Жұма, 22 Қараша 2024
4015 2 пікір 27 Қаңтар, 2021 сағат 12:31

Халықтың иммунитеті жайлы QR код енгізіледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қаңтар күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина сынақтан сәтті өтсе, "отандық вакцинаны салдырамын" деп мәлімдеді. QazCovid-in қазір сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр.

Сейсенбі күні президент денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан вакцинацияға дайындық барысын сұрап, оған "мұқият дайындалу" қажеттігін айтты.

Алексей Цой елдегі медициналық мекемелердің барлығы вакцинацияға дайын екенін жеткізіп, жақын арада елге коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы жеткізілетінін айтты. Бұған дейін министрлік 1 ақпанда халыққа коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егіле бастайтынын, алғашқы кезеңде ресейлік дәрі салынатынын хабарлаған.

"Вакцинация – бұл өзекті мәселе. Бізге вакцина егу бойынша мұқият қарастырылған ірі жоспар керек. Хаосқа жол бермес үшін көптеген нюанстарды ескеру қажет. Тұтас алғанда вакцинация елдің эпидемиологиялық ахуалын түзеуі тиіс, бірақ алда атқарылуы тиіс қыруар шаруа бар" деді Тоқаев.

Ол кейбір елдердің карантин енгізуде халықтың иммунитетін негізге ала отырып, шешім қабылдай бастағанын атап өтті, үкіметке "Атамекен" ұлттық палатасымен біріге отырып, бір ай ішінде халықтың иммунитеті жайлы ақпарат жазылған QR код енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Қазақстанда бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, реанимация бөлімі, аурухананың қабылдау бөлмесінде істейтін қызметкерлерге вакцина салынады. Сәуір айынан бастап жалпы білім беретін мектеп, жоғары оқу орындары, медициналық қызмет көрсететін мекеме мамандарына вакцина егіледі. Министрлік жыл аяғына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр.

Былтыр Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина - "Спутник V" және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Тамыз айында Қазақстан мен Ресей "Спутник V" жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қараған. Желтоқсан айының соңында "Қарағанды дәрі-дәрмек кешенінде" ресейлік "Спутник V" вакцинасы өндіріле бастаған. Кешенде бастапқы кезеңде вакцинаның 2 млн дозасы шығарылады деп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға қазақстандық QazCovid-in вакцинасы да егілетінін айтып отыр. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде сыналып жатқан қазақстандық QazCovid-in вакцинасы 19 желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге салына бастаған.

Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 227 165 адамнан Covid анықталған, 3,5 мыңнан астамы қайтыс болған. Кейбір сарапшылар коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны бұдан әлдеқайда көп деп санайды.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320