Жұма, 22 Қараша 2024
Тұлға 5527 5 пікір 26 Қаңтар, 2021 сағат 13:54

Мәшһүр Жүсіп музейі қалай ашылды?

Қадірлі, Сәрсенбі аға, Сіздің Бабамыз Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін сонау коммунистік қоғамның қылышынан қан тамып тұрған кезінде алғашқы екі томдық шығармаларын сосын «Қазақ шежіресі» кітапшасын алғаш жарыққа шығарғаныңызды біз еш ұмытпақ емеспіз.

Әлі есімде, сонау 80-ші жылдары Ахметов Нағи атамен біздің Баянауыл еліне келіп, әкем Төлеубайдан, басқа да Мәшһүр Бабамызды көрген ескі көз қариялардан еңбектерін жинастырып баспаға әзірлеп жүргеніңіздің куәсі боп едік. 

Қазіргі кезде біздің қазақ еліміз егемендігін алғаннан кейін Бабамыз Мәшһүр Жүсіп еңбектерін зерттеп жарыққа шығарушылар қатары көбеюде.

Бірақ та Сіздің есіміңіз олардың арасында еңбегіңіз ұшан-теңіз болса да көп атала бермейді.

Сол себепті Мәшһүр Бабамыздың еңбектерін кітап етіп шығарып оқырман қауымға ең алғаш таныстырған Сіздің еңбегіңізді сосын Бабамыздың музейін ең бірінші өз қаражатына ашқызған Нағи Ахметов атайға Мәшһүр ұрпақтары атынан разылығымды білдіре отыра жуырда шыққан «Ақиқат» кітабымнан сіздердің еңбектеріңіздің біразынан  тарихи фактілермен үзінділер беруді жөн көрдім.

Құрметпен Мәшһүр Жүсіптің шөбересі Абай Төлеубайұлы. 


Халықтың маржан сөзін қадірлеген

1984 жылдың бір жексенбісі болатын, таңертең есік қағылды. Егделеу бір қария өзін: «Ұлы Отан соғысының ардагерімін, атым Нағи, фамилиям Ахметов, Баянауылданмын, Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының жерлесімін», – деп таныстырды. Сəл ентігін басқан соң, жақында Павлодарға жүретінін, «мүмкіндігің болса сен де жүр» деген сөзді құлаққағыс етті.

Арада біраз күн өткен соң, Нахаң екеуміз Павлодарға жүріп кеттік. Бұл кісіні өз ел-жұрты жақсы біледі екен, əсіресе, Баянауыл қатты сыйлап тік тұрып қарсы алды.

Алдымен Бұқар жыраудың, одан Жаяу Мұсаның, Сұлтанмахмұттың, əйтеуір өзіміз білетін ұлылардың бəрінің басына барып, білген аятымызды оқыдық. Ол кезде Мəшекеңнің жатқан мүрдесі Баянауылдың «Жаңа жол» атты совхозында, сонда музейі де бар екен. Не керек, бəрін көріп шықтық.

Сапарымыз ойдағыдай болды, «Егіндібұлақ» совхозында Сақыпжамал атты əженің көзінің қарашығындай сақтап жүрген сандығы бар екен, соның ішінде Мəшһүр Жүсіптің қолжазбасы тіпті мол болып шықты. Əсіресе, «Кемпірбай мен Əсеттің қоштасуы», тағы басқа да асыл дүниелер жетерлік еді...

Нағаң екеумізге аса қажет Мəшһүр Жүсіптің «Тарақтыда тары бар, дүниенің бəрі бар» атты қолжазбасы табылмады, біледі-ау дегендердің бəріне бардық, ешқайсысы білмеді, «көрген едік», «естіп едік» дегеннен басқа жауап болмады. Сол тұстағы Мəшһүр Жүсіп музейінің меңгерушісі: «қолжазба менде бар, бірақ ешкімге бермеймін» деп үзілді-кесілді жауап берді.

Нағаң қатты буырқанып тұр, бірақ сыр берген жоқ, Алматыға аттанып кеттік, «қоржынымыз» тоқ, көңіліміз көтеріңкі келді, өйткені қыруар материал алып қайттық. Ол дүниенің көбін Мəшекеңнің немересі Төлеубайдан алдық.

Ақыры іздеген қолжазбамызды ақынның шөбересі профессор Қуандық Мəшһүр Жүсіпов тауып берді, осы қолжазбаны «Жалын» баспасының директоры Бексұлтан Нұржекеұлының тапсыруымен Мақсұт Шафиғи екеуміз ұзақ уақыт отырып, арабтың қадым жазуынан кириллицаға түсірдік.

