Бейбіт Қойшыбаев. Көп көңіліндегі кітаптар
Тәуелсіздік туы көтеріліп, өткен тарихымыздағы солақай саясат құрбаны болған тарихи тұлғаларға назар аудару күшейіп тұрған шақ-тұғын. Біз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгерлер рухын ұлықтау орайындағы парызымызды орындау жолын ойластырған едік (ол кезде мен Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметінде болатынмын). Осы уақытта бізге Ғарифолла Әнес келді. Ол кейінгі жылдарда ғана еркін айтыла бастаған Алаш тақырыбымен ерекше шұғылданып жүрген жас әдебиетшілердің бірі болатын.
Бір топ пікірлес жігіт арнайы бірлестікке ұйысыпты. Саяси қуғын-сүргін жылдары репрессияланған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттемек ниетте екен. Ғарифолла сол мақсаттарының мәнісін түсіндірді. Біздің алға қойып отырған идеямызды жүзеге асыру - өзі ұйымдастырған қоғамдық қордың алғашқы абыройлы ісі болар еді деп санайтынын айтты. Болашақ ұлан-ғайыр жоспарларын жүзеге асыруды Жазушылар одағы ғимаратының ішкі қабырғасына естелік тақтаны өз қолдарымен орнатудан бастамақшы екен. Бізге бұл ниет қатты ұнады. Ұзамай, олар жасаған тізімді хатшылықта қарап, мақұлдадық. Тағы аз уақыттан соң, сталинизм құрбанына айналған қаламгерлердің қаралы тізімі мен қастандықтан мерт болған тұлпар бейнеленген символикалық барельеф-тақта қаламгерлер үйінің кең дәлізі қабырғасынан орын алды.
Тәуелсіздік туы көтеріліп, өткен тарихымыздағы солақай саясат құрбаны болған тарихи тұлғаларға назар аудару күшейіп тұрған шақ-тұғын. Біз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгерлер рухын ұлықтау орайындағы парызымызды орындау жолын ойластырған едік (ол кезде мен Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметінде болатынмын). Осы уақытта бізге Ғарифолла Әнес келді. Ол кейінгі жылдарда ғана еркін айтыла бастаған Алаш тақырыбымен ерекше шұғылданып жүрген жас әдебиетшілердің бірі болатын.
Бір топ пікірлес жігіт арнайы бірлестікке ұйысыпты. Саяси қуғын-сүргін жылдары репрессияланған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттемек ниетте екен. Ғарифолла сол мақсаттарының мәнісін түсіндірді. Біздің алға қойып отырған идеямызды жүзеге асыру - өзі ұйымдастырған қоғамдық қордың алғашқы абыройлы ісі болар еді деп санайтынын айтты. Болашақ ұлан-ғайыр жоспарларын жүзеге асыруды Жазушылар одағы ғимаратының ішкі қабырғасына естелік тақтаны өз қолдарымен орнатудан бастамақшы екен. Бізге бұл ниет қатты ұнады. Ұзамай, олар жасаған тізімді хатшылықта қарап, мақұлдадық. Тағы аз уақыттан соң, сталинизм құрбанына айналған қаламгерлердің қаралы тізімі мен қастандықтан мерт болған тұлпар бейнеленген символикалық барельеф-тақта қаламгерлер үйінің кең дәлізі қабырғасынан орын алды.
Осы игілікті іс Ғарифолла басқарған қоғамдық қор атқарып келе жатқан иманды шаруаларының сәтті жолашары болды. (Қордың «Арыс» деп аталуының өзінде терең мән бар). Содан бері «Арыс» қоры тоталитарлық жылдарда саяси репрессияға ұшыраған ұлт қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын жинаумен және оларды бастырумен түбегейлі айналысып келеді.
Арада өткен жиырма шақты жыл ішінде қор ұжымы әлденеше ондаған қолжазбаны қилы мұрағат қоймаларынан жинастырып, өз баспасынан жарыққа шығарды. Түрлі салалар бойынша толымды деректер мен әр қиырдағы аймақтар шежіресін жинақтаған бірнеше энциклопедиялық кітап дайындап, бастырды. Солардың ішіндегі өз алдына бір төбе көрнекті кітаптардың бірі - «Алаш. Алашорда» энциклопедиясы (құрастырушылар: филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Әнес пен тарих ғылымдарының кандидаты С.Смағұлова). Бұл энциклопедияны «Арыс» қорының құрылғалы бері атқарып келе жатқан жұмысының квинтэссенциясы деп бағалауға әбден болады. Мұнда кеңес өкіметі тұсында жабық тақырып болған ХХ ғасырдың басындағы ұлттық қозғалыс пен оның қайраткерлері жөнінде мол мағлұмат жинақталған.
