Әмірхан Балқыбек. Бір аңыздың ізімен
Жылнамалардың жұлдызды парақтары
Дала жусаны туралы әңгiме есiңiзде ме? Орыс ақыны Аполлон Майков тамсана жырлаған бiр түп дала жусаны туралы әңгiме. Онда ел бүлiнген аласапыран қым-қуыт заманда ағайын-бауырдан бөлек кетуге мәжбүр болған iнiсi Артықты туған жерiне қайтаруға ниет еткен қыпшақ ханы Сыржанның аузынан мынандай сөздер шығушы едi ғой:
Әнiн сал туған даланың,
Қоймаса оған егiле,
Жусанын бiр түп иiскет,
Тартады ол сонда елiне.
Бас иземеске амалыңыз жоқ, бұл өлең, егер әлем поэзиясынан сағыныш сезiмi жайлы өлең-жырлар антологиясы жасала қалса, оның бiрiншi бетiнде тұруға құқылы жүректi шымырлатар тектi сиректiң қатарынан және Ұлы даланың ұлы перзенттерiне қойылған алғашқы әдеби ескерткiштердiң бiрi болып табылады. Бәлкiм, бiрегейi.
Осы өлеңдi оқып отырғанда дiлi басқа, дiнi бөлек орыс ақынын туған бауырыңдай құшақтай алғың келедi. Неге? Өйткенi, ол сенiң байырғы бабаларыңды, олардың тәкаппар да томырық жандүниесi мен асқақ рухын жатсынбай жырлап отыр. Түркi тектiлiгiн әспеттеуде. Орыс ақынының өзге елдiң ұланын өзiндей көрiп жырлаған мәрттiгiне шексiз риза боласың. Және түркi баласы алғыс айтуға тиiстi орыс перзенттерi жалғыз еместiгi де iштей жан қуантады.
Жылнамалардың жұлдызды парақтары
Дала жусаны туралы әңгiме есiңiзде ме? Орыс ақыны Аполлон Майков тамсана жырлаған бiр түп дала жусаны туралы әңгiме. Онда ел бүлiнген аласапыран қым-қуыт заманда ағайын-бауырдан бөлек кетуге мәжбүр болған iнiсi Артықты туған жерiне қайтаруға ниет еткен қыпшақ ханы Сыржанның аузынан мынандай сөздер шығушы едi ғой:
Әнiн сал туған даланың,
Қоймаса оған егiле,
Жусанын бiр түп иiскет,
Тартады ол сонда елiне.
Бас иземеске амалыңыз жоқ, бұл өлең, егер әлем поэзиясынан сағыныш сезiмi жайлы өлең-жырлар антологиясы жасала қалса, оның бiрiншi бетiнде тұруға құқылы жүректi шымырлатар тектi сиректiң қатарынан және Ұлы даланың ұлы перзенттерiне қойылған алғашқы әдеби ескерткiштердiң бiрi болып табылады. Бәлкiм, бiрегейi.
Осы өлеңдi оқып отырғанда дiлi басқа, дiнi бөлек орыс ақынын туған бауырыңдай құшақтай алғың келедi. Неге? Өйткенi, ол сенiң байырғы бабаларыңды, олардың тәкаппар да томырық жандүниесi мен асқақ рухын жатсынбай жырлап отыр. Түркi тектiлiгiн әспеттеуде. Орыс ақынының өзге елдiң ұланын өзiндей көрiп жырлаған мәрттiгiне шексiз риза боласың. Және түркi баласы алғыс айтуға тиiстi орыс перзенттерi жалғыз еместiгi де iштей жан қуантады.