Бұл қолжазбада халқымыздың асыл сөздері, дұғалар, ислам дінінің қағидалары мол қамтылған. «Кітаптың» осылай «Тарақтыда тары бар, дүниенің бəрі бар» деп аталуының жөні бар екен. Бұл дүниеде адамзат баласының қажетіне жарайтын ұсақ заттан (ырым-жырымнан) бастап, ірі дүниенің бəрі қамтылған. Құрбан айт, Ораза айттың қадір-қасиеті, пайғамбарлардың ұстанған жолы, намаз, оразаның өзіндік ерекшелігі, бəрі-бəрі жан-жақты талданып айтылып, адам баласы үшін ең керекті асыл «бұйым» – ғылым дегенді баса айтады.

Осы аталған қолжазбада қазақ жұрты өз білімімен «қалжа» деп бір қой сояды, бесікке салдырып бір қой сояды. Білімі жетпегеннен осы екі қой далаға кетіп жатыр... Егер білім жетсе, осы екі сойылған қойды «Алла жолына» деп атап, кітап айтқан шарт-шариғаттарын орнына келтірсе, қылған еңбек далаға кетпей, сол баланың аман-саламат болуына себеп болады. Пенде қылған ісін шын ықыласпен орнына келтіріп қылса, тіпті далаға кетпейді».

Жоғарыда аталған еңбекте нақыл сөздер де жеткілікті:

«Тірліктің бұл күні жалықтырғыш,
Ертеңі қалай болары белгісіз,
Өткені өкініш!
Ғылымсыз бірлік болмас,
Қашып жатып ғылым болмас.
Үйде өскен бұзау өгіз болмас,
Қимылдаған қыр асар.
Арзан ба, ғалат болмайды,
Қымбат па, хикмет болмайды.
Ғақылсыз бас-аяқтың алаңы!
Бітісі жаман қамысты,
Су ішінде өрт алар,
Жетесі жаман жігітті,
Ажалдан бұрын дерт алар.
Есек тұсаусыз болмайды,
Ер дұшпансыз болмайды».

Үй берекесі – дастарқан жайлы да осы қолжазбада əжептəуір айтылған: «Берген үйде береке бар, «берекем» деген періштенің аты.

Бермеген үйде біте бар, «біте» деген шайтанның аты. Бермеген үйдің асын «біте» шайтан жейді.

Адам баласының ынтымағы туралы, береке-бірлігі жайлы да жан-жақты айтылған: «Ораздының баласы өз үйінде өзі құл, шиырлының баласы өз үйінде өзі сый».

Құлболды бабамыз айтқан екен: «Менің құтым қалың ортамда қалады. Шетке шыққан үрім-бұтағым онша мықты болмаса керек. Əншейін менің атымды сатып тамақ асырап, ас алып ішерлік болса керек, бақ та болса, құт та болса өз ортасында нық тұрғанына қонса керек», – деген екен.

Жүріп келе жатып шаршаған отырса тынығады, отырып шаршағаннан құдай сақтасын деген екен».

Халық ішіндегі кесім – құн жайлы да айтылыпты: «қара құн 100 жылқы, он екі жақсы; сүйек құн 50 жылқы, алты жақсы; өнер құны – тоқал, құн болады да тоғыз жақсы; жақсы дегеннің басы жетім, қалы кілем, қара нар, мылтық, сондаймен тоғыз болады.

Ұрғашының құны – еркектің бір көзінің құны; елу жылқы, алты жақсы».

Ұрпақ, бала туралы да осы қолжазбада қызық пікірлер айтылыпты:

Маңдайымда шырағым,
Көзімді қайтіп тесейін.
Қолыма біткен саусағым,
Қолымды қайтып кесейін.
Есік алды нар қамыс,
Білте қойса от жанар.
Атаның жаман ұлын,
Түйе үстінде ит қабар.

Аққу азса қанатын суға бұлар,
Құлан азса тұяғын құмға бұлар,
Ұлық азса сұмдығы жұртқа тиер,
Артынан көп кешікпей жұртты бұлар.
Қаршыға қыран болса, айдын көлден үйрек ілер,
Бозбаладан би қойса жұртты бұлар.
Ортадағы ауыл кең болмай, шеткі ауыл ел болмайды.

