Өнер – өмір үшін...
(Шығармашылықтың мән-мағынасы жөнінде)
Қолына қалам ұстаған әркімді: «Осы менің жазғандарым оқырманға керек пе өзі?», «Мен жазуыммен оқушыма не айтпақпын?» дейтіндей сауалдар ойландырары хақ. Мұндай сұрақты, жалпы, өнердің барлық саласындағы шығармашыл жан өзіне өзі қоюы әбден ықтимал және оған жауапты өзі шұғылданып жүрген өнер түрінде мүлтіксіздікке жету, мүлтіксіз шеберлікті игеру арқылы шығармашылық жетістікке қол жеткізу, сөйтіп жұрттың ризашылығы мен сүйіспеншілігіне бөлену деп білері кәміл. Және қай-қайсысы да бұл тұрғыда қателеспейді ғой деп шамалаймын, өйткені әйгілі жазушы аузынан шығып, барша жұрт әлдеқашан мойындаған тәмсіл: «әсемдік әлемді құтқарады» дейтін қанатты сөз де бар емес пе.
Әйткенмен бір таңғаларлық жәйт, әлдебір көне аңызда айтылатын қызық оқиға ойға орала береді... Ертеде бармағынан бал тамған әлдеқандай бір шебер айлар, жылдар бойы бас алмай, пілдің сүйегінен, оған қиылыстыра оймышталған өзге де асыл тастардан, қасиетті ағаштардан сувенир-сарай жасапты. Жасағаны өте нәзік нақыштарға тұнған, үйлесімді өрнектері көз сүріндіре сүйсінтетін ғаламат сый-бұйым боп шығыпты. Жұмысына берілгені сонша, сол өнерпаз айналасында болып жатқан оқиғаларға, елінің соғыс жағдайында қиналып жатқанына, ештеңеге де, ешкімге де алаңдамаған екен. Есесіне көрген жұртты тамсантар ғажайып өнер туындысын дүниеге келтірген көрінеді. Cосын сол күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, пәлен уақыт бойы тапжылмай еңбек етіп жасаған, есіл-дертін алған шығармашылығының тамаша жемісін елді билеп отырған әміршіге тартқанды қош көріпті. Жұтынып тұрған жауһар туындыны әмірші де ұнатса керек, сувенирді айналдыра қарап, ойлана бас изеп, ұзақ отырыпты. Ақыры уәзірлерін таңғалдырып, таңғажайып шеберді «барша жұрт соғыс тауқыметін тартып арпалысып жатқан шақта еліне тигізер көк тиын пайдасы жоқ жұмыспен шұғылданғаны үшін» зынданға тастауға бұйырыпты...
Аңыз ғой, бірақ тым әсіреленген аңыз болса да, астарына ойлантарлық мағына, өнерді өнер үшін емес, өмір үшін әспеттеу идеясы тоқылған секілді. «Ораза, намаз – тоқтықта» деген де сөз бар ғой. Шамасы, үздік туындының бірінші кезекте сондай туындыны жасауға қолайлы жағдай туғызуға атсалысқанды көздегені дұрыс-ау, яғни белгілі бір кезеңдегі шығармашылықтың мән-мағынасын сол кезеңдегі қоғам жағдайы, ел ахуалы анықтауға тиіс пе, қалай...
Мұндайда өзіңді өзің түсінуге тырысқан абзал. Мәселен, біздің ұрпақ ғұмырының жастық шақ деп жалпылама атай салуға болатын кезеңі кеңестік дәуірде өтті. Бұл тоталитарлық қоғам әбден нығайған, ойлау стандарттары бұлжымастай қалыптасқан жылдар еді. Біздің буынның айналаңдағы құбылыстарды санаңа сорғышша сіңіретін балғын балалық, жеткіншектік пен шындап есеюге бет алатын жасөспірім, бозбалалық шақ, яғни балдәурен, гүлдәурен, жасдәурен атты ұмытылмас белестері сол шаққа, коммунизм құрылысын салуды жүргізіп жатқан жылдарға дөп келді.
Баршамызға белгілі, ол заманды қазіргі таңда қара бояумен әлеміштеп сызып тастаған деуге болады, оны еске алуды қандай да бір дәріптеушілікке балап, ешкім ұнатпайды. Соған қарамастан мен өзімді өзім алдай алмас едім: біздің ұрпақ, соның ішінде мен де, сол жылдарда үстемдік еткен коммунистік идеяларға сеніп өстік. Бәлкім мұны кітаби тәрбие нәтижесі деуге келер, бірақ солай болды.