Кітап екі бөлімнен тұрады. Оның негізгі бөлімінің материалдары алфавиттік ретпен орналастырылыпты. Бұл бөлімнен Алаш қайраткерлері жайындағы өмірбаяндық мәліметтерді, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы, автономияның үкіметі Алашордаға қатысты ұғымдар мен түсініктерді, сол замандағы ұлттық басылымдар хақындағы кеңестік дәуірдің бір жақты идеологиясы, тоталитарлық саясаты беймәлім еткен мағлұматтарды оқимыз.
Мұндағы энциклопедиялық мақалалардың бәрі тәуелсіздік жылдары жан-жақты зерттеліп, нақтыланған деректерден тұрады. Олардың көпшілігіне бұрын жабық жатқан, бүгін де сирек кездесетін тарихи суреттер қоса берілген. Жалпы, кітапта Алаш қозғалысына түрлі дәрежеде қатысқан 287 адам туралы мақала, анықтама, нақты мәлімет бар.
Ал энциклопедияның қосалқы бөліміне ұлттық қозғалыстың әр кезеңінде қабылданған тарихи құжаттар топтастырылған. Олардың ішінде алғашқы орыс революциясы жылдары ұйысқан Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының бағдарламасы мен жарғысы мәтіндері жүр. Әсіресе, азаттық жолындағы күрес, ұлттық қозғалыс айрықша өріс алған Ақпан революциясынан кейінгі жағдайдың мол материалмен көрсетілгені көзге ұрады. Мұнда монархия құласымен еліміздің әр өңірінде өткен қазақ съездерінің, жазғы, қысқы жалпықазақ құрылтайларының хаттамалары, қаулы-қарарлары және алғашқы қазақ ұлттық автономиясы үкіметінің - Алашорданың заңдары мен ережелері орын алған.
Қосымшалар бөліміне сондай-ақ «Алаш» партиясы мен «Алашорданың» қызмет ауқымын көрсететін сол замандағы баспасөз мақалалары, түрлі құжаттар мен материалдар, «Алаш» атынан Күлліресей Құрылтайшылық Жиналысына қазақ еліндегі облыстардан ұсынылған депутаттыққа кандидат қазақтар тізімі енгізілген.
Ақпан революциясынан кейінгі жағдай қандай еді? Самодержавие құрсауынан құтылған халықтар алдынан үлкен саяси мүмкіндіктер ашылған. Патшалықтың орнын басатын мемлекеттік биліктің түрі іздестіріліп жатты. Оны Құрылтайшылық Жиналыс анықтауға тиіс екендігіне ешкім шүбә келтірген жоқ. Ал Құрылтайшылық Жиналысқа қатысатын өкілдерді таңдап дауыс беру жолымен сайлау қажет. Осыларды ұғу үшін де, және әрине, сондай аса ірі дәрежедегі мәжіліске толық өкілетті өкіл ретінде қатысуға ұмтылу үшін де үміткердің ғана емес, сайлаушының да белгілі дәрежеде көзі ашық, көкірегі ояу болуы керектігі түсінікті. Олардың мұндай ахуалға жетуіне сол шақтағы өзгерістер жаршысы болып келе жатқан қазақ баспасөзі септескен болатын.
Қазақ баспасөзі дегенде, шын мәніндегі ұлттық басылым міндетін 1917 жылы жеке-дара «Қазақ» газеті атқарғаны мәлім. Оған дейінгі газет-журналдар - Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті» (1870-1882), Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» (1888-1894), Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907), Петербургтегі «Серке» газеті (1907), Орда (1911-1913) мен Оралдағы (1913) «Қазақстан» газеті, Троицкідегі «Айқап» журналы (1911-1915) - әрқайсысы өз уақытында қызметін белгілі дәрежеде атқарған да, әр кезде әр түрлі себеппен жабылған болатын. Ал «Қазақ» газеті 1913-1918 жылдарғы күрделі кезеңде - Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңынан бастап, империядағы ұлт-азаттық көтеріліс пен революциялық өзгерістер дәуірінде Орынборда үздіксіз шығып тұрды. Ол жұрттың көзін ашқан, Алаш қозғалысының мың-сан қатысушылары мен тілекшілеріне рухани нәр берген. Шамшырақша бағыт-бағдар көрсеткен. Және, әрине, азаттық үшін саналы күрес жолына түскен азаматтарға мінбер болған еді.