Иә, солай, Майков бұл өлеңнiң негiзiн аспаннан алған не ойдан шығарған жоқ-ты. Ақын қиялына түрткi болған - ортағасырлық орыс жылнамашысы жазбаларының бiр ғана парағы һәм жұлдызды парағы едi. Онда Сыржанның Артықты елге қайтаруға Ор бәлкiм Орақ есiмдi қобызшы-жыршысын жұмсағаны, Артықтың қобыздың үнiне де, жыршының жырына да жүрегi толқи қоймағаны айтылатын-ды. Тек арнайы алып келген бiр түп дала жусанын иiскеткенде ғана жат жерде жүрген батырдың жанары жасқа толып:
- Бөтен елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан болған артық екен-ау, - деген көрiнедi. Орыс жылнамашысы осыдан кейiн Артық туған елiне қайтты, одан жаяулап жүрiп Суланың арнасын құрғатқан әйгiлi Қонжық хан дүниеге келiп едi деп баяндайды. («Рассказы русских летописей. ХII-ХIV в.в.» Мәскеу, 1973 ж., 47-бет)
Мiне, орыс тарихшылары осы бiр оқиға жазылған парақты арғы-бергi орыс жылнамаларының iшiндегi ең әдемi, ең әсерлi беттерiнiң бiрi деп есептейдi. Тiптi орыс жылнамашысы түртiп қалдырған осы деректi кезiнде Ұлы дала төсiнде жырланған сұрапыл да сұлу сезiмдi толағай поэманың шағын үзiндiсi болар деген жорамалды да алға тартады. Мүмкiн, әбден мүмкiн. Бiрақ бiзге ол поэма жетпедi, жеткенi - орыс жылнамасының жалқы һәм жұлдызды парағы ғана. Беймәлiм орыс жылнамашысына осы деректi өзгенiкi деп өзегiнен керi теппей түртiп алғанына алғыс айта отырып, бұған да шүкiршiлiк дейсiң.
Ал мұндай бiзге рухымызды демдеп, шүкiршiлiк айтқызар жұлдызды парақтар тек орыс емес, өзге елдердiң көнекөз шежiрелерiнде де жетерлiк. Бiз ендiгi әңгiмемiзде солардың бiреуi туралы сыр шертудi жөн көрiп отырмыз.
Поэмалардан жасалған өткел
Жақында түркi тiлдестерден қазiрге Нобель сыйлығын жалғыз өзi ғана иемденiп отырған (2006 жыл) түрiк жазушысы Орхон Памуктiң «Менiң есiмiм Қызыл» атты романымен танысып шығудың сәтi түстi. Оқып шығып, қайсыбiреулер сөз қылып жүргендей емес, Памуктың ең жоғары әдеби сыйлыққа шынымен-ақ лайық қаламгер екендiгiне көзiмiздi жеткiздiк. Осындай жазушысы бар түрiк ағайындарды, өздерi оны бiле ме, бiлмей ме, бақытты екен ғой дестiк. Памук романы ортағасырлық Ыстамбұл суретшiлерi жайлы әңгiмелейдi. Дәлiрек айтқанда, бозбала суретшi мен кiтап безендiруге қатысы бар кiсiнiң бойжеткен қызының басы қайғылы басталып, аяғы әдемi бiтетiн махаббат хикаясы турасында. Қаламгердiң ортағасырлық Шығыс сурет өнерi тарихымен, Гете мойындаған әйгiлi жетi жұлдыздың бiрi Низами Гәнжәуи шығармашылығымен өте жақсы таныс екенi аңғарылады. Және бұл бағыттардағы орасан зор энциклопедиялық бiлiмiн жазушы романның өн-бойында молынан пайдалана бiлген. Әрине, орын-орынымен. Нағыз қаламгерге тән шеберлiкпен.
Бiздi романға өзгеше көрiк берiп тұрған осынша мол мәлiметтiң iшiнен ерекше қызықтырғаны Низами ақынның «Қысырау-Шырын» поэмасына қатысты тұсы, Шырынның бақ iшiнде серуендеп жүргенде Қысыраудың суретiн көрiп ғашық болып қалатын тарауына байланысты әңгiме болатын бөлiмi болды. Рас, мұндай тегi, тұрағы беймәлiм бозбала немесе бойжеткеннiң көркем кескiндемесiн көрiп құлай ғашық болатын кейiпкерлер галереясы Шығыс әдебиетiнде ешқашан жұтаңдық көрген емес, молынан ұшырасады. Тiптi олардың тiкелей болмаса да бiршама жақын тарихи прототиптерi де болған деуге болады. Солардың бiрi Үрiм (Византия) патшасының қызын суретiнен көрiп, көңiлi құлаған, болашақ қалыңдығының өтеуiне Византияға Грузияны тiзе бүктiрiп берген түркi қағаны туралы әңгiме. Осындай қиялға салсақ сенгiсiз оқиғаның кәдуiлгi өмiрде нақты болғандығы жайлы тарихи дерек ортағасырлық жылнамаларда сақталып қалған (Б.Б.Ирмуханов «Хазары и казахы», Алматы, 2003 ж. 89-бет)
Расында да ғажайып оқиға емес пе! Бұл арада Американың атақты жазушысы Эдгар Аллан Поның «Кәдуiлгi өмiрдегi оқиғалардың кейбiрi ғажайыптығы жағынан кейде қиялдан шығарылған сюжеттерден де асып кетiп жатады» деген сөзi ерiксiз жадыңа орала кететiндей.
