Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 12145 80 пікір 19 Ақпан, 2021 сағат 11:23

Бұл Қабанбай – қай Қабанбай?

Өткен күзде елорда маңындағы Қосшы ауылына көшіп барған Самархан ағамыздың жетпіс жылдық мерейтойына үлкен ағам Темірболат екеуміз де шақырылдық. Ағайымды Үржардан келетін автобустан күтіп алып, бір күн дем алдырттым да, алдын ала қамдап қойған пойызбен жетіп бардық. 

Жағдайға байланысты мейрамханада өткен шағын тойдың ертеңінде ағайын-туыстың басын қосып, үйіне шақырған Сәкең «Түс қайта Қабанбай атамыздың басына барып қайтайық», деген бір ұсыныс айтты. Бәріміз елең ете түстік. Есігеніміз болмаса, көрмегенбіз. Тек, о кісіден үш жас үлкендігі бар, совхозда басшылық қызметте болған Темкең алая қарады.

- Сен немене, батыр бабамызды өз қолыңмен арулап қойғандай нық сөйлейсің ғой?

- Енді, бүкіл ел айтып жүрген соң... солай шығар деп ойлағам.

- Олай емес! Қалмұқан Исабаев деген жазушының жазғанын өз көзіммен оқығам. Бұл атақты Қаракерей Қабанбай батыр емес. Мұнда жатқан кісінің арғын, ақ патшаның өз қолынан медаль алған шұбар төс байлардың бірі екен. Бірақ, көрсек көріп қайтайық. Ол да бөтен емес, осы елдің ардақтысының бірі болар.

Кесене Қосшыдан аса қашық емес екен. Бие сауым уақытта кең алқаптың биіктеу жерінде тұрдық. Кезінде Ақ мола атанған бұл биіктен үйлері көкпен таласқан жаңа астана ап-анық көрінеді. Айналаның бәрі алақандағыдай. Кесененің дәл іргесінде, төменіректеу жерде тұңғыш қорғаныс министрі, депутаттар, тағы бірнеше қазақ, орысы аралас жоғары шенді пенделер жай тауыпты. Бір қызығы Қабанбай батыр (әлде бай) бәрінің үстінен қарап, тым асқақ тұр. Темірболат ағамыз «Бұл да мұсылманның пендесі ғой», деп, құран арнады.

- Темке, - деді осы сәтте Самархан қулана күліп, - бұл кісінің біз сияқты кірмелердің бабасы бола тұрғаны біздерге жақсы боп тұр. Ағай оған осқыра қарады. «Е, неге?».

- Неге деріңіз бар ма? Осында қайдан қаңғып келдіңдер деп тиісетіндерге «Төбеге қараңдар, анда кім тұр?» дейміз. Ауыздарына құм құйылып, жым болады.

- Ай, сен де айтасың-ау! – Темкең досының әзіліне амалсыз ыржиып күлді. 

Ал, кеше белгілі ақын, жазушы Ғабиден Құлахметовтің кітабын оқып отырып, сол оқиға қайтадан ойыма түсті. «Кие мен күйе» деген мақаласында автор былай деп жазыпты. 

«Тарихи тұлғалар төңірегіндегі пікірталас бұлтартпас дерек пен дәйекіті қажет етеді. "Бәленшекең айтты» деген айғақсыз сөз кейінгі ұрпақты адастырады, ұлтымызды ұятқа қалдырады. Бұған бір мысал, Астана маңындағы Қабанбай кесенесі. Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы Қыдырмолда ақсақалдың үйінде Бексұлтан ағаммен бірге қона жатып әңгімелескен едік. «Қабанбайдың зираты қайда, білесіз бе?» деген сауалымызға ел аузында айтылатын әртүрлі болжамдар тілге тиек болды. Бірақ, Ақмола, Қараөткел өңірі туралы емеурін, тұспал тіпті ауызға түспеді. Қабанбайдың ең соңғы айқасы 78 жасында «кек аламыз» деп келген қырғыз қосынымен өткен. Дарабоз атанған хан батырының ақырғы аманаты – «қайда жерленгенімді жұртқа жария қылмаңдар» дегені. Өйткені, сол кезеңде қырғыз ішіндегі кейбір руларда зират бұзып, көр ақтарып, сарытап болған сүйекті найза ұшына іліп қорлайтын кесірлі әдет болған. «Атаңның көрі...» дейдін былапыт, балағат сөз – соның сарқыншағы.

«Бабамыздың зираты Астана маңында» дейтін өресіз, өрескел мақтаныш – тарихты қойып, ең алдымен сол аруақтың өзіне жасалған қиянат емес пе? Бұл – ақылдан адасу. Онсыз да жоғалтқанымыз аздай, бүлінгеніміз жоқтай, өткенімізді өтірік қосып боямаласақ, барымыздың жұрнағына зар болмаймыз ба?

Өзімнің қозғап отырған тақырыбыма тікелей қатысты болған соң, үзіндіні толық келтірдім. Өйткені, біз сияқты жаңа буын өкілдері көп нәрсені анық білмейтініміз, түсінбейтіміз анық. Ал, Темірболат ағамыз сияқты аға ұрпақ жоғарыдағыдай уәж айтады.

Сонда, бұл Қабанбай – қай Қабанбай?

Бір тиянақты ғылыми тұжырым, нақты дерек бар ма?

Жомарт Ақболатов

Abai.kz

80 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387