Жұма, 22 Қараша 2024
Саясат 31086 24 пікір 23 Ақпан, 2021 сағат 09:50

Мұхтар Тілеуберді Елбасы жолымен жүреді

Қазақстанның Сыртқы істер министрі һәм Премьер-министрдің орынбасары Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 46-шы сессиясына онлайн режимде қатысқан. Бұл туралы ҚР СІМ ресми сайты хабарлады.

Өткендегі Еуропарламенттің Қазақстандағы Адам құқықтары мәселесіне қатысты сынынан кейін өткен бұл жиында министр һәм вице-премьер Мұхтар Тілеуберді елімізде адам құқықтары сақталып жатқанын айтып, сөз сөйлепті.

«Іс-шараға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, 150-ден астам елдің үкімет басшылары мен министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

М.Тілеуберді өз сөзінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адам құқықтары саласындағы ұлттық және халықаралық стандарттарды сақтауға арналған бағыты болып қала беретінін атап өтті», - делінген министрлік ақпаратында.

Сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз сөзінде президент Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен адам құқықтарын қорғау, демократиялық қоғам құру бастамалары және саяси реформалар пакеті туралы айтқан.

«Атап айтқанда, бейбіт жиындар туралы жаңа заңның қабылдануы, жала жабуды қылмыстық сипаттан арылту, қылмыстық кодекстің жекелеген баптарын ізгілендіру, әйелдер мен жастар үшін 30% сайлау квотасын енгізу, сондай-ақ Қазақстанның өлім жазасының күшін жою туралы екінші Факультативтік Хаттамасына қосылуы өзекті жетістіктер қатарында атап өтілді.

М. Тілеуберді Қазақстанның бейбітшілікті, келісімді нығайту және адамның іргелі құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ұжымдық жаһандық күш-жігерге барынша үлес қосуға бейілділігін растады. Осыған байланысты ол Қазақстанның 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ АҚК мүшелігіне өтінімін жариялап, оның халықаралық қоғамдастықтың тарапынан қолдауына үміт білдірді», - делінген министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, 12 ақпан күні БАҚ-та Еуропарламент депутаттарының Қазақстандағы саяси жағдайды қатаң сынап, санкция енгізуді ұсынғаны хабарланған болатын. Олар Қазақстанда тәуелсіз ұйымдар мен саяси белсенділерге қысым күшейгенін айтып, «Қазақстандағы адам құқықтары мәселесіне қатысты» арнайы резолюция қабылдаған.

Ал 13 ақпанда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропарламент депутаттарының бұл айтқандарына жауап беріп, сынның орынсыз екенін айтты.

«Онда Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарына қатысты ахуалға біржақты, объективті емес сын-пікірлер бар деп есептейміз. Біздің пікірімізше, қарардың мәтіні еліміздегі істердің нақты жағдайын бұрмалайды және бұл деструктив топтардың жалған ақпаратын азық қылған бөтен ниетті саясаткерлердің бастамасымен жасалған», - деген еді СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236