Архив деректеріндегі аштық
1932 жылғы аштық қазақ халқының тарихындағы ең бір асқан зұлмат, адам жаны түршігерлік қасірет болғандығы бүгінгі күндері ақиқатқа айналды. Бұл зұлмат жылдарды батыс зерттеушісі Дж. Беккер «Қазақтардың бірнеше ұрпақтарының есінде жазылмайтын жара болып ұжымдастыру және оның салдарынан болған 1931-1932 жылдардағы ашаршылық туралы естелік қалды»,- деп жазды.
Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бұл әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізінде қайта құру саясатында айқын көрінді. Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік Комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Тіпті бұл органға қағаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олардан кім сұлтан, кімнің би-батыр болғандығы жөнінде мәліметтер жинастырылған. Ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжаттар мен материалдар түрлі ведомостволардың қоймаларында қалдырылды.
Ал, олардың көпшілігі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі архивтерінде сақталуда. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы тарихына қатысты құжаттарды жинақтау және дайындау барысында ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды, соның ішінде 310 құжат жинаққа енгізілді. «Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926-1941гг.). -Алма-Ата., 1967. - Т. I-II. – 957с.)» атты жинаққа енгізілген құжаттар қатарында қарарлар, бұйрықтар, шешімдер болатын. Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы өзгерістер туралы, жер-су реформаларының жүргізулері туралы құжаттар жинағы да баспадан шығарылды. Шығарылған құжаттық жинақтарға өкінішке орай 1930-1933 жылғы күшпен ұжымдастыру кезеңіндегі көптеген архивтік құжаттар енгізілмей қалды.
Елде жайлаған аштық, қарапайым азаматтардың наразылығы жөніндегі мәліметтер Бірлескен Мемлекеттік Саяси Басқармасы (ОГПУ) тарапынан БКП (б) Қазақ Өлкелік Бақылау Комиссиясының Жұмысшы-Шаруа инспекциясына жіберіп отырған аса құпия оперативтік хабарларында көрсетілген. Сол хабарламалар мен мәліметтерге құлақ асып көрелік.
Гурьев. Промстрой. Ағаш ұстасы Анисимов: «Кооперация жарналық ақшаны жинауды ғана біледі, ал дүкендерде ештеңе жоқ. Май да, қант та, ет те, жарма да жоқ. Қалай өмір сүресің олай өмір сүр. Ал асханада быламықпен тамақтандырады. Осы быламықты Сталинге беру керек. Мейлі айтсын, осыдан кейін қалай жұмыс жасау керектігін. Ол бізді бесжылдықпен тойдыруды қоятын шығар. Біреуі сызады, қалғандары қолдайды. Алдағы бесжылдықтарда да біздерді өлуге мәжбүрлейді».
1933 жылдың 15 мамырында маусымдық жұмысшы Тивиков қайтыс болған коммунистің жаназасында «Енді коммунистер аштан өле бастады. Жақын арада коммунистерден құтылып, өмір жақсарады» десе, десятник Загулов «Біз ақымақпыз. Осы үшін соғыстық па? Міне қандай бостандыққа қол жеткіздік. Ал қазір қайтадан біздің мойынымызға әр түрлі «алтын тісті» оңбағандар мініп алды. Ал халық болса аштықтан зардап шегуде».
Құрылыс цехының қара жұмысшысы Резункова жұмысшыларға ашықтан-ашық: «Ақтар тұсында бұдан жақсы тұрып едік. Менің күйеуім қашып кетті. Мына өкіметті құлататын адамдар табылмай ол қайта оралмайды», - деген.
Жұмысшы Семенов: «Кеңес өкіметі қыл үстінде. Бұл өкімет халықты аштық пен өлімге алып келді» (Қазақстан Республикасы Президенті архиві (одан әрі ҚР ПА), 719-қор, - тізім, 6- іс).
Алматы. Қаладағы №10 мектеп мұғалімі Рыкова К.Маркстің қайтыс болуының 50 жылдығына байланысты «Маркспен жақсы, бірақ онсыз тіпті жақсы болған болар еді. Міне, Маркс теориясының бет бейнесі. Елде аштық. Нанның жоқ болуы комиссарлардың кінәсі, олар сауатсыз. Жоспар есебін жасақтағанда қате жіберген. Комиссарлар бұрын етікшілер болған, міне сондықтан да солардың кінәсінен біз ашығудамыз».