Осындай ерекше тарихи қызметі бар газетті «Арыс» қоры жоғарыда аталған энциклопедиямен қатар бүгінгі оқырман назарына қайта ұсынуды қолға алған екен. Әр нөмірінде басылған титімдей хабарына дейін қалдырмай, түгелдей бүгінгі емлеге түсіріп жаңғыртып, газетті өз қалпында оқуға мүмкіндік жасапты. Әзірге газеттің екі жылдық тігіндісін: «Қазақ» газеті. 1913», «Қазақ» газеті. 1914» деген атаулармен екі кітапқа топтастырып шығарған (құрастырушылары: тарих ғылымдарының кандидаты С.Смағұлова, филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Әнес, ғылыми қызметкер Т.Замзаева). Алғашқы жинаққа газеттің 1913 жылғы 2 ақпанда жарық көрген алғашқы нөмірінен бастап жыл бойы шыққан 44 саны, келесісіне - оқырманмен 1914 жылы жүздескен 47 саны түгел берілген көрінеді. Осылай, ыңғайы, әйгілі тарихи үнпарақтың 1918 жылы жабылғанға дейінгі барлық нөмірі келешекте алдымызға түгелдей тартылмақ.
Баршаға белгілі, «Қазақ» газетінде оның алты жылдық ғұмыры бойы жария болған, осы уақытқа дейін тарихи және танымдық құндылығын жоғалтпаған мақалалар өткен ғасырдың соңына қарай (1998 жылы) бір кітапқа жинастырылып шығарылған болатын. Бұл зор жаңалық еді, өйткені біз сол жинақ арқылы қазақтың қоғамдық-саяси ойының күрделі тарихи кезеңдегі даму барысымен танысқанбыз. Ал кейінгі уақыттарда қолға тиіп отырған мына жинақтар - газеттің оқырманмен қауышқан алғашқы екі жылында жұртшылық назарына ұсынған әлдебір жарнамасына, кішкене хабарына дейін қалдырмай, кескін-келбетін техникалық себептерге байланысты (факсимиле тәсілімен) байырғы қалпында бере алмаса да, мазмұнын толық жеткізуімен ерекшеленеді. Сонысымен де құнды.
1913 жылғы 2 ақпанда жарық көрген алғашқы санында шығарушы (Ахмет Байтұрсынов) оқушы жұртшылыққа «газеттің керегі қандай екендігін» жалпақ тілмен, көңілге қонымды түрде, төрт тармаққа - газет: «1) халықтың көзі, құлағы һәм тілі; 2) халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жұртқа қызмет етеді; 3) халыққа білім таратушы; 4) халықтың даушысы» деп бөліп және оларын таратып түсіндіріп өткен. «Қазақ» газетінің осы жария етілген ұстанымдар үдесінен шығып тұрғанына, оның 1913-1914 жылдарғы барлық 91 нөмірі енгізілген аталмыш қос жинақпен танысқанда, көзіміз жете түседі.
Газет қазақ халқының ата-бабасынан мұра етіп, ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан жер-суы қалайша тарылып, тағдырлы, өмірлік мәселеге айналғанын және «заманың түлкі болса, тазы боп шалудың» жолдарын басты тақырыбының бірі етті. Мәселен, «қазақ пайдасындағы жерлерден мұжыққа қанша жер кесіп беретіні» жайындағы Жер министрінің 1913 жылғы сметасында көзделген жоспарды газет өзі дүниеге келген бетте жариялады. Қазақ жерін отарлаудың бір белесінен сыр шертетіндіктен, соны шола кетейік.
