Шоранов: Вакцинациялау 1 ақпаннан басталады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдың ақпан айында елімізде халықтың жекелеген топтарын коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауды кезең-кезеңімен бастау жоспарланған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметін өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.
«Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, әсіресе жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, сондай-ақ басқа да бейіндегі қызметкерлер ақпаннан бастап екпе салса, педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері наурыз айында; студенттер сәуірден бастап, мамыр айында вакцина көлемінің жеткілікті болуына қарай халықтың қалған контингенті қамтылады. КВИ қарсы вакцинациялау 6 млн. адамды қамти отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады. Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі», - деді Шоранов.
Оның айтуынша, вакцинация жүргізер алдында дене температурасы өлшенеді, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалады. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады.
Вакцинацияланатын адам егуді жүргізу алдында жазбаша түрде ерікті ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды.
Abai.kz