Дегенмен есейе келе, коммунистік идеялардың санамызға тигізген әсерін нақты өмір көріністерімен салғастырып қарау барысында, алғашқы сыни көзқарас ұшқын атты. Содан, кітаптан ілгенім мен тіршіліктен білгенімді қорыта келе, біртіндеп өзімнің қалам ұстауға ұстын болған жұмыскерлік пәлсафамды қалыптастырдым. Сондағы өзіндік өміртанушылық көзқарасымды тамырландырған жұмысшы философиям шығармашылығыма тұғыр болды.
Бүгінде сол шақтағы аздаған жазған-сызғандарымның тоталитаризмді нығайтуға атсалысқандай бағалануы, тиісінше, қазіргі жаңа көзқарас тұрғысынан, оларды өткеннің керексіз қоқысы қатарына ысырып тастаудың дұрыс көрінуі ғажап емес. Бірақ мен оларды шығармашылығымның мәніне балап, сол дәуірде шама-шарқымша оқырманымның рухи келбетінің қалыптасуына ықпал етуді ниет еткендігімнен, олай етудің қате боларын түйсінемін.
Стандарттандырылған заманғы озық ой құдды кеңестік тыныс-тіршілікке бағдар беретін шамшырақ-тын, тиісінше қаламмен қаруланғандардың көпшілігі, солардың қатарында мен де туындыларымызда өскелең ұрпақтың заманауи бейнесін жасауды және сол кезгі түсінігімізге сай, оның рухани нәрі, ұстанар үлгісі, үлгі тұтар идеалы қатарының көбейе түсуіне үлес қосуды мұрат еттік. Онымыз бүгінде бекершілік тәрізді көрінсе де, өз уақытында, нағыз азамат тәрбиелеу тұрғысынан қарағанда, мүлдем орынды іс-әрекет болған-тын.
Сондықтан да оның бүгінгі құндылық өзгерген дәуірде де ұмытылмауын қалаймын. Өз тарихымыз ретінде керек боларын түйсінемін. Біз біржақты интернационализм мен өзгеше ойлауға жол бермейтін централизм, іс жүзінде ұлыдержавалық мемлекеттік шовинизм дәріптелген дәуірдегі жас буынның қоғамдық белсенділікте танылатын бет-бейнесін, ұлт мүддесін елемеуге төзбеушілігінің, әділетсүйгіштігінің табиғатын көрсетуге тырысқанбыз, яғни біздің ұрпақтың әдеби тәжірибесі бүгінгі ұрпақтың тарихтан сабақ алып өсуіне септесе алады деген ойға сенімім кәміл.
Сондықтан да сол шақтан жазыла бастаған туындылардың бірқатарын бертінде оқырман назарына «Өртең өскіндері» деген атпен ұсындым. Өртең деп ескі шөпті, өлі қалдықтарды, қажетсіз өсімдіктерді жою үшін өрт қойылғаннан кейінгі дала кейпін айтады. Бұрынғы шөптесін, бұталы өсімдіктерді өртеу үдерісінен соң, күйген жерге келер жылы жақсарып көк шөп, жайылымдық бітік шөп өсіп шығады. Осы бір тіршілікті жасампаздықпен жандандыру үшін салынған өрт орнын білдіретін сөзді мен Алаш аты әлдеқашан аласталған, коммунизмнен басқа қоғамдық құрылыс үміттері мүлдем өшірілген тыныс-тіршілік алаңына көшіргенді, дәлірек айтқанда – тоталитарлық билік екінші жаһандық соғыстан кейінгі жылдары жалпақ елді қасаң идеологиялық шырмауына бекем түсірген, сөйтіп «жаңа адам» тәрбиелеу шараларын кең көлемде жүргізу ісін қолға алған шақтағы ахуалды белгілеу үшін қолданғанды орынды көрдім.
Менің советтік дәуірдегі шығармаларыма осындай рухани өртеңде (өткен ғасырдың 50-ші, 60-шы, 70-ші жылдарында) өмір сүрген жас ұрпақ бейнелері арқау болды. Олар – балалар, жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар – заманына қарай бой түзеді. Бірақ, тәубе, идеологиялық шектеулермен шегенделген, кернейлеткен заманда да, жаңа заманда, жаңа құндылықтарға құлаған дәуірде де биліктің сыңаржақ ұрандарына жас ұрпақ түгелдей көзсіз құлдық ұрған жоқ. Рас, қоғамдық белсенділік, белсенді өмірлік позиция мазмұны іс-әрекеттерінде түрліше байқалды. Соларды бейнелейтін этюдтерді мен бес кітапшаға жіктеп, «Өртең өскіндері» хамсасына топтадым.