Әрине, бiз «Қысырау - Шырын» поэмасындағы суретке қатысты тараудың негiзiнде түркi қағаны туралы осы әңгiме жатыр деуден мүлдем аулақпыз. Бiрақ сүйiктi жары Аппақ есiмдi қыпшақ қызы болған Низами ақынның бұл оқиғаны бiлуi ықтимал екендiгiн де жоққа шығарғымыз жоқ. Кiм бiледi, түркi қағанын тәнтi еткен Үрiм патшасы қызының суретi туралы тарихи әңгiме оның өз поэмасындағы осы бiр тұсты шалқар шабытпен әсерлi де сенiмдi жырлауына қосымша қуат берген болуы да әбден мүмкiн ғой.
Осы тұрғыдан, яғни, тарихи негiзiн iздеу жағынан келгенде, бiздi Низами дастанымен бiрге Мұхтар Шаханов ағамыздың «12-3=?» деп аталатын поэмасы да қатты қызықтырады. Рас, бiз бiр қарағанда тақырыбының өзi тосын көрiнетiн (алғаш оқығандағы әсердiң ұмытылмаған жаңғырығы деуге де болады - Ә.Б.) бұл поэманың ақын ағаның өз қиялының жемiсi екендiгiне әсте де шүбәланбаймыз. Бiрақ ақын қиялына қозғау салған әлдебiр бейтарап күштiң болғандығына да еш күмәнiмiз жоқ. Ол себепшi күш өмiрде болған оқиға, немесе көнекөз кiтаптардан оқылған әлдебiр тағылымды әңгiме болуы мүмкiн, әйтәуiр ақын қиялына қандай да болмасын бейтарап жайттың әсерi болғандығы анық.
Сәтi келiп тұрғанда, ақын туындысының мазмұнымен оқырманды қысқаша таныстыра кетсек, поэма «Кемел ақыл қарттық шақта ғана деп, Жастың iсi (негiзiнен) шала деп» бiлетiн ханның өз төңiрегiне тек шау тартқан қарияларды жинап алғаны туралы әңгiмелейдi. Жастар мемлекеттiк iстердiң бәрiнен де шеттетiледi. Биi де, қазысы да, барлық әскербасылары да тек қарттардан жасақталған елде «Жас қауым тәрбиесi лезде ұмытылады». Нәтижесiнде «Жау дабылы естiлсе, қора айналып қашатын жүн бастар бой көрсетедi». «Жастық шаққа жасалған сенiмсiздiк елдi танымастай өзгертiп жiбередi».
Осындай жағдайда ел iшiн жайлаған көңiлсiздiктен құтылу үшiн өз елiнен үш-төрт есе кiшi көршi елге соғыс ашқан хан быт-шыт болып жеңiледi. Ханның өзi тұтқынға түседi. Жеңiмпаз елдiң әкiмi басынан бағы тайып, пұшайман хал кешiп отырған ханға:
- Бiр жұмбағым бар, шеше алсаң азатсың, шеше алмасаң басың өлiмге байланады, ол жұмбағым мынау: он екiден үштi алса не қалады? - деген былай қарағанда қарапайым көрiнетiн сауал тастайды.
Хан қуанып кетiп:
- Тоғыз қалады, - дейдi. Тұспал жұмбаққа тұщынар жауап болуы керек емес пе, әрине, ханның бұл жауабына жеңiмпаз елдiң әкiмi қанағаттанбайды.
Хан өлiмге кесiлейiн деп тұрғанда арашаға онымен бiрге тұтқынға алынған жас жiгiттердiң бiрi түседi. Қарсы жақ оған жұмбақты шешуге рұқсат бередi. Сондағы жас жiгiттiң айтқаны поэмада мынандай жолдармен өрiледi:
- Иә, иә, балаусаға тас атқан жан оңбайды, -
Дедi жiгiт, - жұмбағыңыз күрделi-ақ,
Әйтсе де, оны жұмбақ деуге болмайды.
Заңдылық - ол. Заңды бiлмеу - зор қайғы.