Үкімет 1913 жылы Торғай облысы Қостанай үйезінен 135 мың; Ақмола облысының Омбы, Қызылжар, Көкшетау үйездерінен 125 мың; Семей облысы Кереку (Павлодар), Семей, Өскемен үйездерінен 50 мың десятина мөлшердегі қазақ жерін Ресейдің орталық аудандарынан көшірілетіндер үшін алмақшы. «Бұрын мұжыққа кескен жерлерге жалғас... ...Ертіс бойындағы жерлерден кеспекші». Жетісу облысында (Пішпек, Лепсі үйездерінен) 80 мың; Сырдария облысы (Шымкент пен Әулиеата үйездерінің құбыла жағындағы жерлерден) мен Ферғана облысында (Әндіжан үйезінен) 90 мың; Тобыл губерниясында (Қорған, Тоқалы үйездерінен) 20 мың; Томск губерниясында (Алтай округінен) 90 мың десятина жер мұжық үшін кесілмек. Бұларға қосымша, отырықшы болуға бекінген қазақтарға үкімет 1913 жылы кесіп беретін жер мөлшерін де (баршасы 400 мың десятина) газет таратып жазған. Соңынан Сібірде ауылшаруашылық мектебі ашылып жатқаны жайында хабарлап, «егін кәсібіне ыңғайланып жүрген қазақ үшін ол мектептің ашылғаны» пайдалы екенін айтқан.
Империяның отарлаушылық әрекеттері күшейген сайын қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы шиеленісе түскені белгілі. Көшпенділердің ғасырлар бойы қоныс еткен иеліктері уыстан шығып, өрістері тарыла бастаған. Аталмыш екі жинақтан осынау аса маңызды жер-су тақырыбының қазақ қоғамдық өмірінде еш толастамай, әр қырынан сөз болып тұрғанын көреміз. Екі жинақ бойы қазақтың дәстүрлі экономикасының жай-күйі, өзгеріске ұшыраған тұстағы ахуалы, қала салуды, яғни отырықшы болуды, сондай-ақ көшпенділік салтта қалуды таңдағанда тиетін жер нормалары, орыс заңдары, земство және қазақ қауымы, сондай-ақ олардың арақатынасы өмірдегі нақты деректермен өріліп сөз болады. Жинақтарда әйгілі Щербина экспедициясы есептеріне сүйеніп жазған Әлихан Бөкейхановтың («Қыр баласы») жерді пайдалану жайындағы танымды мақалалары мол.
Газет Мемлекеттік дума және қазақ мәселесі туралы, жер-су дауы орайында Думадағы Мұсылман фракциясымен қызметтестік, 1914 жылғы маусымда және желтоқсанда өткен мұсылман съездері жөнінде де жазып тұрған. Ел мүддесін кеңінен қарастырып, талқыға салу қажеттігін көтеріп, сол орайда әр аймақ өкілдерінің бас қосу мүмкіндіктері турасында пікір алысылған.
1913-1914 жылдарғы «Қазақ» газеті үкіметтің орыстандыру саясатын, отарланған қазақты шоқындыруды көздеген іс-әрекеттерін де әшкерелейді. Қазақ халқының қараңғылығын сынайды, ел болып қалу шарттарын тізбелеп, оқу-ағарту, тәрбие жайларын назардан түсірмей, халықты өнер-білімге үндейді. Қазақ тарихы мен әдебиетінің, тілінің, мәдениетінің мәселелерін үнемі жазып, өлеңдер, әңгімелер жариялайды, білім жарысына түсушілерге, роман жазушыларға бәйге белгіленгенін хабарлайды. Рухани тыныс-тіршілік қырларын, бастауыш мектептерді көбейту қажеттігін сөз етеді.
Газет оқырманға атақты қазақ ақыны Абайды кең көлемде таныстырады. Оның дүние салғанына (1904 жылғы 23 маусымда) он жыл толуына орай ұйымдастырылған тұңғыш кеш жайын әңгімелейді. «Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқышының ең төменіне аяқ баса алмай тұр» деген өкінішін білдіре тұрып, халықтың мәдени деңгейі көтерілгенде осынау ойшыл ұлы ақынды әрдайым еске алып тұруы тиістігін айтады, көп болып ұмтылып, сондай дәрежеге жетуге шақырады. Исі түркі жұртына қымбат тұлға, әйгілі «Тәржіманды» 32 жыл бойы шығарып келе жатқан атақты ағартушы Исмаил Гаспринский жайында жазып, офатына орай үлкен мақала береді. Қазақ Шоқан, орыс Михаэлис, неміс Бебель, француз Жорес секілді адамзатқа сіңірген қызметі мол оқымысты, қайраткер тұлғалар, Толстой, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин, Достоевский, Чернышевский, Герцен сынды әйгілі орыс ақын-жазушылары жөнінде әңгімелейді.