Әңгіме жалпы шығармашылықтың мән-мазмұны жайында болғандықтан, осы жинаққа көбірек тоқталып жатырмын. Өзіндік хамсаның «Керней» атты алғашқы кітапшасына кернейлеткен және соған сенген, керней үнімен жарқын болашаққа жетуді көксеген заманда жас ұрпаққа ұсынылған туындылардың кейбірі енген-тін. Ескерте кету ләзім, ХХ ғасыр басында дүниенің қалай дүр сілкінгенін суреттеп, кеңестік өміріміздің сол сәттен басталғанын да, қалам ұстауға талпынған жас тілшілерімізді сол рухта баулуға ұмтылғанымызды да баяғы тоталитарлық замандағыдай тамсана айту бүгінгі күнге жараспайды. Қазіргі таңда бұл тақырыптардың ешкімді қызықтырмайтыны түсінікті. Алайда біз өткен жүзжылдықтың басым бөлігін коммунистік идеология жетекшілігімен өткізгенімізді жоққа шығармаймыз және оны ұмыта алмаймыз да. Өйткені сол шақта өсіп-өркендедік, өркениетпен, біліммен қауыштық, идеяшылдыққа тәрбиеленіп жүрген сол кезеңде ұшталған ұлт мәселесі жайындағы ой-пікіріміз, әділеттілікті бәрінен жоғары қоюшылық қасиетіміз бертінгі тәуелсіздік заманда да маңыздылығын жойған жоқ. Рухани өртеңнің күтілген бітік өнімі – коммунистік құрылыстың «жаңа адамы» – билік күткендей дәрежеде қаулап өсіп, біркелкі сомдалған жоқ. Бұл құбылысты әдебиетте бейнелеу үшін тәуелділік дәуірдің қатаң бақылауына ұстатпайтын түрлі әдеби тәсіл қолданылған еді. Бұған «Кернейден» кейінгі «Балдәурен», «Гүлдәурен», «Жасдәурен-І» «Жасдәурен-ІІ» атты кітапшаларға топталған әңгімелер мен хикаяттар куәлік етеді. Оларды тап солай хатқа түсіруім шығармашылығымның сол тұстағы мәні сықылды болатын.
Осы бес кітапшадағы әңгімелер мен хикаяттар және кейін «Жастық шақ жырлары» атты бір томдық жинаққа енген әңгіме, хикаят, романдар бүгінгі өскелең ұрпаққа алыстап бара жатқан замандағы құрдастарының бейнесін, олардың рухани азығын, заманы қалыптастырған бітімін жақын таныстырады ғой деп ойлаймын. Сөйтіп жинақты тоталитарлық дәуірдің рухы мен сөз саптауын, қасаң саясат билеген кезеңдердің кей көріністерін қаз-қалпында беретін, өскелең ұрпақтың сананы коммунистік идеология қалыптастырған біркелкі ойлау ауқымында қалмай, шектеулі рухани кеңістікте қамалмай, ой-пайымымен, іс-әрекетімен әділетсүйгіштік, оң өзгерісті аңсаушылық рухта өсіп келе жатқанын бейнелейтін туындыларға бүгінгі жас бейтарап қарамайды деген үміттемін.
Әрине, олар идеал емес, идеал бола алмайды да. Алайда қилы көзқарастағы адамдардың шектеуі мол кеңестік кезеңде қалай пайда болғанын ұғуға жәрдемдеседі. Ал бұл өзімізді өзіміз тарихпен тәрбиелеу үдерісінде баршамызға кәдімгідей-ақ көмекші бола алады ғой деген ойдамын. Әркімнің өзін өзі тарихпен тәрбиелеуі өте маңызды деп есептегендіктен, әрі бұл шаруаға атсалысуды шығармашылығымның мән-мазмұны деп білгендіктен, Қайта құру саясаты өрістеген жылдары мен тарихтағы «ақтаңдақтарды» зерттеуге көп ден қойдым.