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті Исқақов: «Қазақстан формалды түрде колония емес, шындығында патшалық Ресей тұсындағыдай Орталық Ресейдің колониясы болып қалып отыр. Барлық малды тартып алып, орталыққа жіберді. Қазақстан экономикасы БКП (б) басшылығымен деградацияға ұшырауда. Қазақ ауылының жағдайын білетін қызметкерлер жоқ. Байтұрсынов, Дулатов және т.б. сияқты қазақ қызметкерлерін қуып жіберді. 1928 жылға дейін Қазақстанда рулық құрылыс болды. Таптық құрылыс болған жоқ, ол керек те емес еді. Байлармен күресудің, конфискацияның да қажеттілігі де жоқ болатын».
Студент Мұратбаев: «Өкінішті, бірден түрмеге отырғызады. Мен де студенттер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болар едім. Керек болса коммунистердің өздері Қазақстандағы жағдайдың күннен-күнге нашарлап бара жатқандығын жете түсінетін болады».
Еңбекшіқазақ ауданы бойынша. «Өрнекті» колхозының мүшесі Асқар Бабаев Қарамыс каналындағы жасаған жұмысынан азық-түлік ала алмай, жұмысын тастап, ауылға қайтар жолда аштан өлген.
«Ярославский» атындағы колхоздың мүшесі Анастасия Мищенко жиналған бір топ адамға «Бізді тонауда, әрі жұмыс жасауға мәжбүрлейді. Нан бермейді, себебі барлығымызды аштан өлтіру. Сондықтан ұра қазып, азық-түлікті сонда сақтайық. Бұл біздің құқымыз, оған ешкім тыйым сала алмайды».
«Буденный» атындағы колхоз мүшесі Федор Маскаленко: «Міне осыған жеттік. Бір аптадан асты, аш жатырмын. Тамақ алатын жер жоқ. Колхоз басқармасы көмектен бас тартты. Тағы барамын. Бермесе балаларға шіріген картопқа сулема (медицинада қолданылатын хлорлы сынаптан жасалған улы ақ ұнтақ) қосып пісіріп беріп, өзім де, балалармен бірге о дүниеге аттанамын».
13 ақпанда 30 аш адам наубайханадан дүкендерге нан алып бара жатқан көлікке шабуыл жасаған. Наурыз айының ішінде азық-түлік ұрлығына байланысты 41 тергеу ісі қаралып, 329 адам жауапқа тартылған.
Калинин ауданы. Қаскелең селосының тұрғыны Елизавета Горшокова: «Кеңес өкіметі кезінде азаттық орнына өлім келді. Бұрын өлім өте сирек болатын, ал қазір мал сияқты күніне бірнеше адам өліп, орға көме салады».
Жаркент. Аудандық ауылшаруашылық жабдықтау мекемесінің қызметкері Лаврентьев нанмен қамтамасыз ету барысындағы әңгімеде: «Біздің барлық өміріміз бір үзім нанға байланысты болып тұр. Өкімет бұған да қарсы. Бұдан соң еріксіз шетелге қашу ойға келеді немесе бандыларға қосылу қалып тұр. Тек аштан өлмеу керек».
Қызылорда. Студент Макумов «Қоғамтану» сабағындағы «Мемлекеттің жойылуы» тақырыбын талқылау барысында «Мемлекеттің жойылуын мына факт бойынша айтуға болады, бастапқыда 500 грамм нан берілді, сосын 300 грамм, артынан 200, одан соң 100 грамм. Осындай жағдайда біз біртіндеп өлеміз. Міне, мемлекетте осылай жойылады».
Шымкент. 1932 жылдың 11 қазан күні қалалық электростанцияның 10-15 жұмысшысы нанмен қамтамсыз етуді талап етіп, қалалық сауда орталығына келген.
Гурьев. Қала маңында 12 қазақ топтасып жарты қап құмаршық алып келе жатқан қазақтан тартып алып, өзін қылғындырып өлтіруге жұмыстанған. Тек милицияның араласуымен ғана қылмыстың алдын алды», - деп мәлімдейді.
Петропавл. Орыс педагогикалық техникумының оқытушысы Зайцева: «Бұрын бәрі болды. Ал қазір аш, тоңып-шашырап отырмыз. Бұл уақытта коммунистер тоқ, олар үшін бәрі бар. Жұмысшылар үшін түк жоқ, олар ашығуда, ал коммунистер болса үгіттейді».
Медициналық техникумының студенті Сухов: «Қазақстан күн сайын өте шапшаң қарқынмен деградацияға ұшырауда».
Орал. Кірпіш заводының жұмысшысы Рамазанов: «Екі күн болды, нан жоқ. Асханаға баратын ақша жоқ. Былай жұмыс жасай алмаймын. Менің бұдан әрі күшім жоқ».
