын борбайға бір салып, шауып ала жөнеліпті...
Содан кейін ол Биғазыны көргенде, тінтемін деп тоспай, күлімсіреп қана өте шығатын болыпты. Біз талқан көксемей-ақ көк бормиға мейлімізше тоятын болдық, тоя келе Биғаділ екеуміздің көлеңке жөніндегі үлкен арманымыз аш адамға арман сияқты сезілгенімен, тоқ адамның күлкісін келтіретін, жай ғана балалық алданыш екенін білдік. Сол күлкілі мардымсыз арманның өзі-ақ бізді көп еңбектендіріп, көп жеміс бергенін тау болып үйілген таптама отынынан көрдік.
«Тергеушім», сіздер мені қанша қылмысты десеңіздер де, ұры деп жариялай алмағансыздар. Сүйекке сіңіп, жуғанға кетпейтін ең өткір күйе міне енді табылды. 1933 жылдың жаз аяғынан күз ақырына дейін біздің үй ұрланған көк бормимен күн көрген. Бұл ұрлық өзінің қап-қара шырынымен сүйегімізге кемік, жүрегімізге май бітірген. «Әке-шешесінен бастап, үй ішімен ұры болған» деп жарияласаңыздар, менің бетімнен мәңгілікке кетпейтін күйе осы.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Дайжың - жер иелері жылдықшыларының жылдық ақысы үшін егін беретін жер.