Кейінірек, тәуелсіз ел азаматтарының отаншылдық, мемлекетшілдік, ұлтын сүйгіштік сезімінің, тарихи санасының дұрыс қалыптасуына атсалысу мақсатымен «Рух-Сарай» атты танымды туындылар топтамасының бес кітабын шығардым. Оларға «Топырақ», «Кереге», «Тәж» серияларына жүлгеленген этюдтер енген болатын. Алтыншы кітаптан аталмыш деректі шығармалар циклінің «Уық» сериясы бастау алуы керек-тұғын (аталмыш топтаманы жүйелі түрде мемлекеттік тапсырыс аясында басып шығару ісі авторға осы уақытқа дейін беймәлім себептерге байланысты тоқтап қалды). Ауқымды топтама оқырманға алыс тауарих беттерінен сыр шерте келе, қазақ саяси ойының алғашқы орыс революциясы кезінен бастап қалай жаңаша жүйелене бастағанын, азаттық үшін күрестің тың серпіндерін, ұлттық қозғалыстарды, монархияның құлауы мен ұлт қайраткерлерінің автономиялық құрылымдарға қол жеткізу жолындағы күрестерін, Алаш идеясының кеңес өкіметі тұсындағы көріністерін көрсете отырып, тәуелсіздікті баянды етудің шарттарын түзуді көздеген. Солар арқылы оқырманын тарихпен тәрбиелеу ісіне атсалысуды мұрат еткен еді.
Жорымалы киіз үй сүйегін елестететін топтама этюдтері шартты түрде төрт жүйеге бөлінген де, жарық көрген бес кітапта оның үшеуіне кірген шығармалардың бірқатары алға тартылған-тын. Тек жобаланған төрт жүлгенің ішіндегі «Уық» сериясынан еш туынды басыла қоймаған-ды. Бұл желі іргетас («Топырақ» сериясы) үстіне қаланған қабырға («Кереге» сериясы) мен төбедегі шаңырақ («Тәж» сериясы) арасын жалғап, ұстастыратын этюдтер топтамасын құрамақ болатын. Бұдан аңсаған егемендіктің шаңырағына шаншылған, ұлттық тәжді көкке көтере ұстайтын рухи-уықтардың табиғаты көрінуге тиіс деген үміт болған еді. Ұлан-ғайыр қазақ әлемінің – ұлт макрокосмының – танымды этюдтерге сығымдалған кішкене пұшпағы – «Рух-Сарай» микрокосмы – бүгінгі оқырманға өткен кезеңдерден сыр шертіп, әркімнің өзін өзі тарих арқылы тәрбиелеуіне жәрдемдесуді көздейтін.
Осы орайда көкірегі ояу азаматтардың санасында ел болу елесі жиырмасыншы ғасырдың басынан жаңаша тұрпатта нобайланғаны алғашқы этюдтерде сөз болған. Содан соң 1917 жыл төңкерістерінен кейін орын алған саяси ахуал, әуелі алаштық, сосын советтік автономия, одақ құраушы республиканы жасауға қатысушылардың қайғылы тарихы, ұлттық апатқа ұрындырған алапат ашаршылықтар, Екінші дүниежүзілік соғыс, оның ауқымындағы Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі тың көтеру науқаны, солардың бәріндегі қозғаушы күш болған қилы жалпыпатриоттық ұрандар қазақ жұртшылығының ой-санасы мен ойлау жүйесін негізінен біркелкілендірді. Елдің дамуы бесжылдық жоспармен белгіленіп, бес жыл сайын билеуші партия салтанатты форумында жетекшілік сөзін айтып тұратын стандартты дәуір басталды. Идеология бүкіл өмірді қамтыды. Жаңа адам тәрбиелеу мақсаты жүзеге асырылып жатты.
Алға тартылған ұрандарға көзсіз сенгендер де, олардың ішінен ұлттық мүддені қорғайтын тұстарды іздегендер де, сыбайластыққа құлай берілгендер де, жан-жақтан тұмшалаған саяси жамылғыға мойымай, адалдықты, шындықты бәрінен биік қоюға тырысқандар да болды. «Уық» желісінің этюдтері осы кезеңнен көркем-танымды сыр шертпек-тін. Бұлардың ішінде сол тоталитарлық дәуірде, қатал кеңестік цензура дәуірлеп тұрған кезде жарыққа шыққан, өз уақытының көркемделген көріністерін мүмкіндігінше бейнелеген туындылар да, билеуші партия нұсқауларынан ұлт пайдасына жаратуға жарарлық пікір іздеген әрекеттер, зерттеулер мен көсемсөздер де бар еді. Олардың бәрі әр кезде түрлі дәрежеде тәуелсіздік уықтарын сомдаған болатын.