Мəшекеңнің осы аталған еңбегінде ел-жұрттың аузындағы бағалы сөздер, мақал-мəтел молынан берілген. Бұл аса баға жеткісіз қымбат дүние, өйткені ғасырлар бойы халқымыздың жадында сақталып, өлмей, өшпей бірден-бірге жеткен асыл жауһарымыз.

Атақты фольклоршының дəл осы секілді отызға тарта қолжазбасы архивтер мен кітапханаларда сақтаулы. Кезінде бұл ғажайып дүниелердің қадір-құнын Мұхтар Əуезов, Ғабит Мүсірепов, Əбділда Тəжібаев, Дихан Əбілов, Ысқақ Дүйсенбаев, Бейсенбай Кенжебаев, Серік Қирабаевтар жоғары бағалаған, ал Сəбит Мұқанов: XVIII ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталғаны – Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам – Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы. Бұқардың жырларын жазып алған Мəшһүр Жүсіп: «Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана», – дейді. «Мес» жинағына қарасаң көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады. Сиясы əсем көшірілген қолжазба Мəшһүр махаббатына лық толы. Ол көне қолжазбаның əрбір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан», – деп Сəбең өте орынды баға берген.

Біздің бұл айтқанымыз ақынның жинаушылық қызметі ғана, ал оның өз творчествосы аса күрделі. Атақты Мəшекеңнің көзі тірісінде Қазан қаласынан бір жылда, 1907 жылы үш бірдей кітабы жарық көрген, олар: «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі».

Ақынның бұдан басқа да «Мұхаммедтің (Ғ.С.) Миғражға шыққаны», «Шайтанның саудасы», «Гүлшат-Шеризат», «Жарты нан хикаясы», «Бес парыз», «Ағайын», тағы да бірнеше поэма-дастандары бар. Бұл туындылардың жас ұрпақты адамгершілікке, кішілікке, кісілікке тəрбиелеуде қызметі орасан.

Мəшһүр Жүсіп 1858 жылы өзінің айтуынша (қазақша қой жылы, арабша ережеп айында, жұма күні, бесін кезінде) Қызылтауда, Найзатас деген жерде дүниеге келеді. Нəресте туған соң ата-баба салтымен азан шақырып, атын Жүсіп болсын деп қояды. Бұл жөнінде ақын кейіннен «Өмірбаян» атты өлеңінде:

Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен Мəшһүр десіп.
Қолыма қағаз, қалам алған шақта,
Кетемін қара сөзге желдей есіп, – деп баяндаған. Ал оның Мəшһүр Жүсіп дейтін атқа ие болуы жайында да қызық мəлімет бар. Ақын жоғарыда аталған жырында тағы да былай дейді:

Бес жаста «бісміллə» айтып жаздым хатты,
Бұл дүние жастай маған тиді қатты.
Сегізден тоғызға аяқ басқан күнде
Мұса еді қосақтаған «Мəшһүр» атты.

Сөйтіп, ол өзі айтқанындай, тоғызға енді толған шағында қалың топтың алдында бірде-бір мүдірместен мақамына келтіре отырып, «Төрт жігіттің өлеңі», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпос дастандарын жатқа толғайды. Жиылған қауым дəн риза болып, «Баланың аты – Мəшһүр болсын, тіл-көзден аулақ болуы үшін басына үкі тағып қойыңдар», – дейді.

Ақын бар-жоғы сегіз-ақ жасында қауымды тамсандырып, «Мəшһүр» деген өте құрметті атқа ие болса, қалған ғұмырын халқы үшін еңбек етумен өткізген. Ол ел тарихын, шежіресін, жұрт аузындағы маржан сөзін меруерттей тізіп, хаттап, оны «қара меске» салып сары майдай сақтаған. Осындай қыруар еңбегінің арқасында ауыз əдебиеті мен өзінің жеке творчествосының қолжазбасы тұтас жеткен жалғыз ақын – ол Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы екенін айта аламыз.

Халқымыз «əке – балаға сыншы» деген емес пе, ақынның үш ұлы болған, олар туралы айта келіп: «Бір ұлым бар өзімнен өте туған (Əмен), бір ұлым бар өзіме жете туған (Шарапи), бір ұлым бар көтінен кейін кете туған (Фазыл)» деп əзіл-қалжыңын араластыра айтады екен.

Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы – көп қырлы талант. Ол ең əуелі ел мұңын толғап-жырлаған ақын, этнограф, ауыз əдебиетін мол жинаған фольклоршы, шежіреші, тарихшы ғұлама. Оның қай қырын сөз етсеңіз де тауысып айту, тұтас қамту мүмкін емес. Осындай қадірлі де қасиетті ісінің арқасында көзінің тірісінде-ақ ел-жұрты терең түсініп, құрметтеген ақын өзінің бір өлеңінде:

Көп алдым, атасы өлсе, атамасын,
Көз қиып қалың малға матамасын.
Атымды «Мəшһүр» деген үш жүз білді,
Дүниеде мұнан артық не табасың, – десе, күллі халқы сыйлаған сол Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының да туғанына жүз қырық жыл толыпты, уақыт өткен сайын оның жазған мол дүниесі мен жинаған қыруар ауыз əдебиеті үлгілерінің құны, бағасы еселеп арта берері сөзсіз, олай болса, ақын тұлғасы да жыл санап асқақтай берері ақиқат.

Сəрсенбі Дәуітұлы

«Егемен Қазақстан», «29» шілде, 1998 жыл

Батыр аға

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, қазақстандық 8-ші Панфилов гвардиялық дивизиясының жауынгері, барлаушы офицер Нағи Ахметов – келешек ұрпақ алдында салиқалы өнеге көрсетіп кеткен аңыз адам. Ағамыз соғыстағы ерліктері үшін ең жоғарғы марапат «Ленин» жəне бірінші дəрежелі «Ұлы Отан Соғысы» ордендерімен марапатталды. Майданнан жаралы аяғын сүйрете оралып, мүгедектігіне қарамай көп жыл сауда министрлігінде қызмет істеді. Нақаң ерекше тұлға еді. Ол жылдам, тез шешім қабылдайтын, көңілге қарамай бетке айтатын, шешен, алғырлығы бар адам еді. Əкесі 25 жыл ауылнай болып, жақсы-жайсаңның сөзін естіп өскен ол кісі тегін жан емес-ті. Елге жыл сайын келіп, өзі білетін ақсақалдарға сəлем беріп қайтатын. Көбінде айтатыны Мəшһүр бабамыз жайлы. Ол кісінің еңбектерінің баспа бетін көрмей жатып қалғанын. Қызба мінезді, турашыл Нақаң боқтап-боқтап шерін тарқатушы еді. Біз үнсіз мойындап, қолдан келер шама жоқ қосыла мұңаюшы едік. Елдің жай-күйін, тыныс-тіршілігін жіті бақылап отыратын. Баяндағы Сəйпи молданың білімі тереңдігіне сүйсініп отырушы еді.

Қылышынан қан тамып тұрған қызыл кезеңде, жабулы жатқан Мəшһүр Жүсіп атамыздың шығармаларының жарық көруіне, тереңірек зерттеле түсуіне де мұрындық болып, көптеген мекемелерге айлап, жылдап барып табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры С.  Дəуітовтің  құрастыруымен  Мəшекеңнің  алғашқы  кеңестік дəуірдегі еңбегінің шығуына көп күш жұмсады. Əңгімесін айтушы еді: «Мемлекеттік баспасөз комитетінің төрағасына төрт рет бардым. Соңғы барғанымда: «Əй, інішек, мен саған міне 4 рет келіп отырмын. Алдап-сулап шығарып салам деп жүрсің бе, хватит, алдыңнан өттім. Мəшһүр – қазақ жазба əдебиетінің негізін салушылардың бірі емес, бірегейі. Бір жұқа кітап болсын еңбектерін шығаруға міндеттіміз, Құдай да, үкімет те риза шығар. Енді тыңда, біріншіден жасы үлкен қазақтың ақсақалымын, мен анау-мынау шал емеспін, кешегі Москваны қорғаған Панфиловтың жауынгер-офицерімін. Ертең Бауыржанға барам да: «Əулие, ақын, шежіреші Мəшһүр Жүсіптің шығармалары академия архивінде көп жыл болды шаң басып жатыр. Шығармасы түгіл бейітін қиратып тастады. Бауке, Мəшекеңнің шығармаларын Өзбекстан Ғылым Академиясына апарайық, біздің малғұндардай емес Рашидов түсінер, шығартып береді», – деп айтам. Төрт рет келгенде жөнді, нақты жауабыңды естімедім. Енді келмеймін, Академиядағы шаң басып жатқан атамның қолжазбаларын Өзбек Академиясына тапсырып, бастыртып шығартам. Саған тапсырғаным жөнінде қолхат əкеп беремін. Сендер орыстың шені мен шекпенінің құлысыңдар ғой. Сосын көрем əуселелеріңді. «Масқара боласыңдар», – дедім. Төраға қалбалақтап сол жерде тапсырма беріп, шешім қабылдады. Кітап жоспарға енгізіліп, екі томдық шықты».

