2006 жылғы банкноттар айналымнан алынды
Қазақстанда 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік банкноттарды ауыстыру мерзімі аяқталды.
Бұған дейін 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды айырбастау 2020 жылдың 21 желтоқсанынан 2021 жылдың 1 ақпанына дейін ұзартылған болатын.
«Осы номиналдардағы банкноттарды ауыстыру мерзімін ұзарту туралы шешімді Ұлттық банк азаматтардың өтініштеріне байланысты қабылдаған болатын. Айырбастау тек жеке тұлғалар үшін Ұлттық банктің филиалдарында 2020 жылдың 21 желтоқсанынан бастап 2021 жылдың 1 ақпанына дейін жүргізілді. Осы кезеңде банкноттарды ауыстыруға қатысты өтініштердің көп бөлігі Алматы қаласының (28,2%), Нұр-Сұлтан қаласының (9,5%) және Қарағанды облысының (7,5%) тұрғындарынан түсті. Айырбастауға қабылданған купюралардың негізгі үлесі номиналы 2 000 теңгелік (44,1% ) банкнотаға тиесілі болды, одан кейін 5 000 (30,9%) және 10 000 теңгелік (25,0%) банкноттар»,-делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Ұлттық валютаның қолданыстағы ақша белгілеріне ауыстыру мерзімінің аяқталуына байланысты 2006 жылғы үлгідегі аталған номиналдағы банкноттар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қабылдауға және айырбастауға жатпайды және төлем құралы болып саналмайды.
Abai.kz