Егер, егер он екiден үштi алсақ,
Ештеңе де қалмайды.
Айлар - жылдың ұланы,
Бiздiң әрбiр жылымыз
Он екi айдан тұрады.
Он екi айда үш ай көктем бар екенi белгiлi.
Көктем деген табиғаттың таңғажайып ерлiгi.
Ол ерлiктiң даңқын ешкiм қаға алмайды шеткерi,
Ал жастық шақ - адамзаттың көктемi.
Мiне, осы көктем нәрлi болмаса,
Әр тiршiлiк өз қорегiн қажетiнше алмаса,
Айырылмай ма бар мағына - көрiктен?
................................................................
Бұған қарсы табу қиын күш, айла,
Қараңызшы, тоғыз айдың тағдыры
Байлаулы тұр үш айға.
Оған тiптi жүрмек емес басқа заң.
Мұны және жұмбақ санау зор қайғы.
Сондықтан да он екiден ешқашан
Үштi алуға болмайды.
Алған адам мына бiздiң ханымыздай сорлайды!
Жiгiт жеңiмпаз жақ қойған жұмбақты осылай шешедi. Шағын елдiң дана әмiршiсi он екiден үштi алғанда не қалады дегенде, өмiрден жастық шақты шегерiп тастаса, хал не болмақ дегендi меңзеген болып шығады. Иә, жастық шақ мазмұнды, мәндi болмаса, өмiрдiң ендiгi қалған бөлiктерiнiң де ешқандай мағынасы болмақ емес. Пәлсафалық терең астарлы ойға құрылған ақын поэмасының оқырманға айтпақ тағылым түйiнi осындай.
Ал ендi ақын осы бiр пошымы бөлек, айтар ойы сүйектi шығармаға қалай келдi деген сауалға қайта оралайық. Әрине, бұл сауалға жауап беру үшiн бiздiң ақын қиялына қозғау болған жайтты анықтауымыз керек. Қазiрге жұмбақ ол жайтты немесе жайттар шоғырын анықтауға бiзге ақын поэмасы өткел бола ала ма, мiне, ендiгi мәселе осында. Поэманы тудыру барысында ақын санасында жүрiп өткен шығармашылық қиял қозғалысының бағыттарын дөп басып тану әрине, еш мүмкiн емес нәрсе, дегенмен бiздiң талпынып көргiмiз келедi.
Жеңiмпаз фильм жайында
1983 жылы өткен Канн кинофестивалiнде жапон режиссерi Сэхэй Имамураның «Нараяма туралы аңыз» атты драмалық фильмi топ жарып, Гран-Придi жеңiп алды. Кинотуынды жазушы Ситиро Фукадзаваның 1956 жылы жазылған фильммен аттас әңгiмесiнiң желiсi бойынша түсiрiлген-дi. Бұл әңгiмемен оқырманның «Современная японская новелла. 1945-1978» жинағынан (Мәскеу, «Художественная литература», 1980 ж., 159-189-беттер) толығымен танысуына мүмкiндiгi бар. Әйтсе де жапон әңгiмесiнен ненi тұжырымдап айтпақ екендiгiмiз түсiнiктi болуы үшiн бiзге әңгiменiң мазмұнын қысқаша болса да баяндай кеткенiмiз жөн секiлдi.
Жазушы шығармасы қыс түсiп, жолдарды қар басса сыртқы дүниемен байланысы күрт үзiлiп қалатын тау қойнауындағы шағын ауыл және ондағы ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қатал да қатыгез дәстүр туралы. Бұл дәстүр бойынша ауыл тұрғындары өздерiнiң қарттық жеңiп, қалжыраған қариялары мен кейуаналарын құз-шыңдарын мәңгiлiк қар жапқан Нараяма тауына апарып тастап отырады. Мiне, осы соңғы сапарға аттануға О-Рин кемпiрге де көп уақыт қалмаған. Бiрақ ол әйелi өлiп, соңғы кездерi халi мүшкiлденiп жүрген жалғыз ұлын, әлi аяқтанып үлгермеген немерелерiн ойлап қамығулы. Баласына көршi ауылдағы жақында ғана жесiр қалған келiншектi алып берiсiмен-ақ өз еркiмен бабалары кеткен сүрлеуге түсуге ынтық екенiн көршi-қолаң мен олардың сөзiне ерiп, әжесiн мазақтап ойнағысы келетiн шәлкес немересiне түсiндiре алмай және әлек. Оның үстiне кескiн-келбетi де қасиеттi соңғы сапарға шығуға лайықты кейуананың жүзiне бiр ұқсамай-ақ қойғаны. Жасы алпыс тоғызға келсе де тiстерi де әлi күнге сап-сау. Соларды оңашада шақпақ таспен соққылып, өзiнен-өзi әуре болып аузын қанатып жүргенi. Япыр-ау, қырсыққанда тiсi жоқ кемпiрге ұқсау да арман болды-ау...
Мiне, осы О-Рин кемпiрдi жоқшылық жан-жағынан қаумалаған түкпiрдегi торығыңқы ауылдан күндердiң-күнiнде баласы Тосухэй Нараяма тауына апаратын жолға арқалап алып шығады. Қысқасы, жазушының қаламынан шыққан туындыны ана мен баланың арасындағы қимастық сезiм және қатыгез дәстүр жайындағы аянышты әңгiме деуге болады.
Жапон әдебиетшi ғалымдары Фукадзава әңгiмесi өзiнiң бастауын көнекөз «Ямато - моногатари» (Х ғасыр) жинағынан алатындығын бiр ауыздан мойындайды. Себебi бұл жинақта «Нараяма туралы аңыз» әңгiмесiмен төркiндес «Обасутэ тауы» атты шағын хикая бар («Ямато - моногатари», 156 үзiк)
Тек Фукадзава емес, жапонның тағы бiр керемет жазушысы Ясуси Иноуэнiң «Обасутэяма - кемпiрлер қалдырылатын тау» атты әңгiмесi де (Ясуси Иноуэ, «Сны о России», Мәскеу, 1987 ж., 358-372-беттер) «Ямато - моногатаридегi» осы жоғарыдағы аңызбен тiкелей өзектес.
Ал «Ямато - моногатаридегi» және одан дамытылып шыққан халық аңызының («Легенды и сказки древней Японии», Екатеринбург, 2005 ж., 82-бет) мазмұны қандай едi? Бұл жерде оларды қайталап жатудың түкте қажетi жоқ сияқты. Есiмiзге өзiмiзге бала күннен таныс түркiлiк аңызды түсiрсек те жеткiлiктi болатындай. Иә, сол, ақылынан алжасқан қатыгез ханның олардан ендiгi жерде еш қайыр жоқ, ақсақал бiткеннiң барлығы өлтiрiлуге тиiс деген жарлығына мойынсұнбай, өз әкесiн аман сақтап қалған, кейiн көптi көрген сол әкесiнiң кеңесi арқылы қу мекиен тақыр далада су таппай қиналған ханның қалың қолын тығырықтан аман алып шығатын жiгiт туралы аңызды. Бұл су астына көлеңкесi түсiп жатқан асыл тасты тағы да сол әкесiнiң ақылы бойынша өзен жағасындағы бәйтеректiң бұтағына салынған ұядан iздеп тауып, ханды таң-тамаша қылатын, ақырында ханның жарлығы қателiк екендiгiн мойындататын жiгiт жайлы аңыз. Ясуси Иноуэ «Обасутэяма тауы туралы аңыз» буддизммен бiрге Үндiстаннан келген болса керек деген болжам жасайды. Мүмкiн. Бiрақ ол аңыздың жапон аралдарына аяқ баспай тұрып, алдымен қазақ даласында аялдағаны да әбден шындық. Әйтпесе, бiз «Ямато - моногатаридегi» әңгiменiң онымен егiз қозыдай ұқсас түркiлiк нұсқасына куә болмас едiк қой.
Жапон қиялы түркi даласында тыныстап, толысқан аңыз әңгiмеден әлемдi мойындатқан фильм жасап шығарды. Түп-төркiнi алдымен түркiге телiнуге тиiс әңгiме бiлдей екi жапон жазушысының көркем туындысына арқау болды. Әрине, бұл көне кiтаптағы жалғыз беттiк хикая үшiн аз абырой емес. Мiне, бiз жоғарыдағы Шаханов поэмасын жапондарда шырқау шыңына көтерiлiп, әлемдiк дүниеге айналған осы аңыздың қарама-қарсы бағытта қозғалып, пәлсафалық һәм көркемдiк шешiмiн тапқан нұсқасы деп бiлемiз. Және қазiрге әлемде жоқ үздiк нұсқасы деп танимыз. Өйткенi қарттық - адам ақыл-ойы пiсiп жетiлетiн күз маусымымен үндесетiн болса, онда жастық шақ сол жемiстi күздiң негiзi қаланатын адам өмiрiнiң көктемi емес пе! Бiздiңше, бағзыдан жеткен түркi аңызы мен Шаханов поэмасын бiр кесек шығарманың өзара мазмұндас қос өрiмi iспеттi ширата отырып, көрерменге айтары жапонның «Нараяма туралы аңыз» фильмiнен де салмақты жаңа туынды ұсынуға әбден болатын сияқты.