Оқырмандарын алғашқы сандарынан бастап газет сыртқы жағдайлардан үнемі хабардар етіп отырған. Ресей мен шет мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар, шетел жайында мәліметтер, Балқан соғысы, Бірінші дүниежүзілік соғыс, соғыстағы темір жолдың рөлі, Ресейдің соғысқа кіруі, астана атының Петербургтен Петроградқа өзгертілу себебі хақында жазған.
Осы қос жинақта үздіксіз көзге түсетін бір жәйт - газет Ресейдің түрлі қалаларында оқып жүрген қазақ жастарын ұдайы назарда ұстап, оларға материалдық жәрдем көрсетуді тұрақты түрде ұйымдастырып отырған екен.
Мерзімді басылымның Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов тәрізді негізгі жазушылары да, өзге жекелеген белсенді авторлары да жоғарыда аталған мәселелер бойынша оқырмандарға қажет ақпарат жеткізіп қана қоймай, олардың қоғам тыныс-тіршілігіне саналы көзқарасы қалыптасуына ықпал етті.
Сөйтіп, аталмыш жинақтармен таныса келе, «Қазақ» газетінің осы жылдары, шынтуайтында, үлкен саясаттың белгілі классигі айтқандай, «ұжымдық насихатшы, үгітші және ұйымдастырушы» қызметін атқарып тұрғанына күмәнсіз сендік.
Тәуелсіздік жылдары Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы рөлі жаңаша бағалана бастағаны белгілі. Алаш атымен жария болған алғашқы қазақ автономиясының мемлекеттілігіміз тарихында маңызды орын алатынын бүгіндері барша азамат түсінеді. Ал қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің өркениет талабына сай жаңаша жаңғыруында баспасөздің, әсіресе, «Қазақ» газетінің рөлі елеулі болғаны мәлім. Сондықтан бұлар жайында тереңірек және жан-жақты білуге әркім ынталы. Осы ынтызарлықты өтеуге тілге тиек етулі кітаптар зор үлес қосады.
«Арыс» баспасынан шығып жатқан еңбектер, солардың ішінде, әсіресе, жоғарыда аталған энциклопедиямен бірге «Алаш мұрасы» сериясымен жарық көріп келе жатқан «Қазақ» газеті» жинақтары ізденімпаз және білімқұмар оқырман көңілінен шығары сөзсіз. Газеттің алғашқы екі жылғы тігіндісі, міне, араб графикасынан қолданыстағы әліпбиге аударылып, бүгінгі оқырманның пайдалануына қолайлы түрде көпшілік игілігіне ұсынылды. Алда әлі төрт жылдың тігіндісін жарыққа шығару ісі бар. Және олардың төрт кітаптан асып түсері кәміл, өйткені аптасына бір мәртеден екі жыл бойы жарық көріп, көпке танымал болған газет 1915 жылдан бастап бір аптада екі реттен шыға бастаған.
«Алаш мұрасы» сериясының кітаптары әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен басылып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қамқорлықты ризашылық сезіммен атап өту ләзім. Дегенмен, жұртшылықтың рухани мұқтажына нақты тираждың сәйкес келмейтінін айта кету жөн. Таралым түгелімен кітапханаларға жіберіледі. Елімізде сегіз-тоғыз мыңнан астам кітапхана бар деседі. Демек, таралымы екі мың дана ғана басылым оның төрттен яки бестен біріне ғана жетуі ықтимал. Кітап бөлшек саудаға түспейді, яғни оны жеке адамдар ала алмайды. Осыған орай, болашақта оқырман сұранысын зерттеу, қажетті кітаптарға алдын ала жаздыру секілді ертедегі тәжірибелерді жаңғырту әдістерін де ойластырған дұрыс болар еді деген ой келеді. Ал «Арыс» қоғамдық қоры мен баспасына қолға алған жоба кітаптарын ойдағыдай етіп дайындап, оқырман игілігіне тоқтаусыз ұсына берулеріне тілектестігімізді білдіреміз.
«Абай-ақпарат»