Сол кездердегі замана ызғарымен ұмыт бола бастаған айшықты тұлғаларымыздың жатқан жерлерін іздеп тауып, ешкімнен қорықпай-ақ солардың басына белгі орнатты. Осының бəрін пенсиясынан жырымдап, сонау Алматыдан əкеліп, ас бергізу 70-тен асқан мүгедек қарияның тірлігі еді. Мəшһүр Жүсіпке, Бұқар жырауға, Жасыбай батырға, Үкібай биге, Əбжəлəп əулиеге, тағы басқа елдің бетке шығар қаймақтарына өз пенсиясына тот баспайтын металдан белгі тақталар қойдырып орнатты. Батыр ағам: – Əдиша жеңгең барлық ақшаны болымсыз істерге текке кетіріп жүрсің, пенсияңнын бəрін темірге жұмсадың деп ренжігенде, аруақтар риза болса болды, менің парызым ғой дейтінмін. Содан бір күні Алматы облысының Кербұлақ ауданынан бір танысым звондап, өзің сауда министрлігінде істедің ғой, шопан інім ақшасы бар, соған машина алуға көмектес деп өтінді. Өзім ҰОС мүгедегімін, Ленин орденінің кавалерімін. Республикалық тұтынушылар одағының басшысына кіріп өтініш айттым. Екі күннен кейін машинаны алып кетіңіз деп телефон соқты. Мен танысыма машинаны алып кетіңдер деп шақырдым. Шопан бауырым еңгезердей ер-азамат екен, үйге келді. Аға, мынау сіздің еңбегіңіз деп бір машинаның құнын берді. Мен азарда-безер болып алмаймын десем, аға, сізге батыр ретінде сыйлығым, алмасаңыз өкпелеймін деп отырып алды. Болмағасын онда мынаның жартысын жеңгеңе бер дедім. Қонақ жігіт кеткесін Əдишаға ақшаны беталды кетіресің деп ренжуші едің, мына ырзық сол аруақтардың разылығы дедім. Қазір жеңгең аузын ашпайтын болды, – деп рақаттанып күліп өзі айтып еді.

Жаңажолда Мəшһүр Жүсіп музейінің ашылуына санаулы атсалысқан адамдардың да ұйытқысы бола білді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы С.Б. Ниязбековтің қабылдауында болып, ол кісі Павлодар облысының атқару комитетіне тапсырма береді. Облыс мұражай ашу жөніндегі қаулыны қабылдауды көпке созып, аяғы сиырқұйымшақтанып, болмауға айналады. Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Махмет Қайырбаевтың үйіне барып: «Бұл менің ғана тілегім емес, Баянаула халқының тілегі, сен бөгет жасап отырсың», – деп, т.б. ауыр сөздер айтыпты. Көп ұзамай атқару комитетінің қаулысы қабылданыпты. Екі батыр содан кейін бекісіпті. Бұны Мақаң Əйтіш ағамның үйінде дүйім жұрттың алдында: «батыр ағаларың мені үйге келіп тілдеген еді», – деп күліп айтып еді.

Нағи Ахметов

Нақаң марқұм көшелі, аталы əңгімелер айтатын. Сонымен қатар ескі де есті əңгімелерді іздеп жүріп тауып, соны көшіріп ала отырып, ел арасында насихаттау да ағамыздың сүйікті шаруасы еді. Көрген, естіген нəрсені жадында сақтар құймақұлақ жан еді. Сурет салу, ою, өлең шығару, айтқыштығы тағы бар-тын. Бір сөзбен айтқанда, замана құбылысын тез аңғарғыш, саясатқа жүйрік, сезімтал адам еді. Жараланған аяғына демеу болар таяғын ұстап, қарт майдангер ағамыз Нағи Ахметов те өтті ғой бұл өмірден. Жалған шіркін кімдерге опа берген. Осынау аяулы жанның атқарып кеткен тірлігі өз бағасын алған жоқ. Тірісінде мақтау естімеген Нақаңды тіпті ана дүниесінде де айтып аузымызға алмаймыз. Жатқан жерің жарық болсын, Нақа.

Мүкəрəм Тиыштықбайұлы Шүленбаев,

Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321