Тәуелсіздіктің шаңырағын ұстайтын уықтарды нығайту ісі – егемен тіршілікті идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз етуге тиіс қоғамның тыныс-тіршілігін үйлесімді дамытуға тырысу – тоталитарлық заман мен қайта құру кезеңінен асып, тәуелсіздік дәуірінде де жалғасып жатыр. Тұтасқан тоталитаризмнен бастап күні бүгінге дейін жүріп жатқан демократия орнату жолындағы ұлы күрес тарихының кей беттерінен осы серия этюдтері хабардар етеді деген ой авторды көздеген нысанасына қарай сеніммен жетелеген еді. Сол сенімнің жемісі танымды туындылар топтамасының «Уық» желісін түзісуге тиіс-тұғын. Бірақ оны алғашқы ойластырылған қалыпта жалғастырудың сәті түспейтіні аныққа айналып, жоғарыда айтқанымыздай, танымды туындылар топтамасының кезекті кітабын шығару үдерісі ойда жоқта үзілді.
Бұл, бәлкім, тапсырыс тізбесін түзетіндердің мен ұғатын шығармашылықтың мән-мазмұнын қабыл етпейтіндігінен шығар. Мемлекет мүддесін ойлап, мемлекеттік көзқараста тұруға тиіс болғанмен, өнерді өнер үшін жасауды ұран ететін, әсем де әдемі ертегілерге парапар туындылар жазатын қаламгерлердің жұтынған туындыларын жақын тартқандықтарынан болар. Әйтеуір үзілген жобамды басқаша жүйелеп, азаттық қозғалысының жеңісті шыңына дейінгі дамуын арқау еткен «Алаш жолы» үштомдығын ұсынғанымда да жоспарға бір ғана кітабын қосумен шектелді.
Олардың тарапынан бірнеше жылдан бері қолдау таппаса да, он дәптерден тұратын «Алашия» рисәлә-эпопеямды, сондай-ақ төрт кітапқа жинақталған («Түнектен оралған есімдер») репрессия құрбандарының өмір жолдарын жаңғыртқан зерттеулерім мен «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты кітабымды да жас ұрпақты тарихпен, тарих арқылы тәрбиелеу ісіне өзімше қосқан үлесім деп білемін.
Солардың қатарында әр тақырыптағы публицистикалық хроникаларым, жекелеген тарихи тұлғаларды тану бағытындағы жинақтарым, бүгінгі күнгі тіл үшін тайталасқа мейлінше үндес, сол орайда елу жыл бойындағы үнімді негізінен жинақтаған «Тіл-ғұмыр» атты публицистикалық хроника да бар. Бұлардың да өзімнің шығармашылығымның мән-мазмұны ретінде, «өнер – өмір үшін» девизімен айқындауға болатын талабым ауқымында жасалған, тәуелсіздікті баянды етуге тиіс ұрпақтың тарихи санасының дұрыс қалыптасуына қызмет етеріне кәміл сенемін.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында «азаттыққа енді қолы жеткен елдің әдебиеті қандай болуы керек» деген сауалға өзімше жауап беріп, одан кейінгі жылдарда да сол сауал мен жауабымның өзектілігін жоғалтпағанын айтқанымды «Түркістан» газеті (30.04.2020) «Отыз жыл ойда жүрген сауал немесе төл әдебиет хақында» деген тақырыппен жариялаған еді. Сол мақалада бағзы заманғы әдемі «Өнер – өнер үшін» деген тұжырымды жасампаздыққа шақыратын «Өнер – өмір үшін!» ұранына ауыстыруды тәуелсіз ел әдебиетін жасаушы қалам қайраткерлерінің міндеті ретінде қараған едім.
Онымды кімнің қалай қабылдағанын білмеймін, әйтеуір сондағы айтқым келген ойлардың түйінін өзімнің шығармашылығымның да мән-маңызындай көрген болатынмын. Ойлап қарасам, менің өз жазу-сызу хикметім сол девизбен өрістеген секілді. Тек оның көркемдік-танытқыштық сапасы қандай болды, жалпы, шығармашылығымның мән-мағынасы деп білген жұмыстарым оқушының рухани мұқтажын көзделгендей дәрежеде өтеуге жарады ма, жоқ па, бұл жайында, әрине, өзім ештеңе дей алмаймын. Бұған төреші – оқырманның өзі ғана...
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz