Заңгердің пікірі. Ашаршылық геноцидке жата ма?
Бұл мақаланы жазуыма себеп, «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», демекші, Мәулен Әшімбев пен Мұрат Бақтиярұлының ашаршылық – геноцидке жатпайды деп мәлімдеуі болды.
Википедияға жүгінсем, алғашқысы, мамандығы бойынша – саясаттанушы, ал Мұрат Бақтиярұлы – тарихшы екен. Мәулен Сағатұлы ресми қызметі жағынан, Президенттен кейінгі екінші тұлғаға жатса, кейінгісі сол Парламент Сенатының депутаты. Екеуі де ресми тұлға, екеуі де заң шығарушы орган өкілдері, бірақ екеуі де заңгер емес. Сөйте тұра, екеуі де өз ойларына тұздық ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына сілтеме жасап, оған сәйкес ашаршылықа қатысты ресми түрде СССР билігі тарапынан қаулы-қарар қабылданбағаны себепті, оны геноцидке жатқызуға болмайды деп негіздейді.
Мен саясаттанушы да, тарихшы да емеспін, заңгермін. Сол себепті, аталған екі тұлғаның мәлімдемесінің заңға қатысты тұсына түсінік бере кетуді жөн көрдім.
Осы жерде аз-кем шегініс, жалпы біздің қоғамда заңнан қадір-қасиет қашқалы қай заман, оған себеп, басқаны қойып, осындай өте жоғары лауазым иелерінің заңдық тұрғыда жауапсыз істері, әрекеттері, сөздері. Тиісінше заңгер қауымының да ел алдында сүйкімі кетті. Бұның салдарын біз алда әлі тартатын боламыз.
Енді мәселенің мәніне көшейік, «Біріккен Ұлттар Ұйымы» атауын сол кездегі АҚШ президенті Ф.Д.Рузвельт ұсынғаны, ол туралы Декларация Сан-Францискода 1945 жылы 24 қазанда қабылданғаны, яғни екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылғаны, сол күн БҰҰ-ның туған күні деп жарияланғаны көзі қарақты оқырманға белгілі болар деп ойлаймын.
Ал, Қазақ халқының кем дегенде жартысынан астамын жалмаған, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық – екінші дүниежүзілік соғысқа дейін орын алғаны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома!
Енді заң ғылымының теориясына сүйенетін болсақ, заңның кері күші болмайды! Яғни, заң өзіне дейін орын алған мейлі тарихи, мейлі саяси оқиғалар болсын, құқықтық жауапкершілік мәселесін шеше алмайды. (қараңыз: «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 11 бабы, 2 бөлігі).
Сол себепті, біздің үш тармақты биліктің біріне жататын, заң шығарушы орган өкілдерінің, заң ғылымындағы осы қарапайым теорияны білмеулері өте ұят!
Екіншіден, тіпті мәселе сол БҰҰ-ның конвенциясына тіреліп қалды дейікші. Ол конвенцияның қай бабы, қай бөлігі екенін неге ашып айтпайды? Мен өз сөздерінде «заң бойынша» деген сөйлемді көп қолданатын талай лауазым иелерін көріп жүрмін. Өкінішке қарай, нақты қай заңның, қай бабын тілге тиек етіп тұрғанын айтпайды олар. Бірақ, екеуі заң шығарушы билік өкілдері ғой?
Енді, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы N 244 Заңымен ратификацияланған 1948 жылғы 9 желтоқсандағы геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы Конвенциясына талдау жасайық.
Аталған халықаралық заң актісі бар-жоғы 19 баптан тұрады, оның басым бөлігі осы конвенцияны қолдау, одан шығу тәртіптерін реттейді. Яғни, материалдық емес, процестік нормалардан тұрады.
Енді, осы конвенцияның II бабында былай делінген (сөзбе-сөз):
«Осы Конвенцияда геноцид ұғымымен төмендегілер сияқты қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтарды толықтай немесе ішінара жою пиғылымен жасалған келесі әрекеттер түсіндіріледі:
а) осы топ мүшелерін өлтіру;
b) осы топ мүшелерінің денесін жарақаттау немесе осы топ мүшелерінің ақыл ойына зиян келтіру;
с) қандай да бір топ үшін оны толықтай немесе ішінара жоюға жағдай туғызу;
d) осындай топ арасында бала тууды болдырмау шаралары;
е) адамдардың бір тобынан екінші топқа балаларды күштеп беру», болды!
Яғни, осы аталған әрекеттердің қайсы бірі орын алса болды, ол – геноцид деп танылады!
Сонда не, қазақ халқына XX ғасырдың екінші жартысында осы аталған әрекеттердің ешқайсысы жасалмаған ба? Қазақ халқы деп аталатын топтың ешқайсысына мақсатты түрде денесіне жарақат келтіріліп, ақыл-ойларына зиян келтірілмеген бе?
Үшіншіден, 1921 жылдан бастап, СССР-де құпия құжаттарды сақтау және таратпауға қатысты 15-тен астам заң актілері қабылданғаны, ол актілер құқықтық күшін жойса да, Қазақстан Үкіметі тарапынан да, Ресей тарапынан да әлі күнге дейін құпиялығын жоймады деген желеумен, тарихшыларға сол кезеңнің құжаттары толық зерттеуге ұсынылмай отырғаны белгілі. Олай болса, Әшімбаев пен Бақтиярұлы қалайша, «қазақ халқына қарсы СССР меморгандары тарапынан ешқандай қаулы-қарар қабылданбаған, тапсырма берілмеген», деп кесіп айта алады?
Одан басқа, қолда бар кей құжаттарды, атап айтқанда, «осынша қазақты аттым», «осынша молданы өлтірдім», деп келетін есеп-құжаттарды, «қазақ ұлтшылдарын» біржола құртуға негіз болған, Қызылордада өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің III Пленумының қаулысы сияқты нақты тарихи құжаттарды қайда қоямыз?
Ұзын-сөздің қысқасы, бұл екі саяси тұлғаның саяси-тарихи білім деңгейін бағалауды, саясаткерлер мен тарихшылардың еншісіне қалдыра отырып, құқықтық білімдерінің ешқандай сын көтермейтінін кесіп айтқым келеді!
Абзал Құспан,
заңгер
Abai.kz