Қаладағы №2 жетіжылдық мектептің оқушысы Крылов: «Иттер сияқты ызаландыру үшін саудамен қамтамасыз етуді ашты, газеттер өтірік жазады. Бізге айтады басқа елдерде жұмыссыздық, ал бізде одан да көп жұмыссыздық. Самарадағы оқ-дәрі заводындағы қысқартудан кейін 20 мың жұмысшыдан 18 мың жұмысшы қалды. Қазір жұмыстан қысқарған жұмысшылар Оралға ағылуда».
Шыңғырлау ауданы. «Сельстрой» мекемесінің көшірі Андрей Жабин: «Аштан өлгенді күткеннен гөрі өз-өзіңе қол жұмсап өлген дұрыс. Егерде бандылар пайда болса бүкіл халық солардың соңынан ерер еді».
«Қалбырқұрылыс» өрт сөндіру командасының қызметкері Силых: «Үкімет басында отырғандар ғана жақсы тамақтанады. Ал біздер, жұмысшылар нансыз отырмыз, одан әрі де осылай нансыз отыра береміз. Егерде осылай жалғаса берсе қолға қару мен қанжар алуға мәжбүр боламыз» (ҚР ПА, 719-қор, 4-тізім, 719-іс).
Қарағанды. Айыртау ауданы. «Волна» коммунасында шілде айында 40 адам, ал тамыз айында 25 адам аштан өлген.
Мамлют ауданы. Коваль селосындағы 15 жеке шаруашылық астық тапсыруға қарсылық білдірудің себебін тағы да аштан қалу қауіпі барлығымен түсіндірген. Белого селосындағы 25 жеке шаруашылық өкілдері де астық тапсыруға қарсылықтарын білдірді (ҚР ПА, 719-қор, 4-тізім, 675-іс).
Семей. Тері заводының жұмысшысы Горелов «Кооперация нашар жабдықтайды, қазір аштық жағдайда өмір сүрудеміз. Коммунистерді қуу керек. Олар нан мен етті шетелге жіберуге дайындауда. Маған таныс матрос жазады дайындалған нан, ет пен майды күнделікті 8-10 кемеге тиейміз», - дейді.
Орал. Ет сою қоймасының слесары Александр Хрущев: «Москва ет жейді, ал біздер сүйек-саяқ жейміз. Біздің қожайындар бізді дұрыс етпен де тамақтандыра алмайды».
Механикалық цехтың жұмысшы Койтун: «Үкімет дұрыс істемей отыр. Жұмысшыларды нанмен қамтамасыз етуде бірнеше санатқа бөліп қойды. Біркелкі пайкаға қол жеткізуіміз керек».
Жұмысшы Медведев: «Оларда қосатын паек жоқ. Бәрібір бесжылдықтың соңына дейін барлығымыз аштан қатамыз».
Гурьев. Слесарь Смирнов: «Бұрын дүре пайдаланды, қазір социалистік жарысты пайдаланады. Жалпы айтқанда бесжылдық ауыр нәрсе, біз оған шыдас бере аламыз ба екен?».
Ембі. Слесарь Зайкин: «Меніңше бесжылдық 4 жылда емес, 25 жылда да орындалмайды. Мынадай ашқұрсақ қарынмен жұмыс жүре ме?! Барлық жерде кезек, алға және аштық».
Доссор. Жұмысшы Королев: «Артымызда жақсы өмір болды, ал, алда терең шыңырау».
Ридер (Семей). Механикалық заводтың жұмысшылары Устинов, Корщунов: «Төбет сияқты аш болсаң, мұнда шайтан да жұмыс жасап, өмір сүрмес. Барлығы таяу уақытта аштан өледі» (ҚР ПА, 719-қор, 2-тізім, 126-іс).
Елдегі ашаршылық пен жоқшылық, орынсыз айыптаулар, күштеп ұжымдастыру, тонау, ойдан шығарылған ауыр салықтар, малдарды заңсыз тәркілеу, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі мен жүгенсіздігі барлығы жинақтала келіп қарапайым адамдардың заңды ашу-ызасын туғызды. Кеңес өкіметінің қасаң саясатына қарсы шағын топтар кеңес органдары қызметкерлеріне шабуыл жасады, жылқы айдап кетті, мал мен астық ұрлап, тауар, ақша тонады. Бұл әрекеттер билік тарапынан қатаң талап еткен мүлік жоспарын орындау, салық төлеу, жайлаған аштықтан жан сақтап қалу ниетінен туындады.
Аққали Ахмет
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, тарих ғылымдарының докторы
Abai.kz