Сөз соңы
Бiз бұл арада жапон фильмiн бекер тiлге тиек етiп отырған жоқпыз. Өйткенi оның негiзiнде алдымен бiздiң бабаларымыздың қиялына қозғау салып, рухани әлемiне шым-шымдап сiңген тағылымы мол бағзы заман аңызының сұлбасы жатыр. Егер Памук романы Низами Гәнжәуидiң «Қысырау-Шырын» поэмасындағы суретке қатысты тараудан қуат алып серпiлсе, қазақ ақыны Шахановтың бiз сөз еткен поэмасы осы көнекөз түркi аңызымен үндес болып табылады. Рас, қайсыбiр оқырманның көнекөз аңыз қарттыққа тән даналықты ұлықтаса, ақын поэмасы жалынды жастықты жырламай ма, екеуiнiң бiр арнадан бастау алуы еш ойға сыймайды деуi мүмкiн. Бiздiңше, мұндай сауал тiптi творчество иесiнiң өзi де түсiне бермейтiн ғажайыбы, қалтарыс-бұлтарысы мол шығармашылық процестi, оның сыр-жұмбағын түсiнбеушiлiктен ғана туындамақ. Әйтпесе, қарттықтың бағасын бiлген халықтың және оның өкiлi, шын мәнiндегi рухани үнi болып табылатын ақынның жастық шақ туралы да тығылымды әңгiме тудыруға талпынбауы тiптен мүмкiн емес. Мiне, осы бақыт, жастық шақ туралы толымды да тартымды шығарма тудыру мәртебесi ақын Шахановтың талайына бұйырып отыр. Және ол шығарма байырғы бабалар аңызын еске түсiредi, онымен жатырлас туынды болып табылады. Өткенiне әрдайым үңiле қарайтын, «Нараяма туралы аңыз» фильмiн түсiрген, бұл тақырыпқа екi бiрдей жазушысы қалам тербеген жапондардың Шаханов поэзиясына құмарта қараушылығының сыры да, бәлкiм, осында, ақынның бабалар мұрасын дамыта бiлу қасиетiнде жатқан болар.
Әңгiмемiздiң әлқиссасына оралсақ, орыс жылнамашысы сүйсiне отырып парақ бетiне түсiрген, тағы бiр орыс ақыны Аполлон Майков тебiрене өлеңге айналдырған жәдiгер еврей жазушысы Морис Симашко шығармашылығының ең биiк белестерiнiң бiрiне айналды. Басты рөлде қайталанбас дара талант иесi Нұрмұхан Жантөрин ойнайтын «Бейбарыс» фильмi осы қаламгердiң «Жусан» атты хикаясының желiсi бойынша түсiрiлген. Егер ғасырлар қойнауында қалған асылдарымызды осылайша өзгелерге үлестiрiп бере берсек, жазушы Қойшығара Салғарин Қытай мұрағатында сақтаулы көнекөз шежiреден өз көзiмен көргенiн егiле отырып жазған Мүде тәңiрқұты туралы ғажайып әңгiмелер де өзгелердiң қанжығасында кетуi ықтимал. Қытай киногерлерi ертең «Шыңғысханнан кейiн ұлы рух иесi Мүде туралы фильм түсiруге кiрiсiп жатырмыз» деп жарияласа еш таңдануға болмайды.
Мiне, бiр аңыздың iзiмен жасаған сапарымыз бiздi жан қынжылтар осындай әңгiме айтуға мәжбүрлеп отыр. Сенiң бабаларың қалдырған мол рухани мұраның қадiрiне өзгелердiң жетiп жатқаны ғана көңiлге сәл де болса жұбаныш болатын секiлдi.
(Жалғасы бар)
"Абай-ақпарат"